Аударған Ф.ДінисламовҚоғамдық Х - шы клубта игі мақсатпен балмаскарад немесе жергілікті бикештер айт...
Салауат Кәрім. Аспан асты елінің поэзиясы (аударма)
Дәстүрлі қытай поэзиясы, Ли Бай мен Ду Фу
және 4 Мамыр қозғалысы
Қытай елінің ғасырлар тарихы, оның халқының өмірі, діни сенімдері мен салт-дәстүрлері, әдет - ғұрпы аспанмен тығыз байланысты. Қола дәуірде пайда болған ежелгі мемлекет тұрғындары ата-бабалары өлгенде жаны аспанға ұшып кетеді, аспан бұлттары арасында бүкіл елдің және әр адамның тағдыры шешіледі деп сенген, Аспан астындағы жерлердің бәрі Қытай иелігінде және билігінде деп санаған.
Аспан асты елі деген ұғым қытайлықтардың өздерінің түсінігі бойынша Қытайға сілтеме жасағанда қолданылатын көптеген атаулардың бірі. Қытай өркениеті әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі. Өзінің өмір сүру кезеңінде Қытай ондаған атауларды өзгертті, бірақ «Аспан асты елі» бүгінгі күнге дейін сақталды. Қытай тілінде бұл сөз екі иероглифтен 天下 — tian xia тұрады. Тянь иероглифі аспанды көрсету үшін қолданады, ал Ся төменгі, бір нәрсенің астында төменде болуы дегенді білдіреді. Осылайша, екі иероглиф бір сөзге қосылып, Аспан асты, аспан астында деп оқылады. Аспан Патшалығы ұғымы алғаш рет Шань әулеті кезінде пайда болған (б.з.д. 1600-1046 жылдар).
Қазіргі Қытай өнеркәсібі мен жаңа технологиялары дамыған алдыңғы қатарлы мемлекет қана емес, сондай-ақ ғасырлар бойы ұлттық дәстүрлерге құрылған ел екенінде көруге болады.
Дәстүрлі қытай поэзиясының тарихы
және поэтикалық стилдері
Поэзия адамзат баласының ізгі ойлары мен асқақ сезімдерін жеткізетін қасиетті әрі қастерлі өнер, жер жүзінде ақындары жоқ, поэзиясы жоқ ұлт жоқ. Аспан асты елінде көне замандардан бері поэтикалық өнер ерекше дамыды және ең көне дәстүрлі ұлттық поэзиялардың бірі. Дәстүрлі ұлттық қытай поэзиясына ғалымдар берген анықтамаларға сүйенсек ежелгі заманнан басталып XX ғасырдың басына дейінгі уақытты қамтыды.
Аспан асты елінде поэзия жоғары әрі мәртебелі өнер жоғарыдан түскен тосын сый деп түсінеді. Қытайтанушы, орыс академигі В. М. Алексеев: «Қытайлықтар ақын – мәңгілік айтылмайтындар туралы айтуға аспаннан жерге түскендер, ақындық дарын жоғарыдан беріледі, бұл адамның сөзі емес. Ақын әлемдік құпияларды ашуға қабілетті, аспанда бұрынғылар мен таңдаулылармен бірге ән салған деп түсінеді» - деп жазады.
Дәстүрлі қытай поэзиясын ежелгі дәуірдегі Вэнь («көркем/әсем») әдебиетімен ұштастырады, дегенменде ғалымдар бұдан бұрында жалпы адамдардың өмірінде рухани - мәдени қызметтердің болғаны туралы да жиі айтады, мұны растайтын дәлелдер аз емес, оған күмән келтіруде мүмкін емес, өйткені ғалымдар Қытай тарихында поэзияның шығуын ғұрыптық қызмет аясында пайда болған жазба мәтіндермен растайды, бұл Қытай тарихындағы біздің заманға дейінгі XVII — XI ғасырлардағы тұңғыш Шань—Инь мемлекетінің рәсімдік -салттық қызметтерінде маңызды орын алған археологиялық жәдігерлер және біздің заманға дейінгі XIV ғасырдың ортасынан белгілі болған цзягувэн жазуларымен толық дәлелденетін айтады.
