Сауд Арабиясы Геологиялық қызметінің делегациясы Сәтбаев университетінде болды

gov.kz

Жаңалықтар
465

Сауд Арабиясы Геологиялық қызметінің делегациясы Сәтбаев Университетінде болды, деп хабарлайды Мәдениет порталы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Делегация құрамында компанияның атқарушы директоры Абдулла Аш-Шамрани, Геологиялық барлау бағдарламасының директоры Абдулла Мемеш, Кадр мәселесі және дамыту жөніндегі директоры Зайнаб Махраби, Бұрғылау үлгілері кітапханасының директоры Абдулла әл-Джухани және серіктестік қатынастар жөніндегі менеджері Маджед Азиз болды. Бұл сапардың мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту және екі елдің ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы серіктестікті дамыту.

Сапар барысында шетел делегациясы Сәтбаев Университетінің басшылығымен бірқатар перспективалық жобалар мен бастамалар туралы талқылады. Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі – Сауд Арабиясының Геологиялық қызметімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлау болды. Бұл келісім бойынша бірлескен іс-шаралар мен білім алмасудың кең ауқымы қарастырылады. Сонымен қатар Сауд Арабиясының Геологиялық агенттігі Сәтбаев Университеті мен Сауд Арабиясының екі университеті арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға ықпал етуге дайын екенін білдірді. Бұл ынтымақтастық келісім Сәтбаев Университетінің студенттеріне Сауд Арабиясында білім алуға, ал ғалымдарға өз біліктіліктерін арттыруға және Қазақстандағы геологиялық зерттеулерді одан әрі дамыту үшін қажетті құнды тәжірибе мен терең білім алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Сауд Арабиясы территориясында уран кен орындарына бірлесіп геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі де талқыланды. Жоба бойынша Сәтбаев Университетінің ғалымдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (Волков геология институты) бірлесе отырып, 300 мың шаршы шақырым аумақта ауқымды зерттеулер жүргізеді. Әрі Сауд Арабиясының Геологиялық қызметі үшін уран кен орындарын іздеуге маманданған геологтарды даярлау ісі жоспарлануда.

Бұл сапар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында ғылым және білім саласы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытудағы маңызды қадам болды, әрі өз кезегінде бірлескен жобалар мен бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...