Әзиз НесинОрысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВАуыл магазинінің алдына аялдадық. Қожайын бір шаруа әйелд...
Ноғай ақыны Кадрия Темірболатованың өлеңдері
ПОЭЗИЯ – ЖҮРЕКТЕРДІҢ ЕЛШІСІ ...
Түркияда ноғай халқының атақты ақын қызы Кадрия Темірболатованың «Жігіттердің жырымын» антологиясының тұсаукесері болған еді. Ақынның жырларын қазақ тіліне аударған белгілі ақын – Маржан Ершу. Түркияда өткен әдеби шараға қатысқан Маржан Аманқосқызының сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Маржан, Түркияда ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен шараға қатысып қайттың. Осы сапар барысы туралы айта отырсаң...
– Анкарада ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде өмірден ерте кеткен ноғай халқының ақын қызы Кадрия Темірболатованың туғанына 70 жыл толуына орай конференция өтті. Сол жерде Кадрияның өлеңдеріне он екі тілге аударылған «Жігіттердің жырымын» атты антологиясының тұсаукесері болды. Қазақстаннан Кадрия өлеңдерін қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде мен де бұл шараға шақырылған едім. Бұл шараға жер жерден аудармашы-ақындар шақырылған екен. Сондай-ақ, Дағыстанның Ноғай ауданынан Кадрияның өнерпаз жерлестері, мәдениет басшылары қатынасты. Кадрияға арналған шаралар Түркияның Стамбул, Ялова, Ескішехир қалаларында жалғасты. Яловада Кадрия Темірболатова атында көше ашылса, Анадолы Университетінде әдеби басқосу ұйымдастырылды. Бұл шаралар жоғары денгейде өтті. Және біздер, ақындар үшін поэзия мерекесіне айналғандай болды.
– Кадрия өлеңдері қандай тілдерге аударылды? Саған аудару жөнінде ұсыныс болды ма әлде өз бетіңше аудардың ба?
-Кадрия жырлары қазақ тілінен басқа қырғыз, өзбек, башқұрт, татар, құмық, орыс, әзербайжан, түрік, татар, түркімен тілдерінде сөйледі. Ал, аударма туралы айтар болсам, былтыр ақпан айында Анкарада және Стамбулда менің «Дина Нұрпейісова» және екі кітабым «Қожанасыр жырлайды»(Махмут Каядан аударма ), «Сезім музейі» (Орхан Памуктен аударма) кітаптарымның тұсаукесері өткен еді. Сол барған сапарымда ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов маған Кадрия Темірболатованың ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» атты кітабын беріп, Кадрияны қазақша сөйлеткенің дұрыс, біздің жобамызға қатыс деген еді. Ноғай тілі қазақ тіліне жақын тіл, дегенмен едәуір айырмашылықтар бар.Бірақ, неге екенін білмеймін, Кадрия жырларына ықыласым ауды. Ол - менің жаныма жақын ақын. Болашақта Кадрияның жырларының аудармасын өлеңдер жинағы етіп шығарғым келеді.
– Кадрия Темірболатова туралы деректер айта кетсең...
- Кадрия Оразбайқызы 1948 жылы Дағыстанның Ноғай ауданында Терекли-Мектеб ауылында туған. Балалық шағы туралы «Жүрек айтса »деген естелігінде Кадрия былай деп жазған екен: « Мені ұл болар деп күтіпті. Шыр етіп дүниеге келгенде адамдар қуана қоймағанға ұқсайды. Сонда әжем орнынан тұрып айқай сала сөйлепті: « Ей, туғандар! Бұл әулеттің ең қарт кісісі менмін. Ағайындарым -ау қуаныңдар, өмірге қонақ келді. Періштедей қонақ. Сіздер қай заманнан қонаққа қазан көтермеп едіңіздер, қойларыңыз аз болар, бірақ қонақ келгенде дастархан жайылып, ет асылар. Кәне, келіңдер, қонаққа сый жасаңдар деп. Атымды да әжем қойған екен Кадрия деп. Кадрия қадірлі деген ұғымды білдіреді. Менің екінші атым да бар Қазына деген. Кішкентай кезімде әжемнен үйренген ноғайдың ескі жырларын көп айтатынмын.» Кадрия М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Ол 1977 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесі. 1970 жылы «Таулар даладан басталады», 1972 жылы «Жолдар» және «Жастық әуендері» және басқа кітаптары шыққан. Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан 1975 жылы «Улыбка луны» кітабы шықты. «Современник» баспасынан «Спасённые звёзды» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.«Улыбка луны» кітабы үшін Кадрияға ДАССР республикалық Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді. М.Ю. Лермонтов, В. Маяковский, Н. Хикмет, Р. Гамзатов тағы басқа ақындардың шығармаларын ноғай тіліне аударды. 1984 жылы «Современник» баспасынан «Дочь степей»кітабы шықты. Кадрия Темірболатова Дағыстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Москвада өткен VI Бүкілодақтық Жас қаламгерлер Кеңесіне қатысушы болды. VI-шы РСФСР Жазушыларының съезіне қатысты. Дағыстанда туған ноғайдың талантты ақын қызы Кадрияның өткір де жалынды жырлары өз заманында Кеңестер Одағын аралап кетті. Танымалдылыққа ерте жетті. Кадрия поэзиясында от бар, мінез бар, ноғайдын асау қаны бар, тамыры бар, жаны бар. Оның махаббат лирикасында да қайсарлық бар. Жас талант 1978 жылы күйіп кетті. Жүрек отына емес, каскөйлердін салған отына. Өлең мен Қоғам! Талант пен тобыр! Небәрі 30 жасында кызғаныштын құрбанына айналды ма?! Әйтеуір Кадрия өлімі жұмбақ! Өмірден өткеніне 40 жыл өтсе де, не үшін өлтірді? Кім? Бұл сұрақтың жауабы табылмай келеді. Оның таланты мен сұлулығы біреулердің қызғаныш отын маздатты ма, кім білсін?! Кадрия Махачкалада пединституттың 3-курсында оқып жүргенде, оның талантын ерте таныған Расул Ғамзатов Мәскеуге М.Горький атындағы Әдебиет институтына ауыстыру жөнінде хат жазады. Осылайша Кадрияның алдынан алтын қақпа ашылады. Мәскеуде ол талантымен танымалдылыққа ие болады. Оның өлеңдері орыс тіліне аударылып, үлкен басылымдарда жарық көреді. Мәскеуден кітаптары шығып, Одақ аумағына тарала бастайды. Әдебиет институтын бітірген соң оны Орталық Комитетке жұмысқа шақырады. Бірақ Кадрия «халқыммен бірге болам, мен ноғай халқының қызымын ғой» деп, бас тартып, Дағыстанға келіп, сол жерде Дағыстан ЛКСМ –да жұмысқа орналасады. Өнер қайраткерлеріне арналып салынған үй де бұйырады. Оның ата-анасы Терекли деген жерде тұрған. Қарапайым адамдар. Әкесі - колхоз басшысы, анасы - үй шаруашылығындағы адам. Кадрия бала кезінде әжесінің тәрбиесін алған. Әжесі халық ауыз әдебиетін көп білетін және мақалдап сөйлетін кісі болыпты. Кадрияның әдебиетке құмарлығын оятқан әжесі екен. Сол 1978 жылы Гаваннада Бүкілдүниежүзілік Жастар мен студенттердің фестиваліне қатысуға Мәскеуден жолдама алады. Аталған кезең ол үшін қиын болған сияқты. Гаваннаға аттануға екі күн қалғанда ол үйінде өлі күйінде табылады. Біреулер өртеп жіберген. Ауылдан алыс жолға қыздарын шығарып салуға келген ата-анасын Дағыстан милициясы вокзалдан ұстап алып, түрмеге қамайды. Сенімсіздікпен бе, әлде шу көтермеу үшін бе ? Расул Гамзатов Мәскеуге, Бас Прокуратураға Кадрия өлімін ашу жөнінде бірнеше рет хат жазған. Бірақ, нәтиже шықпаған. Кадрия аты оның жетпіс жылдығы қарсаңында айтыла бастады. Қазақ оқырмандары енді жақын танып біліп жатыр.
– Кадрияның басқа ақындардан айырмашылығы бар ма?
– Кадрия 20 жасында алдына үлкен мақсат қояды. Өз халқының асыл арманын жырлау және ноғайдың атын шығару оның өмірлік кредосына айналады. Ол бір өлеңінде «Үлкен халықты кіші етер замандар, кіші халықты үлкен етер адамдар» деп жырлайды.
«Көп жырлаппын жігіттерді ардақтап,
Жолбарыстай жүректі деп үндедім.
