Пабло Пикассоның әйгілі Герника картинасының жаңа түсірілген 3D бейнесі суреттегі әр мотивті бөлек б...
Өнер көрмесі - «Би шандозы Шара!»
Ақтаудың «Достық үйі» фойесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында КСРО халық әртісі, күллі қазақтың өнер көкжиегіндегі жарық жұлдызы, Қазақстанның халық әртісі, қазақ би өнерінің падишасы Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына орай «Би шандозы Шара» шығармашылығына арналған жүрмелі көрме ұйымдастырылып, көрмені таныстыру ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Сариевке ұсынылды. Би әлемінен сыр шерткен көрменің лентасын қию мәртебесі Шара Баймолдақызының шәкірттері ҚР халық әртісі Гүлжан Талпақоваға және ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғайникамал Бисеноваға берілді.
- Ұлттық би өнерінің іргетасын қалап, киелі де рухани дүниенің сырын ашып, талмас талап пен қажымас қайраттың үлгісін көрсеткен саңлақтарымыздың тарих қойнауында есімдері жаңғырып тұрары аян. Би шандозы Шараның еңбек жолында кездескен қиындықтары, жеміс пен жеңіске толы шығармашылығы қай кезде де тағылым болып қалмақ. Өнердің шыңын бағындырған бишінің ғибратты ғұмыры кімге болсада үлгі. Оның ажарынан ай болып, келбетінің күн болып төгілген табиғи болмысы мен құба талдай бітімін, мың бұралған биін көз қарақты жұрты әлі де сағынады.
«Өмірім менің - өнерім» деп келген би жанашыры өнер жетістігінің жолында жетерлік еңбек етті. Дегенмен, Шара Жиенқұлованың жетістігі туралы деректер ұмыт бола бастады. Бүгінгі сіздердің назарларыңызға ұсынылатын жүрмелі көрменің мақсаты да өнер иесінің өнері мен еңбегін таныстыру болатын. Себебі тарих қойнауында қалған тағылымды тағдырдан өнеге алып, оны келер ұрпаққа жеткізу сіз бен біздің міндетіміз деп білеміз.
Шара аясында І-республикалық «Қамажай» хореографтар байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Шара Жиенқұлова – еліміздің халық әртісі, бишісі. Ол Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және «Ер Тарғын» операларында халық билерін орындаған. Сондай-ақ , «Айжан қыз», «Тәттімбет», «Қырық қыз» сияқты билердің авторы. Шара Жиенқұлова осы билерді ойлап табу үшін қазақтың төл биінің элементтерін іздеп қазақ даласын көп аралаған. Біз онымен мақтанамыз.
Еліміздің түкпір-түкпірінен ат сабылтып келген қадірлі меймандар – қазақ өнерінің майталмандары! Күллі қазақтың өнер көкжиегіндегі жарық жұлдызы, тұңғыш қазақтың ұлттық-сахналық биін насихаттаушы, киноактриса, әнші, педагог, балетмейстер, ҚР Халық әртісі Жиенқұлова Шара Баймолдақызының шығармашылығына арналған концертімізге көргендерімізге қуаныштымыз!-деді Серік Сариев.
Би өнерін насихаттаған мәдени шараға еліміздің әр өңір-аймақтарынан есімдері елімізге танымал өнер иелері ҚР Халық әртісі Гүлжан Талпақова Атырау қаласынан, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР мәдениет саласының үздігі Ғайникамал Бейсенова, ҚР мәдениет қайраткері Перизат Омарбекова, Шара Жиенқұлованың жиен бауыры Ақмарал Құдайқұлова Алматы қаласынан, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізім, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Гаценко Людмила, ҚР мәдениет қайраткері, хореография өнерінің қайраткерлер қоғамы төрағасы Ағымбаев Еркебұлан, ҚР мәдениет қайраткері, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгуль Кульбекова, Нұр-Сұлтан қаласынан, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлжан Сағынова, Ақтөбе қаласынан, сонымен қатар Астана қаласынан ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің солисі Әсел Әлібекова, журналист Айдар Жоранов, Алматыдан Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің балет әртісі Бекзат Ағияр, Талдықорғаннан Мәншүк Мәметова атындағы педогогикалық жоғары колледжінің би маманы Бекзат Абсатова, Қызылорда қаласы, сонымен қатар, Атыраудан келген әріптестеріміз, балетмейстерлер Бибігүл Тлеубекова, Исатай Елеусинов, Жазира Сегізбаева, Эльмира Тәжмағанбетова, Мөлдір Мустафина арнайы келіп қатысты.
Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Пәния Оңалбайқызы Сармурзина сөз алып, қонақтардың қадамына құтты болсын деп, би падишасы атанған Шара Жиенқұлованың 110 жылдық кешіне қатысып отырған құрметті қонақтарға қош келдіңіздер айтты.
Бүгінде қазақтың би өнері әлемнен өз орнын алғанын, сол үлкен өнерге жерлесіміз, кешті ұйымдастырушы Серік Сариевтің үлес қосып, 100-дің үстіндегі жәдігерлерді (экспонат) жинап, биші Шараның сахналық костюмдерін бейнетаспа, фото суреттер негізінде қайтадан қалпына келіріп, арнайы тіктіріп, архив құжаттарын пайдалану арқылы биші суреттерін жинақтап, салғызып жасақтағанын сөз ете келе, көрмені жоғары деңгейде әзірлеуге өнер иесінің ұшан теңіз еңбек сіңіргенін атап өткен басшы, ұйымдастырушыға басқарма атынан алғыс білдірген Пәния Оңалбайқызы мерейтой аясында республикалық «Қамажай би байқауы» өтіп жатқанын айтып, байқауға қазылық жасауға еліміздің әр қиырынан келіп отырған кәсіби би өнері мамандарына сәттілік тіледі.
