2021 жылы ерекше күтілетін фильмдер топтамасы

КИНО
3809

Variety басылымы 2021 жылы ерекше күтілетін фильмдердің топтамасын жасады. Арасында коронавирус пандемиясының кесірінен былтырдан биылға шегерілген релиздер де бар. Биыл тек індеттің залалы азырақ болады, кинотеатрлар жұмысы бір ретке келеді деп үміттенейік. Әйтпесе тізімдегілердің кейбірі тағы да кейінге қалуы ғажап емес.

Сонымен биыл қандай ауқымды, қызық жобалар бар, әрқайсысына жеке тоқталамыз.

Райя және соңғы айдаһар / Raya and the Last Dragon

Disney студиясының анимациялық картинасы Райя деген жауынгер қыз туралы. Ол өзі тұратын Кумандра патшалығын тастап кетуге мәжбүр болады. Қыз әлемде қалған жалғыз айдаһарды іздеп тауып, соның көмегімен құдыретті жауды жеңбекші. Отбасылық мультфильмде мюзикл, фэнтези элементтері бар. Премьерасы 5 наурызға белгіленген.

Америка сапары 2 / Coming 2 America

Эдди Мерфи ойнаған 1988 жылғы атышулы комедияның жалғасы. Бірінші фильмде Америкаға сапарлап келген Африканың бір елінің ханзадасы туралы айтылған болатын. Жаңа фильмде оның кейіпкері араға көп жылдар салып АҚШ-қа қайтып келеді. Ол Замунда тағының мұрагерін – бұрын жоғалып кеткен ұлын іздейді. Премьерасы 5 наурызда.

Өлетін уақыт емес / No Time to Die

Джеймс Бонд дейміз, агент 007 дейміз – атақты шпион туралы киносериалдың 25 фильмі, ал Дэниэл Крэйг осы рөлде бесінші және соңғы рет көрінеді. Сюжетінде Джеймс Бонд қызметін тастап, Ямайкада тыныш қана күн кешіп жатады. Бір күні оның Орталық барлау басқармасындағы досы Феликс Лейтер пайда болады. Әлдекімдердің қолына түскен ғалымды құтқару керек. Бондты қауіпті технологиялық қарумен жарақтанған құпия зұлым күтіп тұр. Басты антагонистті «Оскарлы» Рами Малек ойнайды. Премьерасы 1 сәуірде.

Тым-тырыс мекен: 2 бөлім / A Quiet Place: Part II

Бұл фантастикалық триллердің бірінші бөлімі 2018 жылы шыққан еді. Тықыр еткен дыбысқа жетіп келетін құбыжықтардан қорғанған бір отбасының хикаясы айтылған еді. Сиквелінде отағасынан айырылған осы отбасының әрі қарайғы өмірі баяндалады. Олар қираған үйін тастап, жаңа қауіпсіз мекен іздеуге мәжбүр болады.

Эмили Блант бастаған актерлік құрамға жаңадан Киллиан Мёрфи қосылды. Премьерасы 22 сәуірде.

Қара жесір / Black Widow

Marvel киноғаламының қаһарманына арналған бөлек фильм. Басты кейіпкер – Наташа Романофф «Қара жесір» деген атпен белгілі жауынгер әрі шпион қыз. Картинада оның Кек алушылар құрамына қосылғанға дейінгі өмірі көрсетіледі. Басты рөлде – бәрімізге белгілі Скарлетт Йоханссон. Премьерасы 6 мамырға белгіленген.

Годзилла мен Конгтің шайқасы / Godzilla vs. Kong

Warner Bros. студиясының алып құбыжықтарға арналған фильмдер сериясының кезекті бөлімі. Бұған дейін «Годзилла«, «Годзилла: Монстрлар патшасы«, «Конг: Бассүйек аралы» фильмдері шықты. Төртінші фильмде Годзилла мен Кинг-Конгты бір-біріне қарсы қоймақ. Ауқымды жобаның премьерасы 20 мамырға жоспарланып отыр.

Круэлла / Cruella

1996 жылғы «101 далматин» / «101 Dalmatians» фильмінің приквелі. Басты рөлде – Эмма Стоун. Фильм оқиғасы 1970 жылдары Лондонда өрбиді. Жас модельер Круэлла де Вил ит терісіне ерекше құмар еді, әсіресе далматиндердің терісінен ішік жасауды армандайды. Премьерасы – 27 мамыр.

