(Тұрсын, Жаңыл, Жәңгір және басқалар)Кез-келген адамның, кейін ол мейлі дара болсын, мейлі дана болс...
ОРАЛХАННЫҢ БІР ҚЫРЫ
Ұмытпасам, 1970 жылы болу керек, ол кезде Талдықорған қаласында тұратын кезім еді. "Лениншіл жас" газетіне бір топ өлең жібердім де, көпке дейін хабар-ошарсыз кете берген соң, бір күні жоқ іздеп бас редактор Сейдахмет Бердіқұловқа бардым. Сейдағаң екеуміздің одан бұрын бірге қызмет жасап, ағалы-інілі кісілердей қату-қатты табысып, тату-тәтті ажырасқанымыз бар-тын. Амандық-саулықтан соң Сәкеңе, наз айтқан болып жатырмын ғой баяғы. О кісі ірілікпен біраз жұбата сөйлеп, қызына бастаған мені сабама түсіріп алды да:
– Оралханды шақыршы! – деді хатшы қызына.
Оралхан Бөкеевтің аты ол кезде газеттен түспейтін. Нөмір сайын демесек те, өкіртіп те, өндіртіп те жазып жататын журналистердің бірі сол!
Кабинетке жіптіктей болып аққұба жігіт кірді. Ол кездегі тілде "стильяга" аталатындардың шашына ұқсас салбырай иығына түскен салақұлаш шашын сәнімен сілкілеп қояды екен. Басын кекжите қарап, "Мына Сәкеннің өлеңі бар екен, сол жатып қалыпты, тез шығарып берсек" деген Сейдағаңның сөзіне: "Иә, жатыр. Шығады", – деді де, сол кекжиген қалпы жаңа үйретілген жайдақ аттай ойқастай басып біраз жүрді де, редактор рұқсатын алып шығып кетті.
Өтірік айтып қайтейін, жүріс-тұрысы да, кісіге кідие қырындай қарауы да, менмендігі де, керенау кекірттігі де ұнаған жоқ. Соны сезген Сейдекең: "Оралхан деген мықты осы. Абыржыма, өлеңің шығады", – деп жұбатып арқамнан қағып, ауылыма қарай ұзатып салды.
Аға сөзін малданып, риза болып мен кеткем.
Сол Оралхан ініммен жақын танысып, сырласып, туысып кетудің сәті он бес жылдан соң барып бір-ақ түсті.
Бұл екі арада бір-бірімізді біле түра, араласып-құраласып кете алмай, кезіге қалғанда кейде қол берісіп, кейде бас изесіп қана амандасып жүре беретін едік.
1985 жылы асқазан ауырып, "Сарыағаш" курортына бардым. Екі кісілік жайлы бөлмеге жайғасып, бірер күн жалғыз жатқаным да бар. Үшінші күні қараңғы түсе жатар жайға келе жатсам, әлдекім алдымнан шығып: "Көке, кілтті де тастап кетпейді екенсіз ғой", – деп дауыстады. Қарасам, Оралхан тұр алдымда.
– Иә, не боп қалды? – дейін жақтырмай.
– Біз де осында келдік. Сізбен құдайы көршіміз. Қабыл аласыз ба, жоқ, басқа орын сүрайын ба? – дейді кекірейіп тағы да.
Екі-үш күн осылай текетіреспен жүріп, бірте-бірте бір үйдің баласындай қалай шүйіркелесіп кеткенімізді өзіміз де білмей қалдық-ау деймін. "Адам сөйлескенше, ат кісінескенше" деген осы болуы керек, ашық сырласып, алаңсыз ақтарыла күліп жүрдік. Қарасам, бұл бір аузын ашса, көмейі көрінетін, ішіне сыр бүгу дегенді білмейтін ашық та жайдары, әңгімешіл, анекдот дегеннің нағыз түбін түсіретін айтқыш жігіттің өзі екен. Ол сөйлейді, мен жатып кеп күлемін. Мен күлемін, ол сөйлей береді.
Бір күні: "Әй, Оралхан, – дедім, – мен сені әмісе ата қаздай болып қоқиланып, қыржиып жүргенге, дарынына семірген, талантын малданған кеудемсоқ, өзімшіл, өркөкірек жігіт пе деп жүрсем, олай емес, нағыз өзімнен аумаған ақ-көңілдің өзі екенсің ғой".
Оралхан селкілдей барып, бар екпінімен керуетіне шалқасынан жата кетті де, булыға келіп күлді дейсің бір. Қиқылдап, шиқылдап күліп алды да, қақала-шашала отырып: "Көке, ғафу етерсіз, сіз туралы мен де дәл осындай пікірде жүруші едім. Қалай айтудың ретін таппап едім, өзіңіз бастап... жақсы болды ғой", деп тағы біраз жалғыз өзі күліп алды.
