100 режиссерлік ереже: Кубриктен Финчерге дейін. ІІ- бөлім

КИНО
2408

Энг Ли: «Мен үшін(кино)- ішкі сезімдердің көзге көрінуі. Дәл осы үшін де біз жұмыс жасаймыз. Кино, өнердің кез-келген түрі секілді, ол- сыртқы стимул, ол өзімен бірге ештеңені алып кетпейді. Ол жәй ғана ынталандырады және әңгіме режиссердің ынталануы туралы емес, көрерменнің жігерленуі туралы».

Лана Вачовски: «Кино- өнердің әлеуметтік формасы. Сіз жалғыздан-жалғыз фильм түсіре алмайсыз. Сен не істеп жатсың, қалай бақылап тұрсың, Фицкарральдо секілді ессізсің бе әлде біртүрлісің бе, немесе өз мегафоныңнан адамдарға айқайлау арқылы соған ұқсауға ұмтыласың ба, маңызды емес. Айналаңдағы қоршағандардың көмегінсіз жалғыз қарындашты да қозғалта алмайсың. Соңғы өнім қашан да оған жұмыс жасағандардың бөліктерінен құралады. Сондықтан, сен кино тілін түсінгің келсе, осы әлеуметтік күш туралы ойлануға тиіссің».

Стэнли Кубрик: «Режиссердің міндеті- кейіпкердің не репликаның нақтылы сахнасына қандай эмоцияналды ой салғысы келетінін түсіну, мұны әртістің жақсы бейнемен алып шығуына көмектесуге тырысу. Режиссер, әртістің жеке өмірін біліп, оның мықты әрі әлсіз тұстарын түсіну арқылы оның дербес мәселелерін жеңіп шығуына көмек етуі тиіс. Мен бәрібір, режиссер жұмысындағы бұл аспект бағаланады деп ойлаймын. Режиссердің талғамы мен қиялы фильмнің жасалуында соншалықты үлкен рөл ойнайды. Ол «бұл фильм қаншалықты мағыналы, шынайы, қызықты?» деген сұрақтарға жауап беруі керек. Бұл сұрақтарды күніне нешеме жүз рет өзіне қойып отыруы тиіс».

Ингмар Бергман: «Кино менде көптеген ішкі толқыныстар мен әсерлер арқылы туады, мұның барлығына шыдау үшін және ойлағанымды іске асыру үшін оны сүюіме тура келеді».

Нора Эфрон: «Структура- баяндаудың пайда болуын іске асыратын кілт. Автор белгілі бірнеше сұрақтардың жауабын табуға тиіс. Оқиға қайдан басталады? Оқиғаның басталуы аяғына қарай қай жерде қозғалысқа түседі және ортасы қайда басталады? Ортасы қашан аяқталып, Финал қашан басталады?.. Мұның бәрі жазушылардың алдынан ылғи да кесе-көлденең шығатын қарапайым сұрақтар. Олар біздің де алдымызда тұрады. Оқиға қайда басталады, оның ортасы мен соңы қайда? Бұл нәрсенің бәрі де авторға байланысты. Кез-келген авторға, мейлі ол көркем, я болмаса деректі фильмнің сценарийін жазып отыр ма, бәрібір, оған тәуелсіз күрделі шешім қабылдауға тура келеді. Егер сіз оқиғаның структурасы туралы дұрыс шешім қабылдар болсаңыз, өзге де аспектлер айқындала түседі. Қандай да бір мағынада қалған ойлармен қатынасыңыз жеңілдене түседі».

Джоди Фостер: «Режиссура өміріңді өзгертеді. Сен қандай да бір ойлар туғандықтан түнгі үште көзіңді тырнап ашып, бір кездері тәжірибеден өткен, өзің сезінген балалық шағың мен адамдар туралы ойлай бастайсың. Және сен мұның бәрін өзің сенбейтін нәрсе үшін істей алмайсың. Бұл дүние сенің өміріңді өзгертіп, рухани дағдарысты әлдеқайда толық күйде өткеруге көмектеседі».

Эми Хекерлинг: «Мен есуаспын. Маған әлемде не болып жатса да бәрібір. Не қаласам, соны істеймін... Егер сен осылай жасауды қаласаң, әлем саған не деп сөйлеп жатқанын тыңдай алмайсың. Егер мен саған шын мәнінде өзімнің не сезінетінімді айтсам, мені түсінетін қыруар адам табылады».

