Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы жұмыс сапары барысында халықпен кездесіп, ел...
«ОҚЫМАҚТАР» – Ел боламын десең, мектебіңді түзе!
Фото автордікі
Жақында қазақ қаламгері Ақиқат Растың «Оқымақтар» атты кітабы жарық көрді. Кітапты басып шығарған – Steppe&world баспа-үйі. «Оқымақтар» – қандай кітап? Идеясы не? Аталмыш шығарма несімен құнды, оқырманға не береді? Бүгінгі мектеп пен кеңестік жүйе қалыптаған мектептің парқы бар ма?
Біз «Оқымақтар» кітабының авторы, жазушы Ақиқат Рас пен аталмыш романды орыс тілінен аударған, редактор Бұлан Жамбылға осы және өзге де сұрақтарды қойған едік…
Ақиқат РАС: …«Оқымақтарды» жазуыма осы ой түрткі болды.
– «Оқымақтарды» жазуға қашан бекідіңіз, не түрткі болды?
– Жас отыздан асқан соң алған білімім мен түйсініп-түйгендерімді жас ұрпаққа жеткізуді ойладым. «Оқымақтарды» жазуыма осы ой түрткі болды. Әзіл элементтері бар роман формасын таңдағаным – ақпаратты тартымды етудің тәсілі ғана.
Ал мұны жазуға қай күні бел байлағанымды нақты айта алмаймын. Өйткені кей кітап бірнеше жыл бойы ойда жүреді, ақырындап піседі. Тек тараулардың жартысынан көбі пандемия кезінде жазылғаны есімде.
– Сұхбатымыз қызықтырақ болу үшін оқырманға шығарманың қысқаша мазмұнын айтып берсеңіз...
– Сюжеттің негізі – орта мектептің қарапайым сыныбы. Өзінің оқу озаттары мен әзілкештері, белсенділері мен артқы партада ұйықтайтын «таланттары» да бар. Олар үшін мектеп – жатқан бір міндет, бейнелеп айтсақ, он бір жыл уақытыңмен төлейтін ипотека сияқты. Алайда мектепке келген жас мұғалім олардың көзқарасын өзгертеді. Білім алудың қызықты процесс екенін көрсетеді...
Романның басты идеясы – оқушыларға сәл көмектесіп, бағыт беріп, содан соң бөгет болмаса, әр баланың үлкен жетістіктерге жететіндей зор әлеуеті бар.
– Кітапта ескі тәсілмен, қасаң қағидаттармен қалыптасқан мектеп жүйесін бір мұғалім қалай өзгертетіні баяндалады. Біздің еліміздің оқу-ағарту саласында қалыптасқан осындай ескі жүйені реформалау мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін және осы үдеріс қазірдің өзінде болып жатыр. Елімізде білім беру саласында жұмыс істеп жүрген мықты мамандар өте көп. Жыл сайын жаңа мектептер ашылады. Жаңа әдістер сыналып жатыр. Мұғалімдер жаңа технологияларды игеріп жатыр.
Әттеген-айы сол – мұны бұқаралық ақпарат құралдары сирек жазады. Сондықтан мұндай өзгерістердің басым көбі байқалмай өтеді. Дегенмен қазірдің өзінде сол процесс жүріп жатыр және оны тоқтату мүмкін емес.
– Шығарманы оқып отырғанда сіздің бала психологиясын, білім саласын жақсы білетініңіз байқалады. Өзіңіз педогогсыз ба, әлде бұл ізденістің жемісі ме? Осы орайда өзіңізді таныстырудың реті келіп тұрған сияқты. Қашаннан бастап жазуға ден қойдыңыз, мамандығыңыз не?
– Мен мұғалім емеспін. Мамандығым инженер, негізінен мұнай-газ саласында жұмыс істедім. Қазақстанда, Еуропада, Қиыр Шығыста еңбек еттім. Кейінгі жылдары жұмысымның бір бөлігі ақпаратты қарапайым да қызықты түрде жеткізу болды. Әрине, аудиториям – мектеп оқушылары емес, ересек мамандар. Алайда оқытудың негізгі принциптері жас талғамайды. Себебі, ешкім қиналып, жаттап үйренгісі келмейді. Ақпарат не үшін керек екенін түсінсем дейді. Таныс метафоралар арқылы күрделі нәрселерді жеткізу – кез келген адам үйрене алатын өнер. Сондықтан педагог болмасам да, білім беруден хабарым бар десем болады.