– Көке, мен сізді Сарыағаштан қайтқанша "көке" дейін, жарай ма? – деді бірде.
– Алматыға барғаннан кейін ше?
– Поведениеңізге қарай ғой, бәлки, "аға" деп жүрермін. Сол күннен бастап біздің арамызда адам ұғып болмастай бір туыстық, қимас қызық сыйластық орнап еді...
Жалқау жаралған басым, кейде су ішіуге баруға ерініп, Оралханды жұмсаймын ғой баяғы. Ол бармаймын демейді. Бірақ тырна мойын графиннің кеңірдегінен қылғындыра ұстап, әрлі-берлі ойқастай жүріп алады да: "Апыр-ай, жаралғалы жан баласы жұмсап көрмеген Бөкеевті таң атпай безектетіп суға жіберетін болдыңыз ғой!" – деп әрең кетеді. Онысы ренжуден гөрі, әзілге, аға мен інінің жарасымды ойынына көбірек ұқсайды. Курорттың мәдениет жағын басқаратын жолдастар келіп, демалушылар арасыңда әдеби кеш, кездесу өткізсек деген тілек айтты бірде. Ондайға Оралхан да, мен де самарқау екенбіз, "қоя-ақ қойыңдар, қайтесіндер" деп, ат-тонымызды ала қашсақ та, ақыры, болмай, бір күні клубқа сүйреп апарды. Бізбен бірге Кенен ақынның қызы Төрткен де өнер көрсетеді екен, алдымен бірнеше ән салып берді. Одан соң мен екі-үш өлең оқыдым да, кезек Оралханға келді. Інім үшін мен қысылып отырмын, романнан үзінді оқи ма әлде әңгімесін жатқа айта ма, жұртты әбден зеріктіретін болды-ау деп.
Оралхан сахнада тіпті шоқтығы биіктеп, кесек адымдап, кемеліне келе түседі екен. Жақтауға таяп барды да:
– Бейімбет Майлин, "Шұғаның белгісі" деп хабарлады.
Сөйтті де, мен бұрын естіп көрмеген бөлек бір діріл, басқаша бір мейірлі мәнермен Бейімбет шығармасын зуылдатып жатқа айта жөнелді.
Зал іші сілтідей тынып қалған. Кейде бір орында тұрып, кейде жүре түсіп, тоқтай бере дауысын баяулатып келіп: "Әй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!" – деп үзілдіре аяқтағанда, шын мәніндегі сүйсініспен ду қол шапалақтау басталды.
Кейін оңашада мен де мақтай қошемет білдіргенде, Оралхан: "О, біз деген әртістің де оқуын оқып, бола алмай қалдық қой, әйтпесе!" – деп бітірген сөзін.
Бір топ демалушы қыз-келіншектер арасында Оралхан әңгіме айтады. Олар ішегі түйілгенше күледі кеп. Кейде тіпті Оралхан аузын аша бастаса күлетінді шығарды бәрі. Сондай әңгімені мен де білем, мен де айтып көрем, бірақ күлдіре алмаймын. Ол да бір әркімге дари бермейтін, дара бітер өнер болса керек.
Оралханның осындай да беймәлім қыры барына өзім куә болған бірер жәйтті айта кетейін. Бірде әдеби сапарлардың бірімен қырғыз елінде болдым. Бір топ бауырлас қаламгерлермен Ош қаласын аралап, Нарын аспақ болдық, – Сонда қырғыз ақыны Мейрамхан Әбілқасымова осы бағыт бойынша сәл бұрын Оралханмен сапарлас болғанын, жол бойы жазушы інісінің езу жидырмай күлдіргі әңгіме айтқанын сөз етті. Мейрамхан өзі де әңгімешіл әйел, сөйте тұра, Оралхан өнерін айырықша бағалай, мейіріммен күле отырып есіне алып еді.
Енді бірде Қуанышбай Құрманғалиев елуге толды да, үлкен-кіші бір топ тілеулес достары сол үйде бас қостық. Кешті Оралхан басқарды. Әнімен, әзілімен, ешкімге алабөтен жұмсақ көпшік қоймай отырып-ақ, жинақы жүргізген дастархан мәзірінің бір тұсында Шерағаң үйіндегі жеңешеміз:
– Апыр-ай, Оралхан бауырым-ай, мен сені керемет жазушы, қаламы жүйрік журналист ретінде білуші едім, енді аңтарсам, сен елде жоқ асаба екенсің той, – дегені бар еді сүйсінгенін жасыра алмай.
Міне, жазушы Оралханның мен байқаған бір қыры осындай еді.
Жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы болғанына не жетсін, шіркін.
Сәкен Иманасов