Жыл сайын кино саласының үздіктерін анықтайтын Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы «Сыншылар т...
Отандық «Бақыт» фильмі Берлиналеде бас жүлде алды
«Бақыт» қазақстандық көркем фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің (Берлинале) «Панорама» секциясында бас жүлде алды, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Сценарийін қазақстандық журналист Әсем Жапишева жазған. Қоюшы-режиссер – Асқар Ұзабаев, продюсері – Баян Мақсатқызы.
«Панорама» секциясы – негізгі конкурстан кейінгі салмақты жүлде және ол 80-ші жылдары енгізілген. Бұл конкурстың қазылар алқасы киноиндустрияның кәсіпқой мамандарынан емес, шынайы көрермендерден құралады. Олар картинаны көруді аяқтағаннан кейін бірден дауыс береді.
Биыл коронавирусқа байланысты шектеулерге қарамастан, «Панорама» секциясына енген фильмдерді 20 мыңнан астам адам көрген. Биылғы кинофестивальдің аталмыш секциясына 33 елден барлығы 29 картина қатысты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы баяндайтын «Бақыт» фильмі көрермендер мен халықаралық БАҚ тарапынан көптеген жылы лебіз жинаған. Себебі үйдегі озбырлық Қазақстанда ғана емес, бүтін әлемде өткір тұрған мәселе. Сценарий авторлары Әсем Жапишева мен Асқар Ұзабаев материалдарды жете жинақтап, фильм шынайы оқиғаларға негізделіп түсірілді.
«Берлинале жүлдесі – бұл шындыққа айналған менің арманым. Менің ең асқақ тілегім – қоғамның, мемлекеттің және заңның әйелдерге деген қатынасын өзгерту. Бұл – менің миссиям», – деді продюсер Баян Мақсатқызы.
Картинада Қазақстанның шағын қаласында өмір сүріп жатқан отбасы туралы, ұзақ жылдарға созылған тұрмыстық зорлық-зомбылық пен махаббатсыз өмір жайында баяндалады. Күйеуі, әйелі мен олардың бойжеткен қызы – үш негізгі кейіпкер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бар мұңын, ауыртпалығын көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін 72-інші Берлин халықаралық кинофестивалінің Generation (балалар мен жасөспірімдер туралы фильмдер) конкурстық бағдарламасының бас жүлдесін режиссер Фархат Шәріповтің қазақстандық «Схема» фильмі жеңіп алған болатын.