Өзімді жазушы санамаймын. Жазғанымның бәрі – қысқа «ертеңгімелер» мен жарыққа шыққан екі роман да – нақты инженерлік мақсатпен жазылған. Сондай-ақ кейде оқырманның көңілін көтеру, күлдіруді, кейде мәселеге назар аударту, пікірталас тудыру, көп жағдайда шешім ұсынуды көздеймін.
Мұның бәрі хоббиден басталды. Бірнеше жыл бұрын «Соңғы ағеке туралы еңтеңгіме» деген шығармам интернетте кеңінен таралып, көп оқырман осындай оқиғаларға сусап отырмыз деп пікір білдірді. Онда жазуға тиіспін деп, біраз ертеңгімені желіге салдым. Кейін бір кітап қылып басып шығардым. Күтпеген жерден «Меломан» жүйесі қабылдап, бұл кітап елдің басқа қалаларына да жетті.
«Ертеңгімелердің» басты мақсаты – позитивті ой тудыру. Соны ойлап жүріп мынадай тұжырымға келдім. Неліктен біз жарқын болашаққа сенбейміз? Өйткені оны елестете алмаймыз. Адам өмір сүргісі келетін әлемнің дизайнын жасау – кәдімгідей үлкен жұмыс. Оған қарағанда жағдайдың қалай нашарлайтынын елестету оңайырақ. Содан болар, әлемде «Стар трек» сияқты утопиялар аз да, апаттар мен зомби апокалипсис жайындағы фильм тым көп.
Нәтижесінде, «Өмір ғажап» («Жизнь неизбежно будет обалденной») атты утопиялық роман жаздым. Бұл – Қазақстанның санаулы жылда дамып, тамаша мемлекетке айналғанын сипаттайтын шығарма. Романда қиял-ғажайып оқиғалар жоқ, бәрі қарапайым адамдардың іс-әрекетінен қисынды түрде шығады. Бірақ бұл үлкен өзгерістерге әкеледі.
«Оқымақтар» – сол романның приквелі десек болады.
– Авторды толғандырып жүрген түйткілдер оның шығармаларында көрініс беруі заңды құбылыс. Қазір сізді нендей мәселелер алаңдатады, не жөнінде көбірек ойлайсыз?
– Менің ойымша, бүгінгі қоғамда фатализм басым. Ешкім ғарышты бағындыруды армандамайды. Таңғажайып ғылыми жаңалықтарды күтпейді. Мұндай көңіл-күйді бұқаралық ақпарат құралдары күшейткені үстіне, күшейтіп жатыр. Яғни, БАҚ үздіксіз апаттар, қажетсіз қақтығыстар және т.б. келеңсіздіктерді жиі жариялаған сайын фатализм күшейе береді.
Адамның миы бұл ақпаратты қабылдап, болашақты ойламай, өмірден ләззат алу керек деп шешеді. Осыдан, апатия, тұтынушылық, адамдардың қатыгездігі туындайды.
Сондықтан бізге оптимистік әңгімелер қажет деп ойлаймын. Жаңа әлемді сипаттайтын, жарқын өмірге ұмтылдыратын әңгімелер керек.
– Алда нендей жоспарыңыз бар?
– «Оқымақтардың» жалғасын аяқтасам, Қазақстанның мәдениетіне сай фантастикалық роман, жаңа заманның қазақтарына арналған новеллалар жазбақ ойым бар. Бұйырса, әлі де біраз позитивті кітап жазып, оқырмандарға ұсынсам деймін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс!
Бұлан ЖАМБЫЛ: Бұл кітапта ел үшін, халық үшін қызмет етудің үлгісі бар
– «Оқымақтарды» оқығанда қандай әсер алдыңыз? Шығарма несімен құнды, оқырманға не береді?