Форсаж 9 / F9

Бір жылға кешігіп жеткен тоғызыншы «Форсаж». Бастапқыда 2020 жылы 21 мамырда шығуы керек еді. Коронавирус пандемиясына байланысты уақыты бірнеше рет өзгерді. Бұл жолы Доминик Торетто бастаған топ оның інісі Джейкобқа (Джон Сина) қарсы тұрады. Алдыңғы бөлімдегі кибертеррорист Сайфер (Шарлиз Терон) Доминиктен өшін алу үшін екі ағайындыны бір-біріне қарсы қояды. Премьерасы 27 мамырда.

Француз жаршысы / The French Dispatch

Уэс Андерсонның оныншы режиссерлік жұмысы. Комедия элементтері бар драмада ойдан құралған The French Dispatch of the Liberty, Kansas Evening Sun (Француз жаршысы, «Либерти. Канзас ивнинг сан» газетінің қосымшасы) америкалық апталық журналының редакциясы туралы. Бұл басылымның офисы Францияда орналасқан. Актерлік құрамда Бенисио Дель Торо, Эдриен Броуди, Тильда Суинтон, Леа Сейду, Фрэнсис МакДорманд, Тимоти Шаламе, Лина Кудри, Джеффри Райт, Матьё Амальрик, Стив Парк, Билл Мюррей, Оуэн Уилсон, т.б. жұлдыздар бар. Премьерасының нақты күні әзірге белгісіз, жаз айларында шығуы тиіс.

Жын аулаушылар: О дүние / Ghostbusters: Afterlife

1984 және 1989 жылдары шыққан аттас екі фантастикалық комедияның тікелей жалғасы. Оқиғасы екінші фильмнің сюжетінен кейін отыз жыл өткен соң өрбиді. Үшінші фильмде екі баласымен ескі фермаға көшіп келген әйелдің хикаясы баяндалады. Бұл ферма әкесінен мұраға қалған. Балалар фермадан жын аулаушыларға тиесілі болған Ecto-1 автокөлігін тауып алады. Актерлік құрамда түпнұсқада ойнаған Билл Мюррей, Дэн Эйкройд, Эрни Хадсон, Сигурни Уивер, Энни Поттс секілді ардагерлер бар. Премьерасы 9 маусымда.

Биікте / In the Heights

«Бір адым алға» франшизасының екі бөлімін, «Өте бай азиаттар» / «Crazy Rich Asians» драмасын түсірген Джон М. Чудың бұл режиссерлік жұмысы аттас Бродвей мюзиклының желісімен түсірілген. Оқиғасы Нью-Йорктың Вашингтон-Хайтс ауданында өрбиді. Шағын дүкеннің иесі Уснави жергілікті сұлу Ванессаға ғашық. Ол Доминикан Республикасына оралып, сол жақта бар ашуды армандайды. Стэнфорд университетінде оқуын жалғастыруға қаржысы жетпеген Нина әкесінің қол астында жұмыс істейтін Бенниге ғашық болады. Ауданның кәрі тұрғыны Клаудия әжей лотореядан 96 мың доллар ұтып алады. Әлемдік премьерасы 18 маусымда, ал ТМД нарығында – 26 тамызда.

Веном: Карнаждың келуі / Venom: Let There Be Carnage

Sony Pictures кинокомпаниясының блокбастері – 2018 жылғы «Веномның» сиквелі. Режиссер міндетін Энди Серкис атқарды, басты рөлде – Том Харди. Жоба Sony Pictures студиясының Marvel кейіпкерлеріне арналған әлеміне кіреді. Сюжетінің қандай болатыны әлі ресми айтылмады, бірақ аты айтып тұрғандай – негізгі текетірес Веном мен комикс әлемінің танымал суперзұлымы Карнаж арасында болатыны белгілі. Бұл симбиотты Вуди Харрельсон ойнайды. Премьерасы 24 маусымда.

Миньондар: Өскелең Грю / Minions: The Rise of Gru

«Жексұрын мен» франшизасының спин-оффы деп те, «Миньондар» мультфильмінің жалғасы деп те айтуға болады. Миллион жыл бойы зұлым көшбасшы іздеген миньондар ақыры оны табады. Грю әлі жас, әлемді басып алу жоспары да әлі піспеген. Бірақ жексұрын қылықтары жетерлік. Бұның да премьерасы пандемияға байланысты бір жылға кешікті, жаңа датасы 1 шілде деп белгіленген.