Қытай өлеңдерінің алғашқы жинағы — «Ши Цзина» («Өлеңдер кітабы») біздің заманға дейінгі 460 жылы жарық көрді. «Ши Цзина» жинағын кезінде 60- тан асқан шағында Конфуцийдің өзі құрастырып, өңдеді. Жинақ 2,5 мың жыл бұрын құрастырылса да, өлеңдер ішінде ежелден келе жатқан шығармалар, яғни жинақ біздің заманға дейінгі XI–VI ғасырларды, шамамен 3 мың жылдық тарихты қамтыды. Қытай өлеңдерінің «Ши Цзина» («Өлеңдер кітабы») алғашқы поэтикалық жинақтардың бірі, жинаққа ақсүйектердің поэмалары (жинақтың екінші және үшінші бөлімдерінде ода (мадақ) өлеңдері) және көбінесе әлеуметтік өмір жағдайды сынайтын халық әндері (бірінші бөлімде) енді. Қытайда ежелгі поэзияның басқа да антологиялары болуы мүмкін, алайда Цинь Шихуанди патшаның бұйрығымен конфуциандық кітаптарды өртеп жағылғаннан кейін сақталған жалғыз антология «Ши Цзина» («Өлеңдер кітабы») болып тұр дейді қытай ғалымдары.
Бүгінде үш мыңжылдық тарихы бар дәстүрлі қытай поэзиясы: «ши» (қыт.詩), «цы» (қыт. 詞), «цюй» (қыт. 曲), гэ (қыт.歌) және «фу» (қыт. 賦) поэтикалық әдеби ағымдардың негізгі стилдеріне (түрлері) бөлінеді. Қытай поэзиясының барлық поэтикалық дәстүрлі стилдері ұйқасқа құрылған, алайды ежелгі Қытайдағы барлық ұйқастық мәтіндер поэзия ретінде қаралмайды, мысалы, «Өзгерістер кітабы» өлең жолдарындағы шумақтар ұйқасқа құрылғанымен ғалымдар оны поэзияға жатқызбайды.
«Ши» (қыт.詩) екі шумақты өлең. Екі немесе одан да көп жұп жолдан тұрады. Әдетте өлеңнің екі жолы ұйқасқа құрылады, екпіні, ырғағы бірін-бірі толықтырады. Қазіргі мандарин тілінде тек бес дауыс ырғағы бар, бірақ ежелгі қытай тілінде бұдан да көп болған, кейбір дауыс ырғақтары жоғалуы мүмкін деседі.
«Цы» (қыт. 詞) поэтикалық стилі өлеңнің мағынаны білдірудің өзіндік силлабикалық және тональдық (үндестік) үлгілеріндегі өлең ретінде сипатталады. Поэтикалық шығарманы жазу барысында ақын белгілі бір шартты үлгіге сай шығарды. Бұл құрылым бір кездері әннің бір бөлігі болғанды деседі. Артынан әні жоғалған поэзия түріне айналған. «Цы» поэзиясында әртүрлі өлең құрылысының сөйлемдік құрылымдары бар, олар қандай бір ойды ұсынғанда әртүрлі көркем суреттеуге, белгілі бір үндестікке, әуезділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Гэ (қыт.歌) «гэ» сөзі қытай тілінде ән дегенді білдіреді. Бұл стильдегі өлеңдер - ән айтуға белгілі бір жолмен жазылған және жазылатын өлең сөздердің жиынтығы. Әр кезде сауатты және кәсіби шебер композиторлар халық өлеңдеріне әндер жазған.
«Цюй» (қыт. 曲) моңғолдар Қытайды жаулап алғаннан кейін Юань әулетін құрған кезде (1279-1368 жылдар) олар өздерімен бірге музыкалық стилдер мен ойын-сауық түрлерін алып келген. Олар әсіресе көлеңкелі қуыршақ театрының спектакльдерін тамашалаған, олар арқанға байланған кішкентай қуыршақтар спектаклі болған, олар қозғалған кезде оларға көлеңке экранға түсетіндей етіп жарық бағытталды. Юань әулетінің опералық драмасын ұсыну бейнесі осы көлеңкелі театрға еліктеді деп санайды. Опералық және заманауи әндер кейінгі дәуірлерде танымал болған әртүрлі поэтикалық формалармен өлеңге ұласқан.
