Сымбат Арынова: Керегі маған күлкіңіз екен...

ӘДЕБИЕТ
2523



Жазбаймын енді...


Жазған ең. Жаздың. Жазасың.

Мазаландың-ау.

Дегенмен,

аласың кімнің мазасын

Жапырақ-қағаз өлеңмен.


Бөлістің жұртпен.

Мән қайда?

Қағазға жаздың қайғыңды.

Жазылып тұрса маңдайға

Жазып бітерсің қай мұңды?!


Жемейді-ау ешкім бұлай қам...

Тағы да жаздың өкпеңді.

Жазып болдым мен... шын айтам,

Жазған-ау, жүрек сөкпе енді.


Жүзіме қонған күлкімді

Алады тартып кім менен.

Құбылсын күн, түн мың түрлі,

Жазбаймын енді

   ...мұңды өлең...


Мен түнергенде...


Мен түнергенде,

Құмырсқадай килігіп бір санама

Ғаламның тұңғиығы кірер демде...

Әншейінде ұялып пана ететін

Қызаруы бетімнің бергісі боп,

Бетім түгіл басыммен кірер жерге

Сыймай кетіп,

Безіп кетем Жер дейтін кілемнен де.          


Мен түнергенде,

Тұнжыраған төстегі тар қапасым

Топыраққа сіңгендей сіңер кеңге...

Сен білгенді бес қолдай білем мен де,

Бірақ... Дәл сол кезде...

Төбесінен құс өткен албастыша

Көмейімді тескенше күліп алып,

Жылап қалып жатамын күлер жерде.


Мен түнергенде,

Жұтып алар аспанды түгел демге

Керек қылмай кетемін шабытты да...

Дей шығарсың:

Көкірегі әйтеуір кілең керме.

...Жеткізбей кететінмін жүгенді ерге,

Бірақ... Дәл осы сәт...

Пысқырып та қарамай өте шығар

Анау, мынау, пәленше-түгендерге

Тіпті...

Қаруымды қолыммен бір сілтейтін

Қалмаған ба апыр-ау жігер менде.

Жоқ! Жүрегімде өсе алмай жігер жатыр.

Жұбатпақ боп мүсіркеп, мейірленбе,

«Жыла» деме! 

Тек қана «жігерлен» де.

Мендік бұлдыр әлемге еніп кетпей,

Еріп кетсем.

Әкетсе әлеміне

Сол артық мың ерден де.

Кеп қалады, білемін, әне-міне,

Жауап бермей жатсам да сәлеміне

Келтіреді тілімді

Махаббаттың мұнтаздай кәлеміне

Мен түнергенде!


Бәлкім...


Қараймын жиі үздіге Күнге,

Тағы түлейді Сүмбіле түнде.

Керегі маған күлкіңіз екен,

Күлкіңіз екен күлдіретін де.


Тоңдырып бәрін ызғар қылатын,

Сізсіз сәт екен сыз қалдыратын.

Ай дидарымен аймалап тұрса,

Жұлдыздар екен қызғандыратын.


(Сезімнің балдай көп уы – ішімде...)

Сағынысудан шаршап ек,-

Кәні?

Сағынышпенен қанша рет сүйіп,

Ғашық қыласыз қанша рет тағы?

Алыстықты да аңсар ек пе әлі,

Тағы бір ғашық болу үшін бе?

Тағы бір ғашық болу үшін де!

Бәлкім...


Мама...


Ем іздеп,

Мұң таптым түндерден.

Қаршадай тауымды жықты сын...

Сүйіп те, сүйеп те үлгерген,

Мама, сен шынымен мықтысың.

Көп қиял күн бермей келеді,

Келемін күн көрмей.

...Сергелдең...


Жағамын үмітті.

Сөнді әлсін...

Қара түн...

Бақытқа жетем бе, ой?

Жабықсам, қамықсам қорғансың.

Мама, мен бақытты екем ғой:

Мені егер күпірлік жеп жатса,

Жұлқып та, сілкіп те алатын

СЕН БАРСЫҢ...


Астанам, саған келдім


...Мені өзіңдей жігерлі, өр деймісің,

Жиырма жылда жырыма келмей күшім,

Толқынындай Есілдің тасып барам,

Астанам, саған келдім.

Емдеймісің?..


Белгілі еді келерім бір күн менің

құшағыңа.

Асықтым.

Іркілмедім.

Сағынбай-ақ, көрмей-ақ сені аңсадым,

Маңайымда,

Болған соң күлкімде – мұң...


Жанарыммен жүрегін жастап көктің,

Бәйтеректей келеді асқақ кеткім.

Сендік күнді жырлауды,

Жоқ, түніңді

Кеп тұрғаны-ай вокзалда бастап кеткім.

Көзжасыма тығылған көп мұңымды

Пойызға...

Терезенің ар жағына тастап кеттім.


Мен сізді 

немесе 

болашақ арман


Мен сізді сұраған едім,

Сұраған едім тағдырдан.

Дұғамен түнде құлаған едім:

Білсеңіз, қанша таң құрбан!

               

Мен сізді тілеген едім,

Тостардан емес, аспаннан.

Өзгеге сонша сүзеген едім,

Қорқамын сізден қашқаннан.


Мен сізді армандап едім,

Ботадай бала күнімнен.