Көзбен сезіп, оймен көрсем салмақтап
Жүректілік. Қызда екен білгенім»
деген өлеңінен жіңішке қыз жолына деген өзінің өкпесі де бар екенін аңғарамыз. Қыз да болса ер ақындардан кем түспейтін ой салмағы, таланты мен білімі, адамгершілік-ұлтжандылық сипаты оны биікке көтерді. Кадрияны мен жаныма жақын тұттым. Ең алғаш оның поэзиясымен танысқанда жан әлемімдегі бір толқуды сезінгендей болдым. Ол маған бұрыннан таныс әрі өте жақын адамым сияқтанды. Оның жырлары мені сан күйге түсірді. Біз, әйел ақындар, жырлар жазамыз. Бірақ көбінесе өз сезімдерімізден айналып өтіп кететініміз бар ғой. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп айтқан. Ұлы ақын Абай сөздің шындығын айтқан. Абай осы сөзі арқылы өлеңнің бағасы өте жоғары екендігін, өлең түсінген орта да, өлең түсінбеген орта да ақынды жеп қоятынын ескертіп отыр. Кадрия жырларында өз шындығын жазып кеткен. Социалистік қоғамда өмір сүрсе де, Кадрия өлеңдерінде Ленин, партия тақырыбы аз. Есесіне ноғай тарихы мен тағдырына, бүгіні мен ертеңіне мазаланған жүректің сыры көп. Жас болса да қарапайым түсінікпен ,асқан бір нәзіктікпен жүректердің қылын шертеді. Оның өлеңі - өзі, өзі - өлеңі. Қазір өзі басқа, өлеңі басқа ақындар толып жатыр. Кадрия ондай ақындардың қатарынан емес. Кадрия жырлары шынайылығымен жүректерге жетіп, поэзияның сұлулығына оқығанды таңырқатып отыр. Жаңа сөзімнің басында айттым. Оның поэзиясы жаныма жақын деп. Менің булығып айта алмай жүрген ойларымды Кадрия айтып кетіпті. Мен оның кейбір өлеңдерінен өз болмысымды көргендей болдым. Менің сағынышым, менің мұңым ,менің махаббатым да Кадриямен егіз екен. Сондықтан маған Кадрияны қазақ тіліне аудару оңай әрі жақсы көріп жасаған ісім болды. Кадрия екеуміздің арамыздағы жақындықтың тамырын тереңнен іздеймін. Бір замандарда Ноғайлы дәуірінде басымыз біріккен жұрттанбыз. Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз атты ортақ жырау ақын бабаларымыз бар. Еділ-Жайықтай қос өзен де - біздің ортақ ардақтымыз. Мен Кадрияны сүйем, жырын сүйем. Жырдағы биік мәдениетін сүйем. Кадрия жырлары бүгінгі заманға өте керек деп ойлаймын.
-Әңгімеңе рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
ЖҮРЕГІМ ЖЫРЛАШЫ... Мың толғанып, жүз ойлап, Қиялыма жыр келер. Мың толғанып, жүз ойлап Қиялымда жыр да өлер. Күндерім, оһ күндерім, Түндерімді күндейді. Күндіз жырлар жазбасам Түндер көзін ілмейді. Саусақтарды мүйіздеп, Сөздер судай ағады. Жоғалғанды ми іздеп Шаршап, талып табады. Түнім келсе жұлдызды, Жырдың шамын жағамын. Кадрия атты бір қызды Жыр да іздеп табады. Тәтті , балдай сөздерім, Сол түндердің ішінде. Қуанышым, сезгенім Аялайды түсімде. Ферузадай күрсіне, Ай қарайды төбемде. Жасайын мен құлшылық Өнеріме-өлеңде. Жырлай берші, жүрегім, Сенен соны сұраймын. Жырымменен күлемін Жырымменен жылаймын... АЛМИРАҒА «Көздеріңнің мөлдір моншақ жастарын, Төкпеші» деп неге айтасың жарығым? «Жабырқама түйілмесін қастарың Күлімсіре» дейсің тағы. Бәрі мұң. Сүйесің сен жүрегіңмен білемін, Білсең егер менің аппақ жүрегім. «Күлімде» деп айтпашы тек өтінем Еңсем түсіп езілгенде жүрегім. Айтпа маған «күлші, қуан» демегін, Өзегімде өксік атса өлеңім. Жылап тұрып күліп қарай алмаймын Ішім-сыртым біртұтас бір денемін. Ортасынан