Фу» (қыт. 賦) қытай поэзиясындағы бесінші негізгі стиль. Бұл прозаны да, поэзияны да қамтитын сипаттамалық және мазмұнды өлеңдер. Олар шамамен 1500-2000 жыл бұрын танымал болған деседі. Көбінесе ақындар өздерінің шығармаларына алдыңғы дәуірлерден қалған сирек немесе ерекше жазбаша түрлі стилдік белгілерді қосқан.
Қытай поэзиясының өрлеу дәуірі – классикалық кезеңі
Бүгінгі таңда әлемде дәстүрлі қытай классикалық поэзиясына үлкен қызығушылық танытуда. Қытай поэзиясының ең көне ескерткіші «Өлеңдер кітабы» - «Ши Цзина» толығымен аударылды, Қытай халқының ақындары Цюц Юань, Цао Чжи, Тао Юаньмин, Ван Вэй, Ли Бай, Ду Фу, Бо Цзюй, Су Ши, Ли Цинчжао, Лу Ю және Син Цицзи өлеңдері әлем тілдерінде жеке кітап болып жарық көрді.
Сол кездегі қытай поэзиясы махаббатты, табиғатты жырлады, негізінен адамдардың армандарына құрылған өлеңдерді адамдар әнге қосып тіршіліктерінің басты рухани құндылығы санады, бұл әлемдік поэзияның шығуына қатысты поэзия ән мен өлеңнен шығады деген әлемдік теориялық болжамды да растайды.
VII ғасырдың бірінші жартысында Тан дәуірінде VIII және IX ғасырларда поэзия қарқынды дамыды, Қытайда поэзияның өрлеу дәуірі - оның классикалық кезеңі деп атайды. Тан әулетінің үш ғасырлық дәуіріндегі поэтикалық мұрасын император Канси, Сюань-Е (1654-1722 жылдар) тұсында 900 томдық «Тан поэзиясының антологиясы» құрастырылды, антология сол кездегі 2300 ақын қаламынан шыққан 48 900-ге жуық поэтикалық туындыларды жинақтады.
Ғалымдар үш ғасырлық Тан дәуірінің поэзиясын төрт кезеңге бөледі: бастапқы кезең (618-712 жылдар), гүлдену кезеңі (713-766 жылдар), орта кезең (767-835 жылдар), соңғы кезең (836-907 жылдар). Бастапқы кезең көрнекті өкілдеріне: Ван Бо, Ян Цзюн, Лу Чжаолинь және Ло Биньвань кіреді; гүлдену кезеңіне — Ли Бай мен Ду Фу ақындарды жатқызады; орта кезең өкілдеріне — Бо Цзюйи және Юань Чженді; кейінгі кезеңіне — Вэн Тингюнь және Вэй Чжуан (Вэй Чжун) кіреді. Осы кезеңдегі Тан дәуірінің елге танылған ақындар Ли Бай, Ду Фу, Бо Цзю-и өздерінің шығармаларында халықтың арманын, олардың еркіндігін, ішкі мұңын жазды, сонымен қатар олар ежелгі қытай поэзиясының «Ши Цзина» жинағына кірген ақындардың, Цюй Юань, Тао Юань-мин ақындардың қалыптасқан дәстүрлерін жалғастырды.
Ли Бай (701 – 762 жылдары өмір сүрген) қытай рухын, жан дүниесін, халықтың құндылықтарын көркем және еркеше мәнерлеп суреттеген қытай халқының ұлы ақыны.
Ли Бай
Осы ғасырдың басында 2004 жылы алғаш рет орыс тілінде Ли Байдың «Ежелгі рух» поэтикалық цикліне енген барлығы 59 өлеңнен тұратын жолма жол көркем аудармалары жарияланды, академик В. М. Алексеев алғы сөзінде: «Ежелгі рух» тарихи-әдеби манифест, ақын Қытай тарихының шежірелерін, мифологиялық дәстүрлерін, аңыздары мен әлеуметтік-саяси оқиғаларын өзінің дүниетанымдық, этикалық және эстетикалық тұжырымдамаларымен баяндады» дейді.
Ли Бай өмірі аңызға толы. Сол кездегі ақынның замандастары оған «аспаннан жерге қуылған «аспан тұрғыны» деген ат қояды. Ли Бай Ду Фудың ұстазы, жақын досы, соңғысы ұстазының ұлылығына тәнті болды.Ли Бай мен Ду Фу (712 – 770 жылдары өмір сүрген) тарихта есімдері қатар аталады.
