4 СӘУІР Сәрсенбі 18:30 Авторы: Мадина Омарова Жанр: Драма Ұзақтығы: 2 с...
Өнермен өрілген өмір
Театр өнерінің дамуында шешуші роль атқаратын режиссура екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бүгінгі қазақ режиссурасының өркендеуіне ат салысып, тер төгіп жүрген сахна санаткерлері аз емес. Солардың арасында ұлттық руханиятымызды дәріптеп, әр қойылымында ұлттық болмыс пен бітімді айшықтап, ерекше ділімізді насихаттап жүрген бірегей суреткер – Асхат Маемиров.
Болашақ қазақ театрының режиссері 1974 жылы 12 наурызда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы ауылдық округінде дүниеге келген. Бала күнінен оқу-жазуға әуес болып, сол кездің өзінде, қазақстандық газеттерде мақалалары шыға бастаған. Мектептен кейін бойындағы өнерге деген тартылысты байқаған ол Орал педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Озат шәкірт аталмыш оқу орнын бітіргеннен кейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына арманын арқалап келеді. Осы білім ордасына «Драма театрының режиссері» бөліміне түсіп, төл өнеріміздің майталман тұлғасы, Қазақстанның халық артисі, көрнекті театр режиссері Маман Байсеркеұлының шеберханасында ол кәсіби дайындықты бастайды. Ол кез тәуелсіздікке жеткен алғашқы жылдар болғандықтан елдің тұрмысы тіктеп кете қоймаған, күрделі-сындарлы шақ еді. Үйлі-баранды болып үлгерген жас отауға оқып жүріп, күн бағу оңайға түспейтіні белгілі. Осы жылдары жас маман Ақжайықтағы Батыс Қазақстан облыстық театрында режиссер қызметін атқарып, бірқатар спектакльдерді қойып үлгерді.
Асхат Максимұлының бойындағы ізденімпаздығы оны ары қарай жетілуге итермеледі. Осыдан кейін ол Сорбоннада білімін ұштап, әлемнің ең көркем қаласы саналатын Парижде Жоғары ұлттық драмалық өнер консерваториясында тәлім алды. Шет елдік әріптестерімен танысып, көкірегіне білім зерін құйды, тәжірибе жинақтады. Бұл оның кейінгі өмірінде өте үлкен көмек болады, қайсыбір жасырын жатқан шығармашылық мүмкіндіктерін ашты.
Оның шетелдік білім сапары Мәскеудегі Ресей Театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасында жалғасып, өнертану магистрі академиялық дәрежесін иеленді. Онымен шектелмей Қазақ ұлттық өнер академиясының өнертану ғылымы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін де алды.
Бүгінде Асхат Максимұлы – шығармашылығы мән-мағынасының тереңдігімен, өзіндік көркем көзқарасымен ерекшеленетін театр сахнасының танылған шебері. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп, жас мамандардың өнер көгінде еркін самғауына еңбек етіп келеді.
Мұқтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында қойған М.Омарованың «Ақтастағы Ахико» драмасы, А.Володиннің «Қоштасқым келемейді» психологиялық драмасы, А.П. Чеховтің «Шағаласы» ұжым репертуарының мән-мазмұнын арттырған қойылымдар қатарында. Үнемі тынымсыз ізденісте жүретін режиссер 2020 жылы елордамыз – Астана қаласында бой түзеген Музыкалық жас көрермен театрына басшы болып, бірқатар көркемдік деңгейі жоғары спектакльдерді жарыққа шығарды. Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек», М.Омарованың «Chanel №5», Д.Исабековтың «Гауһартас» спектакльдері әр көрерменнің көңілінен шығып, жүректерде қоныстанып үлгерді.
Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат Исабековтың әйгілі повесті бойынша сахналаған «Гауһартас» драмасы автордың көңілінен шығып, жоғары бағасын да алды. Дулат ағамыз: «Менің пьесаларым көп қойылады. Алайда А.Маемиров қойған «Гауһартас» көңілімнен ерекше орын алды» - деп толғанып, тебіренді премьерадан кейін. Бұл қойылым автордың батасын алып, Қазақстанның барлық басты қалаларын аралап, көрерменге рухани азық сыйлап қайтты. Бүгінде 100-ден астам көрсетелімі өткен «Гауһартас» үздік екенін дәлдеп берді.
