Салтанат ҚАЙЫРБЕК: Сезімді сатады адамдар, жүректің көзінше...

ӘДЕБИЕТ
5205

***

Көбелек ұшады гүлдерден,
Келгенге жәннәтін ұсынып.
“Арманы жанның" деп,  түндерден –
Аспан да жұлдызын түсіріп.

Ілтипат,

Тұла бой маздарда.
Ішіңде күншілдік қалмаса.
Көлденең ұшпайды қаздар да,
Аққулар самғаса.


Әлдене еткенде “қит”

Терге!
Біреулер түсірсе, төр берсе.
Олжасын алмайды иттер де,
Жаралы арыстан өлгенше.

Көңілімде жайт бар алаңдар.
Махаббат – мәңгілік.
Төзім ше?
Сезімді сатады адамдар –
Жүректің көзінше.


***

Былтырғы жаз ыстық еді,
Ұштым биік. 
Кемінде құс біледі…
Астанада, пәтердің қожайыны

«Биыл аяз болады күшті» деді. 


Шиелермен қоса мен үсіп кетпей, 
Дауылдан кейін төмен түсіп кетпей, 
Бәйтеректе отырдым ауыр оймен, 
Жапырақтармен қоса ұшып кетпей. 


Сая таппай, сенімге қонып-қонбай. 
Шырылдады жүрегім болып торғай. 
Қанат қақтым, батпақ пен қар астында, 
Жапырақтармен қоса қалып қоймай. 


Бірақ та, 
Түскен кезде көңілге қанша кірбің, 
Мың қуандым үмітім жанса бір күн. 
Жек көретін бір әнді қайта тыңдап, 
Ханшатырдың қасында қанша тұрдым...

Қажетін де сезінбей қолшатырдың. 


Іңкәрліктің деймін мен көзі бардай,
Ойындарын сұйылтпай, созып алмай. 
Жүрегімнен кейде кеп шырын алад(ы),

Болса да өзі балдай. 


Жаураса да, кетсе де мұз боп бәрі, 
Сезім өлді деп жүрек жүз тоқтады. 
Бұл өмірдің жемісін таппай жүр-ау, 
Көңілінде күз жоқтары. 


Білсе де, білмесе де күйрейтінін, 
Сорлы жүрек таппайды сүймей тыным. 
Мен түсіндім, ешқашан, ешқашан да, 
Оған суық тимейтінін.

***

Ештеңе болмайды өзгеше,
Бірдеңе болмайды басқаша.
Жүрегің сындарға төзбесе,
Көңілді ластаса.


Тағдыр-ау,  сол сыйың – шақ қана.

Өлеңмен төледім, еселеп.
Сыйлама, сатпасаң сатпа да.
Жырыма тоймайсың, не себеп?
Еселеп төлеймін, еселеп.


Сыздардан өтемін арланбай,
Құздардан өтемін сескенбей.
Жүйріктің соңына жалғанбай,
Заңдылықтарды ескермей.


Еш талап қоймаппын рас та, аса,
Негізі көңілім көздесе.
Бірдеңе болады басқаша,
Бірдеңе болады өзгеше.


***

Бір адам алыстан алысқа қарайды,
Елемей сол жерді, маңайды.
Қайыңдар иіліп, су кері ақса да,
Жанына өзгеше бірдеңе қалайды.


Жанымды ауыртса, өмірге бір күлем,
Мені анық көре алмай, алыста тұр білем.
Мен болсам  көздерін ап-анық көремін,
Ол қарап тұратын дүрбіден.

***


Сыйыңды сынақ десем,
Сынақты сыйың десем.
Мойындап, «бірақ
...» десем,
 шімнен күйінбесем
.

Қиын десем...

Күндерім, жолым бүгін.
Тәліміңді басқаша түйіндесем,
Ғибадатқа сермесем қолымды мың.


 ...Кешір құдай,
Кемді де, артығымды.
Кеткенін есім бұлай,
Түсірме бар құнымды.
..


