Алматыда бұрынғы жұбайын аяусыз ұрып-соққан ер адамды полиция ұстады, деп хабарлайды madeniportal.kz...
Елтаңбаны өзгерту ұсынысы қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқылануда - депутат
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қоғамдық талқылауға түскен елтаңба мәселесі туралы Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Депутат Ұлттық Құрылтайда ұлт өміріне қатысты көптеген маңызды мәселемен қатар, елдігіміздің айшықты белгісі – Герб мәселесінің де көтерілуі орынды деп есептейді.
«Ұлттық Құрылтай – іргелі елдік мәселелер ортаға салынатын, идеологиялық бағдарымыз талқыланатын алқалы алаң. Осыған орай күні кеше Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда ұлт өміріне қатысты көптеген маңызды мәселемен қатар, елдігіміздің айшықты белгісі –Герб мәселесінің де көтерілуі орынды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында «Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек», – деді Абзал Құспан.
Депутаттың айтуынша, ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады.
«Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады» деп, мұны көпшілікпен бірге кеңінен талқылай отырып, ортақ шешімге келуді ұсынды.
Бұл ұсыныс қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқылануда. Олардың бір тобы қолданыстағы гербті осы қалпында қалдырайық десе, енді бірі заман талабына сай өзгертейік дейді. Бұл - заңды әрі оң құбылыс. Азаматтық қоғамның белсенділігі мен жетілгенінің көрінісі. Екінші жағынан, жұртшылықтың елдік нышандарға бей-жай қарамайтынын, отаншылдық сезімінің жоғарылығын айқын аңғартады», – деді депутат.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекет гербі сол елдің терең тарихымен, төл дүниетанымымен және алға қойған мұратымен тығыз байланысты болады.
«Герб атауының өзі «мұра» деген ұғымды білдіреді. Кейбір елдер гербсіз, эмблемамен ғана шектелген. Бұл ретте, біздің халқымыздың тарихы да елдік нышандар бедерлеу тәжірибесіне бай. Тамырын сақ, ғұн, түрік қағанаты заманынан тартатын таңбаларымыз - жалпы гербтің түпатасы деуге толық негіз бар. Бабаларымыз құрған көшпелі өркениет өнімі – таңба жасау дәстүрі Ғұндар арқылы Еуропа елдеріне таралған деуге болады. Сондықтан тарихы терең таңба жасау тәжірибемізді ел гербін жетілдіру ісіне пайдаланудың маңызы зор.
Рас, қолданыстағы гербіміз де жақсы жасалған. Ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан. Ол осы кезеңнің ерекшелігі мен сұранысына сай ел халқын біріктірушілік қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.
Бұл ретте, Қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескергеніміз жөн. Ол - арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс - Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл - ерлік пен өрлікке толы тарих», – деді ол.
Биыл Қазақ Даласында ту көтерген Жошы ұлысы - Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуы атап өткелі отыр.
«Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта көп болып кеңесу артықтық етпейді. Осы орайда, Президенттің Гербті қоғаммен талқылау туралы бастамасын қолдай отырып, оны тарихи сабақтастықты, заман сұранысын ескеріп, жетілдіру жайын ойластырған жөн деп санаймыз. Бұл маңызды істі осыған жауапты мемлекеттік органдардың қолға алып, көпшілікпен, тиісті мамандармен, қолданыстағы герб авторымен жан-жақты талқылау
ұйымдастыруын ұсынамын», – деді Абзал Құспан депутаттық сауалында.