«Мен сурет саламын. Бірақ, нағыз суретші бола алдым ба?» Атырауға танымал суретші Әділқа...
Оралбек Қабөке. Лирикаға һәм эмоциялық экспрессияға жақын
«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» "Папирус" айдарын қазақ суретшілерінің арасында ұйымдастырып отыр. Әр аптаның сәрсенбісінде бір кескіндеме шеберінің жазғаны жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған суретке жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. Аталмыш айдарды алғаш болып ашқан Дәуренбек Бекназароватың шығармалары және оған берілген анализдерде болса, келесі кезек суретші Санжар Сырғабаевтың жазған картиналарында. Пікір иесі – Оралбек Қабөке.
«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» "Папирус" айдарына жүктелген суретші Санжар Сырғабаевтың жазған картиналарына қарап баға берер болсам, әуелі автордың есімі және оның бейнелеу өнер саласындағы жұмыстарымен алғаш рет аталмыш айдары арқылы танысып отырғанымды айта кеткенім жөн болар. Автордың кескіндемелік композицияны құру шешімі, бір жұмысында мифологиялық мағына беруді мақсат етсе, бірінде академиялық стильге негізделген. Ал бейнелеу мәнері жағынан театрлық сахна суретшілердің мектебінің әсері басым көрінді, тіпті кей тұстарынан әуесқой суретшілердің ықпалы әсер еткен бе дедім. Негізі көп өнерпаздың іздегені, оң жамбасына келетін, өзіне оңтайлы шығармашылық желісін дөп тауып, болмысына сіңген қол таңбасымен айшықтап жеткізіу ғой. Міне , осылайша изм, оның ішінде стиль, оның ішінде бейнелеу мәнері, оның ішінде шығарма тақырыбы, айтар ойы, берер мағынасы болып кете береді.
Айта кетерлік бір әттеңі үлкен және жас буын суретшілеріміздің көбі өзін таныса тегін танымайтын, тегін таныса өзін танымайтын, сергелдеңнің күйін кешіп жатады. Жасағың келетін істің қайдан келіп қайда баратынына көре алатын болсақ және әр ісімізде неге? - деген сұраққа толық әрі нанымды жауап бере алсақ, көрерменімізді де нандырып иландырып қоймай, өз санамыздың түпкірінде жатқан тылсым жұмбақты шешер едік. Автордың түстерді қолдануында ашық түстер басым болса да декаративтік немесе үндес түстер болмағандықтан жалпы кеңістік ашық бояулармен де көзге күңгірт болып көрінетіндей. Қара түсті еркін қолданған және сол арқылы кеңістікте бірде дақ (пятно) бірде маңындағы түстермен қарама-қайшылық (контраст) туындатады. Дегенмен автор бұл ұтымды мүмкіндігін оңды пайдалана алмады ма, әлде қай жамбасына алып соғу керегін толық түсінбеді ме, шығарма толық мақсатына жете алмағандай көрінді. Солайша әртүрлі себептермен нақты бір бағытты ашып көре алмадым. Бір жұмысы лирикаға, бірі эмоциялық экспрессияға жақын.
Осы арқылы да авторда ішкі алып-қашпа асау күш те, суық ақыл да бар екенін байқағандаймын. Артығын ауыздықтап, кеміне қамшы бассақ, бабын тапсақ алысқа шабатын жүйрік болғалы тұр.
Іс ілгері болсын!!!
madeniportal.kz