Бүгін танымал ақын Тұманбай Молдағалиевтің туған күні. Ақын 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңб...
Бодаухан Тоқанұлы: Бір ақын жырақта жүр жалын құшып
(Ақын, жазушы, аудармашы Байыт Қабанұлының өлеңдері туралы толғам)
Бар-жоғы бір жүз елу мыңның аржақ-бержағындағы Моңғолия қазақтары ақын жазушыға кенде емес. Олар кезінде осы елде кеңестік дәуірде қалыптасқан әдебиеттің социалистік реализм ағымына өз үлестерін қосты. Моңғол әдебиетінде «Моңғолия қазақ әдебиеті» деген термин қалыптасты. Әсіресе поэзия саласы жақсы дамыды. Ақтан Бабиұлы, Имашқан Байбатырұлы, Кәкей Жанжұңұлы, Солдатхан Орайханұлы, Тойлыбай Құрмандолдаұлы, Сұраған Рахметұлы сияқты сыршыл ақындардың тамаша жырлары Моңғол әдебиеті тарихынан өз орындарын алды.
Бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауып, жыр дүлдүлге ер салған дарын, талантты ақындар саны молайып келеді. Солардың бірі де бірегейі – Моңғолия жазушылар одағының мүшесі, Монғолия жазушылар одағының сыйлықкері, Монғолия мәдениетінің озат қызеткері Байыт Қабанұлы. Моңғолияның солтүстігіндегі Эрдэнэт атты шағын қалада тұратын талантты ақынның ортасы мүлдем бөлек. Қазақ мәдениетінің, әдебиетінің иісі түйсікті жанның ғана мұрнына жететін қиян шет, өзге орта.
Бірақ оңы мен солы бірдей мықты палуандар сияқты ұлтым деп соғар үлкен жүрегі бар ақынға ортадан алшақтық онша қиындық туғызбайтынын Байыттың қазағым деп егілген егей жырларынан аңғару қиын емес.
Ол шығармаларын моңғол тілінде де жаза береді. Екі тілде еркін көсілген талант иесін моңғол ақындары «Қазақтың хас ақыны» деп хан көтереді.
Өлең өлкесіндегі жиырмадай жылғы қажырлы еңбегі арқасында қалыңды-жұқалы оншақты жыр жинағының авторы атанған қарымды ақын биыл оқырмандарға өзінің таңдамалы үш томдығын ұсыныпты. Оқырманын зеріктірмейтін, зердесіне нұр құятын тамаша жырларын тамсана оқымасқа шараң жоқ. Ақынның тақырып ауқымы кең. Адамдық пен адалдық, өмір мен өлім, шаттық пен өкініш, сағыныш пен аңсау сияқты мынау сырлы дүниедегі сан құбылыс оның жүрегін тебірентеді, сөйтеді де еріксіз жыр тербетеді.
Соның ішінде ақын өлеңінің ай маңдайында қасқайып ұлттық сана тұрады. Ол өзге жұрттың ішінде «Мен қазақпын» деп ұран салып, алғашқы жыр жинағын «МЕН ҚАЗАҚПЫН» деген атпен шығарып, өз ұлтының шашбауын көтеруімен-ақ, моңғол оқырмандарына өрен өршілдігін мүлтіксіз мойындатқан еді. Сол үрдістен әсте танған емес. Өзі алыста болса да ұлттық рухты сананасына нық сіңірген, арғысы қазақтың ауыз әдебиетінен, бергісі Абайдан бастап жыр қызынамызды байытқан атақты ақындарымыздың кәусарынан қанып ішкен ол ар ожданымен ұлтының жоғын жоқтап, намысын жыртып, қазақтың арасында жүр. Жыр жинағына үңілейік:
«Сен тастақта табандаған жүйрік болсаң,
тағаланар тағаң менмін , қазағым.» немесе:
«Құлақтан кетпей, жүректен кетпей
қазақтың үні – ұлт үні,
Кейінге серпем қуаныш-шаттық күлкіні.
Қазаным толы, иығым бүтін, денім сау, тыныш болсам да,
Жылаумен келем жылаумен мүмкін тынысым бітер бір күні»,- деп налиды.
