Ақын Ықылас Ожайұлының 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
5121

COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама пандемия болды. Бәрі де өтті. Ия, бәрі де өткінші. Бұл апат та өтер, кетер... Жайбырақат, жайдарлы күнімізге де оралармыз. Шыдайық, сақтанайық, жақынымызға жанашыр болайық! Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек Нұрғалымұлы секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Ықылас Ожайұлы! Мархабат!

Ақын Ықылас ОжайұлыАқын Ықылас ОжайұлыМантра

«Шындық дүниеге жалаңаш күйінде келген жоқ, ол
нышандар мен бейнелер арқылы келді. Ол, оны 
басқаша үйрете алмайды».

Ескі Евангелие жазбасынан

Осылай сөйлесем...
ұруға шоқпарың,
көмуге дайын да шығар күрегің,
кәпір дейсіңдер,
азғын дейсіңдер білемін.
Осынау көтерем ойыңды
соңғы дем кеудемнен шыққанша,
қайтейін...
аялап, арқалап
амал жоқ, жүремін.
Жолымнан былай тұр...
талқаның біткенше
қызыл тән шыдай тұр.
Ол рас...
Сақалы сапсиған ескі ақыл бәрін де қиратты,
күйретті...
...кеудеге өтіңіз
Жүз он төрт сүрені жүректе бүрлетіп,
қаныңда гүлдетіп
Қабырғаң астында Құдай тұр.
Кей уақ...
кеудем бір лапылдап жанады,
ойымда мың сауал 
өзендей ағады.
«Шын Құдай – сөз» дейді
іштегі бір сыңғыр, –
«ЖАРАТҚАН ЖАЗУДАН КҮШТІ ЕМЕС
Сол ғана өзгертіп,
сол ғана көгертпек санаңды...» 
- деп қалқып тұрады манағы.
Сыңғыр мен символдар –
тәу етер қағбам,
мен соның заңына бағынам.
Сананың ағысы –
мінәжат мекенім,
бес мәрте маңынан табылам.
Бәрінің үстінен шығандап қарайтын
шыңырау, тым шексіз
бір биік межені сағынам.
...Тағдыр кілт үзілсе,
Ақ ажал – сыйлығым,
өзіме көшеді
ендігі билігім.
Сол күні...
баршаны орнынан тұрғызған
жаназа намазым –
бәлкім, 
құлдықтан құтқарған
...соңғы гимнім.

Домбыра мен кітап

Кітапты ашқан ем
Филипп тұр алдымда.
...түшкірді домбырам
Ұшынып қалды ма?

Түшкірді тағы да...
тәйір-ай, о несі?
бозарған суреттен
бұрқ етті қан исі.

Жерленген дене жоқ,
Ай да жоқ басында.
...әруақтар ағады
Әріптер астында.

Жөтелген жазудан
...түкірік ұшып тұр
Есімді бір жисам
Ернімде ұшық тұр...

 * Филипп Исаевич Голощекин

Иіс пен әуен

Поэзия әндей ырғалып
желдей желпуге тиіс денеңді.
Мүбәда...
Жарты кеседей ойдан
Бір тамшыдай ғана жұпар иіс
бұлттай бұрқырап көшпесе
Есім-сойыңды бопыр сөз басына құлпытас қылмай
...қоя салған жөн 
мұндай өлеңді.

Матрица

(Серікбол Қондыбайға)

Жаратушы оны жаратар алдында
Қалай,
қайтіп жаратсам екен деп
ойлағандығында еш шүбәм жоқ.
Ал...
Ұлы жарылыс хикаясын айтпағанда
Ұлы Құдайдың өзін
біраз «машақатқа» салып,
шайқалтып жібергендігінде күмән жоқ.
Оның келуін...
әр жусан ұшар басына дейін сағынып,
қара жер бусады,
топырақ шөліркеп,
Аруақ аңсады,
Теңіз тағанына дейін тебіреніп,
...шексіз сусады.
Уақыт пен кеңістік шекарасын бұзған
Ақылы аймен,
көңілі күнмен көмкерілген
сол боздаққа
Құдай
Жұпарын бүркіп,
шуағын төкті.
Ол біздің әлдеқашан көріп,
әлдеқашан ұмытқан
ілкі түсімізді
қайыра жору үшін
исі адамзат нәсілінің
бастапқы нүктесіне өтті,
...түпкі тініне жетті.
Сөйтіп Абақ таңбасындағы
Өлім – түпсана,
Өмір – бейсана,
Қиянат – арам ой,
Түс – өңіміз, 
Тағдыр – өзіміз деген бес пешене жазуды оқыды.
...Ұяты – піскен сүт шымырынан,
Мұраты – пайғамбар ұғымынан,
Ашуы – алты алаш кегінен,
Ақылы – қырық шілтеннің демінен
жаратылған сол шіркін...
Ақ нөсерден кейінгі 
кемпірқосақтай туды да
...көп тұрмады.

