Найзағайдан қуат алған адам

ТАНЫМ
2975

Бала күнімізде күн күркіреп, найзағай ойнаса далаға шықпауға тырысатынбыз. Өйткені, Қыздаркүл есімді нағашы әжем «Әй, бастарыңа жай түседі, шықпаңдар» деп үнемі ескертіп отыратын. Өзіміз де үлкендерден «Ана жардың басындағы ағаш найзағай түсіп өртеніп кетіпті» немесе «Бір кісі жай түсіп қаза болыпты» деген әңгімелерді жиі еститінбіз.

Негізі, найзағай түскен адамдардың бәрі бірдей өле бермейді екен. Ғаламтор беттерін қарап отырып, мына бір ғажайып оқиғаны көзім шалды. 1926 жылы Шри-Ланкада дүниеге келген  Тампа Линар есімді дәрігерді жергілікті халық найзағайдан қуат алған адам деп есептейді. Ол кедей отбасында өсіп, кокос жаңғақтарын жинап күнін көрген. Бір күні қатты найзағай тұрып, Тампаға жай оты тиіпті. Ол кезде Линар 20 жасар жігіт екен.

Бұл оқиға будда ғибадатханасында болған. Ауылдастары найзағай түскен жігітке жақындауға қорқады. Тампа болса үш сағаттай уақыт қимылдамай жатып қалады. Найзағайдың отты шарлары ағаш тіреулерді күйдірмей жанап өтіп, мыстан құйылған қоңыраулар мен ондаған шағын Будда мүсіндерін ерітіп жіберген.  Бір ғажабы, мыс ерітінділері жан-жақтан ағып келіп, тырп ете алмай жатқан Тампаның аяқ астына жиналады да, оның аяқ-қолына жан біткенге дейін сол сұйық күйінде тұрады.

Жас жігіт орнынан тұрып, ауруханаға барғанда күйіктен қалған жарақат орны байқалған. Жұртшылық одан: «Үш сағат бойы қозғалыссыз жатқаныңда және иығыңда отты шарлар кетпей тұрып алғанда не сезіндің?» деген сұрағына Тампа: «Жаныма жай таптырған отты бағанада ұйықтадым»   деп жауап берген. Осы сөзден кейін ауылдастары ақша жинап, жас жігітті Коломбоға оқуға жібереді. Тампа университеттің медициналық факультетін тәмамдап, хирург болып шығады. Осылайша, оқуды аяқтаған Линар өз қыстағына оралады. Көп өтпей Тампа Линардың қатерлі ісіктер мен көздің шелін скальпельмен ғана емес, жалаң қолымен де алып тастау шеберлігін меңгерген ғажайып маман ретінде аты әлемге жайылады. Ол туралы кітаптар жазылып, фильмдер де түсіріледі.

Тоқсаныншы жылдары Шиелі жақтағы бір ауылда Барласбек деген кісі өмір сүрді. Жұрттың айтуынша, оған да найзағай түскен екен. Бірақ, ол кісі емші не дәрігер емес, жұрттан анағұрлым ақылды болып кетіпті. Оның айтқан  сөздерін ешкім ұқпағаннан кейін өзімен өзі күбірлесіп, жынданып кеткен дейді. Сонда найзағай түскен адам ерекше қабілетке ие бола ма? Демек, жай кез келген адамға түсе бермейді деген сөз.

А.Ақылбеков

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...