Ду Фу
Ду Фу өлеңдерінде елдегі бытыраңқылық, бітпейтін жанжалдар мен соғыс қасіреті, бірліктің болмауынан адамдардың қырылғаны, билеушілердің өмірі мен қара халықтың тұрмысы, олардың қарым - қатынасын жырлаған ақын болды. Ду Фудың шамамен оның 1400 - ден астам өлеңдері сақталған және осы күнге дейін Қытайда сүйіп оқиды. Ду Фу Қытай поэзиясында бірінші болып билікке сенімсіздік білдірген ақын. Ду Фу 755 жылы Қытайды дүр сілкіндірген Қытай армиясының қолбасшысы Ань Лу-Шаньның қанды көтерілісі кезінде тұтқынға алынды. Оның өлеңдерін «Өлеңмен жазылған тарих» деп атайды, өйткені ақын шығармаларында тарихи оқиғалар, он жылға созылған соғыстар баяндалады, Ду Фу «Кеуіп қалған пальмалар» өлеңінде «Халықтың қасіреті маған ауыр тиді, шенеуніктер адамдарды аяудан қалды!» деген өлең жолдарында халыққа аяусыз қысым көрсеткен әділетсіз билікті әшекерледі. Зардап шеккен адамдарға қалай көмектесуге болады деген сұраққа өлеңдерінде жауап береді:
Жер үстінде зәулім үй тұрғызылса,
Оның алып шатырлары астында,
Миллиондаған кең бөлмелерінде,
Зәбір шеккен кедей халық тұрса, – деп жырлады.
Ду Фу қайтыс болғаннан кейін, екі жылдан соң Қытайда тағы бір халық жағындағы ақын шықты, аңызға айналған Бо Цзю-и (772 – 846 жылдары өмір сүрген) халқының мұң - мұқтажын жырлауды жалғастырады. Бо Цзю-и ақсүйектер отбасынан шыққан, императорлық сотта жоғары лауазымдарда жұмыс атқарған, бірақ өзінің ауқаттылығына, байлығына қарамастан халықтың ауыр тіршілігіне жан ашыған, күрескер ақын еді. Өзінің халқын қорғауға бағытталған сенімдері үшін Бо Цзю-и қуғын сүргінге ұшырайды, оны барлық құқтарынан айырады. Сотта жиналыстардың бірінде Бо Цзю-и императорға қарсы қатал сөздерді айтады, сол үшін жер аударылады. Бо Цзю-и ақын өлеңін бейтаныс сауатсыз әйелге қалай оқығаны туралы жиі айтылып жүр, егер тыңдаушы ақын өлеңінің бір бөлігін түсінбесе, ақын өлеңді қайта жазады екен. Ақын жазған өлеңдерінің қарапайым халыққа түсінікті болғанын қалаған екен. Бо Цзю-и өлеңдері «Жаңа халық әндері», «Цинь әуендері» циклдарына жиналды, онда ол адамдардың өміріне қайғы қасырет әкелген соғыстар туралы, аштық туралы, ашкөз шенеуніктер туралы баяндайды. Артынан Бо Цзю-и езілген халықты қорғауға бағытталған замандастары арасынан өзінің пікірлестерін тауып қытай ақындарының үлкен тобын құрады.
Сонымен қатар Сонг дәуірінің көптеген танымал ақындарымен бірге «Цы» стилінде ең ірі қытай ақын қызы Ли Цинчжао (1084-1155 жылдары өмір сүрген) лирикалық өлеңдер жазды.
Дәстүрлі қытай поэзиясының ерекшеліктері
Қытайдың дәстүрлі поэзиясы ұлт болмысын, ұлт санасы мен рухани құндылықтарын, салт дәстүрлерін берік сақтаған поэзия болды. Сол кездегі дәстүрлік поэзия ғылымға да, философияға да сүйенді. Қытай поэзиясының қоғамдағы, адамдар алдындағы қызметі мен мақсат міндеттерінің маңызды болғаны сонша, мемлекетке және оның идеологиясына қызмет еткен поэзия болды, ежелгі қытай поэзиясында, классикалық поэзиясында да бос сөзге әуестік, дәлелсіз пайымдарға орын берілмеді, қандай болмасын құмарлық құпталмады.