Дженнифер Линч: «Табысқа өз қателіктеріңізді мойындау арқылы ғана жете аласыз. Жақсы шешендігің секілді жақсы тыңдарман да болуға тырыс. Жәй ғана, өз сөзіңізге үлкен мән-мағына үстемеңіз. Тыңдаңыз. Сіз тіпті бір нәрседен бас тартсаңыз да, көп нәрсеге үйренуіңіз мүмкін. Нені қалайтыныңыз бен не істей алатыныңызды өзіңіз-ақ түсіне аласыз. Қарапайым ғана дүние, өзіңізге сеніңіз, эмбрион қалпыңызға оралмаңыз және үйреніп қалған әрекет бойынша көз жасыңызды көлдете бермеңіз».

Дэвид Линч: «Менің жолым болды, себебі мен режиссураның бүкіл аспектісін жақсы көремін. Және оның әрбірі соншалықты маңызды, өйткені, егер оның бір немесе екеуі нашар болса, бүкіл туынды ойдағы қалпын жояды. Сен әрбір кезеңге қатынасуың қажет, ортақ идеяны күшейтетін шешім қабылдауың керек, ад дәл осыдан бәрі де басталады. Өте қырағы және жаңашылдыққа, жаңа ойларға құмар болуың керек. Бір ойды екіншісінен маңызды көрме. Барлық жағынан дамып, өсіп отыр- дауыс, жарық, адамдардың орналасу тәртібі, барлық жағынан- басынан ақыр аяғына дейін, қалай болуға тиіс болғанша немесе сен қалай болуға тиіс деп ойлағаныңдай болғанша».

Кимберли Пирс: «Барынша ашық бол. Өз кәсібіңді іштей де, сырттай да оқы. Саған жұмыс жасап жатқан таңғажайып адамдардың барлығына ашық бол, жұмыс үшін ең жақсы жағдай туғыз, ең жақсы ойларға жол бер. Өз «Мен»-іңді алыс ұста. Оған бұл жерде орын жоқ. Егер үздік болуыңа жол ашатын жағдай тудыра алсаң көп нәрсені үйренесің, нәтиже де сапалы шықпақ. Мен сенде бәрі де сәтті боларына сенемін, өйткені, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді».

Сьюзен Зейделман: «Режиссердің жұмысындағы ең бастысы- дұрыс әртістерді таңдау. Егер сіз қызықты топ таңдап шығара алсаңыз, ендеше табыстан 50 % қалтамда деп есептей беріңіз.

Сіз әртістердің сеніміне олармен қарым-қатынас жасап, танысып-білісіп, олардың пікірлерін тыңдау арқылы кіруіңіз керек. Бұл терапевт түгілі басқа біреу болсаңыз да солай. Әртістер қай уақытта сізге сенім білдіреді, сол шақта сіз де көңілді кейіпте сыни ескертпелеріңізді айта аласыз, ойынға бағыттай бастайсыз. Егер әртістер сізге сенбесе, бәрі бекершілік. Екінші жағынан, мен Мэрил Стрип секілді менен де тәжірибелі әртістермен жұмыс жасадым. Мұндай жағдайда сіз қаһарманның кім екенін түсініңіз, сосын әртістік инстинктке сеніңіз».


Марина де Ван: «Шыдамды болыңыз».

Катрин Брейя: «Өз-өзіңізбен емес, істеп жатқан жұмысыңызбен болыңыз».

Диабло Коди: «Өзіңнің қарсыластарың, бәсекелестерің санайтын өзге бір топ авторларға бола тектен-тек қапаланба. Сенің қолыңнан келетін дүниені ешкім де істей алмайды».

Роберт Уайз: «Егер алаңда барлығы жайырақ болып көрінсе, киномеханиктің күркесінде екі есе жай болады».

Форест Уитакер: «Мен үшін маңыздысы- адамдармен, олардың сезімдерімен байланыс орнату. Бұл менің жұмысымдағы әрқашан негізгі мақсат болатын. Мені шынайы байланыс орнатуға болмайтын нәрсе қызықтырған емес».

