2018 жылғы 25 қазанда талантты суретші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай...
Алтайда «Мың жылдық көш жолы, көрікті Алтай» атты көрме өтіп жатыр
Наурыздың 28-і күні Алтай аймақтық әдебиет және өнер үйірмелер одағы көрме залында «Мың жылдық көш жолы, көрікті Алтай» атты қылқалам шебері Жұмажан Бешенұлының жеке сурет көрмесі ашылды.
9 күнге созылатын көрмені аймақтық әдебиет және өнер үйірмелер одағы ұйымдастырды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.
Жұмажан Бешенұлы бұл көрмені өткізудегі мақсаты туралы өз пікірін білдірген.
«Көшпенді халқымыз ғасырлар бойы табиғаты ғажайып, жері шұрайлы, шөбі шүйгін, малға, адамға жайлы өңірге қоныстанып, маусымға қарай жайлымды ауыстырып мал бағатын көші-қон дәстүрін қалыптастырған. Мен кішкентайымнан осы ғажайып табиғат аясында есейіп, ержеткенмін. Сол себепті көшпенді халқымның тұрмысына әбден қанықпын. Бұл жолғы сурет көрмемнің негізгі тақырыбы − «Мың жылдық көш жолы, көрікті Алтай». Көрме тақырыбын осылай қоюымның себебі – қазір ұмыт бола бастаған, көш жолын қылқалам арқылы көпшілік назарына ұсыну. Туған өлкемнің көркем көрінісі мен қазіргі заманғы өзгерістерін көркем суреттерім арқылы бейнелеу», - дейді суретші.
Жұмажан Бешенұлының көрмеге қойылған 80-нен астам туындысында Алтайдың көркем көрінісі мен қатар ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтын өзгеше мәдениетін кәсіби деңгейде бейнелей алған. Бұл жолғы көрмеге қойылған ұлттық бояуы қанық туындыларға қарап Ж. Бешенұлы шығармашылығының өзіндік мәнері қалыптасқан шебер суретші екенін аңғаруға болады.
Айта кетейік, 35 жастағы Жұмажан Бешенұлы Қытайдың Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында дүниеге келген кәсіби суретші. Шыңжаң педагогикалық университетінің Бейнелеу өнері институтының бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітірген. Шыңжаң суретшілер одағының және Алтай суретшілер одағының мүшесі.