«Жас ұландағы» жарқын жүздесу

Аймақтар
959

Семей қаласындағы дарынды балалар тәрбие алатын, келешекте әскери салаға шыңдалатын маңдайалды білім ордасы  Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» ерлер мектеп-лицей-интернатының шәкірттері белгілі ақын, сатирик, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәтжан Қасымжанұлымен қазақ тілі мен әдебиеті апталығы аясында арнайы кездесу өткізді. Жас толқын қызыға күткен жарқын жүздесуді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ләззат Нығметова, орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Мейірханова және осы лицейдегі «Тастүлек» ақындар үйірмесінің жетекшісі, жас ақын әрі ғылыми зерттеулерімен де есімі таныла бастаған ұстаз Ерік Омарғалиев жоғары деңгейде өткізді.

Шығармашылыққа мектеп қабырғасынан ден қойып, одан кейін әдебиетке талпынысымен қатар журналистика саласына да өрнегін салған Сәтжан Қасымжанұлы – ширек ғасырдан астам уақыт ішінде аймақтық, республикалық басылымдарда өзіндік стилін, қолтаңбасын қалыптастыра білген қаламгер. Кездесуді ашқан Ерік Омарғалиев жасұландық жеткіншектерге ақын, журналистің шығармашылық қалыптасу кезеңіне кеңінен тоқталып, өмірбаянымен таныстырды. 

Жас өрендер алдыңғы буын ағаның әңгімесін тыңдап қана қоймай, сөз өнеріне қатысты сұрақтар қойып, өз туындыларын да оқып, ой бөлісті. 

Жалпы, сендердің басқа оқу орындарында білім алып жатқан замандастарыңнан ерекшеліктерің отаншылдық тәрбиені, болашақтарыңды қорғаныс саласына жауапты сарбаз болумен ұштастыруларыңда. Сондықтан ең алдымен ақын болуға ынталансаңдар туған жерді сүюге, ел қорғауға, намысты болуға шақыратын рухты жырлар жазуға ұмтылыңдар. Өлең жазғанда да оның ұйқас ерекшелігін, ой жеткізудің сөз қолданыс заңдылығымен үйлесім табуы керектігіне де зер салған абзал. Қазақ тумысынан ақын халық болғанымен, бұл өнер алдымен тектен бастау алып, отбасындағы тәрбиеден бойға дариды. Одан бөлек, осы тақырыпта қалам тербеген әдеби шығармаларды оқып, ізденіп, аңызға айналған батырлардың ерліктерімен таныс болғандарың жөн. Қоғамдағы түрлі құбылыстарға байланысты халықтың ойындағысын жеткізуге батыл ұмтыла білсеңдер ақынның ештеңеге бейжай қарай алмайтын болмыс иесі болатындығын айқын түсінесіңдер, - деді Сәтжан Қасымжанұлы. 

«Жас ұлан» лицейінде өткен жүздесу барысында  көңіл қуантарлық көріністерге де уақыт табылды. Лицейдің болашағы зор белсенді шәкірттерінің бірі Нұртілеу Сәрсенбек «Ержүрек ел» әнін беріле шырқап, кездесу қонағына ерекше әсер сыйлады. Нұрали Талғатов, Арнұр Инсаджан, Арман Мұратов бастаған әр топтың жеткіншектері өз өлеңдерін де, ақын өлеңдерін де мәнеріне келтіре оқып «Тастүлек» үйірмесінің болашақ мұзбалақтары екенін танытты.  

Айнұр Рахымбаева,

гуманитарлық пәндер бірлестігінің жетекшісі,

Абай облысы, Семей қаласы

Жаңалықтар

7 қарашада Тараз орталығындағы пәтерлердің бірінен екі әйелдің денесі табылған, деп хабарлайды maden...

Жаңалықтар

Ресейде жас қыз пойыз астына түсіп, аман қалды, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz ақпарат по...