Қытай поэзиясында дүниенің күрделілігін көркем байсалдылықпен, адамдарға түсінікті сөйлеу стилімен берілді, дерексіз метафизикалық құбылыстар деректі дәлдікпен ұсынылды, ал күнделікті өмір философиялық ойлаумен қатар жүрді.
Қытай поэзиясы еуропалық поэзиядан айырмашылығы, қатаң шектеулерге құрылған поэзия. Поэзияда адам жанына ауыр сезімдерді, эротикалық құмарлықты, билікке деген мансапты сөз етуге рұқсат етілмеді. Бұл қытай поэзиясының ерекше бітімі. Қытай поэзиясында жылтыраған әсем сұлулық болмағанымен, өмірдегі шынайы сезімдердің, табиғат сұлулығы мен көркемдік суреттеудің ғажап поэтикалық және терең ой сезімнің құрылысын байқауға және көруге болады. Қытай ақындары дәстүрлерді сақтауды басты міндет деп санады. Қытай ақындарын оқи отырып, дидактикалық тәрбиелік мән- мазмұнды анық көруге болады. Поэзия мен дүниетаным ажырамастығын, олардың өнердің негіздеріне құрылып, өмірдің басты мәселерін жеткізді. Сол кезеңде ақындар қоғамның алдыңғы қатарлы ойшыл қауымы саналды, олар өмірдің бір қас қағым сәт екенін, өмірдің қысқалығын ешқашан ұмытпау керектігін анық түсінді.
Мұндай дидактикалық - прагматикалық өмірлік танымдар поэзияның және жалпы әдебиеттің қалыптасуына ықпалы зор болды. Поэзия мен көркем әдебиет (Вэнь) билікті, шенеуніктер мен олардың айналасын тәрбиелеуге де бағытталды, конфуцийлік идеалдар мен адамгершілік құндылықтар қоғам ішіндегі, адамдар арасындағы жамандықтарды әшкерелеу арқылы мемлекеттілікті нығайтуға бағытталды. Нәтижесінде конфуцийлік және даостық поэтологиялық көзқарастарды тікелей жүзеге асыратын бірнеше поэтикалық жанрлық бағыттар пайда болды. Олардың ішіндегі ең көп тарағаны одалар, тарихи тақырыптағы және әлеуметтік-саяси мотивтегі поэмалар, олар конфуцийлік құндылықтарға құрылды, тәрбиелік интонациямен ерекшеленді.
Конфуцийлік поэтологиялық танымдық көзқарастар Қытай поэзиясының поэтикалық жағдайына орасан зор ықпал етті, алайда оның да екіұшты жақтары жеткілікті. Бір жағынан, олар поэтикалық шығармашылықтың қоғамдық ұстанымдарын барынша нығайтты, поэзия зиялы қоғам өкілдерінің міндетті кәсібіне айналды. Екінші жағынан, дидактикалық-прагматикалық таным түсініктер поэзияға міндетті тақырыптық- мазмұндық және эстетикалық қатаң регламенттер енгізіп, авторлық поэзия шығармашылығын мүмкіндіктерден айырды. Дәл осы тәсіл Қытайда III ғасырда қалыптасып келе жатқан авторлық лириканың дамуына кедергі болды, ал кейбір еуропалық зерттеушілердің пікірлері бойынша еркін поэзияның дамуына тосқауыл болды дегенді де айтады.
Сондай-ақ дәстүрлі қытай поэзиясындағы өлең құрылысы, оның ерекшеліктері, өлең жолдарында иероглифтердің (таңбалардың) белгілінген не шектелген санының болуы, бес буынды немесе жеті буынды өлең жолдарында бірдей ұзындықта болу керектігі, екпінді және екпінсіз буындар еуропалық дәстүрлеріндегідей поэтикалық өлшемдер құра аламайтыны туралы көп жазылды. Дәстүрлі қытай поэзиясында лексикалық қайталауларға қатаң тыйым салынды, лексикалық жарыспалы (паралелизмдер) мағыналарға, салыстыруларға шектеу қойылды, дәстүрлі поэзияның лексикалық семантикалық құрылысының интегралдық үлкенді – кішілі ерекшеліктері дәстүрлі қытай поэзиясының даму тарихында орын алды – дегенді де қазіргі ғалымдар жиі айтады.