Ясудзиро Одзу: «Мен саналы түрде күңгірттіктен құтылдым және оның орнын желімдей жабысумен алмастырдым. Нәтижесінде монтаждау техникасына ешқашан жүгірген емеспін. Шын мәнінде, қараңғылық пен күңгіртік кино тілінің элементі болып саналмауы тиіс, олар камераның көзінен үлкен емес».

Джон Форд: «Кадрдың ортасына қатысы жоқ оның жоғарғы және төменгі бөлігіндегілерді қашан бағалауды үйренесіз, неге нәрселер жоғары және төменде тұр, соны түсіне бастайсыз, сізден мүмкін сонда ғана жақсы режиссер шығатын болар».

Джессика Ю: «1. Алғашқы монтаждың көрсетілімінен 15 минут бұрын өзіңізге бір шыны вино құйып алыңыз. Ауыз тиіңіз.

2. Алғашқы монтажды көруді бастаңыз

3. Жете түсінудің әсеріне шым батыңыз, алдыңызда әлі қаншама жұмыс күтіп тұр.

4. Вино ішіңіз. Жылап алыңыз.

5. Қаншама жұмысты артқа тастағаныңызды еске түсіріңіз.

6. Тағы бір бокал вино құйыңыз. Ұрттап алыңыз.

7. Монтаждың қаншалықты жақсы екендігіне таңдай қағыңыз.

8. Алтыншы пунктті қайталаңыз. Енді сізге бәрі керемет секілді ме? Мұны түсірген кім өзі?

9. Егер сіз бұл кезеңнен өтсеңіз, тоқтаңыз. Кофе ішіңіз.

10. Егер 7 пункт әлі келмесе, аз ғана виносы қалған бөтелкені алып, бәрін қайтадан, басынан бастап басқа жерде жасаңыз.

Ескерту: Егер сіз ішпесеңіз, виноны шоколадпен немесе пирогпен алмастырыңыз (таңдауыңызға қарай)».

Ли Дэниэлс: «Мен қорықпаймын әрі қорқақ әртістермен жұмыс жасамаймын».

Пол Верховен: «Жақсы физикалық қалыпта болғанымды қалар едім. Ішімдіктен аулақ болыңыз және ештеңені тұтынбаңыз, өйткені фильм түсірілімі физикалық әлсіретеді. Ол күніне жиырма сағатқа созылады. Сондықтан оған барынша жақсы дайын болыңыз. Алаңға келместен бұрын, әсіресе, алғашқы аптада өзіңізге жоспарлар мен ескертпелер жасап алыңыз. Қапаста қалғандай немесе шабытыңызды жоғалтып алғандай сезінсеңіз, жәй ғана түсірілген кадрларға қараңыз, не істеу керегін түсінесіз. Бәлкім бұл өте жақсы нұсқа емес те шығар, бірақ, «Жақсы, мен қазір бір нәрсе ойлауым керек» деп, қол қусырып отыра бергеннен жақсы. Өйткені, мұндай жағдайда сіз үрей ішіне кіріп кетіп, өзіңізге деген сенімді жоғалтасыз. Жиырма күннен кейін бәрі кеш, еркінси бастауыңыз мүмкін. Ең алғашқыда «Ал, енді не болмақ?» деген сұрақ туады. Сондықтан көбірек көз іліңіз, әсіресе түнде бес-алты сағат, егер, мүмкін болса алдыңғы екі аптаға жоспар құрыңыз. Сосын әріптестермен және тобыңызбен сыпайы болыңыз, жақсы қарым-қатынасты сақтаңыз. олардың тілегін тыңдаңыз, өзіңіздің қателіктеріңізді мойындауға дайын болыңыз, егер, әрине қажет болса. тым керек болып жатса, тобыңыздан кешірім де сұраңыз. Мен мұның бәрін әлі күнге дейін жасап келемін. Қателігіңізді байқайтын біреуден ешқашан қорықпаңыз және мойындап үйреніңіз. Менің ата-анам маған ылғи да: «Егер кімде-кіммен ерегісер болсаң, бұл келіспеушілікті күн батқанша шеш» деп айтып отыратын».

Оскар Мишо: «Мен экраннан өзіміздің өмірімізді көргім келеді, өйткені, бүкіл жер жүзіндегі басқа да адамдар дәл біз секілді өмір сүреді».