Топ Ган: Мэверик / Top Gun: Maverick

Том Круз 1986 жылғы рөліне қайта оралды. «Топ Ган» фильмінің жалғасы арада 30 жылдан астам уақыт өткен соң өрбиді. Бас кейіпкер Пит «Мэверик» Митчелл – әлі де сынақшы-ұшқыш жұмысын тастаған жоқ. Шенінің өскеніне де қарсы, өйткені сүйікті ісін тастағысы келмейді. Жаңа түлектер отрядын арнайы миссияға дайындауға кіріседі. Олардың арасынан қайтыс болған досы Ник Брэдшоудың ұлын кездестіреді. Премьерасы 8 шілдеде.

Шан-Чи және Оң сақина аңызы / Shang-Chi and the Legend of the Ten Rings

Marvel кинематография әлемінің төртінші фазасына кіретін кинокомикс. Басты кейіпкер Шан-Чи – осы киноғаламдағы алғашқы азиат суперқаһарман. Ол «Он сақина» қылмыстық ұйымына жансыз болып еніп, өткен өмірінің қателіктерімен күреседі. Басты кейіпкерді төбелес қойылымдарының шебері Симу Лю ойнайды. Одан бөлек актерлік құрамда Мишель Йео мен Аквафина бар. Премьерасы 8 шілдеге белгіленген.

Ғарыш Джем: Жаңа ұрпақ / Space Jam: A New Legacy

Спорт тақырыбындағы анимация элементтері бар комедия. 1996 жылғы «Ғарыш Джем» фильмінің жалғасы. Картинада тірі актерлер дt, 2D-анимацияда салынған кейіпкерлер де бар. Оқиғасы баскетбол жұлдызы Леброн Джеймс пен ұлы Бронни төңірегінде өрбиді. Премьерасы 15 шілдеде.

Джунглидегі круиз / Jungle Cruise

Эмили Блант пен Дуэйн Джонсон ойнаған қызық оқиғалы фэнтези. Фильмге Диснейлендтегі аттас аттракцион арқау болған. Оқиғасы 20 ғасырдың басында өрбиді. Өзен кемесінің капитаны Фрэнк пен әйел ғалым джунглиге аттанады. Олар емдік қасиеті бар деп саналатын өмір ағашын табуы керек. Кейіпкерлер сапар кезінде қауіпті, жабайы аңдармен күреседі, неміс экспедициясымен бәсекеге түседі. Премьерасы 29 шілдеде.

Суицидшілер жасағы / The Suicide Squad

Джеймс Ганн режиссер болған бұл фильм 2016 жылғы аттас картинаның жалғасы. Десек те концепцияға енген өзгерістерден кейін, актерлер құрамы сақталса да сюжет тұрғысынан бөлектеу фильм болатын секілді. Атауының өзгеріссіз қалып, бірінші бөліммен бірдей болуы тегін емес. Бұрынғы актерлерден Марго Робби (Harley Quinn), Юэль Киннаман (Rick Flag), Джай Кортни (Captain Boomerang) және Виола Дэвис бар. Жаңадан Идрис Эльба (Bloodsport), Джон Сина (Peacemaker), Натан Филлион (T.D.K.), Майкл Рукер (Savant), Алиси Брага (Solsoria), Шон Ганн (Ласка), Сильвестр Сталлоне қосылды. Премьерасы: 5 тамыз.

Кэндимен / Candyman

1992 жылғы аттас фильмнің сиквелі. Кэндимен туралы франшизаның төртінші фильмі. Үрейлі триллер бір қолының орнында ілмегі бар чикаголық маньяк туралы. Ол құрбандарына түнде айна арқылы келеді. Басты рөлде – Яхья Абдул-Матин II. Премьерасы 26 тамызға жоспарланған.

Үш мың жыл күту / Three Thousand Years of Longing

Джордж Миллердің ауқымды жобасы. Драмаға Тильда Суинтон мен Идрис Эльба түсті. Сюжеті туралы нақты ештеңе айтылмады, бірақ экшн-көріністері бар фэнтези-мелодрама екені белгілі. 60 млн долларлық жобаның премьерасы биыл қыркүйекке жоспарланып отыр.

