Рух пен сезімді ұштастырған суретші

Фотосуреттер суретшінің жеке мұрағатынан

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
76

Құмар Омархан – ХХІ ғасырдың басындағы Тәуелсіз Қазақстанның жас суретшілер легінің көшін бастаған шебер суретші. Оның шығармашылығы қазақ халқының ұлт және мемлекет болып қалыптасуында зор үлес қосқан, жанын пида еткен ұлт қайраткерлерінің көркемдік бейнесін кескіндемеде көркемдеп шешуімен ерекшеленеді. Шығармашылық жолын осыдан 20 жыл бұрын бастаған суретші тырнақалды туындыларынан-ақ бабалар рухын ұрпақ жадында қайта жаңғыртуымен көрермен көңіліне жол тартып, оң бағасын алды.

Құмар Омархан – 2000 жылдары көршілес елден елімізге келген қандастарымыздың бірі. Ол ҚХР-дан тарихи отанына кәсіби білім алып, біліктілігін шыңдау мақсатында 2003 жылы оралып, 2000 жылдардан бастап шығармашылықпен бірізді айналысып келеді. 2018 жылдан бері ҚР СО-ның мүшесі. Қазақстан Республикасы орта білім беру бағдарламасы бойынша бірнеше жұмыстары 7-сыныптың «Қазақ әдебиеті», 8-сыныптың «Қазақстан тарихы» және 11-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулықтарына енген. Ол республикалық және халықаралық шеңбердегі көрмелерге, симпозиумдар мен конкурстарға ұдайы қатысып, шеберлігін шыңдап, өз әріптестерімен белсенді түрде тәжірибе алмасып тұрады.

Шығармашылығының алғашқы кезеңінде-ақ ол, яғни 2013 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі және Airline компаниясының ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақ халқының эпостық жырлары» атты конкурстық көрменің дипломанты атанып, «Батыр бабалар 1» атты жұмысы комиссияның шешімімен Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің алтын қорына енді. Осы жылы Алматы қаласында шетелде тұратын отандастардың қатысуымен өткізілген Халықаралық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған суретшілер көрмесінде І орынды иеленді. Келер жылы Дүниежүзілік қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен бейнелеу өнері байқауының 1-орын иегері атанды. 2016 жылы Дүниежүзілік қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен көрмеде «Зуқа батыр» атындағы арнайы сыйлықтың иегері болды. 2019 жылы Түркия мемлекеті, Кипр аралындағы шығармашылық симпозиумға шақырту алып, Суат Ирфан Гүнсел мырзаның ұйымдастыруымен жинақталып жатқан Заманауи өнер музейіне жұмыстары қабылданды. ҚР СО-ның ұйымдастыруымен Ақтау, Атырау, Қызылорда және т.б. облыс орталықтарында өткен симпозиумдарға белсенді қатысып, республикалық деңгейдегі бірнеше байқаудың жеңімпазы болды. Құмар Омархан – елімізге белгілі суретші Есімғали Жұманов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірті. Сонымен қатар ол Ж. Қайрамбаевтың үздік шәкірттерінен құрылған «Izder» шығармашылық тобының мүшесі ретінде бірнеше көрмеге қатысып, өзінің шығармашылық қолтаңбасын айқындаған. Қазіргі таңда Құмар Омарханның өзі де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қарасты колледж бен мектеп-интернатта жас суретшілердің бірнеше буынын тәрбиелеп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, білікті маман, шебер суретші.

Құмар Омархан елімізге белгілі суретшілердің арасында 2021 жылы ұйымдастырылған ХІ республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған онлайн-конкурсына қатысып, «Абай және Жамбыл әлемі жас суретшілер көзімен» атты «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған үздік көркемсурет туынды» номинациясы бойынша «Абай Құнанбайұлы. Күз» туындысы үшін бас жүлдемен марапатталып, қомақты қаржылай сыйақыға ие болды.

2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде ұйымдастырылған «Тәуелсіздік: Сөз бен сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық байқауда Құмар Омарханның портреттер галереясынан түлеп шыққан «Ақселеу Сейдімбек» туындысы 3-орынға ие болып, дипломмен марапатталса, 2023 жылы «Ұлытау: Сөз бен сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық байқауға қатысып, «Ұлы рух» деп аталатын туындысы арқылы Жошы бейнесінің көркемдік шешімін ұсынады.

Кескіндемеші шығармашылығы негізгі үш бағытта дамуда. Бірінші бағыты – сонау шығармашылығының алғашқы жылдарынан бастау алған, күрделі композициялық құрылымға негізделген тақырыптық-жанрлық туындылар. Бұл қатарда суретші, негізінен, батальдық жанрлардан бастап, тақырыптық композицияларға дейін қарастыра отырып, дәстүрлі академиялық мектептің талаптарына сай жұмыс жасайды.

Екінші бағытын суретші шығармашылығындағы шағын жанрлық туындылар құрайды. Олардың қатарынан еліміздің тамаша табиғатын кескіндейтін әртүрлі этюдтер мен табиғат көріністерін және ұлттық мұрамыз бен дәстүрімізді насихаттайтын натюрморттар сериясын тамашалай аламыз.