Халқымыздың ұлттық мүддедегі иісалмастығына, жайбасарлығына
«...Бетіме түскен тыртықты,
Болар-ау мүмкін жамауға,
Жүректе жатқан жыртықты,
Жамауға жұртым жарар ма?..»
деп күрсінеді. Иә, бүгінгі таңда қазақ ұлтының проблемасы шаш етектен. Ақын бәрін де жырына арқау еткісі келеді. Қоғамдағы келеңсіздіктерге, ел билеген ағалардың орамсыз ойларының ұлтқа пана болмайтынын сынайды. Халқының тәуелсіздікті бекемдеу жолындағы керуен көшін жетектеуге қабілетсіздігі де ақын қаперінде.
«...Ел бастайтын еңселінің өздері де
жас баланың ойынына таңданып,
Ертең еріп кететұғын «мұз қаланы»,
Мәңгілік деп малданып,
Күйесі көп, киесі жоқ, иен қалған жүректер,
Түйесі көп, иесі жоқ керуендей бет алдына кетісіп жүр сандалып...».
Әйтсе де оның жырлары бастан аяқ писсимизм емес. Ұлт ретінде бағзы заманнан бері бастан кешірген қиындықтардың барлыған қайсарлықпен көтеріп бүгінге жеткенімізді, жай ғана жетпей ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен ұлттық құндылықтарымызды жырына арқау етіп, бір сәт арқаланып та алады. Бұл ретте ұлттық құндылықтарымызды, соның ішінде қазақтың қара домбырасын, қара өлеңін жырына қоспаған ақын жоқ шығар. Әйткенмен әр ақын өзіне тән сыршылдығымен, сөзден түйін түйетін шеберлігімен ерекшеленіп жататыны да белгілі. Бұл тұрғыда Байыт та айшықты сөз, асыл ойлармен айызын қандырып айта біледі. Мәселен қазақ деген халықтың өмірге әнмен келіп, әнмен кететінін ұлы ақын Абайдан бастап ақындардың барлығы жырға қосса дағы Байыттың жырындағы көріс жайлы мына бір жолдар сырлы теңеуімен ерекше:
«Қазақ деген
запыранын зар қып сыртқа шығарса,
Біреулердің әніне тең көрісі» дейді. Қазақтың қасиетті қара қосы жайлы да:
«О қара қос! Алты қанат ақ орданың анасы,
Дала елінің сіңген арман, наласы.
Сенің шоқпыт жамауларың,
Ел-жұртымның жүрегінің жарасы,
Сеніменен жалғасады,
Ұлы өмір мен мұң өлімнің арасы
О, қара қос! Ақ орданың анасы.» ,- деп орынды теңеумен түйін түйеді.
Сол сияқты шетте жүрген қазақтардың ұрпақ болашағы үшін алаңдаған бөтен елдің «жатбауырында» жүрген шерменде сырын былай жеткізеді.
«Біздер жүрміз елден алыс,
Жерден шалғай, қарнымыз тоқ күн кешіп,
Ұрпағымыз келе жатыр ертең өзін
жалмайтұғын азу тіспен бірге өсіп.»
Бұл әлдебіреулердей: «Ей қазақ, ұрпағыңның қамын ойла» деп ұрандау, ақыл айту емес, сырлы тілмен сырбаз ғана толғану, өзгеге ой тастау.
Оның өлеңдері өзі айтқандай «Көк толқын» өлеңдер. Әсресе туған жер, барша түркі жұртының алтын бесігі болған Алтайын жырлағанда толқын атып, тіптен арқасы қозып, арыны үдей түседі.
«...Алтайым, несіп далам, бесік далам,
Анамның құшағындай төсің маған...»
«...Шың құзымды көрейін, шың құзымды,
Менің қара ұл, сенің жас қыз күніңді,
Осылай бір шарықтап, шаттанып ап,
Содан кейін бұрайын тізгінімді...»
«...Бабамның әні,
Анамның әні,
баламның әні жас төгілген жанардан,
Шаттығыменен, Нарттығыменен,
пәктігіменен далалық әннен жаралған,
Даланың әні
өлсем де менің өшпейсің рух санамнан.»
