Астана қаласы әкімдігінің "Қуыршақ" театры

ТЕАТР
5325

2010 жылы желтоқсанның 29 күні қала әкімінің қаулысымен Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» МКҚК-ның ашылуы, елордамыздың мәдени–рухани өміріндегі есте қалар елеулі оқиғалардың бірі болды.Аталмыш уақытта театр директоры қызметіне Мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Хасанғалиева Тоғжан Ескендірқызы тағайындалды.

Ал, театрдың көркемдік жетекшісі қызметіне Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Халықтар достығы», «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор Ешмұратова Құралай Қалекетқызы орналасты.

Сондай-ақ, театрдың қоюшы режиссері қызметіне 2011 жылдың «Үздік актрисасы» Салаева Айжан Кәрібайқызы белсене аралысты.
Иә, театрдың шымылдығы түрілген сәтінен бастап-ақ, тілге тиек етілген тұлғалармен қатар, Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» МКҚК-ның шығармашылық ұжымы аз уақыт ішінде бірнеше жетістіктерге ие болды.

Олар төмендегідей;

-2012 жылы сәуір айының 11-18 күндері Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өткен «Чодари хаел» III халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде туынды авторы һәм режиссері А. Салаеваның сахналаған «Менің салған суретім» спектаклі арнайы диплом иеленді.
-2013 жылы қарашаның 25-29 жұлдызы аралығында Астана қаласында өткен «Ортеке» III Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде А.Салаеваның режиссерлігімен сахнаға сапар тартқан», И. Миччи, Дж. Робертс, Л. Вульвертонның «Арыстан патша» шығармасы ұсынылып «Үздік спектакль» және «Ең үздік актерлік жұмыс» марапатына ие болды.
-2013 жылы қазан айының 1-6 күндері Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум – III» Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінде А. Салаеваның «Қаңбақ шал» (авторы Қ. Ешмұратова) қойылымымен қатысып, дипломант атанды.
-2014 жылы 1-6 қазан айында Ресейдің Астрахан шәһарында болған «Каспий жағалауы» атты ТМД елдер арасындағы қуыршақ театрлары фестивалінде «Менің салған суретім» (авторы әрі режиссері А. Салаева) қойылымын көрсетіп, шығармашылық ұжым «Достық» номинациясын жеңіп алды.
-2014 жылы 15-21 қазан айында Түркияда өткен XVII Cтамбулдық театр фестиваліне қатысып, қарым-қабілеттерінің зор екенін тағы бір мәрте байқатты.
-2014 жылы Республика бойынша алғаш рет Италияның «Марионетка», Стамбулдық «Қарагөз» театрларымен достық қарым-қатысты нығайтып, тәжірибе алмасу мақсатында келісім шартқа отырды.

Сондай-ақ, аталған өнер ошағы 2015 жылдың маусым айының 29 мен шілде айының 2-сі аралығында, театрдың көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова атындағы «I — ші Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалін» өткізіп, өнер мерекесі қарсаңында тоғыз мемлекеттің театр басшыларымен тәжірибе жинақтап, сенімділікті нығайту мақсатында бірлесе «EURASIA PUPPET» қуыршақ театрлар ассоциациясын құру меморандумына қол қойды. Қазақстанмен қатар Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Тәжікстан, Италия сынды өзге елдердің қуыршақ театрлары қатысқан, сол фестиваль арнайы мамандар мен алқалы жұрттың зор алғысына ие болғаны даусыз.

Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» бұл жеңіс, жетістіктерді одан әрмен жалғастырып, 2015 жылдың 24-28 қараша күндері Қостанай қаласында өткен «Ортеке» IV Халықаралық қуыршақ театр фестивалінде Құралай Ешмұратованың режиссерлігімен сахнаға сапар тартқан Сәкен Жүнісовтің «Атамекен» шығармасын ұсынып, «Хореографиялық-пластикалық шешім үшін» атты номинациясын иеленді.

Ал, 2016 жылы Наурыз айының 21-25 аралығында Тамбов қаласында өткен «Преданья старины глубокой» атты II Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінде аталған өнер ұжымы жоғарыда тілге тиек етілген С. Жүнісовтің «Атамекен» туындысын сахналап, арнайы диплом және «Верность национальным традициям» номинациясын қанжығасына байлады.

Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» репертуары көне аңыз-ертегілермен қатар шет елдік және төл заманауи туындыларды жаңғыртумен толығып келеді. Мәселен, Қ. Ешмұратованың «Махаббат туралы аңыз», М. Тойбаевтың «Сиқырлы сөздер», А. Салаеваның «Менің салған суретім», «Мен сияқты жаса», «Байқа жолда балақай» С. Жүнісовтің «Атамекен», Жапон халық ертегісі «Жаңғырық туралы ертегі», Т. Хасанғалиеваның «Орманда болған оқиға», «Ана құдіреті», Қазақ халық ертегісі «Қаңбақ шал» (сахналық нұсқасын жасаған Қ.Ешмұратова), Е. Жуасбектің «О, тоба», И. Миччи, Дж. Робертс, Л. Вульвертонның «Арыстан патша», З. Сагалов пен Л. Жадановтың «Сарбаздың бақырашы», Г. Х. Андерсеннің «Су перісі», Қ. Ежембековтың «Жалқаудың айласы», «Ер Төстік» сынды шағармаларын айтуға болады.

Көрермен жүзіне күлкі, жүрегіне сәуле, көңіліне шаттық сыйлаған Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» бағындырар белестері әлі де алда деп білеміз!!!

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...