Ньюарктың түрлі әулиелері / The Many Saints of Newark

HBO телеарнасының культқа айналған «Сопрано» / «The Sopranos» сериалының приквелі. Фильм сюжеті сериалда көрсетілген оқиғалардан бұрын, 1960 жылдары өрбиді. Нью-Джерси штатының Ньюарк қаласында афроамерикалықтар саны күрт өсе бастайды. Бұл жағдай жергілікті итальян авторитеттеріне ұнай қоймайды, сол себепті екі әлеуметтік топ арасында конфликт басталады.

Фильм режиссері – «Сопрано» эпизодтарын түсірген Алан Тейлор. Сериалдағы Джеймс Гандольфини ойнаған кейіпкер Тони Сопраноның жас кезі де көрсетілмек. Оны марқұм актердің ұлы Майкл Гандольфини ойнайды. Фильм 24 қыркүйекте шығуы мүмкін.

Шағыл / Dune

Фрэнк Герберттің аттас романының экранизациясы. Сюжеті Шағыл ғаламының бірінші кітабында айтылған оқиғалардың жартысын қамтиды. Оқиғасы алыс болашақта жұлдызаралық империяға қарасты галактикада өрбиді. Бұл әлемде феодалдар тұтас планеталарды иемденіп алған. Пол Атрейдес есімді жас аристократ әскери төңкерістен кейін шағыл тұрғындары – фремендер арасында жасырынуға мәжбүр. Оның отбасы иелік ететін Арракис планетасында дәмдеуіш деген ерекше зат өндіріледі, сол зат ғарыш сапарларын жүзеге асыруға пайдаланылады.

Фильм режиссері – Дени Вильнев. Режиссер «Шағылдың» жаңа экранизациясына талантты актерлерді топтастыра алды. Пол Атрейдес рөліне жас талант Тимоти Шаламе бекітілген. Ол «Оскарға» ұсынылған ең жас актер атағына ие. Одан бөлек Ребекка Фергюсон, Оскар Айзек, Джош Бролин, Стеллан Скарсгард, Дэйв Батиста, Зендея, Шарлотта Рэмплинг, Джейсон Момоа, Хавьер Бардем секілді танымал әртістер бар. Премьерасы 2020 жылы 30 қыркүйек деп жарияланды.


Морбиус / Morbius


Sony студиясының Marvel кейіпкері туралы блокбастері. Майкл Морбиус – қан дертінен өзін емдеймін деп қанішер монстрға айналып кеткен антиқаһарман. Бұл кейіпкер комикс әлемінде Өрмекші-адамның қарсыласы ретінде белгілі. Ал кинода Том Холланд ойнайтын Өрмекші-адамды Marvel де, Sony да өз жобаларында пайдалана алатынын ескерсек, болашақта Морбиустың Питер Паркермен кроссоверін күтуге негіз бар.

Фильмде басты кейіпкерді Джаред Лето ойнайды. Премьерасы 8 қазанға жоспарланған.

Соңғы жекпе-жек / The Last Duel

Ридли Скоттың драмасы тарихи кезеңді баяндайды. Норманд рыцарі Жан де Карруж соғыстан оралған соң көршісі әрі қарсыласы Жак Ле Гри әйелін зорлағанын біледі. Алайда Ле Гридің одақтастары мықты, ал әйелдің сөзіне ешкім құлақ аспайды. Карруж Франция патшасы Карл VI-ден көмек сұрайды. Патша екі тарапты тыңдай келе даудың шешімі әділ жекпе-жек болуы керек дейді. Карруж жеңілсе жалған айып таққаны үшін тірілей өртелмек.

Фильмде Мэтт Дэймон, Адам Драйвер, Бен Аффлек ойнайды. Премьерасы: 14 қазан.

Орындалмас миссия 7 / Mission: Impossible 7

Кристофер Маккуорридің қызық оқиғалы боевигі алдыңғы бөлімдердің сюжетін жалғастырады. Том Круз бастаған негізгі актерлік құрам өзгеріссіз қалды. Бұл франшизаның фанаттары әр бөлім Том Круздың қайталанбас трюктарымен ерекшеленетінін жақсы біледі. Жаңа серияда актер биік құздан мотоциклмен секіреді. Премьерасы 18 қараша деп белгіленді.

Элвис / Elvis

Элвис Пресли туралы Баз Лурманның байопигі. Рок-н-ролл аңызын Остин Батлер деген актер ойнайды. Ол осыған дейін Квентин Тарантиноның «Бір күні Голливудта» / «Once Upon a Time… in Hollywood» және Джим Джармуштың «Өліктер өлмейді» / «The Dead Don’t Die» фильмдерінде көрінді. Одан бөлек актерлік құрамда Том Хэнкс пен Люк Брейси бар. Премьерасы 4 қараша деп жарияланды.