Сарғайған сары сарғалдақ едім,

Ағарып барам бүгін мен.


Мен сізді іздеген едім,

Өмірден емес, Көңілден.

Үмітті бір сәт үзбеген едім,

Үзбеймін!

Үзбен!

Жеңілмен!


Мен сізді бақсам деп едім,

Азық боп табылған ізгі ән.

Орнымды тапсам деп едім,

Он екі қабырғаңыздан.


Мен сізді бейнелеп едім,

Суретпен емес, көзіммен.

Негізі көпке күйгелек едім,

Асып тұр сабыр Өзімнен.


Шарадай шыдам шар-айна,

Күткен ем, бірақ Төре – Сіз. 

Күтемін,

Білем, алайда,

Күтпеген жерден келесіз!


Періштеге Періште пейілден...


(Ф.Оңғарсынова жайлы)


Тәкаппар Аспан, көшпенді Бұлттар, заңғар Күн,

Мен жырлаудамын,       

Менің Музама таңданғын.

Ақтарайыншы жүректерін бір ағытып,

Мақтауға емес, мақтануы тиіс жандардың...


Өлеңдегі өлмес кіршіксіз менің тақуам – 

Шабыт-ау, сені Жердің бетіне шақырам.

Періште кейіп – қара өлең Падишасына

Тіл қатайыншы Адамзаттардың атынан.


Падишам емес, Періштем болшы!

...Таңғы үміт...

Қаламнан басқа ғаламның бәрі қалды ұмыт.

Естимісің сен?

...шықпасын даусым қарлығып,

Құлақта қалсын жаңғырық.


Сезіндім.

Не бұл?

Сенделген сезім сызы ма?

Жоқ...

Тағдырыңды емес, талантыңды бер қызыңа.

Мінезіңді бер, пенде-ғұмырға өлеңнен

шындық қосайы, шыдай алмасын тұзына.


Мен сен емеспін, бірақ өзіңдей арлымын.

«Әйел затымын!»

Бес елі сорым,

Бар құным!

Көктегі туым – жаулығым,

Қуатыңды бер, намысты етейін барлығын.


Сендегі оттың мендегі мынау – күйі – ұшқын...

Періште емен, бірақ өлең боп жиі ұштым.

Мен Алланың құлы, сенің қызыңмын,

Ендеше,

Сенің жолыңмен жүріп өтуге тиіспін.


Келісемісің?

Ал мен бір сәт те келіспен!

Шабыттың шалқар суын ішейін сен ішкен,

Бірақ...

Өзімнің қалдырайыншы ізімді

Сен жазбағанды жазып кетейін, Періштем!

Шабыт әкелші Пейіштен.


Тамдым мені күтемісің?


Тамырдан жыр боп, күш, ағын, тамсаң...

...Бала бүркітпін,

Ұшамын да алшаң.

Еркелікпенен ЕКІ жыл өтіп,

Қызғалдағыңды құшағыма алсам,

Тамдым, мені күтемісің?


Хат жазбай кетсе, 

ақынға жоса – 

хат танып тұрып хақым да таса.

Жұптасқан жұпсыз ЖЕТІ жыл өтіп,

Сәбиім сенің атыңды атаса,

Тамдым, мені күтемісің?


Аптабың – асқақ, тығырық – талсаң...

Жұп-жұмыр жерсің жұдырыққа алсам.

Ойыннан ада ОН БЕС жыл өтіп,

Тентектеріммен шұбырып барсам,

Тамдым, мені күтемісің?


Арқалап алып Алаш шапанын,

Шәмшідей шырқап, жақ ашса жаным.

Оқырманым боп ОТЫЗ жыл өтіп,

Таң намазыммен таласса таңың,

Тамдым, мені күтемісің?

                      

Жалындап тұрса ақ сарайымда – от,

Жүрегімде – мұң, жатса уайым көп.

Қоштасып кетсе ҚЫРЫҚ жыл өтіп,

Ағарып барсам ақсамайың боп,

Тамдым, мені күтемісің?


Қап кетті сенің құшағыңда есем,

Тағдыр-Өлеңнің тұсауын кесем.

Еңкейген егде ЕЛУ жыл өтіп,

Топырағыңды құшамын десем,

Тамдым, мені күтемісің?


Аманат бастың құт, емісің.

Борышым безсе,

Бітеді ісім.

Жаратқан жазса жетемін саған,

ТАМДЫМ, МЕНІ КҮТЕМІСІҢ?

ТАМДЫМ, МЕНІ КҮТЕМІСІҢ!


Бекер...


Шөлдесем, терлесем шыдауға

Белімді будым мен бекем ғып.

Өксу де, жұбану, жылау да,

Бәрі де, бәрі де бекерлік.


Көрінгім келмейді көнген боп,

Бұл шыным...

Жұртты алдап өтем бе?!

Өмірден қиянат көргем жоқ,

Өзіммен алыстым бекерге.


Күпірлік, мұң, шағым, өкпенің

Кірпігім моншағын көтермей,

Көл қылып төккенім,

Шынымен, бекер ме-ей?


Бәрін де ұмыттым. Алайда,

Өшпейді екен ғой өткенім.

...Сол үшін қорқамын

Қалай да

Болар деп «көкте - мұң»

Мінекей!

Мінекей, сол кезде

Бекер жас төккенім!

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...