– Бұл кітап – біздің қоғам, қазіргі мектеп, бүгінгінің балалары, олардың психологиясы мен арман-мұраты, отбасындағы, мектептегі жағдайлардың балаға әсері туралы ойландырмай қоймайтын туынды. «Оқымақтарда» 9 «А» сыныбында оқитын балалардың мінез-құлқы, отбасындағы жайттар суреттелген. Мәселен, Аружан деген кейіпкер бар. Сыныптың топ басшысы. Мінезі ашық-жарқын, сабағына ұқыпты қарайтын қыз. Оны сыртынан көрген жан үйінде түйіні тарқатылмаған мәселе бар екен-ау деп ойламайды да. Шындығында, оның әке-шешесі жұмысқа таң ата кетіп, кеш бата келеді, соның өзінде ұрыс-керістен көз ашпайды. Кішкентай ұлды осы Аружанның мойнына іліп тастаған. Аружан мектептегі іс-шараларға қатыспайды, қатыса алмайды да, өйткені інісін сабаққа апарып-әкелу, оқыту осының мойнында. Қайсар деген тағы бір кейіпкер бар. Ол – кезінде боксқа қатысқан спортшы бала. Оқушылар арасында беделді. Өзге балалар Қайсардан ығып тұрады. Алайда мұның кішкентай кезінде ата-анасы ажырасып, әкесі тастап кеткен. Шешесі күні-түні жұмыс істеп, шаршап-шалдығып жүреді. Спортшы кейіпкеріміз мектепті қойып, шешеме жәрдемдессем, жұмыс істеп ақша тапсам дейді. Жалпы, мұңы өз басына жетіп артылатын осындай балалар «мектептің не керегі бар; ертең үлкен өмірге қадам басқанда осы мектепте алған біліміміз түкке жарамайды ғой» деп жүреді. Айтпақшы, Медет деген бас кейіпкерімізді айтайын. Жағдайы жақсы, айрандай ұйып отырған отбасыдан шыққан ұл. Кітапкеміргіштің өзі, қатарластарына қарағанда білетіні көп бала. Алайда әлжуаз. Бар арманы – мықты төбелесетін бала болу. Өйткені өзінің әлеуетін, білімін, неше түрлі әзіл әңгіме білетінін көрсетуге мінезі жетпейді. Ұяң. Медет сол Қайсар сияқты болсам дейді. Сөйтіп, мектепке «шетел көрген» бір Азамат деген жігіт физика пәнінің мұғалімі болып келеді. Оны мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары 9 «А» сыныбына сынып жетекші етіп тағайындайды. Қызық осы жерден басталады. Ол сол сыныпқа шетелде көрген әдіс-тәсілдермен сабақ үйрете бастады. Сыныпқа «шетелше оқыту» үлгісін енгізеді. Содан бастап балалар адам танымастай өзгереді: оқушылардың бәрі өзіне керегін алып, әркім өз бетінше ізденіп, мұғалімдерге талап қойғыш болып, әлеуеті ашыла береді.
Оқушылардың бәрі ашық-жарқын, ортаға сіңімді бола бермейді. Бұл – заңдылық. Әсіресе, қазақ баласының ұяңдығы – біраздан бері талқыға түсіп келе жатқан мәселе. Біздің әміршіл, әкімшіл жүйеде, оқушының жан-дүниесіне тереңнен үңілмей, бағынышты болуды талап ететін «дәстүрі» әлі жойыла қоймаған мектептерде баланың өзін жайсыз сезінетіні айтпаса да түсінікті жағдай. «Оқымақтар» маған осы тұрғыдан әсер етті, ұнады. Автор осындай келеңсіздіктерден, ұяңдықтан құтылудың жолын, тәсілін ұсынады. Оқырманға берері осы. Бұл ғана емес, Ақиқат Рас осы кітабында біздің рухани дертіміздің біразын қозғапты. Құр мақтан, даңғаза абыройды күйттеп кете беретініміз, кейде рудың аты, ағайынның тегі үшін өмір сүретініміз, ел не дейді деп өзіміздің жан қалауымызды шетке ысырып қоятынымыз, сол секілді өзімізден-өзіміз жасырғанситын жарамызды ашып көрсеткен.
– Кітапты аудару барысы туралы айтып берсеңіз? Өзіңізге шығарманың қай тұсы ерекше әсер етті?
