«Алтайдан Анадолыға» деректі фильмі эфирге шығады

КИНО
1162
Елордада «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің көрсетілімі өтті.



«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Отандастар қоры» Түркиядағы қандастар көшінің 70 жылдық тарихына арналған «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің тұсаукесерін өткізді. Елдордада өткен ашық көрсетілімге тарихшылар, зиялы қауым және мәдениет саласының өкілдері мен журналистер қатысты.


Деректі фильмде Тибет, Үндістан мен Пәкістан арқылы өтіп,  Түркиядан пана тапқан қандастар тағдыры,  ұлт тарихындағы ең ұзақ саналатын қазақ көшінің тарихы баяндалады.  Фильм авторы – Азат Рыстанбек. 
Шығармашылық топ түсірілім барысында қазақтар алғаш қоныстанған Стамбулдың Зейтінбұрны және Бағжылар ауданына, Ниде аймағындағы Алтай ауылына және Анкара, Измир, Салихлы қалаларына барып, түрік жеріне алғаш қоныстанған қандастар, көш куәгерлері  Зылиха Қамзақызы, Қалия Әділбекқызы, Арыстан Шәдетұлы, Мансұр Тәйжі және олардың ұрпақтарымен тілдесіп қайтты. 
Деректі фильмге ҚР Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан  Сәпиев, ҚР Стамбулдағы Бас консулы Бейел Әлім, Түркиядағы шетелдегі отандастар және диаспора істері басқармасының басшысы Абдуллах Ерен, Түркиядағы Алтай ауылының әкімі Осман Ойсал, Мимар Синан университетінің профессоры, тарихшы Әбдіуахап Қара, жазушы, «Қаралы көш» романының авторы Жәди Шәкен, түріктің әйгілі тарихи сериалдарына арналған ұлттық киім үлгілерін тігетін қандас кәсіпкер Тұран Баһадүр арнайы сұхбат берді. 



Жобада 1952 жылы 13 наурызда Түркияның сол кездегі Үкімет басшысы Аднан Мендерестің бастамасымен қабылданған тарихи қаулы туралы кеңінен айтылады.
«Жалпы, фильмді түсірудегі мақсатымыз – кейінгі буынға ұлт тарихындағы ең ұзақ, ең азапты көштің мәнін түсіндіру болды. Қиын замандардан өтіп, жат жерде тұрақтауға мәжбүр болған қандастарымыз арада қанша жылдар өтсе  де әлі күнге дейін  елді, туған жерді ұмытпай келеді. Атамекенін аңсаған қандастарға біздің де қамқорлығымыз, ілтипатымыз зор. Әрине, сол заманның ауыртпалығын да, біздің қандастарымызға деген  құрметімізді де бір фильмге сыйғызу мүмкін емес. Мұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бүгінгі фильм де ұлт тарихындағы айтулы көштің 70 жылдығынан бөлек, екі ел арасындағы байланыстың 30 жылдығына арналып отыр», - деді шараның ашылуында Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай. 
Деректі фильмнің телевизиялық нұсқасы «Qazaqstan» арнасынан Тәуелсіздік күні қарсаңында эфирге шығады.

Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы


Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...