****

...Осынау қалалар мен елді мекендер халқы құдайға
құлшылық ететін. Бірақ, сол құдайы олардың 
дүниеге тура қарауына көп кедергі жасайтын.
 
( М. Симашко)
 
I

Таным – теріс, 
Талғам – қисық
Мейлі...
Қарсы шықсын мың ойшыл.
Жалғыз сөзде шындық қалды
мен үшін:
«Жаман адам құдайшыл».
Көбік ауыз көсемге ерген
Құдай-ай...
Әй, не деген есер ем.
Кәне, содан шыққан мүйіз
Мінекей,
Көгермеді көсегем.
Ақыл кеппей,
Ауа жетпей тұншығып
шықсам биік аңғарға,
Жұмекеннің жазуы тұр о, тоба:
«КЕЙБІР ЕЛДІҢ ҚҰДАЙЫ ДА АУДАРМА».
Сүйек жасып
Су боп ақтым бір демде
...қайдан көрсін мұны көз.
Шындығынан тау балқыған, япыр-ай
бұл не деген ұлы сөз.
Алжастық-ау
Ал, арсыздық исінен...
Борсып кетер әр теңіз.
ЖАН-ТӘНІМІЗ 
СЕНГЕН ҚҰДАЙ КҮНІ ЕРТЕҢ 
АЛДАП СОҚСА ҚАЙТЕМІЗ?..

Дегуманизация

Кермек ақыл кімге керек
білесіз...
Түптің түбі – қорлану.
БІР ҒАЖАЙЫП ШАРИҒАТ БАР ӘЛЕМДЕ
БЕЛДЕН ТӨМЕН ОЙЛАНУ.

Шын шариғат осы ғана 
мен білсем,
Бәсі биік басқадан.
АДАМЗАТТА АЯТ ЕКЕУ – ТАБЫНАР
Жыныс мүше,
Азқазан...

Кестелі сөз,
кемеңгер боп көріну
Мұның бәрі бер жағы.
Қой, құрысын...
сөз қылмай-ақ қоялық 
жүзіміздің ар жағын.

Бес сезімнен биіктесек көрінер
Ауызы бар қолдың да,
Жұпары бар,
тозаңы бар түшкіртер
Жалғыз тамшы ойдың да.

Шын махаббат, гүл мейірім, ар-ұят
Бұлар неткен ұлы сөз.
Мұз бетіне гүл қаулайды
ол рас
Тамып кетсе жылы сөз...

Түпсана 

«...Түптеп келгенде қара тастың өзі де кванттық
деңгейде бізбен бір тектес екендігі мәлім».

(Макс Планк)

I

Біз...
Бір тектен тараған болсақ,
Онда менің руым, 
ұлтым да жоқ.
Көк аспан – әкешім,
Қара жер – нағашым,
Көк мұхит – қан-сөлім,
Қоңыр аң – ырысым.
Кәдімгі бір туған,
Қара тас – туысым.

Осы ұғым ұшпаққа шыққанда
Тастың да тілегін 
адамзат тыңдайды,
мыңжылдық мызғымас дәстүрлер
күңсіген марлыдай сетінеп
қалыпқа сыймайды.
Рулық пәлсапа
маңдайы шытынап
Шіркеулер тас-талқан қирайды.

қара да тұрыңыз...

II

Иә, біз туыспыз...
қурай өзегінен құлаған уіл
тым байырғы үн.
Қырдағы қызғалдақ –
Жұғыны алқызыл қанымның.
...Ағайын ішіне қан қатып
алыстап кеткенін
Киіктің 
көзтостағынан таныдым.

Қыркүйек келгенде
Өксігі ішіне тығылып
...ұзайды жыл құсы
осынау қаздардың қарлыққан үнінен
төменге сорғалап құлайды 
Қос ауыз мылтықтың ұңғысы.

Бұлт бәйтерегінен үзілсе жаңбыр
...бұл күздің кезі ғой.
Ауада шайқалған құс біткен
Қос қанаты ғана бар демесең,
аумаған...
адамның өзі ғой.

Бәлкім...
Кірлеген кеуделер
Есіне түпсана
ежелгі деректер оралса, 
Шымырлап жүрегі 
қорғасын тасындай ауырлар.
Біз неге бөлініп,
жауығып үлгердік
...үн қатыңдаршы, бауырлар.

Ақын Мақпал Жұмабайдың 7 өлеңі

Ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың 7 өлеңі

Ақын Ұларбек Нұрғалымұлының 7 өлеңі


 


author

Ықылас Ожайұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...