«...Сен менің алтын қазық тұғырымсың,
Ұшынан кіндігімнің арқандалған.
Сондықтан дәйім саған жалтаңдағам...»
«...Бессалам далам тас далам,
Төгіліп жатқан асқақ ән,
Өмірді сенен бастағам,
Өлгенде сені жастанам.»
Міне, осылай терең ой, сұлу сөз, саумал сезім оның туған жер жайлы әр өлеңінде төгіліп тұр.
«Тілсіз таулар, мінсіз таулар мені ақын қып жаратқан» деп өзі айтқандай оған рух беретін туған жері Алтайының ақбас шыңдары, асқар бел, айдын көл, арынды өзендері, осы өлкені ен жайлаған Байыттың туған ауылы – байтақ Моңғолиядағы кішкентай «ҚАЗАҚ ЕЛІ» Сондықтан қазақтың шетелдегі түйір дәндей бір бөлшегінде жүрсе де түбі түркінің алтын бесігінде дүниеге келіп, жастық дәуренін осы аялы Алтайда өткізгендіктен өзгеше жырлайды. «Алтайдай асқар биіктен жаралған екем, аласа ойлау қолымнан келмейді менің» дейді. Шабытын сол шың құздардан алады, сұлық сұлу табиғат сыр болып өз көкірегіне қонады, сосын жыр болып өзге жүректерге ұшып жетеді.
Туған жерін жыр етпеген ақын жоқ. Бірақ осы бір киелі тақырыпты бар болмыс бітімімен кемеліне келтіре, көсіле жырлау, «алқымы іспес» арғымақ ақындарға ғана тән.
Қазақпын деп мақтанғанда, алтын бесік туған жермен шаттанғанда асқақ рухпен асқақтайтын Байыт көңілдің көгілдір шуағы төгілген жастық шақ, «махаббат қызық мол жылдарға» келгенде барынша сырбаз. Тереңнен тебіренеді, нәзік лирикаға ауысып, суыртпақтап сыр шертеді. Әр шумақтан сағыныштың самалы еседі.
«...Ойпыр-ай, өкінішті-ай, көктем өтті,
Тез өтті ғой, мұны кім өкпелетті,
Еш мақсатсыз желіктің артына еріп,
Біткен іссіз бұл көктем текке кетті...» деп өкінеді немесе:
Өзінен кейінгі жастарға қызыға қарап, «Аяулы іні атанып жүруден гөрі, ақылды аға атану қиындау екенін» мойындайды. Бірде:
«...Аз-ақ күн ауылына қонақ етіп,
Шығарып мені ептеп салған жастық»,- деп күрсінеді. Тағы да ақын жырларына үңілейік:
«Бітті осымен , қол созғам жоқ ,
Саған қайта жетем деп,
Ұмыта да алған жоқпын,
Сені жат деп, бөтен деп,
Сағынғам жоқ, аңсағам жоқ, күткенім жоқ,
Бірақта,
Анда-санда ойлап қоям, «бір кездессек екен» деп»
Бұл жастық шақ жайлы өмірдегі талай жанның жадында жүрген сыр шығар. Бірақ, Байыттың тігісін жатқыза жеткізуі еріксіз қызықтырады, қайталап оқығың келеді.
Ақынның сұлулыққа тамсануы да өзінше. Сұлулық жайлы сұлу жырмен сурет салады. Сәйгүліктің сұлулығын Абайша, Ілиясша, Кәп ағасынша сырлы сөзбен өреді.
«...Қу құрсақ, бота тірсек,
сымпы құйрық,
Қыз мүше,
құлан жалды арғымағым...» деп ат сұлулығын жырласа, ару сұлулығына аузының суы құрығанда оқырманын қоса шөлдетеді.
«Баяғы қызыл ішік киген қыздың»,
Қыр мұрын, қиылған қас сіңілісі»
немесе:
«Сылдырап, сыңғыр үнмен
бір тіл қатып,
Жүрекке қытығы мол үн тыңдатып,
Үзілтіп, үмітті ұрлап,
бір кетесің,
Сусындай бірақ жұтар
сылқылдатып.»