Сун әулетінен кейін «ши» және «цы» дәстүрлеріндегі өлеңдерді империялық кезеңнің соңына дейін жазу жалғасты. Алайда, кейбір себептерге байланысты бұл кездегі поэзия әрқашан Тан мен Сун әулеттері кезіндегі поэзияға қарағанда төмен болды.
Дәстүрлі поэзиядан еркін поэзияға көшу
Қазіргі Қытай өлеңдері (қыт. 新 – «Жаңа поэзия») әдетте жоғарыда айтылған дәстүрлі үлгілерді ұстанбайды. 4 Мамырдағы қозғалыстан кейін дәстүрлі қытай поэзиясы түбегейлі өзгерді. 1919 жылдың мамыр — маусым айларында қытайдағы жаппай антиимпериалистік, негізінен жапондарға қарсы қозғалыс Париж бейбіт конференциясының Жапония жаулап алған бұрынғы Шандун провинциясын Қытайға қайтармау туралы шешіміне жауап ретінде 1919 жылы 4 мамырда Бейжіңде студенттердің бұл шешімге, сондай-ақ Үкіметте отырған сатқындардың ұлттық мүдделерге опасыздық жасауына наразылық білдіруден басталды.
4 - Мамырдағы қозғалыс қытай зиялы қоғамы көзқарастарының өзгеруіне алып келді: дәстүрлі мәдениеттен жаппай батысқа қарай бағыт алды. Қозғалыс қытайдың интеллектуалдық өмірінің барлық жақтарын қамтыды: ол әдебиетте байхуа ауызекі тілінің таралуына, конфуцийлік этикалық нормаларды қайта қарап, одан бас тартуға, дәстүрлі тарихнаманы сынауға алып келді, білімге қойылатын жаңа талаптармен, жаңа саяси теориялардың: ұлтшылдықтың, социал-дарвинизмнің және социализмнің таралуымен бірге елді басқарудың формасын қайта қараумен жалғасты.
Осы тұрғыда қытай ақындары ауызекі байхуа тілінде шығармалар жаза бастады, тыныс белгілер енгізілді, жолдағы иероглифтік таңба сөздер санының тұрақтылығы алынып тасталды. Сюй Чжи-мо, Гу Можо, Вэнь Идо сияқты ақындар қытай поэзиясының бұрынғы дәстүрлерінен арылуға шақырды. 1921 жылы жарық көрген поэтикалық жинақта Го Можо алғашқылардың бірі болып байхуада өлеңдерін жариялады Қытай дәстүрлі өлең түрінің орнына ақын Сюй Чжи-мо романтикалық өлеңдер жазды. «Жаңа поэзия» дәстүрлі стильді толығымен ығыстыра алмады, ҚХР құрылғаннан кейінде (1949) және қазірде дәстүрлі қытай поэзиясы стилінде шығармалар жазатын ақындар бар.
Дегенмен Қытайда ХХ ғасырдың басынан бастап батыс дәстүрлеріне, еуропаға негізделген поэзия бағытында даму үстінде. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қытай поэзиясында еркін поэтикалық форма түрлері өріс алды. Онда формаға, ырғаққа және ұйқасқа қойылатын талаптар жұмсартылды, құрылымдық жағынан верлибрге немесе ақ өлеңге жақын етілді. Қытайда бүгінде көптеген әдеби журналдар мен өлең кітаптары шығарылады, ал поэтикалық жыр кештері халыққа толы залдарды жинайды.
Қытай, соңғы жарты ғасырда өздерінің ұлттық әдебиетінің, оның ішінде көркем прозасының дамуы, жаңа поэзиясын насихаттау арқасында әлемге танымал көптеген көрнекті ақын - жазушылардың отанына айналды. Аспан асты елінің қазіргі прозасы мен поэтикалық қарқынын 60-90 жылдардағы Латын Америкасы әдебиетінің дамуымен салыстыруға ғана болады. Қытай өзінің ұлттық поэзиясын шет елдерге зор ықыласпен насихаттау үстінде, қытай ақындары халықаралық фестивальдерге қатысып, ал қытай поэзиясы соңғы жарты ғасырда әлем тілдеріне, ең алдымен ағылшын және еуропа тілдеріне қарқынды аударылу үстінде екенін көрсетеді.