Ет бар-ды дүрсілдейтін,

 “Жыр” десе тәуір мына.
Тәкаппар, күрсінбейтін,
Жасатпас ауыр күнә.
Қаласаң – қылдай жеңіл,
Қыласың ауырды да.


Салтанат Қайырбек


***

Өзімді жеңген ем.
Сезімді шақырып маған қол сермеген.

«Тәкаппар», «батыл» деп ойлайды  көп осы,
Жаны ашитындар кемде кем.
Жау көріп, жыққанмен.
Ұтқанмен өзімді.
Қорқамын мен деген.

Өзіңе сенем мен.
Маржан сөз, ой-көрік табамын тереңнен.
Сүңгітіп жіберген жүрегім қайтпаса,
Іздеңдер әуеннен, өлеңнен.



***

Өздерінен ғой,
Кісілік –  кісіге құнды.
Жігерсіздіктің жазғырам ісіне кімді?
Үстелімде шағылып көңілім қалған,
Іші қуыс жаңғақтың ішіне кірді.


Пышақтарын кесеме қайрап алды да ,
Жайлап шегінді келгендей жайлап алдыма.
Тар кезде жырып бөліскен тұлпар сенімді,
Босатып кетті, кермеге байламады да.


Білмей ме,

Ғаламның бәрін бақылайтынын?
Соны ойласам табамын жартылай тыным.
Мың  қару тасып алса да маңымнан олар,
Бес қаруға мендегі татымайтынын
Білмей ме екен, олар?


***

Тартыспадым.
Төзім ­– теңіз, телегей.
Бұл көңілім осыларым үшін бай:
Маңайыңнан өте аламын елемей,
Ал жаныңнан қысылмай.


Ойлар қалды сыймайтын еш көлемге.
Сезім қалды, ештеңеге қарамай.
Іңкәрлікті жазып жүрмін, өлеңге –
Қалса дағы жарамай.


***

Қып қызыл әлемді боямақ,
Қып-қызыл жүректің түсімен.
Себебі өмірді басқаша аялап, 

Басқаша үн қосады ішінен.


Ғаламға кеңдікті айтады,
Маржанға ұқтырып тереңді.
Іңкәрлік – көз жетпес байтағы,
Үнімен оятпақ кереңді.


Жыр екен  көңілдің мәруасы,
Өзіне сенбейді деймісің?
Басқада жоқ оның шаруасы,
Мың бояу ұқсасын мейлі шын.


Градиент ішінде қызылды,
Тырсылдар  ішінде  дүрсілді,
Сіз үлгі  тұтпайтын, біз  үлгі,
Байқаса осы жұрт бір  шыңды.


Таныса, дәл соны  елесе,
Біреулер еліктеп болса  егіз,
Реңіен...
Өңінен...
Немесе,
Сол жанды көрсеңіз,
Көрсеңіз...


***

Көңіл қалар, жазылмай қалады ой көп,
Қол бұлғады  үмітім  “бара  ғой” деп.
Дәндей  сезім жүректе, ал үстімде –
Мейіздей қара көйлек.


Солған  жүзім жарасып күйге мендік,
Өзіңнен қақ  бөлініп  сүймеген  құп.
Тартысқанмен не шықты, ақырында,
Мен екеуміз  үйге келдік.


Іңкәрлікті еріккен күйге балап,
Даттаған  пәк, қашан да сүймеген ақ.
Ақын отыр түнеріп  құз  басында,
Мен отырмын  түйме  қадап.
Мен екеуміз.

author

Салтанат Қайырбек

АҚЫН

Жаңалықтар

БҚО-да аурудың бәрін емдеп, құлан-таза айықтыратын «ғажайып көрпені» 300 мың теңгеге сат...

Жаңалықтар

Көкшетаулық полиция жасырын есірткі салушының синтетиканы елордадан кофе пакеттерінде тасымалдағанын...