Қорқыныш аллеясы / Nightmare Alley

Гильермо дель Торо режиссер болған Уильям Линдсэй Грешамның аттас шығармасының экранизациясы. Сюжеті жас алаяқ Стэн Карлайл туралы. Ол карнавалда фокус көрсетеді. Бір күні өзін өліктермен сөйлесе алатын адам деп көрсете бастайды.

Гильермо дель Тороның бұрынғы жұмыстарымен салыстырғанда, бұнда фантастика элементтері болмайды. Актерлік құрамда Брэдли Купер, Кейт Бланшетт, Руни Мара, Уиллем Дефо секілді жұлдыздар бар. Фильм премьерасы желтоқсанға жоспарланған.

Уест Сайд оқиғасы / West Side Story

Стивен Спилбергтің музыкалық драмасы 1957 жылғы аттас Бродвей мюзиклінің кинонұсқасы. Ал мюзиклге Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» пьесасы арқау болған. 1961 жылы бір экранизациясы шыққаны белгілі, алайда бұл жолы Бродвей сценариіне көбірек жақын болады деп айтылды.

Сюжет бойынша 1950 жылдары Нью-Йоркте екі көше бандасы болады. Біреуінде Тони деген бозбала, ал екіншісінде Мария деген қыз бар. Бір-біріне жау екі топтың ұлы мен қызы бір-біріне ғашық болады. Премьерасы 9 желтоқсанда.

Өрмекші-Адам 3 / Spider-Man 3


Том Холланд ойнайтын Өрмекші-адам туралы үшінші фильм, әзірге ресми атауы белгісіз. Жоба Marvel киноғаламының төртінші фазасына кіреді, сондай-ақ Sony Pictures студиясының да киноғаламына қатысы бар. Түрлі қауесеттер бұл фильмге бұрын Өрмекші-адамды ойнаған Тоби Магуайр мен Эндрю Гарфилд тартылады дейді. Сондай-ақ Джейми Фокс 2014 жылғы «The Amazing Spider-Man 2» фильміндегі Электро, Альфред Молина 2004 жылғы «Spider-Man 2» фильміндегі Доктор Сегізаяқ рөлін қайталайды деген де хабар бар. Демек «Кек алушылардың» соңғы бөліміндегі мультиғалам идеясы жалғасын табатын секілді. Әзірге премьерасы 16 желтоқсанда деп айтылды.

Матрица 4 / The Matrix 4

«Матрица» фильмдер сериясының жаңа бөлімді Лана Вачовски бір өзі түсіреді. Сюжеті бұрынғы бөлімдер секілді компьютерлік жүйе мен адамдар арасындағы соғыс төңірегінде болады. Нақты деталдері туралы айтылмайды, бірақ бұл приквел емес, бұрынғы трилогияны әрі өрбітетіні белгілі. Басты рөлге Киану Ривз пен Кэрри-Энн Мосс оралады. Жоспар бойынша 23 желтоқсанда шығуы тиіс.

Макбет трагедиясы / The Tragedy of Macbeth

Джоэл Коэннің картинасы Шекспирдің әйгілі трагедиясының желісімен түсірілді. Бір ерекшелігі Макбетті – алғаш рет қара нәсіл актер Дензел Вашингтон ойнайды. Леди Макбет рөлінде Фрэнсис МакДорманд. Сондай-ақ Брендан Глисон (Дункан патша), Кори Хокинс (Макдуф) түсті. Премьерасының нақты датасы әзірге белгісіз.

Soggy Bottom

Пол Томас Андерсонның картинасы. Сюжеті 1970 жылдары Сан-Фернандо аңғарында өрбиді. Басты кейіпкер – жастығына қарамай табысты актерге айналған мектеп оқушысы. Негізгі рөлдердің бірін Брэдли Купер ойнайды. Премьера күні әзірге белгісіз.

Аннетт / Annette

Адам Драйвер мен Марион Котийяр қатысқан француз-америкалық мюзикл. Сюжетте стендап-комик опера әншісі болған жарынан айырылады, сөйтіп екі жасар қызымен қалады. Көп кешікпей қыздың бойынан ерекше қабілет анықталады. Премьерасының датасы әлі жарияланған жоқ.

kinostan.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...