1. Әйгілі этнограф, композитор А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әндері мен күйлері» жинағына...
З. Жәкішева. Жаңа Қазақстан, жаңа адамдар, жаңа рәміздер
Біріншіден, қолданыстағы қазіргі Елтаңбаның жекелеген элементтері, әсіресе, ұлт тарихынан сусындап өспеген ұрпақтар мен орыстілді буындар үшін шынымен де түсініксіздеу. Сол үшін сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы Елтаңбадағы кейбір элементтерді ажырата алмағаны түсінікті жәйт.
Екіншіден, Елтуымыз жайында алып-қосарым жоқ. Үшіншіден, елдік Әнұран жайына келсек, ашығын айту керек, кейінгі қосылған авторды алып тастау қажет. Бұл – Әнұранның Ж. Нәжімеденов нұсқасына жасалған қиянат. Әнұран мәтініндегі кейінгі өзгертілген бір-екі сөздің де қажеті шамалы. Бұрынғы түпнұсқасының мағынасымен бірдей.
Ұлттық рәміздерді қоғам талқысына салу, халықтың пікірін білу деген ол да дұрыс әрине. Алайда пікірлер тоғысы мен талқылау шарасы қаншама көп болса, соншама қайшылықтар, қателесулер, негізгі бағыттан жаңылу болады. Бүкіл ел халқының ойы ешқашан бір жерден шықпайды, шығуы да мүмкін емес. Сол үшін менің ойымша, бұл мәселеде үкіметтік емес парасатты қауым өкілдерінен (жазушы, ақын, ғалым, суретші, сазгер т.б.) талқылау алқасы (кеңесі) құрылғаны жөн секілді.
Ал не қосуға болады дегенге келсек, Елтаңбаға домбыра аспабын қосу керек. Бұған біреу келісер, біреу келіспес, бұл менің жеке пікірім. Себебі М. Әуезов айтқандай «ұлт ретінде жоғалмаудың» нақты ұлттық көріністердің бірі осы – домбыра! Домбыраның рәміздік сипаты неде?
Домбыра – қазақ халқының әр үйінің төрінде қастерленіп ұсталатын
ұлттық құндылық!
Домбыра – қазақтың аспапты-музыка мәдениетінің символы!
Домбыра – адам көкірегіне нұр құятын, адам санасын тәрбиелей алатын
күшке ие!
Домбырасыз ұлт өнері мен ән-күйі жетім!
Домбыраның бойында – ақындық, күйшілік, сал-серілік, әншілік,
жыршылық, жыраулық, емшілік, тәрбиелік ерекшеліктер шоғырланған.
Домбыра әрдайым елмен, халықпен бірге! Сондықтан да қазақтардың домбыраға деген құштарлығы, оны ерекше қастерлеуі – адам бойына сана болмысы арқылы сіңірілген. Сондықтан ұлттық символдардардың бірінде домбыра аспабы көрініс тапса болады. Себебі домбыра қазіргі кезде елден асып әлемдік өркениетке бет алды. Оны игеруші шетелдіктер мол. Бұл үрдіске Әлем әншісі атанған Димаш Құдайберген өлшеусіз үлес қосуда.
З. Жәкішева – қазақ әйелдерінен шыққан
тұңғыш аспаптанушы-этнолог, т.ғ.к.,
ҚР Еңбек сіңірген қызметкер, Мәдениет
қайраткері.