Алматыда «Қазақстандық және әлемдік білім беру контексіндегі заманауи кинотану: мәселелері, тенденциялары мен келешегі» атты Халықаралық форум өтеді

КИНО
1215

Биыл Қазақстандағы кәсіби кинотану мектебіне 30 жыл толып отыр. Сондай-ақ, кинотанудың негізін қалаған кинотанушы, профессор, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нөгербек Бауыржан Рамазанұлы 75 жасқа толар еді. Осыған орай, 2023 жылдың 10 қарашасында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Қазақстандық және әлемдік білім беру контексіндегі заманауи кинотану: мәселелері, тенденциялары мен келешегі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтеді.  

Ұлт руханиятында өшпес із қалдырған Нөгербек Бауыржан Рамазанұлы 1993 жылы Алматы қаласында Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) кинотану мамандығын ашып, кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыс бойынша проректор қызметтерін атқарды, өзінің шеберханасына алғашқы шәкірттерін қабылдап, бірнеше курс шығарды (1993-1997, 1998-2002, 2002-2006, 2006-2010, 2008-2010). Ол қалаған кинотану мектебі тек Алматы қаласында ғана емес, сонымен бірге Астана қаласында да қанатын жайды. 2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінде кинотану мамандандыруын ашып, кафедра меңгерушісі болды, шәкірттер тәрбиелеп (2010-2014, 2011-2015, 2015-2017), ұлттық кинотану саласының кемеңгеріне айналды. Бүгінде Бауыржан Нөгербектен дәріс алған шәкірттері арасында танымал маман иелері жетерлік. Алғашқы түлектері қатарында кинотанушы, кинопедагог Гүлжан Наурызбекова, Нәзира Мұқышева, Гульнара Мурсалимова, отандық БАҚ, теле-радио саласында өзіндік орнын қалыптастырған қайраткерлер Берік Уәли, Бақыт Жағыпар, Нұрбол Алманов, Самал Есенбаева есімдері ерекше атап өтілуі керек. 

Алғашқы буыннан кейін өзге де кинотанушы-кинопедагог мамандар дайындалып, бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етуде. Саналы ғұмырын кинопедагогика саласына арнаған Бауыржан Нөгербек шәкірттерімен бірге кинотану саласында түрлі тақырыпта ғылыми зерттеулер жүргізіп, отандық кинотану мектебін қалыптастырды. 

Бауыржан Рамазанұлы – қазақ ұлттық киносына және оны зерттеу саласына ұшан-теңіз еңбегі сіңген ғалым. «Ертегілерге жан біткенде: Қазақстанның мультипликациялық киносы» («Когда оживают сказки: Мультипликационное кино Казахстана»), «Қазақстан киносы» («Кино Казахстана»), «Қазақфильм» экранында» («На экране «Казахфильм»), «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» («Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино») монографияларының, сондай-ақ «Қазақ киносының тарихы» оқулығының «Қазақ анимациялық киносының тарихы» бөлімінің, 280-ге жуық мақаланың авторы. Еңбектері көптеген шет тілдеріне аударылды.

2020 жылы Гүлжаһан Бекхожина, Баубек Нөгербек «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» кітабын құрастырып, оқырман назарына ұсынды. Ұлттық киноның жанашыры Бауыржан Рамазанұлы өзінің қазақ тіліндегі еңбектерінің оқырманға жетуін армандаушы еді. Аталмыш еңбектің бастамасын кинотанушы көзі тірісінде қолға алып, жұмысқа кірісіп те кеткен болатын. Алайда, бұл еңбегінің баспадан шыққанын көру оған бұйырмады... Кітапта Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері хақында әр жылдары баспасөз бетінде басылған мақалалары мен сыр-сұхбаттары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері жинақталған. Сондай-ақ ұлттық киноның туын көтерген тау тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығы, азаматтық ажары мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттері және дос-жарандары, туған-туыстарының естеліктері берілген. 

Б.Р. Нөгербектің мақалаларындағы, баспасөз беттеріне берген сұхбаттарындағы, зерттеу еңбектеріндегі тұщымды ой-пікірлері мен теориялық тұжырымдары ұлттық кино өнеріміздің бүгіні мен келешегі үшін атқаратын қызметі өте зор. Оның еңбектері шын мәніндегі қазақ кәсіби кинотеория саласының негізін қалады деп айтуға толық негіз бар. Осы ретте кинотанушының ұлттық анимациялық кино туралы зерттеген «Ертегілерге жан біткенде» және қазақ көркемсуретті киносындағы фольклорлық дәстүрлерді тарихи-теориялық тұрғыдан қарастырып, ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы тың көзқарас қалыптастырған «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» атты монографияларын ерекше айтуымыз керек. 

Еліміздің кино өнері тың серпіліспен дамып, әлемдік деңгейде жаңа қырынан танылып, үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Жаңа үрдістерді кәсіби тұрғыда зерттеп, оларға өз уақытында баға беруде кинотану саласының маңызы аса зор. Осы тұста форум аясында Бауыржан Рамазанұлының шәкірттерінің ұйымдастыруымен «Заманауи қазақ киносының мәселелері» атты ұжымдық монографиясының таныстырылымы өтеді. Монографияға заманауи қазақ кино өнеріне байланысты тың деректер, білім берудегі мәселелер мен ғылыми тұжырымдар кеңінен қарастырылған мақалалар еніп отыр. Авторлардың әрқайсысы өз мақаласында ұлттық экран өнерінің өзекті тақырыбын көтеріп, кәсіби тұжырымдар жасаған.

Монографияға Нәзира Мұқышева, Гульнара Мурсалимова, Сәкен Нөгербек, Алма Айдар, Динара Борибаева, Ержан Жұмабеков, Дана Әмірбекова, Ақмоншақ Ахмет, Гүлім Көпбаева, Әлімақын Жанболат, Еңлік Егеубаева, Жұлдыз Жаркенова сынды кинотанушы, кинотеледраматург мамандардың ғылыми жұмыстары еніп отыр. Бұл ғылыми еңбек кино саласы бойынша білім алушыларға, қазақ киносын зерттеп жүрген ғалымдар мен өнертанушыларға, сондай-ақ, жалпы кино өнеріне қызығушылық танытатын оқырманға арналады. 

Сондай-ақ, форум қатысушыларына белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Мұқышева Нәзира Рахманқызы «Қазақ киносының зерттеу мәселелері», кинотанушы, өнертану (PhD) докторы Ергебеков Молдияр «Заманауи кино сынының мәселелері» тақырыбында шеберлік дәрістерін өткізеді. 

Кинотану ғылымын қолдау, кинотанушы студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, бәсекелестікке ынталандыру мақсатында «Кинотану» мамандығының 1-4 курс білім алушылары арасында Бауыржан Нөгербектің ғылыми-шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған байқау ұйымдастырылады. Байқау нәтижесінде жеңімпаз атанған студент Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек атындағы арнайы шәкіртақымен марапатталады.

Ғылыми-тәжірибелік форумға отандық және шет елдік кинотанушылар, кинотеледраматургтер, өнертанушылар, ЖОО профессор-оқытушы құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары шақырылады. 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ, кинотанушы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...