Сюрреалист әйел суретшілер және олардың картиналары

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
5176

"Мен болашақта қиял мен шындықтың арасындағы керағарлықтың күрмеуі абсолютті ақиқат ішінде, яғни сюрреальдықтық атмосферада шешіледі деп санаймын", - деп жазады Андре Бретон сюрреализм манифесінде. Бретонның "таза психикалық стихия (автоматизм)" деп сипаттаған сюрреализм қозғалысы 1924 жылы осы манифест аясында пайда болғаны баршамызға аян.  Бүгінгі таңда дәл осы сюрреализмдік қозғалыстың ең беделді өкілдері ретінде Макс Эрнст, Сальвадор Дали, Ман Рей, Ханс Арп, Марсель Дучамп және Ив Тангуи сияқты есімдерді мақтанышпен еске аламыз һәм оқимыз. Бір қызығы, олардың бәрі ер адамдар. Ал әйел сюрреалист суретшілер жайлы не білеміз? Сюррелистік бағытта жазған қандай әйел суретшілер бар? Міне, осы және өзге де сұрақтарға жауап ретінде "Мәдениет порталы" сурет өнеріндегі есімі алтын әріптермен жазылған бірнеше әйел сюрреалист суретшілердің шығармаларын оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!

Леонор Фини. Судың ұйқысы

Доротея Таннинг (1910-2012)

"Өзіңіздің ішкі әлеміңізді бақылап, жарнамалардан, ақымақтықтардан және кино жұлдыздарынан аулақ болыңыз",-дейді Таннинг 2002 жылғы бір сұхбатында. Өзін-өзі тәрбиелеумен һәм жетілдірумен өмір бойы шұғылданған және осындай ішкі медитацияларының арқасында 2012 жылы 101 жасында өмірмен қош айтысқан суретші шығармашылық ғұмырында өзінің қиялын егжей-тегжейлі суреттейтін және өз әлемдерін бай етіп бояған суреттерімен оқырман қауымды тәнті ете білді.

Оның ең танымал шығармасы, 1942 жылы жазылған "Туған күн" атты картинасы. Таннинг мұнда Шекспирдің пьессаларына гиперсілтеме жасай отырып, кеудесін ашып түскен автопортретін ұсынады. Ал аяқ басар жолының алдында ( жол деуге келе ме екен -кеңістік деген дұрыс шығар) қара қанатты мысық типтес яки жарғанат типтес жануарды байқауға болады. Картинадағы есіктер арқылы жаңағы жолдың басы яки соңы шексіздікке ұласады.

Доротея Таннинг. Туған күнБриджит Бейт Тиченор (1917-1990)

Тиченор - өмірінің соңғы жылдарында Мексикаға қоныс аударып, сол мекенді өзінің Отаны санаған француз суретшісі. Небәрі 16 жасында-ақ Париждегі ең сұлу ару Коко Шанель ұйымдастырған көптеген фотосессияларға Ман Рэймен бірге модель болады. Суретші 1950 жылдары Леонора Каррингтон және Ремедиос Варо сияқты магиялық реализм бағытындағы суретшілермен ұйым құрып, ақыр аяғында осы бағыттағы шығармашылығын дамыту мақсатында Мексикаға көшіп кетеді. Әрине, мекен ауыстыру үшін де Тиченорға бірнеше тәуекелген баруға тура келді. Ол бұл үшін екінші күйеуін тастап кетті.

16 ғасырдағы итальяндық Ренессанс дәуіріндегі шығармалардан нәр алған Тиченордың картиналары, дәстүрлі кескіндеме әдістерімен месоамерикалық мифология және эзотеризм сияқты дәстүрлі емес рухани әсерлерді үндестіре алғанын мақтанышпен айтуымызға болады.

Бриджит Бейт Тиченор. Есімсіз

Тойен (1902-1980)

Асыл есімі Мария Черминова болып дүниеге келген Тойен, француз сөзі ситоиен (азамат) сөзінен шыққан жыныссыз, яғни асексуал мағынасындағы есімді өзіне лақап ат етіп иемденіп алады. Өзіне қатысты кез-келген қаратпа сөз болсын, ресми жолдаулар болсын ер есімдеріне қолданылатын жұрнақтарды пайдаланды. Тіпті өзінің қосжынысты екенін ашық жариялап, оны өнері арқылы да насихаттаудан еш тайынбады. 

Шығармашылық ғұмырында эротикалық туындылары арқылы Чехословакиялық авангардтың жетекші тұлғаларының біріне айналды. Сурет әлемінде вагинальды еріндер, тілдер, фалликалық шахмат тастарын, лесбияндық оргиялар және жыныс мүшелерді армандап ұйқыға кеткен әйелдің образдарымен ерекшеленеді.