Гордон Паркс: «Бізге өз азаматтарымыздың шынайы тарихы туралы фильмдер керек. Алайда, сонымен қатар, осы азаматтар туралы ерлік әңгімелер де қажет. Біз барлық уақытта Джеймс Бонд секілді қаһармандарға шөліркеп өтеміз».

Усман Сембен: «Суреткер міндеті сұлулық туралы айту емес, оны көрсету. Суреткер қоғамның қан тамыр соғысын сезінуі керек, қоғамды көрсететін көркем бейне жасауы тиіс».

Осси Дэвис: «Режиссура тыным мен желік, назар, күш-қуатты, егер керек болса жаман әрі қырсық болуды, ал кейде аз ғана ептілікті талап етеді».

Роберт Родригес: «Мен бәріне жай ғана тәжірибе жинау үшін үй бейнежазбасын түсіруді кеңес етемін. Көлемі ауқымды болуы міндетті емес, бар-жоғы түсірсе болғаны, бұл ғажап нәрсе. Жай ғана түсіруді жалғастырыңыз. Оқиғаны шебер әңгімелеуді үйреніңіз. Мен алғаш бастаған кездегі нәрсені жасағыңыз келсе- қаражатсыз қысқа фильм түсіріңіз. Қандай да бір уақыттардан кейін сценарий жазып, оны түсіре бастайсыз, структураны білетін боласыз. Сізге тек үйрену керек, ал жасау, егер тек байқап көремін десеңіз, ол қолдан келеді».

Вуди Аллен: «Тек жұмыстың ғана мәні бар. Өзіңіз жайлы мақалаларды оқымаңыз. Өз жұмысыңызды көп талқыға салмаңыз. Тек бейқам болмаңыз. Қандай да бір жеңілдіктер туралы, ақша мен мақтау туралы ойланбаңыз. Қаншалықты өзіңіз жайлы аз ойлансаңыз, соншалықты дұрыс. Бұл бәрібір бейсбол питчері болу деген сөз: не істеп жатқаныңды қаншалықты сезінсең, соншалықты жақсы ойнайсың. Тек өз жұмысыңды істе, тектен-тек уақыт ысыраптама. Мына шоу-бизнестің циркінен аулақ жүр, өз жолыңда пайда болатын назар аударғыш факторларға көз қырыңды да салма.

Егер сенің істеп жатқаныңды адамдар көре алмаса, солай-ақ болсын- олардікі дұрыс та шығар. Немесе жоқ. Тіпті адамдар сені гений көріп жатса да, өз-өзіңнен сұра: егер мен гений болсам, сонда Шекспир, Моцарт, Эйнштейндер кімдер? Мені қашан да атыммен төмендетіп- «комедияның генийі» деп жатады. Мен, комедияның генийі генийға Муз-Лодждың президентінің АҚШ президентіне қатынасы секілді қатынаста болады деп жауап беремін».

Грегг Араки: «Әрине, қысқа және толық метрлі секілді фильмдерді көптеп көру керек және түсіру керек. Алайда, қазір түсірілген көптеген фильмдерді көріп, таңданыста қалдым: қазіргі тәуелсіз кино ештеңе туралы. Режиссер болғысы келетін адамдар тобы бар, бірақ олар айтатын ештеңе жоқ, түсіретін де. Олар тек түсіргісі келеді, не түсіретіні маңызды емес. Олар тек «Сандэнске» баруды қалайды. Бірақ мен және менің замандастарым мұндай болмадық. Біздің ең жас кезімізде түсірілген фильмдерімізде де сағыныш, аңсар болатын. Егер бұл фильмді түсірмесем, өліп кетемін деген сезім болатын. Біз дәл осылайша сараландық».

Квентин Тарантино: «Жазу үстінде мен үшін ең бастысы- қағаз бетінде не қалуы. Мен фильм туралы ойланбаймын. Кино туралы ойыма да кіріп шықпайды. Мен әдебиет туралы ойлаймын- қалай жақсы жазу керектігін және жеткілікті түрде аяқталған туынды алуды. Бұл менің жобаға деген ең алғашқы үлесім. Егер барлығы дұрыс болса, жұмыс соңында сценарий үстінде отырып: «Ал, егер ештеңе түсірмей-ақ, жәй ғана осылай жариялай салсақ. Өйстіп-ақ бітірсек» деп ойлаймын».

