Үкімет басшысы сайлауда өз таңдауын жасағаннан соң, үкіметтің отставкаға кетуіне қатысты ойын айтты....
Ресейде тобылдан төнген қауіп күшейеді
Фотосурет: Ашық дереккөзден
Солтүстіктегі көршіміз Ресейде тасқынға қатысты ахуалдың тұрақталатын түрі жоқ. Керісінше күрделеніп барады, деп хабарлайды madeniportal.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Орынборда Жайық өзені жолындағыны жайпап жатса, Тобылда су тасып, ернеуінен асуда. Қорған облысында Тобылдан төнген қауіп күшейіп барады. Өңір орталығында су деңгейі бір тәулікте 1 метрге көтеріліп, су деңгейі 970 сантимерге жетті. Кетовск округінде көрсеткіш тіпті нашар. 11 метрден асады.
Ресми мәлімет бойынша тасыған судан 2 мыңнан аса үй, 3,5 мыңдай саяжай қираған. 5 көпір бүлініп, автожолдардың 8 учаскесін су басқан. Аймақтағы күрделі жағдайға байланысты қазір жергілікті халық жаппай эвакуацияланып жатыр. Ол үшін мыңдаған маман мен техника жұмылдырылған. Қосымша күш ретінде жуырда Төтенше жағдайлар министрлігі түнгі уақытта құтқару-іздестіру жұмыстарын жүргізуге арналған жабдықтар жіберді. Ал Орск тасқын кесірінен сусыз қалып, мектеп оқушыларының бәрі қашықтан білім алу режиміне көшті. Перзентхана кешелі бері жабық тұр.
Осыған байланысты жаңа туған нәрестелер мен жүкті әйелдер Орынбор қаласына көшіріліп жатыр. Айта өтейін, қазір Орскте Жайықтың деңгейі 5,5 метрден асады. Соның салдарынан 5 мыңнан астам үй мен аулаға су кірген. 2,5 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 801-і бала. Орынбор қаласындағы ахуал да мәз емес. Жайықтың деңгейі 10 метрден асады. Шаһарда 17 мыңнан астам үй мен ауланы су басқан.
Жалпы, бүкіл облыс бойынша 13 ауданда 25 көпірді су шайып, көлік қозғалысы толығымен тоқтаған. Тасқынға тосқын қою үшін қазір төтенше жағдайлар қызметкерлері күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатыр. Ал билік өкілдері зардап шеккен азаматтарға өтемақы беруде. Осы уақытқа дейін 30 мыңнан аса тұрғын төлемақы алған. Алдағы уақытта тағы 34 мың азаматқа жәрдемақы берілмек.