Көрнекті абайтанушы, өнертанушы, санаткер Төкен Ибрагимов туралы бірер сөз &...
Заида Елғондинова. Жұматай Жақыпбаев туралы жаңа кітаптан үзінділер
"Ол кезде күн жарық еді..."
(Жаңа кітаптан үзінділер)
ӨТЕЖАН АҒА
Өтежан ағай туралы ғажап әңгімелерін ертегідей ғып айтатын. Сол кездері Өтежан ағай сырқаттанып жүрді-ау деймін ұмытпасам. Кейін Күләш тәте сырқаттанып жүргенде Өтежан ағай Күләш тәтені жетелеп жүрді. Мен ол кездері "Қазақстан" телеарнасының филиалы "Алатау" арнасында қызмет істеуші едім.
Ғажап ақын еді! Ғажап жаратылған жан еді! Ақыл-парасаты көл-дария еді! Күләш тәте екеуі тап-таза сәби сияқты болатын. Әлі есімде Күләш тәте Өтежан ағайдың "қол дорбасын" арқалап қызметке жетелеп алып келетін! Мені шақырып алып,"Келін қарағым, әлгі біздің бала қалай", - деп менен Жұмекеңнің жағдайын сұрап тұрушы еді. Бірде "Мен 50-жасқа келдім, келін айналайын! "Алатау" телеарнасы маған 50 минут уақыт берді! Хабарымды сіздің үйдегі бала жүргізіп берсінші", - деді. Сөйтіп Жұматай Өтежан ағайдың xабарын жүргізді. Ғажап! Эфирде жарасқан ағалы-інілі екі классик ақынның сыр-сұxбаты терең мағыналы, өмір жайлы, поэзия жайлы терең толғаныс еді. Қоғам, заман жайлы еркін әңгіме еді. Көрермендер арасында үлкен резонанс-құрмет тудырған бұл xабар үшін сол кездегі "Алатау" арнасының директоры Сәңгерей ағай: "Мына мырзаларды қайдан тапқансың?! Бірінен-бірі өткен тәкаппар, шіреністерін-ай өздерінің", - деп маған сөгіс берді. Мен күлдім де қойдым!
Кейін Өтежан ағай "Құрмет" орденін алды. Күләш тәте сүйінші сұрады! Сонда Өтежан ағайдың балаша қуанғанын көрдім. Сол кезде біздің үйде бір жақсы жаңалық болды. Қазір ұмытып отырмын. Қой сойып Өтежан ағайды, Күләш тәтені шақырдық.
Жұматай Жақыпбаев туралы сағынышты мақала жазып, шынайы ілтипат көрсеткен талантты ақын, журналист Төреғали Тәшеновті, тамаша тележурналист Ұлбосын Айтөленді шақырды. Сол күні нөсерлетіп жаңбыр құйып тұрды. Дастарқан басында сол күнгі жауған жаңбыр туралы сөз болды. "Заида Жұматайды жоқтап көп жылады ғой! Бұл жаңбыр Заиданың көз жасы болар төгілген..." деді Күләш тәте мұңайып.
"Келін қарағым, енді жылама! Жақыпбаевты жоқтаймын деп өзіңді ұмыттың. Енді өз шығармашылығыңмен айналыс. Жаңа кітаптарыңды шығар. Жазушылар Одағына бар. Құрмет-қошеметтен кеш қалма!", - деді Өтежан ағай! Сол күні Күләш тәтені құрметтеп төрге отырғызды. Төрге өзі отырмады. Күләш тәте сол күні сұлу жүзі бал-бұл жанып аппақ болып отырды.Үстінде өңін ашатын көгілдір жібек кеудешесі болды. Сол бір тамаша отырыс әлі көз алдымда.
Өтежан ағай мен Күләш тәте дүниеден өткен соң да қол ұстасып түсіме кіріп жүрді. Дұғамызға қостық. Басқа амал бар ма?! Бір өкініштісі, Өтежан ағайдың көзінің тірісінде Алматыда үлкен тойы өтпеді-ау деймін ұмытпасам. Жұматай марқұм мен алғаш "Қазақстан" телеарнасына жұмысқа барғанда "Өтежан ағаң сәлеміңді алды ма?!" - деп сұрады. "Иә, сәлемімді алды! Біздің бала қалай?" -деп сені сұрады", - дедім! Жұмекең бала сияқты мәз болды. "Өтежан ағай жөпшендіге сәлем бермеуші еді... Сенің шығармашылығыңмен таныс болғаны ғой! Болмаса сәлеміңді алмас еді" - деп қуанып қалды.
Өтежан ағай xалыққа кеңінен танымал, тележурналист Молдабек Сағымбекпен туған інісіндей, қимас досындай қарым-қатынаста болды. Алаштың адал азаматы, зердесі биік, әдебиет пен өнерге деген ерекше құрметі бар, нағыз шығармашылық адамы Молдабек ініміз, қазақ топырағында енді қайталанбайтын тұлға Өтежан ағаның соңғы сырлас інісі болып соңғы сапарға шығарып салды.