Ал сұлулыққа шөлдемей көр.
Байыттың әр өлеңі өзгелер айтпаған, таптауырын болмаған орамды ой, сұлу тіркес, соны теңеулерімен әрлі де нәрлі.
«…Құс жастық етіп қыз кеуде жалын жастандым...»
«…Болады кімге мәңгі құмай – жалған...»
«…Жанымнан жас боп төгілген мөлдір сусынды,
Сіміре жұтып, сілкіді басын есектер...»
«…Кеуде деген қап-қараңғы қара борша күркенің,
Қақ төрінде жас жүрегім жанып тұрған білте едің,
Білте едің сен, махабаттың мүлкі едің,
Ұлы көшке мен де әрине Өз көшімді тіркедім...»
«…Бақыт тәтті болады екен әрдәйім,
Баста шалқып тұрғанда емес, өтерде...»
«...Арам шөптер аялаған алаңыңа,
Еркіңнен тыс көктейді...»
Осындай перизат теңеулерді, парасатты ойларды оқи отырып ақынның сөз саптау шеберлігіне, тапқырлық талантына еріксіз тәнті боласыз
Ақын өзінің мәңгілік серігі, көңілінің жерігі өлең жайлы да өзгеше толғанады. Тегеуірінді теңеулер қолданады.
«...Жылты барлар алыңдар текке берем,
«Өлең» деген майы аққан жөргемімнен...»
«...Ал мен, сірә, бос қоймадым ақындықтың көгенін...»
«...Иненің жасуындай жалғаны жоқ,
Тұрманы түгел өлең жазып берсем...»
Үш томдыққа ақынның «Әке киесі», «Алғашқы махаббат», «Рұқсатталмаған өлім», «Ер Тұранбай», «Қарызсыз өлім» «Бұрымбибі» «Аруана сезім» атты эпикалық поэмалары енген. Бүгінгі таңда ғашықтардың зарын, батырлардың ерлігін Ілиясша, Исаша, Жұмағалиша жазып, оқырманды баурау қиынның қиыны. Тек стильдік ерекшелікпен ғана баурауға болатынын мықты ақындарымыздың туындыларынан көріп жүрміз. Бұл тұрғыда да Байыт өзіндік жол таба білген. Ең бастысы ол тосын да ғибратты оқиғаларды сюжет етеді де, оған қоса оқырманын сұлу тіркестермен еліктіріп, мұрнын тескен тайлақтай жетелей жөнеледі. Адалдық пен арамдықты, ақылдылық пен ақымақтықты, қатыгездік пен қайырымдылықты шендестіре ой өрбітеді.
«Әке киесі» поэмасындағы асыра сілтеген нәубет заманда өз әкесін қылмыскер етіп, өлім жазасына кестірген жандаралдың өлер шағында жалғыз итінен өзге серігі жоқ оқшау қалып, ит қорлықпен өлгенін, «Рұқсатталмаған өлім» поэмасында жалғаз ұлын үйлендіріп, тойын өткіуге рұқсат бермеген қатыгез бастықтыққа өлер алдында өлімге ұрықсат сұрап хат қалдырған әке арқылы оқырманға ғибратты ой тастайды. Ақынның «Алғашқы махаббат» поэмасы стилі, оқиғасы тұрғысында бұрынды-соңғы ғашықтар жырынан мүлдем өзгеше. Бастауыш мектептің «боқмұрын» баласының кітапханашы қызға ғашықтығы шытырман оқиғасыз-ақ нанымды беріліп, балаң сезім мен махаббатты пайымдай білетін ақыл парасаттың ара жігін ажыратып, түйінін тарқатады. Жалпы, ақынның қай поэмасы болмасын тағылымға толы, нақты болмыс.
Ақын өлеңдеріндегі басым бағыттардың бірі – қоғамға, өмірге көңіл толмағандықтан туған постмодерниистік стильдегі жырлар.
«…Еріксіз малға сатып қосқан қыздай,
Көңілің жараспады заманменен…»дейді.