«Гауһартас» спектаклің өмірге келуіне түрткі болған басты себеп – қазақ қоғамын дүр сілкіндірген Қаңтар оқиғасы еді. Спектакльді көрген адамға, Дулат Исабеков шығармасы мен Қаңтар оқиғасы тоғыспайтындай болып көрінуі мүмкін әрине. Себебі, туындыда көтерілетін проблемалар оқырманның ойын тікелей отбасы мәселесіне бұрады. Бала күнімізден естіп келе жатқанымыздай отбасы ол кішігірім мемлекет. Тәрбиенің бастауы – отбасы, ошақ қасы. Сондықтан барлық игілікті істер отбасынан басталып, мемлекетте жалғасын табуы керек деп есептейді. Спектакльде Тастан бейнесін режиссер өз идеясының жүзеге асырушысы ретінде алып, сол кейіпкерді алдыңғы планға шығарады. Мұнда Тастан сияқты өз өркөкіректігімен алысып жүрген адамдар әлі күнге дейін біздің қоғамда бар екенін, сол қателіктерден тек қана махаббат құрбан болмай, басқа да адам өмірінде маңызды сезімдерді өлтіріп алып жатқанын көресеткен. Сондықтан да осы режиссерлік идеясымен Асхат Максимұлы спектакльдің өзектілігін биік деңгейге көтеріп отыр. Спектакльдің сәтті шығуының құпиясы осында болса керек-ті.
Музыкалық жас көрермен театрындағы романтикалық, ұмытылмас нәзік атмосферасымен көрерменге жылу сыйлайтын «Шәмші» мюзиклін кез келген режиссер жасай алмайды. Спектакльді қанша көрсеңізде, әр көрген сайын, Шәмшінің суреткерлігіне тамсанудан шаршамайтыныңыз сөзсіз. Шәмшінің ескірмейтін атақты әндерінің тарихын, композитордың жеке өмірі мен шығармашылық жолын режиссер көркем тілімен айшықты жеткізген.
Асхат Максимұлы театрда білікті режиссер ғана емес, сонымен қатар озық ойлы менеджер деуге негіз бар. Соңғы үш жылда жасалған жұмыстары бойынша қарайтын болсақ, оған көзіміз жетері анық. Тек жаңа спектакльдер қойып қана қоймай, өзі басқаратын өнер ұжымын алыс-жақын шетелге таныстырып үлгерді. Аты шулы Авиньон фестиваліне қатысу кез-келген театр ұжымының тәлейіне бұйырған емес.
Асхат Максимұлы драматургия да классикалық шығармалармен жұмыс жасағанды жөн көреді. Классикадан қазіргі тенденцияларға бай сахналық туынды жасау, бұл режиссердің басты ерекшеліктерінің бірі.
Асхат Максимұлы – патриоттық сезімі өте жоғары деңгейдегі қайраткер. Режиссер бойындағы халыққа ұнайтын да осы қасиеті. Ол шәкірттеріне әрдайым көкіректеріндегі қазақилықты жоғалтып алмауды сұрайды. Себебі, кейіпкеріміздің ойынша адам қанша жерден шет елде оқып, жат жерде жүрсе де, өзінің отанын, ұлтын ұмытпағаны абзал. Жандүниесіндегі жалын отын сөндіріп алмауы керек дейді. Сонымен қатар театрда жұмыс істеу үшін, адамда театрға деген іңкәрліктің болуы керек екенін жиі тілге тиек етуден жалыққан емес. Оның қазақ классикасына деген махаббаты да осы жерден көрінеді. Сахнагер әрдайым отандық әдебиет пен өнерді, ұлттық музыканы жастарға, жаңа буынға дәріптеп жүреді.
Бүгінде өнер көгінде жарық жұлдыздай самғаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Максимұлы Маемировтың ұлттық театр өнеріне қосқаны аз емес, алайда алдында бағындырар асулары да жоқ емес. Өзіне де, өзгеге де талапшыл режиссер өзі басқарып отырған Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының ұжымын жаңа жеңісті белестерге жеткізеді деп сенім артамыз.
Дүйсенбай Әсет
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2 курс студенті, театртанушы