Ал, біздің Жұмекең "Мен Өтежан ағайға тартқан көріктімін" - деп отыратын еді...
Қазақтың көзі тірі кезінде мойындалған, өзі өмірден өткен соң аты аңызға айналған, классик ақыны Өтежан аға Нұрғалиевтің өзім деген адамға "өзегін" бөліп беретініне көзі тірі кезінде ақын Жұматай Жақыпбаев екеуміз сан рет куә болдық. Ал, Өтежан ағаның асыл жары, аяулы досы болған Күләш апай Өтежан ағаны жас баладай аялағанын өз көзім көрді...
16.11.2018 ж
Иірім
Түнгі сағат 2-де орнымнан тұрдым. Ұйықтай алмадым. Есіме осыдан 10 жыл бұрын бір ел сыйлаған атақты ақынның сөзі түсті. Алдына бір шаруамен барғанымда: "Зәке, сіз Жұмекеңнің иіріміне (водоворотына) түсіп кеттіңіз!" -деген еді. Шынында, бұл жолы бұл әңгімелер ойламаған жерден басталды.
Біз Жұмекең екеуміз алғашқы кездері танысқанда Талдықорған қаласындағы "Дружба" деген кинотеатрға жиі баратынбыз. Ол мені Талдықорғанға жиі шақыратын. Киноға баратынбыз, Қаратал өзенін жағалап өлең оқитынбыз! Әсіресе, көктем айларында. Өзен жағасында бір киіз үй тұратын, қыдырыстап жүрген адамдарға дастарқан жаятын. Біз сол жерден түстенетінбіз. Көбінесе, Жұмекең сөйлейтін, жаңа шығарған жырларын жатқа оқитын. Көктемнің ұзақ күні еңкейгенде біз көлік бекетіне бет алатынбыз. Ол менің қолымнан ұстап алып жібергісі келмейтін. Менің ауылыма қайтатын мезгіл еді. Біздің Мұқырға баратын соңғы автобус кешкі сағат 8-де жүретін. Сол алғашқы танысқан кезімізде Жұмекең маған ылғи да "атылып өлгісі..." келетінін айтатын. Мен "не үшін?" - деп сұрайтынмын. "Ләйлә үшін атылып өлгім келеді!" - дейтін ол. Өзі менің қолымнан тас қып ұстап алатын. Мен күліп оның қолына қарайтынмын. Ол да күліп жіберетін. Сосын менің қолымдағы қол сөмкемді алып маған қамқорлық жасайтын. Мен биік өкше туфлиден аяғым шаршаған соң, аяқ киімімді шешіп алатынмын. Жұмекең маған бір қарайтын да, ол да аяғындағы жаздық жеңіл туфлиін шешіп алатын. Қызық! Бірақ шұлығын шешпейтін. "Шұлықты неге шешпейді екен?" деп мен іштей ойланатынмын. Ол менің ойымды оқып қойғандай жымиып: "Зәке, мен шұлықты шешсем табаным кірлейді", - дейтін. Жағажайдан қайтарда шұлығын шешіп тастап қоңылтаяқ туфлиін киіп алатын. Туфли аяғын қажап қиналатын. Біз ол кезде жаңа таныс едік. Жұмекеңе көп сұрақ қоюға ұялатынмын. Кейін сұрасам "сен автобустан қалып қала ма" деп уайымдайтынмын аяғымды өзенге жуып отырсам. "Әке-шешең уайымдайды ғой" дейтін. Ол мені өзіне тән жұмсақ маxаббатымен жақсы көрді. Қас-қабағыма қарады. Жүрекпен өмір сүресің деп аяды.
Жұмекеңнің тірі кезінде мен өзімді әлсіз сезінетінмін. Ол мен үшін қылыш шаппайтын, жау алмайтын батырдай көрінетін. Ол кеткен соң мен желдің өтінде қалдым. Менің енді аласапыран жалғыздық кешкен өмірім басталды. Ескі ғасыр түгесіліп келе жатты. Кеңес үкіметі құлады. Жаңа заман туып келе жатты. Жүректе бір үміт, бір күдік тұрды. Болашақ беймәлім еді. Жұмекеңнің иірімі өзімен бірге кетті. Ұзақ жылдар бойы мені аялаған ертегі сейілді. Мен енді шынайы өмірмен бетпе-бет қалдым. Мен ол кезде "Қазақстан" телеарнасында қызмет істейтінмін. Жұмыстан кеш қайтатын кездер жиі болатын. Мен жұмыстан кешіксем, Жұмекең Айкүнді жетелеп менің алдымнан шығатын. Есіктен кіре салып балалардан "Зайдашка қайда?" - деп сұрайтын болды. Бұрынғыдай апталап "гастрөлдетпейтін" болды. Бұл жаңалық басында мені қуантқанымен бірте-бірте алаңдата бастады. Өйткені, оның көзінен мұң көрдім...
