Аспан денелері мен ғарышқа деген құштарлық әдебиеттегі фантастика жанрының пайда болуына себепші бол...
Жошы хан туралы тұңғыш романның тұсаукесері өтті
Фото автордікі
Кеше Астанада 17-21 сәуір аралығында Астана қаласындағы Конгресс орталығы өтіп жатқан «Eurasian Book Fair – 2024» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында белгілі жазушы Ұларбек Дәлейұлының “Жошы хан” тарихи романының тұсаукесері өтті. Бұл шығарма Қазақ және әлем әдебиетінде Жошы хан жайлы жазылған тұңғыш роман болды, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Автор төрт жылға созылған зерттеу еңбектерінің негізінде Шыңғыс заманы мен оның тұңғыш ұлы Жошы хан жайлы терең және тың деректердің ізіне түскен. Сол арқылы Жошының қым-қиғаш күндерде ғұмыр есігін ашуы, өскен ортасы мен жастық шағы, жорықтары мен өмірінің соңына дейінгі оқиғаларды барынша толық баяндайды.
Сонымен қатар жазушы дәйекті зерттеулеріне сүйене отырып, дәуірлер көшін, қым-қуыт жорық іздерін қазақы көркем тілмен төгілте жазған. Бұрын беймәлім болған тарихи деректерді аршып, осыған дейінгі қалыптасқан таптаурынды тұжырымдарды талқандап, тың көзқараспен ұсынады.
Романның құндылығы сол дәуірге қатысты жазылған, ең сенімді деген дерек көздерін пайдалана отырып, оқиғалар өрісін шынайы фактілермен түйіндеуге тырыстық. Таңғұт, шүршіт соғыстары, ғалам тарихында елеулі орны бар Хорезм жорықтары жыл-айы, шайқас орындары, адам аттары сол қалпымен көркем тілде хатқа түсті. Жошы хан 1221 жылы Үргеніш түбіндегі ауыр шайқастан кейін Хорезм жорығынан қайтып, Ұлытауға келіп ірге тебеді. 1223 жылы “Құланбасыда” өткен құрылтайдан соң, Шыңғыс қағанның арнайы жарлығымен Дешті-Қыпшақ даласында “Жошы ұлысын” құрады. Бүгінгі Қазақ Елі сол “Жошы ұлысының” жерінде, Алтын Орданың қара шаңырағын ұстап отыр, - дейді жазушы Ұларбек Дәлейұлы романның ерекшелігі туралы.
Есугей-Темужин-Жошы болып тартылған роман желісі сол дәуірге тән жазба деректерді ұтымды пайдалануымен, оқиғаларды сипаттауда шынайы фактілерді қолдануымен құнды бола түседі.
Шығармада көшпелілер өркениетінің қыз-қыз қайнаған, аса бір дәуірлеген кезеңінде өмірге келген Жошының балалық, жастық шағы, өскен ортасы, қоршаған айналасы, алғашқы жорық жолдары мен ғұмырының ақырғы сәттері толық суреттеледі.
«Фолиант» баспасынан жарық көрген романның көлемі 30 баспа табақ, 480 бетті құрап отыр. Жалпы 23 хикаяға жіктелген. Әр хикаяның ішінде бірнеше тақырыптарға бөлінген, айталық бірінші хикая «Есугейдің іңір әлетінде Батсайғұн бақсының тұлымын кесуі. Қоныстан жеткен хабарға Сарқы әулиенің көз жасын төгуі» деп берілген. Әр хикаяға тақырып қоюда да Рашид ад-Дин үлгісі жақсы қолданылған. Оның үстіне осы тарауда айтылатын әңгіменің тезисі ретінде «Жамиғ-ат-тауарих» сынды сол дәуір шежіресінен тиісті цитаталарды тиімді пайдалана алған. Мұндай тақырыптар романның сыртқы қаңқасы мен ішкі мазмұнын жинақтап, жымдастырып отыратыны анық.
Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ханды ұлықтауға байланысты көптеген бастамалар көтеріп, мақалаларында атап жүр. Олай болса, Жошыны дәріптеу арқылы мемлекетіміздің елдік негізін қалыптастырып, тарихи санамызды жаңғырта түсеміз.