Шығармашылығының негізгі мағыналық құрылымын айқындаған үшінші бағыты портреттер галереясына арналған. Осы портрет бағытында суретші өзінің жанына жақын жандарының камералық шешімдегі келбеттерін бір серияға топтастырып кескіндейді. Бұлардың қатарынан жан-жарының, ерке әрі қылықты қызының, үміт артар ұлдарының және арқа сүйер әкесінің бейнелерін көруге болады. Аталмыш портреттерде Құмар өз отбасының әрбір мүшесіне деген өзінің махаббаты мен ыстық ықыласын, ізгі тілеуі мен сүйіспеншілігін жарық пен түстің қатынасында шебер жеткізеді. Отбасылық портрет сериясына көбіне романтикалық көгілдір түс пен сезімді сергітетін қанық қызыл түстің үйлесімді үндестігі тән. Алтын түстес жарқыраған сары, жұмсақ охра мен жанға жағымды қоңырқай түстер де осы камералық портреттердің негізгі гаммасын құрап, көрерменнің қабылдауында жайлы әрі жылы сезім тудырады. Бұл топтамадан көңілге ерекше әсер ететіні – 2025 жылы жазылған, марқұм әкесімен рухани түрде қоштасуға арналған «Соңғы қоштасу» атты туындысы. Мұнда атасы мен немересінің арасындағы махаббат өте сезімді әрі сенімді кескінделіп, жүректің түпкірінен, көңілдің төрінен орын алады.

Құмар Омарханның портреттер галереясының шебін ұлт қайраткерлерінің тұлғалық келбеті жалғастырады. Суретшінің мұндағы мақсаты – жас ұрпақтың жадында ұлт қайраткерлерінің портреттік бейнелерін қайта жаңғырту. Осы орайда кескіндемеші жазу мәнеріне жаңаша ізденістер қоса отырып, мастихинмен жазу әдісін дамытып, эксперименттер жасайды. Ол қазақ халқының елдігі мен еркіндігі жолында жан беріп күрескен хандар мен батырлардың – Жошы хан (2023), Сұлтан Бейбарыс (2023), Әлия Молдағұлова (2022), Бауыржан Момышұлы (2023) және т.б.; мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуында аянбай еңбек еткен Алаш арыстарының – Ә. Бөкейхан (2021), А. Байтұрсынұлы (2024) және т.б.; халықтың рухани әлемінің шырағын жаққан әдебиет пен ғылымның, қазақ философиясының дара тұлғаларының – Абай Құнанбайұлы (2020), Шәкәрім Құдайбердіұлы (2019), Мұхтар Әуезов (2024), Ақселеу Сейдімбеков (2023), Әбіш Кекілбаев (2024) және т.б. кескіндемедегі көркемдік бейнесін қайта қарастырады. Бұл туындыларында көрініс тапқан биік тұлғалық шешім мен асқақ рухтың бейнесі болған кейіпкерлер арқылы өскелең ұрпақтың көкірегенде ұлтжандылық сезімін оятуды көздей отырып, эпикалық романтизм мәнерінде кескіндейді. Әрбір тұлғаның мастихинмен жазылған қат-қабат бояуларының мың түрлі реңктерінің үндестігінде шешілген бейнесі, пастозды жазу мәнері әрбір кейіпкердің ұлт тарихындағы ерен еңбегінің, ауыр тағдырының, тар жол, тайғақ кешкен шығармашылық ізденістерінің, егемендік үшін жан аямай күрескен физикалық және рухани шайқастарының символы іспеттес.

Құмар Омархан осындай отбасы мүшелері мен ұлт қайраткерлерінің үлгілі ғұмырын кескіндеуге арналған портреттік галереяларын лирикалық және эпикалық романтизмге негізделген реализм мәнерінде шешеді. Оның шығармашылығы бейнеленуші тұлғаның көркем бейнесін түс пен пастозды жазу мәнері арқылы сыртқы портреттік келбетін ішкі әлемімен, характерімен, өмір жолымен, шығармашылығымен байланыстыра отырып ашуға негізделген. Яғни суретші ұлт қайраткерлерінің халық санасына жақын, танымды, идеалдандырылған бейнесін жасайды. Қою қараңғы әрі суық түс пен болмашы жарық сәулесі арқылы кейіпкердің тағдыры мен шығармашылығын, өткен күн мен бүгінгінің арасындағы байланысты орната отырып қарастыруға тырысады. Туындыларына танымсыз бейтарап кеңістік беру арқылы бейнеленген кейіпкер тұлғасын барлық уақытқа тиесілі еткендей. Демек, оның болмысын біз тек өткен шақта ғана қарастыра алмаймыз. Мұндай танымсыз бейтарап кеңістіктер – әсершілдікке бой алдырған романтизмнің басты белгілерінің бірі. Бүгінгі жас суретшілердің арасында тынымсыз еңбек етіп, орта буынға өткен Құмар Омархан шығармашылығы мейлінше қызықты әрі ізденіске толы. Шығармашылығына көз жүгіртіп қарар болсақ, оның ұдайы ізденіс үстінде екенін байқау қиын емес.

Суретші – ой мен сезімнің адамы. Ол өз шығармашылығында осының тоғысқан түйінін тең ұстай алуы керек. Құмар Омархан осы ізденісте жемісті нәтижелерге қол жеткізіп, қазақ кескіндемесінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, аға буын мен жас буынның арасына көпір боп жалғанған, дәстүрлі реалистік мектептің тәжірибелерін жаңаша ізденістерімен тоғыстыра білген, болашағынан зор үміт күттіретін, өзінен кейінгі буынға үлгі болатын суретшілердің бірі.

Ыдырыс Зухра Асылбекқызы, өнертанушы

ЖАҢАЛЫҚТАР

28 мамырда Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалының аумағында ер адам көпірден секіріп кетті, д...

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Қазақстан мектептерінде жол қозғалысы ережелері жеке пән ретінде қарастырылады. Мұны оқу-ағарту мини...