Тойен. Соғыс

Кей Сейдж (1898-1963)

Нью-Йорктегі бай отбасында дүниеге келген Сейдж ата-анасының ажырасуынан кейін анасымен бірге Италияға көшеді. 1930 жылдардың аяғында итальяндық ақсүйекпен үйленеді. Алайда отбасылық бақытты өмірі көпке созылмайды. Дәл осы бір ажырасудан кейін Сейдж толықтай сюреалистік өнерге бой ұрады.

Сейдж кейіннен 1940 жылы екінші рет өзінің сюрреалист досы Ив Тангуимен шаңырақ көтереді. Бәлкім, сана биігінде қосылу һәм бақытты ғұмыры деп Тангуимен кешкен өмірін айтуға болатын шығар. Бірақ бұл тәтті ғұмыр да көпке созылмады. Күйеуінің өлімінен кейін Сейдждің көру қабілеті нашарлай түседі. Ақыр аяғында ештеңе көре алмай қалған Сейдж амалсыз сурет жазуын тоқтатады. Өмірінің мәнін картиналарда деп ұққан суретші 1963 жылы өз-өзіне қол салып өледі. Өлер алдында жазған хатында "Ивті танымай тұрып оның жазған суретін көрдім. "Сені күтемін" еді суреттің атауы. Сосын мен келдім. Енді қазір де ол мені күтіп отыр. Мен жолға шығып барамын..." деп жазады. 

Кей Сейдж. Желдің арифметикасы

Леонор Фини (1907-1996)

Фини Буэнос-Айресте (Аргентина) дүниеге келгенімен Италияда өсті. Джером Бош және Бронзино сияқты суретшілерден шабыт алған Фини күшті және жыныстық жағынан босатылған әйелдердің пессимистік бейнелерімен танымал болды. Сонымен бірге, 1942 жылы ол ер адамның алғашқы эротикалық портретін жасады.

Финидің жұмысындағы радикалды феминизмнің дәлелі оның жеке өмірін де қамтыды. Тіпті ол да Симона де Бавуар сынды  дәстүрлі отбасылық өмірден толықтай бас тартты. Мұнымен  қоса өзінің бисексуал екенін ашық түрде мойындады.

Леонор Фини. Апофеоздың интермедиясы

Дора Маар (1907-1997)

Асыл есімі Генриетта Теодора Маркович болып Францияда дүниеге келген Маар балалық шағын Аргентинада өткізеді. 19 жасында Парижге қайта көшіп келіп, фотографиямен айналысады. Оның шығармаларына бір қарағанда көбінесе Пабло Пикассо еске түсіреді. Бірақ Маар өзінің жеке стилін қалыптастыра алған суретші деп толыққанды айта аламыз 

Шығармаларының Паблоға үндесуі де кездейсоқ емес. Маар Пикассомен кезекті бір түсірілім кезінде танысады. Ол кезде жас суретші 28 жаста, ал Пикассо 54 жаста еді. Жас аруларды құрығына тез түсіретін Пикассо бұл жолы да Маарды өзіне қаратып алады. Қысқа уақыттың ішінде кубист суретішінің сүйіктісі һәм тоғыз жылдық музасына айналады. 

Пикассомен қарым-қатынасы аяқталған кейін Маар өзін толықтай католик болуға арнады. Бұл кезде Пабло ағай Франсуа Гилотпен салтанат құрып жүрген кез-тін. Әйтпесе Маар өнер тарихында  "Пикассодан кейінгі Құдай” атымен танылды.

Дора Маар. Пикассоның портретіСтелла Снид (1910-2006)

Снид кішкентай кезінде анасымен бірге үйден қашып кеткен Лондон тумасы. Міне, бәлкім Снидтің қалыптасу кезінде осы бір оқиға қатты әсер еткен шығар, кім білсін?! Әйтеуір шешесі ақыл есі кем әкесінен қызын өмір бойы жасырып өтті. 

Қанша жасырып өтсе де 20 жасынан бастап Снид та әкесі секілді депрессиядан зардап шеге бастайды. 1936 жылы ғана белгісіз бір досының жазған картинасын кездейсоқ көріп қалып, өзін сол сәтте өнерге арнайтынын ұғады. Бәлкім, олай емес шығар, бірақ бірте-бірте ақыл есінен алжасып бара жатқан Снид үшін бұл бір мұғжиза іспеттес еді. Осы сәттен бастап жазған картиналары өзге суретшілерден түнгі палитрамен, бөтен жануарлармен, Нью-Мексико стиліндегі ұшақтармен, ежелгі мүсіндер мен қирандылармен, күрделі әйел формаларымен ерекшеленді. Тек 1950 жылы қайтадан психикалық ауыра бастағаннан кейін амалсыз сурет жазуды доғарады.

Стелла Снид. Айдың тұтылуы

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...