Өнертанымдық ұлағаты мол кеште архивтік кинотаспалар сөйлетіліп, кешке жиылған өнерсүйер қауым қазақтың бұлбұлы атанған Роза Бағланованың Шара туралы «Шара қазақтың тек сұлу, сымбатты ғана емес, батыр қызы. Ол қазақ би өнерінде төңкеріс жасаған өнер иесі» деген жүрекжарды пікіріне құлақ түрді.
Сахна төрінен тірі бейнесімен көрерменге жанды жауыста үн қатқан биші Шара: «Астана Қызылордадан Алматыға көшіп келді. Ол кезде қазіргі Әуезов атындағы жалғыз театрымыз бар еді, жастар арасында театр әртістерін қабылдау үшін байқау басталды. 1933 жылы музыкалық драма театры ашылды. Күләш екеуміз драма әртісі болып қабылдандық. Ең бірінші ойнаған рөліміз «Сүңгуір қайық» қойылымындағы көмір тасушының рөлі еді. Сол рөлді екеуміз таласып ойнап жүрдік. Театрға кім бұрын келсе, сол рөлге дайындалған майкіні киіп, бетін қара күйемен бояп алып, (ол кезде қойылымға белгіленген сағат та жоқ), халық жиналған соң, ойынды бастап кететінбіз. Сонда қойылым сағат жетіде басталатын болса, біз үште келіп, бірінші болып рөлді иеленіп, ойынға әзірлікті бастап кететінбіз» деген бишінің жанды даусын үнтаспадан естіген көрермен көңіл-күйінің әсері ерекше болғанын байқадық.
Сол 1933 жылы Алматыдан Мәскеуге дейін пойызбен артынып-тартынып қызыл вагонмен 12 күн жүріп барған Шараны вокзалдан қазақ республикасы елшілігінің өкілдері күтіп алады. Бірінші рет Мәскеу сапарында өзбек бишісі Тамара хануммен, атақты балерина Галина Улановамен кездескен Шара Үлкен театр сахнасында билеп қазақ бишісі ретінде танылады.
Бейнетаспада Шара өзінің байдың қызы, оның жары Құрманбек болыстың баласы ретінде қуғындалып бара жатып, Темірбек Жүргеневтің арқасында аман қалып, оның басшылығымен қазақ театрын қалай құрғанын, Құрманбектің – режиссер, Күләштің – опера әншісі, өзінің – балерина ретінде Мәскеуге барып өнер көрсеткенін әңгімелейді.
Би кешінде «Мереке думан» биін «Жорға» би ансамблі, «Айжан қыз» биін Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының солисі, ҚР мәдениет қайраткері Перизат Омарбекова, «Былқылдақ» биін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің солисі, «Елорда жастары» сыйлығының иегері Әсел Әлібекова, «Айжан қыз» биін «Жорға» би ансамблінің солистері Камшат Орынбасарова, Гаухар Жақсекенова орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Сонымен бірге А.Исамбергенов пен Ж.Бектұрғановтың «Заңғарларым-ай» әні Асылтас Аяпова, Ақылбек Исамбергенов, Қуандық Баянбердиевтің орындауында тыңдалды.
Шара рухына арналған шарада сексеннің сеңгіріне жақындаған ҚР Халық әртісі Гүлжан Талпақова сахнаға шығып, өзінің жас кезінде атақты бишімен өте жақын қарым-қатынаста өмір сүргенін, аты аңызға айналған бишінің Ұлы Отан соғысы жылдарында өз қаражатына майдан даласына танк сыйлағанын, оның ол азаматтығына И.Сталиннің арнайы жеделхат арқылы алғыс білдіргенін жас көрерменге жеткізіп, өзінің ұлттық үлгідегі сахналық костюмін өңір музейіне сыйға берді.
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғайникамал Бейсенова сөз алып, би шандозының өзі ашып, бүгінде тәрбиеленіп шыққан жас бишілері әлемнің әр бұрышынан түрлі орындар мен атақ-марапатқа ие болып жүрген үлкен өнер ордасына айналған би училищесінің басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Төкеевиің атынан және өз атынан Қазақстанның жетекші хореографы Серік Сариевке терең ғылыми зерттеу еңбегі және оны шығармашылыққа ұластырғаны үшін Алғыс хат тапсырды.
Өнер кешінде сөз алған тағы бір өнер иесі, ҚР мәдениет қайраткері, хореография өнерінің қайраткерлер қоғамы төрағасы Еркебұлан Ағымбаев Серіктің қоғамға рухани азық сыйлап жүрген мәдениет қайраткері екенін айта келіп, «Өз мәдениетімізге өзіміз көтеруіміз керек, сонда ғана ұлт болып қалыптасамыз деген» сөз иесі әріптесіне рахметін жеткізді. Астана әкімдігі мен мәдениет басқармасы атынан жерлесіміз басқаратын би ұжымының бірқатар өнерпаздарын алғыс хатпен марапаттады.
Кезінде ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас қолтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі» деп ұлы бишінің өнеріне әділ бағасын берген.
Ақтау жұртшылығы мен қонақтары куә болған айырықша өнер кеші жастарға мол тағылым берді деп айта аламыз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