Botaı – Uly dala mádenıeti

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
4266

Біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда қазақ жерінің солтүстігін мекендеген ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен мағлұмат беретін «Ботай» тарихи-мәдени музей қорығы ғалымдарды ғана емес, өнер адамдарының да қызығушылығын оятуда.

Біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда қазақ жерінің солтүстігін мекендеген ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен мағлұмат беретін «Ботай» тарихи-мәдени музей қорығы ғалымдарды ғана емес, өнер адамдарының да қызығушылығын оятуда. Қылқалам шеберлерінің қиялына желік беріп, жаңа туынды тудыруға мүміндік жасаған «Botaı  Uly dala mádenıeti" халықаралық симпозиумы соның бір айғағы болды. 
ботай.jpg


Қазақстандық және көрші Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен арнайы келген жиырма суретшінің майлы бояумен кенепке салған картиналары Солтүстік Қазақстан облысының көркемсурет мұражай қорын тың туындылармен толықтырды, ең бастысы – «Ботай» мәдениетінің халықаралық маңызын айшықтай түсті. Танымал, кәсіби суретшілер бір тақырыпты әртүрлі қырынан танып, бір-біріне ұқсамайтын жауһарларды дүниеге әкелді. Ол туындылардың қайсыбірі ертеңгі күні көркемсурет өнерінің құнды дүниесіне айналары сөзсіз.

Тылсым табиғат, жыл мезгілінің сары көйлегін киген ақ қайыңды орман, ерке Есілден нәр алып, айдынын сипап ескен желге болар-болмас толқыған Иман-Бұрлық өзені, сәулет өнерінің ерекше туындысы болып табылатын Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, сондай-ақ, қойнауы сырға толы «Ботай» қонысы қас шеберлердің жаңа туындысына нысан болды.

Тарих ғылымының докторы, «Ботай» мәдениетінің авторы Виктор Зайберт суретшілердің еңбектерін қорытындылаған көрменің ашылу салтанатында өткізілген симпозиумның маңызын өте жоғары бағалады:

«Бұл күндер жан-дүниемді ерекше тебірентті. Халқымыздың, тіпті, жер шарының тарихын тануға үлкен үлесі бар солтүстікқазақстандық тарихи материалды жаңаша ұсыну, уақыт сұранысына сай түйсіндіру шарасының куәгері болғаныма қуаныштымын».

Ғалымның бұл бағасы жерлестері үшін аса құнды. «Ботай» мәдениетіне қатысты 100-ден астам монография мен ғылыми мақала жазып, өмірін осы тақырыпқа арнап келе жатқан ол энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстан өңірінде тұрған адамдар жылқы өсіріп, мал шаруашылығымен айналысқанын нақты ғылыми деректермен дәлелдеп, әлемнің назарын біздің жаққа аударған осы азамат болатын.

Төрт мемлекеттен жиналған жиырма суретші ғалымдардың тұжырымдамаларын өнер стилінде ұтымды көрсете білді. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалағандар бірнеше ондаған ғасырға кейін жылжып, саяхат жасағандай болары сөзсіз. «Ботай» мәдениетінен олжалы болған жәдігерлерге майлы бояу тілқатырғандай әсер қалдырады. Бірнеше картинада көрініс тапқан жылқының бейнесі де оның археологиялық кейіпін сомдай түседі. Суретшілерге солтүстік өңірдің табиғаты үлкен әсер қалдырғандығы туындыларынан байқалады. Күз келбетіне оранған сары дала, орман, өзен жылғасы, ауыл көрінісі бірнеше суретшінің қиялын шалқытқан екен.

Суретшілердің шеберлігін бағалау кезегі қала тұрғындары мен қонақтарға берілді. Қазанның 14-не дейін бұл туындылар облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайынан орын тапқан. Көрмені Нұр-Сұлтан, Алматы, сондай-ақ жақын шет елдерге апару да жоспарланып отыр. Көрмеге қойылған сексенге жақын картинаның жартысы суретшілердің қолтаңбасымен солтүстік өңірдің көркемсурет мұрағатына сыйға тартылады. 
ботайй.jpg


Көрменің ашылу салтанатында симпозиумға қатысып, өз өнерлерімен бөліскен суретшілерге облыс әкімінің «Алғыс хаты» табыс етілді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Руслан Әлішев:
«Іс-шара барысында бірнеше елдің талаптыларының басын қосу мүмкіндігі жасалды. Өңіріміздің киелі жері деп бағаланатын нысандардың маңызын ашатын рухты жандандыра алдық», – деп қонақтарға алғысын білдірді.

Солтүстік Қазақстан облысы,
«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі 

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...