Қазақстандық мектептер 2023 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуді жоспарлап отыр. Алайда оған жан-жақ...
Латын әліпбиіне көшу және оның маңызы
Мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыздың тағдыры мен ертеңі үшін маңызды қадам болары сөзсіз. Латын әліпбиіне өту және болашақта оны қолдану – жаһандық әлеммен және түркі халықтарымен интеграцияға, ұлттық санамызды жаңғыртуға жол ашады. 2017 жыл 12 сәуірде Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әліпбиімізді латын графикасина көшіру жайында тапсырма берген болатын. Осы бағдарламалық мақалада Елбасы 2025 жылға дейін жалпы іс қағаздарды, оқулықтарды, мерзімді баспасөзді де латын әліпбиімен басып шығаруымыз тиіс екенін ерекше атап көрсетті. Бірақбқл шешім тек 2017 жылы аяқ асты қабылданған шешім емес еді. Біз бұл шешімге ұзақ жылдық тәжірибенің нәтижесінде келгенімізді кез келген көзі ашық азамат түсінеді деп ойлаймыз. Елбасы 2012 жылы 14 желтоқсанда «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызы, ұлттық принципіміздің нәрі, бастысы тілімізді жаңғыртуымыздың тамыры екені жайлы айтқанын-ақ, латын әліпбиіне көшуіміз – болашаққа құйған инвестициямыз екенін нақтылайды. Араға бес жыл уақыт салып 2017 жылы жоспарларымыз орындалатын уақыттың таяп қалғанын айтады.
Қоғамдық талқылауда өңделгеннен кейін, «кириллицадан Қазақстан Республикасының латыншаға көшуіне» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен жаңа қазақ әліпбиі енгізілді, мақұлданды. Аударма жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осыдан соң нақты жоспарлар анықталып, осы жоспар негізінде күні бүгінге дейін латын әліпбиіне көшу мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді.
Елбасы латын әліпбиіне көшу күрделі процесс екенін, оның мақсаты – тіліміздің дамуына жағдай жасау және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке енгізу екенін, бұл ретте мемлекеттік білім беру басшысы білім беру жүйесіне жаңа әліпбиді енгізу үшін әдістемелік негіз мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажеттілігін баса айтқанын ескерсек, әліпбиді мектеп жүйесіне кезең-кезеңімен ұсыну керек екені айшықталады.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттық сақталуына да, жойылуына да басты себеп – тілі» деген сөзін негізге алсақ, біздің тарихи жолымыз қазақ тілінсіз қазақ ұлтының ертеңі қараңғы екенін ұғынамыз. Қазақ халқының ең басты байлығы тілі, жері, тарихы екенін біле тұрып, оларды қорғау үшін бар күш-жігерімізді салмасақ, біздің ата-баба алдындағы міндетімізді орындамаумен тең. Ал ертең тіліміздің бір үлкен тарихи толқынға жұтылып кетпесі үшін, бүгін латын графикасына көшуіміздің терең астары бар. Яғни, алпауыт империялардың құрасауында олардың болмысына сіңіпи кетпес үшін, өздігімізді сақтау үшін біз толықтай күшімізді латын аліпбиіне өтіп, өз тіліміздің ерекшеліктерін сақтауымыз тиіс. Әлбетте, біз сөзімізге дәлел ретінде тілші ғалымдарымыздың теориялары мен гипотезаларын ұсына алмақпыз. Себебі, тек саланың нағыз мамандары ғана бұл шешімнің қаншалықты маңызды екенін түсіндіре алады.
Әліппе – сауаттылық пен сөйлеуді дамытудың алғашқы құралы екені бәрімізге белгілі. Әлбетте, әр ел өз елінің ерекшеліктеріне қарай жазу үшін ең ыңғайлы және тиімді тілдік әліпбиді таңдайды. Қазақ тілі үшін бұл – латын әліпбиі. Біздің заманымыздың латын әліпбиі екенін ескеру керек. Ол бірінші ғасырда қалыптасты және орта ғасырларда Еуропаға, Америкаға, Азияға және Африкаға тарады.
Х ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басына дейін, яғни 1929 жылға дейін Қазақстанда араб әліпбиі 900 жыл бойы қолданылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктерін ескере отырып, араб графикасына негізделген «төте жазу» қолданыла бастады. Дегенмен 1929 жылы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы жаңа латын әліпбиін - «Біртұтас түркі әліпбиін» енгізу туралы шешімқабылдады. Сонымен латын әліпбиіне негізделген жазу жүйесі 1929-1940 жылдар аралығында қолданып, кейіннен кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылы 13 қарашада «Латындандырылған қазақ әліпбиін орыс графикасына негізделген жаңа әліпбиге ауыстыру жайлы» заңнама қабылданды. Жалпы қазақ тілі әліпбиінің өзгеруі туралы тарихи кезеңдер осы уақыттарды қамтиды.
