Астанада «Әз Наурыз» мерекелік Гала-концерті өтеді

МӘДЕНИЕТ
405

23 наурызда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында «Әз Наурыз» мерекелік Гала-концерті өтеді. Музыкалық кешке театр әртістері, труппаның жетекші солистері – қазақстандық опера және балет сахнасының жұлдыздары қатысады. «Астана Операның» симфониялық оркестрі мен хоры дирижерлер – «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжахановтың жетекшілігімен өнер көрсетеді, деп хабарлайды madeniportal.kz.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Бұл күні бүкіл елімізде Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шаралар өтеді, концерттер, көрмелер ұйымдастырылады. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ұлттық мерекені насихаттау және қалыптасқан жаһандану жағдайында оның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызын дәріптеу. 

Биыл Гала-концерт бағдарламасы ұлттық туындылар, Қазақстан халқының музыкалық шығармалары және батыс еуропа классикасы тәрізді үш негізгі бағытты қамтып, барынша сан алуан бола түсті. Бұл түрлі ұлт өкілдерінің назарын мерекеге аудартуға және бір концерттің аясында алуан түрлі мәдениеттердің өзара әрекеттестігін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. 

 «Наурыз – көктем мерекесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның көп ұлтты халқының бірлігінің, ынтымағы мен достығының нышаны», – деп атап өтті «Астана Опера» режиссері Еренбақ Тойкенов. «Көктемнің шуақты күндері барлығымызға бейбітшілік пен ынтымақ-бірлік алып келсін, еліміз өсіп-өркендеп, халқымыздың достығы артып, қуанышқа кенеле берейік». 

Сонымен, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан мерекелік атмосфера мен көктемгі көңіл күйді жеткізетін би кештің сәнін келтіреді. Симфониялық оркестрдің жігерлі орындауындағы Т.Қажығалиевтің «Қыз қуу» шығармасы залды ұлттық колоритпен толтырады. Тақырыпты қазақтың халық әні «Япурай» жалғастырады, ол Дінмұхамед Көшкінбаевтың таңғалдырарлық орындауында шырқалады. Ал Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Юрица Юрасич Капун талғампаз көрермендерге хорват халық әнін дайындады. Бұдан бөлек, бағдарламада башқұрт, ұйғыр, тәжік әндері мен басқа да композициялар орындалады. Көпшілікті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев, Бағдат Әбілханов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай мен басқа да әртістердің қатысуымен болатын қызықты нөмірлер күтеді. 

Қазақстан үшін маңызды осынау күні «Әз Наурыз» мерекелік концерті барлық мәдениет пен өнер жанкүйерлерін біріктіріп, міндетті түрде көптеген жағымды эмоциялар сыйлайды.

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...