Нұрбол Қаби. Мағжанның жұмбақ өлімі туралы аңыз бен ақиқат - 2

ӘДЕБИЕТ
2901

Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылды ма? Бастауыш сыныпта – ана тілін, орта буында – әдебиетті оқыдық. Бала күнімнен Мағжанды сүйіп оқушы едім. Шығармаларын ерекше қызығып оқыдым, патриоттық рухқа толы өлеңдерінен нәр алдым. Соңғы кездері мені бір сұрақ мазалап жүр. Барлық оқулықтарда Мағжанның өмірбаяны қысқа жазылатын, тиісішне бір ғана сөйлеммен аяқталатын.

Райхан Жұмабаева: Күтпеген хабар Колымаға жол тарттырды


– Мен Мағжанның туған інісі Қалижанның қызымын, атым Райхан, – деп бастады әңгімесін сексенге келіп қалса да, ажарын бермеген апамыз. 

– Әттең, дүние-ай, ақын ағаның өзінен тікелей ұрпақ қалған жоқ, бірақ туыс-тума, жалпы Жұмабаевтар әулетінен Мағжан ағаның бар-жоғын түгендеп жүрген Қызылжарда, яғни туған жерінде Тасболат деген інісінің ұлы екеуміз ғана. Менің жасым болса – мынау, 77-демін, кәрілік күн санап өз дегенін жасатып, ауру-сырқау дегендер шыға береді екен ғой. Былтыр тамыз айында қатты ауырып, жансақтау бөлімінде жатқанмын. Сәл бетім бері қараған шақта маған Саят Жансүгіров хабарласты. Білесіздер ғой, Ілиястай ағамыздың ұлы. Екеуміз жақын дос, сырласпыз. Хабарласты да, халімнің біршама жақсы екенін сөзімнен, даусымнан білген соң: «31 мамырдағы «Жас Алашты» оқыдың ба?» деп сұрады. Ауырып жатып оқи алмай қалып едім, әйтпесе күнделікті баспасөзді қадағалап отырамыз ғой. Ауруханадан шыққан бойда әлгі газетті тауып, оқыдым. Сөйтсем, онда Атыраудың Құлсарысында тұратын Абдолла Әбдірахманов атты 92 жастағы қарт кісі кезінде өзінің Магаданда, Колыма лагерінде Мағжан ағаммен бірге отырғанын айтыпты. Әлгіні оқығанда төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей сілейіп отырыппын да қалыппын. Мәссаған, 1938 жылы атылып кетті деп жүрген ағамыз бертінге, 1951 жылға дейін тірі болыпты. Өз көзімен көрген адам міне тұр. «Егер туыстары болса, тіпті сол Мағжан жерленген жерді апарып көрсетіп, көрген-білгендерімді айтар едім, ақын аманаты әлі күнге мойнымда тұр, күні ертең арғы дүниелік болып кетсем, ол аманат мойнымда кетеді, екіншіден, қиянат жасаған болып табылам», – деген қария сөзінен соң өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей егіліп жылап алдым. Ол кісіге сол сәттен бастап ризамын, жасына қарамай, бізді сонау жер түбіндегі Магаданға бастап апарғанына да тіпті тәнті болдым. Тіпті 92 жастағы ол кісі түгіл, 77-дегі менің өзімнің сондай ұзақ жолға шығам дегеніме балаларым «бес минуты кем 80-десіз, ауруханадан шыққаныңыз да кеше» деп қарсы болды. Сонда да бой бермей «Мен бәрібір барамын, осыдан Мағжан ағам үшін жолда өліп кетсем, арманым жоқ» дедім. Расында, жол алыс та ауыр екен, қазақ текке «итжеккен» атамаған ғой: Мәскеуге дейін ұшақпен төрт сағат, ары қарай Магаданға дейін 12 сағат ұштық. Магаданның губернаторы қайта құдайына қараған азамат екен, әрі қарай Колымадағы лагерьге дейін тағы 650 шақырым кедір-бұдыр жолға төтеп беретін көлік пен қасымызға жол бастаушы адам қосып берді. Әйтеуір, әупірімдеп ит арқасы қияндағы Сусуман ауданына да жеттік қой. Ауылдың аты да қазақшаға ұқсайды екен өзі, Берелех деп аталады. Әбекең, Абдолла ағамыз, өзі отырған лагерьді көргенде жылап жіберді. Бір кездері көрген азабы, тозағы есіне түскен шығар. Мағжан ағамен сол жерде отырғанын, қалай көргенін айтып берді. «Қай қиырда жүрсе де, адам өз қанын іздейді екен ғой, лагерьден өзім секілді қазақты кездестіргенде ауылымды көргендей елжіреп, көзіме жас келгенін, сол сәттегі сезімді тілмен жеткізе алмаймын. Ал Мағжан ағаның бойынан ақсүйектігі білініп тұратын яғни қандай азап көріп, қандай жаман жерде жүрсе де, тектілігі білініп тұратын. Қайта-қайта «Сәбиттің көзіне бір қарар ма еді, шіркін» деп айтатын», – дейді редакцияға берген сұхбатында. – Сонда Мағжан ағамыз лагерьде қашаннан бастап отырған? – деген редакция сұрағына:

– «Атылды» деп шығарған 1938 жылдан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды. Бұл деректің шындығын растайтын бір адам да бар, ол – өтірік айтуы екіталай қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы. 1948 жылы соғыс біткен соң да әскери тапсырмалармен жүріп сол Магадан жеріне жолы түссе керек. Сонда «осындағы азап лагерінде қазақтың бір ақыны айдауда жүр» деген әңгімені естіп, әуелі естіген әлгі деректің растығына көз жеткізу үшін, екіншіден, оның кім екенін анықтау үшін барыпты. Сол жерде Мағжан ақынды көріп, таңғалып әрі оның аянышты халіне жаны ашып, намысы келіп, елге барысымен шығарып алуға кіріспек болады. Бірақ оны сезіп қойған сол кездегі басшылық Баукеңді шұғыл әскери бұйрықпен басқа жерге жібереді де, сол бойына екеуі кездесе алмай қалады. Әбекеңнің айтуы бойынша, Мағжан лагерьде 1951 жылға дейін отырыпты. «Бір күні, – дейді Әбекең, – Мағжанның тіпті жүруге шамасы келмей, еңбектеп қалды». Қасына барып хал сұраған екен: «Аяқтарым ісініп кетіп, баса алмай тұрмын, еңбектемеске лаж жоқ» деп, сол еңбектеген күйі қара жұмысын істей беріпті. Қалай ауырмасын, өзі ол жердің қысы адам төзгісіз, 50-60 градус суық, одан мұзды судың түбінен құм алдырып, ол құмды елетіп, алтын іздетеді екен. Ал беретін тамақтары күніне небары 400 грамм нан ғана. Ауырмай қайтсін? Сөйтіп жүргенде көп ұзамай Әбекең таңертең далаға шыққанда сондағылардың аузынан «Магжан умер» деген қаралы хабарды естіген. Жүгіре жеткенде, ең аяныштысы сол, оны «қазақтың сондай бір бетке ұстар тұлғасы-ау» деген ешкім жоқ, күрекпен алып, ары ысыра салған. Жалпы, лагерьде кім өлсе де, олардың жансыз денесіне қарап, рәсімін жасауға ешкімнің құлқы да, мүмкіндігі де болмайтындықтан, жан-тәсілім еткендер сол құлаған жерінде қала береді екен. Кейін барып оларды жинап әкетіп, бір жерге топтап көме салады. Соны естігенде қалай жыламайын?! – дейді Мағжан атамызды көзімен көрген Бауыржан атамызды, Бауржан атамыздың Мағжанды көргенін растаған Зәмзәгүл Сейітқызының да, тіпті Мағжанмен азап колониясында бірге болған Абдулла Абдрахмановтың да сөзін Шериаздан Елеукенов «Оның бәрі – лақап әңгіме» деп жоққа шығарды. Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, «Мағжан» атты монографиялық зерттеуі үшін Мемлекеттік сыйлық алған әдебиетші-ғалым. Ол кісінің пікірінше жоғарыдағы деректер, «тірі» куәгерлер, айтылған деректердің барлығы да – лақап әңгіме.