қақ айырған алмадай, Бір жүректі екі жарып болар ма? Бір жартысы қайғы-мұңмен шерленсе Бір жартысы қуанышқа толар ма? Мен мұңайсам жүрегімді жылатып, «Қайғырма» деп тілемеші сен менен. Мұң, шер, қайғы бәрін жазар уақыт Не түсінер ел деген... АҚЫН БОЛСАҢ "Нағыз ақын болсаң егер артыңда, Том-том кітап қалдырсаң тек болғаны." Деген сөзге иланар ма бар тұлға, Біреу құптар, біреу иығын қомдады. Бұл өмірден мен ұзаққа кеткенде, Кітаптарым шаң астында қалмасын. Жалын - жырым сусыз қалған гүлдердей Сабағынан ерте қурап солмасын. Бүлкілдеген тамырымда қан ойнап, Жырым болып толқысыншы деп едім. Ошақтағы жанған оттай алаулап, Ойландырсын ойлыларды өлеңім. Айдың аппақ сәулесіндей сиқырлы, Бір ғажап мұң қиялымды кезеді Өлеңім бар дәл өзімдей біртүрлі, Ащы-тұщы өмірімнің өзі еді! Көңілімді жұбатпайды тыныш жай, Салқын сарай, салқын өмір, салқын бақ. Тот баспайтын өткір алмас қылыштай, Жырым тұрсын жарқылдап... МҰҢ Жалғыз кезген көшелерім, Жалынсыз да жарықсыз. Қуанышым, қайғы - мұңым Қай бұрышта қалыпсыз? Солып қалды арманым да, Үмітім де өшеді. Мына өмірдің жалғаны да Жанарыма көшеді. Раушан гүлдің исін алып, Келіп - кетер күндерім. Бір сөнбейтін жалын болып, Жанып тұрар түндерім. Жалғыз кезген көшелерім, Жарық та жоқ, мен де жоқ. Іздерімнен өседі өлең, Өзім от та, сөзім-шоқ. Неге сондай ауыр екен? Түндерімнің тынысы. Неге сондай ұзақ екен? Естеліктің ірісі. Ойларым да, сезімдерім, Енді кімге керексің? Мөлдірейді көзімде мұң Мен бөлекпін. Сен бөлексің... «КЕЛЕМ ДЕГЕНІҢ» «Келемін» дедің де келмедің, Келмедің «келемін» дедің де. «Келем» деп келмесең шарам не Мұңымды шағам да өлеңге. Келеді, күледі, сөйлейді, Сен емес. Күтпеген өзге адам. «Келем» деп неге адам келмейді Мұзданам, сызданам, қызғанам. Жыладым, мұңдандым, түңілдім, Көңілім бұрылмас басқаға. Күзетшісі болдым ба түнімнің Сыр айттым жұлдызға, тасқа да. Түннен де сұрадым жалына, Сенер ме ең күйімді көрмесең? Қарайлап күн өтті жолыңа Қайтермін « келем» деп келмесең. «Келемін» дегенің келмесе, Тілің де жүректей қиналар. Көздерің сағынышпен шөлдесе Күтуден үзбейді бір хабар. «Келем» дегенің келмесе, Төзім де тозады –ау темір ме? Күтудің қайғысын, азабын Күткендер біледі өмірде «Келем дегенің» келмесе... ЕҺ, КАДРИЯ Жырлар жаздым ақ қағазға не түрлі, Сағым белді, самал желді, ызғарды. Кешіріңдер, тынышымды кетірді Ұмытыппын жырлауды мен қыздарды. Көп жырлаппын жігіттерді ардақтап, Жолбарыстай жүректі деп үндедім. Көзбен сезіп, оймен көрсем салмақтап Жүректілік. Қызда екен білгенім. Малға сатып, құнын өлшеп пұлменен, Тұрмыс -көрме тағдырыңды сынады. Бір мекенге кетеді алыс білмеген Мәңгі бақи болады деп тұрағы. Мен ойласам .Ойларым да тым терең, Бір нәзіктік , сезім іздеп жүремін. Сүймегенге сатылғанда сол сұлу Неге менің сыздамады жүрегім? Әйелзаттың мұң шалғанда жанарын, Оған арнап неге жырлар жазбадым? Зарын көріп ана менен баланың Неге оған көмек қолын созбадым? Байдан зәбір көргенінде аялап, Неге оны құшағыма алмадым? Көз жасыңның бір тамшысы обал-ақ Неге сенің сүйенішің болмадым? Маңдайдағы жазылған бұл тағдыр ма? Қиялым да, көңілім де шерменде. Айыптымын қатын сенің алдыңда Бұл өмірге қатын болып келгенге... Аударған: Маржан ЕРШУКАДРИЯ ЖЫРЛАЙДЫ (өлеңдер)