Кевин Смит: «Егер мен түсірмесем, онда монтажға отырамын. Топ 15 минутқа немесе бір сағат үзіліске кеткенде келесі кадрға дайындалу үшін, Avid- ке отырып киноның қаңқасын жасауға тырысамын».

Фриц Ланг: «Жақсы оқиға іздеген кездерім болды, бірақ, қазір бәрі Рашмор тауының көлеміндей болуы тиіс, ал әртістер өздерінің толық көлеміне тек сол жерде ғана орын бар секілді қарауы тиіс».

Шонталь Акерман: «Ұзақтығымен айла-әрекет жасайтын кинодағы драмалық және шифрланған уақыт секілді мені шынайы уақыт қызықтырмайды. Мені «менің уақытым» ғана қызықтырады деп есептеңіз».

Педро Альмодовар: «Мен өз әріптестеріме аса қызықпаймын. Өз фильмдеріме де... егер мен өз қаһармандарымның ғұмырын сүрер болсам, шамасы, (16 фильмді түсіруге қол жетпестен) өлген болар едім».

Кеннет Энгер: «Мен фантастикалық лқиғалы сызықпен тікелей байланыста болмайтын элементтерді ішкі материалға орналастырмаймын».

Бернардо Бертолуччи: «Мен ешқандай жолдаулар мен арнауларды түсірмеймін. Бұлар үшін почта жұмыс жасайды».

Келли Райхардт: «Өтірік- диалогта, шындық- көріністе».

Уильям Фридкин: «Меніңше, режиссердің ең басты табысы- амбициялар, сәттілік және Құдайға рахмет айту. Мен талантты айтпай кеттім, өйткені, талантсыз-ақ ақымақ фильмдер түсіріп жүрген, алайда өте сәтті әрі өте әсерлі болып шығатын фильмдер түсірген режиссерлар көп. Және өте талантты болған, бірақ жалпы ағымда жоқ болып кеткен көп жігіттерді де білемін».

Джули Дэш: «Суреткер үшін ең маңыздысы- жүріп жатқан қозғалысқа не істегісі және не үшін істегісі келетінін түсініп енуі. Әртүрлі қиындықтар тап болғанда (олар, әрине, тап болады) сіз олармен қалай алысатыныңызды, қалай басқарып, қалай айналып өтуді, қалай жеңуді білетін боласыз. Немесе сіз жәй ғана артқа қадам жасаңыз, сосын олардың өтуіне рұқсат беріңіз».

Роджер Корман: «Сізге не керек- бұл фильмнің таңғаларлық бірінші бөлігі, адамдар не болып жатқанын білгісі келеді ғой. Содан сізге жақсы соңғы бөлімі пайдаға асады, өйткені бәрі қалай аяқталарына қызығады. Қалғанының бәрі де соншалықты мәнге ие емес».

Сидни Пуатье: «Мен қашан да «жоқ» деп айта алдым. Солай ғана көздегеніме жеттім».

Сэм Пекинпа: «Меніңше, қазір ең бастысы- сценарийлер нарығы. Не сатып жатыр, сатушы кім, сатып алушы кім, қандай күйдегі сценарий, бәрін бақылаңыз, кейін сценарийсттің есімін анықтап, барлық мүмкін, таза және қара жолдармен онымен танысыңыз және сұғанақтық жасаңыз».

Вонг Кар-Вай: «Менің қара жиделі түндерімнің» идеясы «Ғашықтық көңіл-күйге» жұмыс кезінде түсірген қысқаметрлі фильмге негізделген. Бұл тіпті қысқаметрлі фильм де емес, бұл «Ғашықтық көңіл-күйдің» бір тарауы... Бірақ кейін оқиғаның күштілігі сондай, бұл тарауды қажет етпейтінін түсіндім. Бұл тараулар кейін Каннда көрсетілген қысқаметрлі фильмдерге айналды. Яғни сізге қажет бір сәтте сіз бірнәрсені толықметрлі, екіншісін кітап күйінде, келесі бірін қысқаметрлі күйінде қалдыру керегін түсінесіз».

Джим Джармуш: «Мен фильмді тыңдағанды аса құрметтеймін, себебі, онда қателік жоқ, бәрі дұрыс өтіп жатады. Жәй ғана әлдебір дүниелердің кейіпкерге жақындағаны немесе кейіпкерді жасауға көмектескені айқындала бастайды, ал екінші біреулері жоқ, алайда, оларды бәрі де қүнды, өйткені сізді өз бара жатқан жерлеріне жетелейді.

