Қазақстанның «Nomad Stunts» каскадерлері танымал америкалық актер Сэмюэл Л.Джексонмен бі...
ҚАЗАҚ КИНОСЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ
Қазіргі таңда фильм мен көрермен арасында қаншалықты байланыс бар? Жалпы, соңғы шығып жүрген қазақ фильмдерін көрермен қалай қабылдайды? Бүгінгі көрермен қандай фильмді көреді? Әрине, бұл кешегі кеңес кезеңі мен тәуелсіздіктің алғашқы он-он бес жылында көп жағдайда мамандардың ресми басылымдар, телехабарлар арқылы білдіретін пікірлері мен сол фильмдерді кинотеатрларға барып көрген көрерменнің сандық пайызы, кейде көрермен арасында блиц-сұхбаттар жүргізу арқылы анықталып жататын.
Алайда, бүгінгі техникалық мүмкіндіктердің аса көбеюі (сайттар, әлеуметтік желілер) фильм мен көрермен арасындағы байланыстың формасына өзгерістер алып келді. Сонымен, ол нендей өзгерістер?
Қазіргі таңда көрермен тарапынан ең көп айтылып, пікір білдірілетіні – тарихи-биографиялық және коммерциялық фильмдер. Интернет пен әлеуметтік желілер пайда болмай тұрған кезде пікірлердің негізгі кеңістігі ресми басылымдар болса, қазір жағдай мүлдем өзгерген. Бүгінгі таңда ресми басылымдармен қатар, түрлі сайттарда, әлеуметтік желілерде тек мамандардың ғана емес, жалпы көпшіліктің өзінің пікірін білдіруге толық мүмкіндігі пайда болды. Яғни, әлеуметтік желілер, сайттар, интернеттің басқа да мүмкіндіктері біртіндеп бейресми сынды қалыптастырып келеді. Осының өзі арнайы болмаса да фильмнің жарнамасына қызмет етіп отыр әрі көрерменнің қалай қабылдағаны туралы жедел мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Бірақ, барлық фильмдер туралы ақпараттар жеткілікті ме? Оларды көрермен көре алды ма? Әрине, бұл – мәселенің екінші жағы.
Әлбетте, көпшілік болған соң, талғам да, ой-пікір де әрқилы болады. Әсіресе, өмірде болған тұлғалардың өмірбаяны мен тарихи оқиғалар туралы фильмдер экранға шыққанда оларға аударылатын назардың басым болатыны белгілі. Бұған соңғы бір-екі жылдағы баспасөз беттеріндегі, әсіресе әлеуметтік желілердегі «Аманат», «Құнанбай», «Алмас қылыш» фильмдері айналасында көпшіліктің аса қызығушылық танытып, әрқилы пікірлер білдіріп жүргені дәлел. Әрине, тарихи фильмдер туралы негізгі пікір қалыптастырушылар аудиториясы – өнер мен әдебиетке, мәдениет пен ғылымға қатысы бар қауым, білім саласында жүргендер, т.б. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желілер мен сайттар бүгінгі қазақ киносы туралы көрермен пікірінің негізгі мінберіне айналды.
Шындығында, кинематографистердің тарихи тақырыптарға баруының соңы әрдайым сәттілікпен аяқталмағаны мәлім. Авторлардың өзі үшін де, шығарманың өзі үшін де бұл өзі ең бір жауапты әрі кірпияз тақырып. Соңғы 25 жыл ішінде қазақ киносы осы тақырыпқа жиі бармаса да, жұртты елең еткізген ірі тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы аса көп болмаса да, біраз фильмдер ұсынды. Бірақ, мамандар мен қоғам тарапынан қарша жауған сыни көзқарас ол фильмдердің барлығының бірдей көрермен тарапынан аса қабылдана бермегенін дәлелдеді. Осындай жағдай 1990-жылдары тарихи-биографиялық фильмдер экранға шыққанда орын алған еді. Сол кездің өзінде-ақ тарихи тақырыпқа батыл түрен сала алатын, дайындығы мен шығармашылық мүмкіндігі мол авторлардың қазақ киносында өте тапшы екені көрініп қалған-ды.
Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында қазақ киносы көрерменге бұрындары экранда пайда болмаған тарихи тұлғалар туралы «Біржан сал», «Мұстафа Шоқай», «Махамбет», «Батыр Баян» фильмдерін ұсынды. Әрине, тың тақырып көпшілікті тағы елең еткізді. Бірақ, ол фильмдер экранға шыққан кезде әлеуметтік желілер мен сайттар әлі де болса аса қарқындылыққа ие болмаған еді. Олар туралы негізгі пікірлер газет-журналдар мен телеарналар арқылы қалыптасты. Ал соңғы бір-екі жылда шыққан фильмдердің көпшілік тарапынан жан-жақты талқыға түсуіне арнайы басылымдар мен радио-телебағдарламалармен қатар, осы әлеуметтік желілер мен сайттардың, интернет мүмкіндіктерінің әсері өте мол екенін айтуымыз керек.
Әлеуметтік желіні қолданушы көрерменнің кез-келген фильмді көріп шығысымен-ақ, іле-шала ол туралы пікірін жеке парақшасында қалдыруы заманауи фильм мен көрермен пікірі арасындағы «жіптің» тым қысқара бастағанын байқатады.
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы
"Егемен Қазақстан" газеті