«Жаңа адамдар» қозғалысының еріктілері Атырауға бөгет салуға көмекке келді

m.astanatv.kz

Жаңалықтар
742

«Жаңа адамдар» қозғалысының мүшелері Атырауға келіп, бөгет салу жұмыстарына көмектесті, деп хабарлайды madeniportal.kz Астана арнасына сілтеме жасай отырып.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың мақсаты айқын – туған елде болып жатқан қиындықтарға бей-жай қарамай, үн қосу, шешуге қол ұшын созу. Түрлі саланың мамандары қолына күрек алып, бірден іске кірісті. «Жастар жүрген жерде жұмыс өнімді»,- дейді жаға бекітуге жауаптылар да.

Қадырхан Еркін Атыраудағы су тасқынына қарсы шараға көмектесу үшін Өскемен қаласынан досымен бірге келген. Ол еріктілер керек екенін «Жаңа адамдар» қозғалысы мүшелерінен естіпті. Жиһаз сатумен айналысатын жас жігіт «ойланбастан жолға шықтым», дейді. Себебі қиын шақта жұдырықша жұмылу ғана нәтиже береді деген ұстанымда.

«Екі күн болды көмектесіп жатқанымызға. Жалпы осындай қиын кезде шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік деп бөлінбей, бірге жұмыс істеп, елімізді бірге қорғап, бір бірімізге қолдау көрсету керек. Өзіммен бірге келген досым ғана бар. Қалғанымен осы жерде танысып жатырмыз. Барлығы да әртүрлі саладан екен. Біреуі спорттан келе жатыр, енді біреулері студент, сабақтан сұранып келіп жатыр, дейді Қадырхан Еркін.

Мұнда азат ойлы, жүрегінде оты бар 100-ден астам жалынды жас жиналған. Әрқайсысы жеке жұмысы мен оқуын қоя тұрып, нағыз көмек керек ортадан табылуды маңызды санайды. Ала шаңға қарамай ойнап-күліп, берілген тапсырманы бел шешпей орындап жүр. Қыздар жағы ас-су дайындауға кіріскен.

«Бұлар өз еліне немқұрайлы қарамайтын адамдар. Қазір көз алдымызда елімізде жаңа қоғам қалыптасып келе жатыр. Бұл қоғамды «бәрімізге қатысты» деп атаймыз. Бұлар еліне, жеріне қиын-қыстау кезде көмек қолын созатын адамдар. Бұл тек қана су кеткенмен кетіп қалмайтын, әрі қарай бола беретін қоғам, - деп атап өтті «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының мүшесі Мейіржан Ғарифоллаев.

Соколок каналы бойындағы бөгеттің соңғы қабаты тегістеліп жатыр. Енді қалғаны - қапқа құм толтырып, бекітіп шығу. Бастапқыда еріктілер өте көп келді. Азая бастаған кезде, өзге өңірлерден жастардың келгеніне қуанып жатырмыз,- дейді жауапты мамандар да.

«Кеше-бүгін келіп жатқандар - «Жаңа адамдар». 100-ден аса адамдар келді. Екі автобус келді. Бәріне рахмет. 2 киіз үйін құрып жатыр. Ауызбіршіліктері мықты. Жастардың қолдарында ғой бәрі, - деп атап өтті мердігер компания өкілі Әсемғали Қуанышев..

Олар Атырауда 5 күн бойы болады. Бұған дейін де Батыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында көмекке жұмылған. Төтенше жағдайда ғана емес, кез-келген қиын сәтте еліміз үшін ортақ мүдде жолында бірге боламыз,- дейді патриот жастар.

 

 

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...