Шериаздан Елеукенов: Оның бәрі – лақап әңгіме


– 1995 жылы шыққан монографиямда мен Мағжанның қай жылы, қай күні атылғаны туралы 8-бөлімнің анықтама қағазын көрсеттім. Ал «Мағжан кейінгі жылдары да тірі болған» деген әңгімелердің бәрі өтірік. Ешкімнің ешқандай дерегі жоқ, бірінен бірі естіген, «анау айтыпты», «мынау айтыпты» деген лақап әңгіме әншейін. Бізде оның атылғаны туралы нақты құжат бар. Бауыржанның оны қай кезде көріп жүргенін мен білмеймін. Мағжан 1938 жылы атылған. Осы орайда тарихшы-ғалым Талас Омарбековты айта кетпеу мүмкін емес. Ол кісінің ойынша ештемені де дәлелдеу мүмкін емес.


Талас Омарбеков, тарихшы-ғалым: Бәрі бір ешнәрені дәлелдеу мүмкін емес

– Бауыржан Момышұлының Мағжанды көргені туралы естелігі бары рас. Бірақ бүкіл құжаттарда «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылды» деп айтылады, солай қабылданған. Енді келіп «Олай емес екен, Мағжан атылмапты» деген әңгіме шығарудың не қажеті бар?! Бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес. Жалпы, репрессия туралы ашылмаған ақиқат, айтылмаған әңгіме қалған жоқ. Бәрі жазылды, айтылды. Мағжан ақталды, кітаптары шығып жатыр. Басқа не керек енді?! 


Қош, сонымен жоғарыдағы пікірлерді салыстырайық. Сізге түсінікті болу үшін кестені сөйлетейін. Сіз мұқият қараңыз.

«Мағжан Жұмабае 1938 жылы атылған жоқ», «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылды»«Атылсын» мейлі «атылмасын» 

1. Бауыржан Момышұлы: «Мен Мағжанды көрдім…»

1. Шериаздан Елеукенов: «Оның бәрі – лақап әңгіме»

1. Талас Омарбеков: «Бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес»

2. Абдулла Абдрахманов: «1951 жылға дейін мен Мағжанмен Колымадағы Берелех лагерінде бірге болдым» 

3. Райхан Жұмабаева: «Атылды» деп шығарған 1938 жылдан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды» 

4. Шайзада Бекишева: «Дәйек толық табылғанда ұлы ақынның НКВД жендеттері қолынан емес, Колыма түрмесінде қаза болғаны туралы анық айтылатын болады.» 

5. Зәмзәгүл Сейітқызы: «Бауыржан атамыздың Мағжанды көргені рас» 

Сонымен, басқа – басқа, сіз қандай ойға тоқтадыңыз? Сіздің ше Мағжан қай жылы қайтқан? Бірден жауап бере алмайсыз…


ТҮЙІН. Мағжан Жұмабаев 1938 жылы қаза тапты. Біз әдебиетті, әдебиетті болғанда да қазақ әдебиетін осылай оқып келеміз. Себебі ұстаздарымыз бізге осылай үйретті. Ұстаздарымызға да осылай үйреткен болар, сірә. Ал біз ше? Өзіміз «өтірік» оқығанымызбен қоймай, ертең кейінгі ұрпаққа «өтірік» әдебиетті оқытамыз. Менің мамандығым мұғалім. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндеріміз біздерден әріп үйреніп, ана тілдерімен танысады. Ана тілі басталған сәттен-ақ кейінгі әдебиет өкілдері осы Мағжандармен танысады. Сонда оларға да «өтірік» айтамыз ба? «Өтіріктік құйрығы бір-ақ тұтам» деген де сөз бар. Мен бір ғана қазақ зиялысының өмірін қозғап, қазбаладым. Тек бір ғана Алаш зиялысының өмірінде қаншама былық, қаншама өтірік. Ал басқа да қазақ зиялыларын не істейміз? Әлде тарихшы-ғалым Талас Омарбеков сияқты «Бәрібір ештеңені дәлелдей алмаймыз», деп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырамыз ба?

Сіз не дейсіз?


Арқалық қаласы



author

Мағжан Жұмабаев

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...