Бүгінгі қоғамға, заманға көңілі толмайды. Бірақ, қоғамды, заманды былай өзгерту керек деп, ешкімге данагөйсіп ақыл айтпайды. Тек эмоцияға беріледі. Ең бастысы шындықты толық қанды көркемдікпен жеткізеді.
Ақынның үш томдығына енген мұндай жырлар бүгінгі қоғамдағы әділетсіздікке, өркениет әкелген жат қылықтар - зұлымдық, адам мінезіндегі азғындық, сатқындық, опасыздық сияқты келеңсіздіктерге күйінген жамандыққа жаны қас жүрек бұлқынысынан туған. Өз қамын емес ел қамын ойлап зарланған Соны кімнің болса да бетіне қасқайып қарап тұрып айтады. Күйіне, түңіле отырып жылап жырлайды. Сен де өз еркіңсіз бірге жылайсың.
Әрине, өз заманына қай ақынның көңілі толған. Кім күйінбеген, кім шарқ ұрмаған, Бірақ, «замана илеуіне» көнбеген ақын жоқ. Ал Байыт соған көне алмай ерін бауырына алған асау атша тулайды, ашық айқасқа шығады.
Байыт кешегі қоғамдағы реалистік әдебиет өкілі болса өзінің жыр қазынанасының біраз бөлігін құраған мұндай өлеңдері үшін сарыуайымшыл, пессимист ақын ретінде бағаланып, басы иығын босатып қоюы да ғажап емес еді. Бақытына орай бүгінгі қоғам басқа, бұл күнде қазақ ақындары үшін де постмодернистік ағым жат емес. Кейбір әдебиет сыншылары тіпті реализімнің жоғарғы түрі ретінде бағалап та жүр. Енді осындай жырлардың үзінділеріне үңіліп көрелік:
«…Шындық дедім, шырылдадым, отқа түстім,
Қанатымды жандырдым,
Қанатымды жандырдым да,
Қараңғыға шам қылдым...»немесе:
«…Құдайды да құл санайтын
көні кепкен құлқындар,
Ертең өлім алдында да
Топыраққа тойым қылмай тоздырар...»
«…Қыздар нәзік, нәзіктігі өңсіздерге өң берер,
Қыздар дәрі,
ебі кеткен ер сезімдер емделер,
Олар деген
Жанын бөліп жан жасайтын Құдайлар,
Жан жасайтын құдайларды,
Нан жасайтын құл етті ғой пенделер...»
«…Мен өзімді жоғалтқанмын,
Ізеп-іздеп таппадым...»
«…Бақыттың барын ұмытып,
Мұң-шердің итін ұлытып...»
Міне осылайша Байыт күйінішін өлең өрнегімен «тағына жетіп, қайырып» айта білген. Бұлайша айта білу ақынның ақынының ғана қолынан келеді. Үңіле берсек Байыт өлеңдерінен талай інжіу маржан сүзуге болады. Өршілдік пен сыршылдық қатар өрілген, тақырып ауқымы кең екенін байқаймыз. Ол елім, жерім, қазағым деп егіледі, тылсымның құпиясынан ой сабақтайды, табиғатпен сырласады, мұңлықтармен мұңдасады, ғашық дертімен ауырады. Алайда оның өлеңдері жайлы «Шөп те өлең, шөңге де өлең» емес, керісінше басқа ақын жаза алмаған өзге өлең.
«…Жер шарының желкесін мен жырмен басып асқақтап,
Аспан көктің ар жағына қиялаттым құсымды...» деп өзі айтқандай ақынның қиялы қияндарға қанат сермейді. Сөйтіп, ол аспан көктің аржағына қиялаған өршіл қиялдан туған өршіл жырлары арқылы сеңгір таулар мен зеңгір көктің арасын өз дауысымен қосу үшін шарқұрған арынды да дарынды ақын.
Айыбы ол қазақ топырағынан жырақта жүргендіктен оқырмандарымызға етене таныс емес. Сондықтан шетелде жүрген қандастарымыздың шығармашылығындағы жауһар дүниелерді қалың елім қазақ жұршылығына жиі насихаттап тұрсақ деген тілек айтамын.
Қазақстан
Астана
2012.11.20