Мен штурман ретінде (әртістермен) біздің одақтастығымызды көтере мадақтаймын және өз жемістерін беру үшін ең жақсы тәсіл іздеймін. Мен бұл барлық жемісті сүйемін- шиені де, бананды да».

Ада ДюВерней: «Әлдекімді өзіңіздің ұстазыңыз болуға мәжбүрлеу үшін, қажетті адамды кофеге шақырып, өндіріске жылжу үшін кеткен барлық қаншама уақытта сценарий жазуға немесе кейіпкерлермен көпіріңізді берік етуге болушы еді».

Джордж Лукас: «Қолжетімді дүниелердің көптеп өзіңде болуы адамнан көп тәртіпті талап етеді. Бірақ, ол тәртіп әдебиетші, сазгер, суретшіде болуы тиіс тәртіптермен тамырлас. Цифрлы суретпен жұмыс жасау таспамен жұмыс жасаудан әлдеқайда қиын, алайда қай нәрсемен жұмыс жасасаңыз да, оның әрбірінің өз шет-шекарасы болмақ. Суретші технологиямен бетпе-бет қақтығысқа түспейінше, көркем форманы дамытумен болады, бұл олардың табиғатында бар. Кино- өнердің технологиялық түрі, және онда көптеген технологиялық шектеулер бар. Меніңше, адамдар қаншалықты цифрлы суретпен жұмыс жасаса, соншалықты осынау технологиялық шектеулерге соқтығып қала бермек. Олардың кейбірі құдды таспадан туғандай көрінуі мүмкін, екінші бірі адамның алысқа кеткені соншалық, технологиялық биікке көтерілгенін айғақтап тұрмақ». 

Джеймс Кэмерон: «Режиссер үшін ең қиыны- дәл сол үшін қаншама жылын сарп еткен фильмін көру. Сен оның әрбір кадрын өте жақсы білесің, ең қиыны- оны ең алғаш рет көріп отқан көрерменнің тұрғысынан картинаны бағалау».

Дэвид Финчер: «Саған әлдебіреу келіп «Мына фильмді сен түсірдің бе? Маған бұл барып тұрған былжырақ секілді көрінді» дегеннен өткен жаман нәрсе жоқ, ал сен бұл адаммен келісуге мәжбүрсің».

Сара Полли: «Мен үшін ең маңыздысы тірі сәттерді жарату болды, күлкілі сәттерді, саңылаудан өтіп кететін нағыз шынайы өмірді жарату. Өйткені шын өмірде дәл осылай болады. Менің өмірімдегі ең қызықты сәттер трагедиялық оқиғаларда өтті».

Атом Эгоян: «Мен өз фильмдеріме өзім продюсерлік жасағанды дұрысырақ көремін, себебі, мұндай жағдайда мен дәрменсізбін, не қаласам, соны істей аламын. Бірақ, сені режиссер ретінде жалдап, сен жүйе бойынша жұмыс жасауға тиіс болсаң, мәтіндік көрілімдер қаржыгердің назарын аудару үшін өте маңызды болмақ, және сол уақыттар ішінде қандай да бір ескертулер туатын болса, сен оларды ескермей кете алмайсың. «Экзотика» да осындай мәтіндік тексерістердің бастан өткерген. Бұл бір нарықтық іріктеу болатын, маған телефон шалып: «Шамасы, көрермендер бұдан бұрын не болғанын көруді қалайтын секілді. Соңғы кадрды алдыңғы бөлікке орналастырып, Кристина клубқа тұңғыш рет кірген жерден кадрлық дыбыс жазып бастасақ» деді. Мен сонда «О, Құдайым, мынаның бәріне қалай құлақ аспайын, рақмет саған!» деп ойладым. Сен картинаны көрермендерге түсінікті етіп жасай аласың, бірақ, сонымен қатар оның ішек-қарнын ақтарып, оның бүкіл қуатын сарқып алуға да тәуекел етесің».

                                                 ↠басы....

Орыс тілінен тәржімалаған: Еділбек ДҮЙСЕН

author

Еділбек Дүйсен

АҚЫН

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...