Таң атып келе жатты. Менің ұйқым келер емес. Өзім туралы ойладым. Жұмекеңнің иіріміне неге қайтадан түстім деп ойладым. Өйткені мен өмірден суып бара жаттым. Өткеннің отын жағып жылынғым келді. Себебі, маған жаңа ғасыр жат еді...
19.11.2018 ж
Жұматайдың бөлмесі...
Мен терезеден сыртқа қарап, ішек-сілем қатқанша күліп отырмын. Жұмекең бір апта "гастрөлдетіп", құлқын сәріде үйге оралды.
- Құдай-ау, мына сыртқы есік неге ашық тұр?! - деді есіктен кіре салып, айыбын жасыру үшін Жұмекең жорта ұрсып. Мен үндемедім. Көрпені басыма бүркеп өкпелеп жаттым.
- Қап, мына ел сөйтеді енді... Өздері менің бөлмеме жатып алады еще... - деп біраз күңкілдеп тұрды да, төрде ілулі тұрған қоңыр домбырасын алып "қыздар" бөлмесіне кетті. Менің бөлмемді "қыздар бөлмесі" деп атайтынбыз. Ал Жұматайдың бөлмесін "ұлдар бөлмесі" деп атайтынбыз! Оған қонақ көп келетін! Кейде менің де достарым келетін қонаққа...
- Зайдашка, сен достарыңмен сырласа бер. Мен қыздарға бір "әле Жұматай" қуырдағын әзірлеп берейін, - деп ас үйге томпаңдап жөнелетін. Сосын қуырдақ дайын болғанда мені шақыратын. Мен дастарқан жаятынмын. Жұмекең өзі әзірлеген майлы қуырдақтан, бір-екі рет қарбыта асап жіберіп, қолына домбырасын алып әндете жөнелетін.Көзінің астымен қыздарға сызыла қарап, тісінің арасынан сыздықтата сөйлеп мәз болатын. Көпке дейін қырғыз мақамына салып Ләйлә туралы өлеңдерін әндететін. Сосын суып қалған шайынан асықпай бір ұрттап қойып, Тоқтоғұлдың термесін бабына келтіріп қоңырлатып айта жөнелетін. Бір кезде есіне мен түсіп кетсем керек, шалт бұрылып, жалт қарап:
- Пәлі, Зайдашка, сен әлі отырсың ба билемей! Біздің Зайдашка керемет биші! Ол бала кезінен биге қатысқан! Билемесе, өкпелеп қалады, - деп өзі күй тыңдап жүретін ескі патефонға Далиданың күй табағын салып, барынша дауысын көтеріп қоятын. Сосын есіктен кіріп-шығып, бізге маза бермейтін. Қыздар Жұматай ағаларынан ұялып билемейтін.
- Ал енді үйге қайтайық. Жұматай ағаның әнін тыңдадық... - деп тез-тез жинала бастайтын.
- Зайдашка, сен демала тұр, - деп қыздарды аялдамаға дейін шығарып салып келетін.
- Ал енді Заһида xаным, асықпай ас ішейік, - деп дастарқанға жайғасатын. Біз түннің бір уағына дейін өлең оқып, ән салатынбыз. Сырласатынбыз. Ол кейде ортасына өкпесін айтатын. Сосын күлетін. Саған айтпасам кімге айтамын деп.
- Ой, пәлі Жұмағұл-Шораның Заһида xанымы батыр екенін ұмытып кетіппін ғой! Сен неге бірден іске көшесің осы? Ол күліп жіберді де:
- Омыртқаға өкпелегенді қой енді... -деді. Мен де күліп жібердім. Бала кезім есіме түсіп кетті. Үйде әке-шешем қой сойып, ет асылғанда маған омыртқа не тоқпан жілік бұйырмаса, ас ішпей өкпелеп қалатынмын! Анам ең бірінші әкемнің сыбағасын салып, екінші менің сыбағамды ұсынатын. Үлкендер үндемейтін. Мейірімді әкем көзі күліп анама қарайтын. Анам жымиятын. Әке-шешем мені ерекше мейірімге бөлеп өсірді. Кейін Жұмекең мейіріміне бөлеп, қолынан келгенше әлпештеді. Қатты сөз айтпады. Тек кейде көзімен ұрсатын... Қыздар бөлмесі жақтан күмбірлеген күйдің сазын тыңдап жатып ұйықтап кетіппін.
- Біздің Зайдашка маған өкпелеп жатып өтірік ұйықтаймын деп шын ұйықтап қалған ғой! - деген Жұмекеңнің дауысынан оянып кеттім де үйге кімдер келді екен деп орнымнан тұрдым.
Арада 28 жыл өткенде күлдіргеніңізге раxмет, Жұмеке! Қазір қараша айы. Қар биыл ерте жауды. Бірақ біздің үйде көктем...
Көңілімнің қырауы кетіп, өткен шақ есіме түсіп, мәз-мәйрам болып отырмын...
19.11.2018 жыл
Жалғасы бар...