Соңғы уақытта латын графикасына көшу туралы көптеген пікірлер айтылып жүр. Бұл мәселеде де қайшылықтар бар. Алайда, диалектика заңдары бойынша қайшылықсыз даму болмайды. Сондықтан бұл табиғи құбылыс. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы қазақ интеллигенциясының пікірі екіге бөлінді. Олардың бірі графиканы көшіруді қолдайды, екіншісі кириллицаны қолдануды жалғастыруды жөн санайды. Екіге жарылған пікірлердің өз ұсынатын аргументтері жеткілікті-ақ. Бастысы пікірлердің қарама-қайшылықтарында емес, олардың басымдылығы қай тұста екендігінде.
Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру – кемелденген қазақ тілінің дамуы үшін қажетті дүние. Әрине, әліппе ауыстыру оңай жұмыс емес. Әліпбиді өзгертудегі ең маңызды нәтижелер – жаңа әліпби қазақ жазуының кемшіліктерін жояды, тілдің дамуы мен кеңеюіне оң әсер етеді, қазақ тілінің табиғатына ерекше назар аударады және өзге ұлттардың тілді үйренуін жеңілдетеді. Тілдердің ежелгі және қазіргі жазуын зерттеу теориялық және практикалық тұрғыдан маңызды. Ежелгі дәуірде өмір сүрген және қазір өлі тілге айналған тілдермен танысу үшін ежелгі қолжазбаларды талдау және оқу мүмкіндігінің болуы немесе қазіргі тілдердің ежелгі күйін білу – бұл тіл тарихын зерттегенде өте маңызды. Жазу тарихын зерттеу тек лингвистика үшін ғана емес, тарих ғылымы, археология және этнография үшін де маңызды. Хаттар, жүйе таңбалар жиынтығынан тұрады.
Қазақ тілі - түркі тілдер тобындағы салыстырмалы түрде жас тіл, дамудың күрделі процестеріне қарамастан, тілдің құрылымы әр түрлі. Қазақ тілі туралы деректер оның қазіргі ұлттық дамуында негізгі үш тармақтың бар екенін көрсетеді. Бұл: 1) әр түрлі стилистикалық салаларда қолданылатын жазбаша және ауызша формалары бар әдеби тіл; 2) жергілікті немесе әлеуметтік ерекшеліктері бар говорлар мен диалектілер; 3) ұлттық сипаттағы сөйлеу тілі. Қазіргі ұлттық тілдің жоғарыда аталған үш тармағын кейінгі кезеңдерде ғана пайда болды деп санауға болмайды. Қазақ тілінің де өзіндік даму кезеңі бар. Ол кезеңдерді жоғарыда айтып өттік. Бұл кезеңдерде қазақ тілі жазуының дамуына ықпал еткен қаншама ғалымдарымыз бар. Олардың негізгі мақсаты қазақ тілінің ертеңін гүлденту, әрі жан-жақты дамыту болатын.
Тарихтың өзі дәлелдегендей, белгілі бір елдің әліпбиін, жалпы жазуын өзгерту оңай емес. Жазу әліпбиін үнемі өзгерте отырып, халық жаппай сауатсыз болады, өткенді толық зерттей алмай қалады. Бұл отаршыл мемлекеттерге тиімді болғанымен, жергілікті халықтардың саяси, экономикалық, мәдени және ұлттық ерекшеліктерінің төмендеуіне әкеледі. Кеңес үкіметі мұндай миссияны 1924-1940 жылдары жүзеге асты. Алаш зиялылары мұны жақсы түсінді. Сондықтан да олар қазақ халқының өз әліпбиі болғанын қалады. Сол үшін көп еңбек етті. Ахмет Байтұрсынұлының «төте жазу» жобасы ұзаққа бара алмады. Латын әліпбиіне қарсы болғандар айыптарып, құдаланды. Осындай тарихи жағдайларды бастан кешкен қазақ тілінің жазуы бүгін өзгерістерге қаншалықты дайын немесе дайын емес екенін уақыт анықтайтын секілді. Бастысы тілдік ерекшеліктерімізге сәйкес өзіндік жазуымыздың болуы жарқын болашағымыздың кепілі екені хақ.
Жаңа әліпбиді жасау барасында бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық әліпбиді жасаудағы ескеретін ұстанымдарын қазір біз де ұстануға тиіспіз. Ғалым ұсынған бес ұстаным негізінде жасалынған әліпби біздің тілдік ерекшеліктерімізді сақтауда маңызды рөл атқарады. Латын графикасы жобасы Ахмет Байтұрсынұлының принциптерін ескере отырып, қазіргі тілдік ерекшеліктерге сәйкес орындалуы тиіс. Сонда тіл таза болады және артық әріптер саны азаяды.Сонымен қатар, түрік халқымен ортақ кесте болады және біздің саяси және мәдени қарым-қатынасымыздың дамуы жеңіл болады, сонымен қатар біз санамызға әсер еткен кеңестік идеология мен дүниетанымнан арыламыз. Ана тілін дамыту идеологиясын ұстанған Елбасы: «Біздің ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады!» дейтін сөзін жадта сақтауымыз керек. Өзінің өне бойында ұлттың күллі тарихы мен ерекшеліктероін сақтайтын тілді құрметтеу, оның жазуына жауапкершілікпен қарау арқылы ұрпақ алдындағы міндетімізді орындағанымыз. Жалпы ұлттық құндылықтарымыз тқңірегінде болып жатқан кез келген оқиға маңызды болуы заңды. Ел арасында түрлі пікірлердің туындап, әр азамат оған өзіндік көзқарасымен қарап жатқаны да жаңа заманның жетістігі. Себебі, ел болашағына алаңдайтын кез келген азамат пен азаматшалар мемлекетімізде болып жатқан өзгерістің ешбіріне сүлесоқ қарай алмайды.
