Елордада Туризм және спорт министрлігінің 2023-2024 жылға қойылған негізгі міндеттеріне арналған кең...
МАХАББАТ ӘТКЕНШЕГІ НЕНІ АЙТПАҚ БОЛДЫ?
Жақын күнде теледидардан тағы бір киноны – өзіміздің төлтуындыны көрдім. Аты – «Качели любви» деп қойылған екен, біз оны өзімізше қазақшаладық, бірақ аса сәтті болып тұрған жоқ сияқты. Ә дегеннен бізді қызықтыра түскені – бұл фильмді әйгілі Абдолла Қарсақбаевтың ұрпақтары түсіргендігі. Режиссері - Тоқтар Қарсақбаев, продюссері - Майра Қарсақбаева!
Киноның сюжеті қарапайым ғана: Марат деген жас жігіт Әнел есімді қызды жақсы көреді, екеуі өздері тұратын үйдің ауласындағы әткеншекте танысып-табысып, қайта-қайта кездесіп жүреді, бірақ жігіт аяқ астынан армияға шақырылады да, екі жылдан соң оралады. Ал, осы тұста Әнелдің аяғы ауыр болып қалыпты, сәбиін күтулі екен. Елдегі жылпостау досы Сәкен Маратты мейрамханаларға сүйреп, өткеннің бәрін де ұмытқанын қалайды - бірақ сүйген қызының тосын тағдыры жайынан түсіндіріп сөз айтпайды, басқа білмесе де, ол білуі тиіс емес пе!
Жігіт те ақиқатқа аса ынтызар емес! Неге? Бұл - бірінші сауал! Өткір тартыс тап осы жерден басталғаны жөн болатын еді біздіңше! Бәлкім, досы ащы шындықты сыздықтатып айтуы керек пе еді немесе өтірікті суша сапырып, Әнелді қара есекке теріс мінгізіп, қосыңқырап сөйлеп қойғаны қызығырақ болатын ба еді! Болмаса үшінші бір танысының аузынан шынайы шындықтың жария етілгені шиеленіске жол ашатын ба еді? Әйтеуір Марат үнемі өз ойымен өзі әуре, жеке кездескен сәтте Әнелді тыңдағысы да келмей, қашқақтайды, (сондай салқындықтың кесірінен Әнелдің аяқ астынан толғағы ұстап, баланы өлі туады), тіпті Астанаға кетіп қалған жақын апайы мен жездесіне де ештеңені ашып айтпайды – күйзелісі жұмбақ, басы мең-зең!
Жарайды, режиссер ойлаған образ-бейне тап солай жүруі керек және бәрін де аяғына дейін құпия ұстағанды жөн санаған шығар – киноның соңына қарай есірткі сатып, баюды ойлаған алаяқтармен шатысқан Сәкен досын құтқарам деп мафияның адамдарымен кездеседі, сол жерде Әнелді еркінен тыс, күштеп зорлаған кісінің жиіркенішті әңгімесіне куә болады да, шыдай алмай төбелеседі. Жұдырық жұмсап, іштегі өрт боп қайнаған кегін қайтарғандай болады.
Сосын үйіне қайтып оралып, ауладағы әткеншекте отырып, өткен күндерін елестеткендей күй кешіп отырғанда... Әнел пайда болады. Екеуі енді кездесіп, құшақ айқастырып тұрғанда әлгі бандылар алыстан оқ атады, Әнел сол жерде қайтыс болады. Екі сүйіскен жас әрең деп түсініскендей болған сәт бұл, ең болмаса сөз алмасып, өмірде сәттілік пен сәтсіздіктің арасы бір-ақ аттам екендігі жайынан, жалпы екі жақтан да қателік кеткенін ашып айта ма десең... Алаяқ пенденің зорлағанынан бойға біткен бала ма, ендеше оны неге ұзақ көтеріп, тумақ болғаны жайынан екі-үш ауыз сөз айта ма десең...
Ауруханадағы «әкесі мен» деп, бір-ақ сәтте жылт ете қалған жігіт кім, сол жайынан да сырды аша түсе ме десең...Ол жоқ! Неге?
Бұл –екінші сауал! Киноның бар идеясын ашып берер мезет осы жер емес пе! Не үшін және нені айту үшін түсіргенін біршама жеткізе көрсетер сәтті тым асығыс аттап өткені түсініксіз!
Үшінші сауал тағы бар. Ол не? Ол – осы фильмдегі шетелдік актер Лейн Дэвис! Қажет пе еді? Қажет деталь деп шешсе, онда бұл ролді қазақ актерлерінің бірі ойнаса да болатын еді ғой – не үшін тықпалады екен?...
Ал, ролдерді ойнаған актерлер шеберлігіне біз баға беріп жатпалық – біздікі фильм туралы, сюжет тартымдылығы және шынайылығы жайындағы жалпылама шолу деп білгейсіздер. Киноны тамашалап отырып, осындай ойларға еріксіз ерік бердік – кей тұсына ризалық, ал кей тұсына... аз-кем көңіл толмаушылық!
Алайда, талабы таудай, бағыты айқын талантты жастардың жұмысы екен, батыл қадамы екен - мүлде түкке тұрмайды деуден аулақпыз, көруге болатын картина! Оған дау жоқ, әрине...Тек, әлгі бір тұстары...
Жолтай Әлмашұлы