– Бұл кітапты аудару маған ауыр болған жоқ, алайда оңайға түскен де жоқ. Автор оқырман тез ұқсын, жеңіл оқысын деп құрмалас сөйлемнен қашып, қысқа-нұсқа сөйлеммен жазуға тырысқан. Ауыр болған жоқ дейтін себебім сол. Оңайға түскен жоқ дегенім – «Оқымақтарда» мәдени жаргондар көп. Мәселен, «ШколаТа». Тіке аударсаңыз – «әлгі мектеп», осының бір әріпін өзгертіп «школота» деңізші, «маңқалар» боп шыға келеді. Бұл кітаптың – аты ғана, ішінде мұндай сөздер жетерлік. Яғни, екі сөзді қосып бір сөз жасаған. Тағы бір мысал келтірейік. Автор «ертеңгіме» дейді. Мұнысы ертегі мен әңгіме деген екі сөздің қосындысы. Осындай сөздерді жақсы аударуға уақыт керек. Ойланып-толғанасың, ізденесің, ақылдасасың дегендей…
Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Меніңше, «Оқымақтардағы» автордың негізгі идеясы – «Ел боламыз десек, мектепті түзеуіміз керек» деген ой сияқты. Өйткені енді-енді тоң бұзылып, сең жүре бастағанымен, мектептерімізде әлі келмеске кеткір кеңес үкіметі қалыптаған әміршіл, әкімшіл жүйе секілді ескі элементтер басым. Оқушыға құрметпен қарау қағидасы еніп жатқаны кеше ғана. Автордың айтпағы сол – мектепті түзеу. Ол үшін үлкен реформа қажет емес, білімді де білікті, қайтпас қайсар, арманшыл-мақсатшыл адамдар болса жетіп жатыр. Бұл туралы Ақиқат Рас: «Әлемді жақсарту үшін бар керегі – үш-төрт қайтпас қайсар адам мен бір шәугім шай ғана», – дейді. Осы тұсы маған қатты әсер етті. Өйткені мен де біраздан бері осындай түйінге келіп жүргенмін. Соны қолдап-қуаттағандай болды.
– Шығармада сипатталған мектеп жүйесі мен бүгінгі біздің мектептердің арасында аса бір айырмашылық жоқ секілді... Бұған қатысты сіз не ойлайсыз?
– Қазіргі мектептердің кеңестік жүйедегі мектептерден айырмашылығы аз деп айту қиын. Өзгертуге ұмтылып жатқанын, жаңашылдыққа бет бұрып жатқанын біле тұрып, білмегендей, көре тұрып, көрмегендей бола алмаймын. Мәселен мектеп жүйесіне ұлттық элементтерді, нақыштарды сыналай кіргізіп жатқанына қуанамын. Мысалы, қазір үзіліс уақытында қоңырау соғылмайды, қазақтың күйлері мен әндері – ұлттық әуендері әуелейді. Қала берді, бірінші сабақ басталмас бұрын, таңғы сегізде әнұран шырқалады. «Менің елім» басталған кезде таңғы сағат сегіз болғанын, бірінші сабақ басталғанын білесің. Десе де билік жүйені өзгертуге талпынып жатқанымен, кадрлардың, яғни мұғалімдердің бойында сол өзгеріс жүрмей жатқан секілді сезіледі маған. Сабақ беру тәсілдері сол баяғы кеңестік үлгідегі тәсіл сияқты көрінеді. Дегенмен бірте-бірте бұл да жақсарады, білімді, жалынды, еркін ойлы жастар жер-жерге лек-легімен мұғалім боп барса, нағыз өзгеріс сол кезде болады деп ойлаймын. Қайткенде де ұлттық элементке бай бағытты ұстануымыз керек, соған барымызды салуға тиіспіз деп есептеймін.
– «Оқымақтар» кімдерге арналған кітап?
– Кім оқыса да, өзіне керегін табады. Бұл – сондай кітап. Оқушылар оқыса, ішінен өзін көреді, оқуға ынтасы артады. Мұғалім оқыса, қазіргі заманның балаларына не қажет, қайтсе оқуға құштар етеді, нендей тәсілмен үйреткені жөн, соны ұғынады. Бала жанын түсінсем, оған жігер беріп, талабын ұштасам дейтін ата-ана оқыса, тіпті, құба-құп. Бұдан бөлек, бұл кітапта ел үшін, халық үшін қызмет етудің үлгісі бар. Осы бағытта ойланып-толған жүрген әр азамат оқыса ғой деймін.
– Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