«Халық тілі – бұл халықтың бастан кешкен дәуірлерін, оның дүниетанымын, көзқарасын, армандарын, қуаныштары мен ұмтылыстарын, бір сөзбен айтқанда, оның жанын сақтайтын, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қазына», - деп жазды қазақтың көрнекті жазушысы, педагог, психолог және педагог Жүсіпбек Аймауытов. Ертең ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен қашпау үшін де біз бүгін маңызды шешімдер қабылдағанда аса мұқият болуымыз тиіс. Бірақ жаңа реформалар қорқуға да болмайды. Себебі, жаңа реформалар ғана жаһандану үдерісінде ұлттың аман қалуын қамтамасыз ете алады. Құлдық идеологиядан ада, өзіндік тарихы мен болашағы бар ұрпақтың негізін бүгін тек біз ғана қалай аламыз. Ертеңнің кілті – біздің қолымызда. Осыны ұмытпағанымыз абзал. «Жұрттың бәрі бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп жырлаған Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымын ұлт болып алға қоюымыз керек.
Латын әліпбиіне көшудің өзіндік терең тарихи логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның ерекшеліктері, және қазіргі әлемдегі коммуникацияның ерекшеліктері мен 21 ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктерімен байланысты екенін ескерген тілші ғалымдарымыз жаңа реформаның барынша мінсіз болуы үшін еңбектеніп жатыр. Отандық лингвистер жаңа латын әліпбиін – бұл қажет емес элементтерсіз жаңартылған латын тілі болады деп есептейді, оны жазуға және оқуға да оңай болады. Сонымен қатар жаңа әліпби компьютерде теруге мүмкіндігінше ыңғайлы болады, себебі стандартты ағылшын тіліндегі пернетақта қолданылады. Сонымен қатар, әлемнің кез келген жерінде қазақ тілінде жазуға болады, себебі латын әліпбиі кез келген гаджетте бар, қазақ тілін оқып жатқан шетелдіктерге қазақ тілінде оқу да жеңіл болады. Латын әліпбиі әлемде танылады, бұл қазақстандық брендтерді ілгерілетуге көмектеседі. Латын әліпбиін енгізу қазақ тілінің дамуы ерекше әсер ететінін осы мысалдардан да көруге болады.
Модернизация – бұл реформа емес, реформа – жеке тұлғаның дамуы, және ең алдымен жеке тұлғаның капиталының үш компоненті: денсаулық, білім және меншік. Осы үштағанды берік ұстай отырып, жаңа әліпбиге сеніммен көшетін болсақ, жалпы әлемдік стандарттарға жауап беретін, жаһандану үдерісінде өзіндік үлесі болатын елге айналатынымыз рас. Сонымен қатар тілімізді де қорғауға, шетелдіктердің оны үйренуіне септігімізді тигізе алмақпыз. Қоғамдық сананы жаңғыртуда тіл мәдениетін дамыту маңызды бағыт. Тіл – бұл ұлттың бірігуіне қызмет ететін халықтың туындысы. Тіл мен ойлау қабілеті дамыған кез келген халық, оны жаңа ұғымдармен, жаңа лексикамен, көршілес мәдениеттер мен өркениеттердің әсерінен ол белгілі бір өзгерістерге ұшырап, жазуын жетілдіріп, өңдейді. Біз экономикалық модернизация арқылы қоғамның гуманитарлық саласына сөзсіз әсер ететінін түсінуіміз керек.
Ал қазақстандықтар бұл өзгерістерге бейімделуі, ауқымды ішкі реформаларға дайын болуы керек. Бұл техникалық прогрестің ажырамас бөлігі болып табылатын сананың өзгеруін талап етеді. Рухани-адамгершілік нұсқаулықтар азаматтардың бір-бірімен қарым-қатынасының негізін құрауы тиіс, оның ішінде іскерлік этика, азаматтар мен мемлекет арасындағы қатынастар да бар. Қазақ тілін жаңғырту оның тұтастығын ашу үшін қажет потенциал қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге рухани жаңғырудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың қуатты факторы ретінде қабылданады деп ойлаймыз.
Жомарт Жылкелдіұлы