Қазақ жазушысы қолды болған сценарийіне байланысты Мәдениет және спорт министріне ашық хат жолдадыКо...
Бәрекелді, Ким Ки Дук! Кәріс киносы гуманисінің 5-топ фильмі
1960 жылдың 20 желтоқсанында (Оңтүстік Корея) Собенни ауылында бүгінгі таңдағы күллі әлемге танымал режиссер Ким Ки Дук дүниеге келді. Оның өмір жолы қым-қуыт десе де болады. Он бес жасар боз бала кезінде зауытта жұмыс жасаймын деп мектепті тастап кетеді. Одан әрі теңізшілер жаяу әскері қатарына алынады. Тегі, өмірін діни қызметке арнап жүрген еді. Сурет салуға құмар болатын. Парижде білім алды. Ки Дук өзінің алғашқы сценарийін отыздан асқан шағында жазды.
Оның (1996) «Қолтырауын» атты дебюттік фильмінен соң (1996), Азия рухымен суғарылған тым даулы, естен тандырарлықтай және адамгершілікке жат қатыгездік пен поэтикалық әсемдіктің қоспасы араласқан он шақты картинасы жарық көрді. Сіздердің назарларыңызға солардың арасынан, режиссердің ең жарқын деген жұмыстарын ұсынғанды жөн көрдік.
1.Мекен-жайы белгісіз (Address Unknown, 2001)
«Мекен-жайы белгісіз» - соғыстан соңғы Корея тақырыбына байланысты режиссердің ой толғау-драмасы. Жетпісінші жылдардың басы. Қақ айырылған ел, АҚШ әскери базасының маңындағы шағын ауыл.
Оқиға кейіпкерлері – бір көзі аққан қыз, интроверт-суретші және шатыс тұқымды жігіт. Бір қарағанда бір-біріне ұқсамайтын, мынандай жастардың басын біріктірген не нәрсе екенін аңғару да қиын. Ал олардың іс-әркеттерін түсіну мүлдем мүмкін емес сияқтанады. «Мен ауылда өстім, сол хаттар әлі есімде, жерде бей-берекет шашылып жататын-ды. Олар өз иесінің қолына жетпеген хаттар еді. Себебі, әу баста белгісіз мекен-жайға жөнетілген болатын-ды. Бұл хаттарды көбісі: жұлқынған дүлей желдің екпінімен ілесіп ұшып кеткенше, пошта жәшіктерінде сарғайып жатты. Кейде осы хаттардың бірі көзіме түскенде ашып оқуға қатты ынтығатынмын... Қайғы мен үмітсіздік жайлаған оқиғаларды оқыдым. Осы фильмдегі үш кейіпкер мен үшін – өзімнің балалық шағымнан жіберіліп, қолыма тимеген хаттар секілді», - деген еді режиссер, өзінің бір сұхбатында.
Дейтұрғанмен, қатыгездік - оның «тайға басқан таңбасына» айналып, осыншалық күйзелісті баяндай тұра, лента соңында көрерменнің жүрегіне ауыр салмақ түспейді. Керісінше, Ки Дуктің сағынышы арқылы: әбден қажыған адамдардың кейіп-кеспірлері, саршілде сағымда тербелген табиғат өте әсерлі әуенмен шебер көмкеріліп – адамгершілік пен жанашырлық сонау үңгір түбінен жылтыраған күн сәулесі тәрізді, мөлдір мұңлы үміт нышанында қылаң береді.
2.Жағалау күзеті (The Coast Guard, 2002)
Бұл, «Жағалау» атты лентадағы кейіпкердің өңеші мен жыныс мүшесіне балық аулайтын ілгектің қадалғанын суреттейтін, режиссер фильмографиясындағы ең қатыгездік көрініс болып саналады. Мүмкін сіз, «Жағалау күзеті» фильмінің 19-шы минутындағы эпизодты ұмытып қалған шығарсыз, әлде көрмеген де боларсыз. Бұл жерде көздің сәл ғана тыржың еткені байқалып, ары қарай «сарбаз - жануарлар әлемінің эволюциясындағы соңғы нүкте», «соғыс - өрескел қателіктер каталогы» тектес, әлемдік тарих пен әдебиеттегі алуан түрлі жан қиналыс ассоциациялары орын алады.
«Зорлық-зомбылық - маңызды қуат көзі. Мен не айтып отырғанымды жақсы білем, мен көп таяқ жедім. Ұрмаған кісі жоқ: әкем де, көшедегі балалар да, полицейлер де төбеледі, флотта да жұдырықтан көз ашпадым. Осындай күш көрсетудің салдарынан екінші бір жаңа дүние оянатынын ұқтым», - Осы сөзіне Ким Ки Дук өзі де нанады. «Жағалау күзетіндегі» зорлық-зомбылық осы әлемнің өзі тәрізді өте көне: «қапы кету», біреуінің өмірін, екеуінің санасын алған, есі ауысқан қыз, рота сарбаздарының астына кезекпен жату, «топтасқан зорлау». Кинодағы саяси жөн-жосықтың бәрін аяққа таптап, әрдайым тепе-теңдікті бұзып, көреремендердің жүйкесін шектен шыға шытырлататын Ки Дуктың қатыгездігі – жарықтың жарық екенін тануға мүмкіндік беретін жай ғана көлеңке іспетті еді.
«Осы киноны түсіріп жатқанда, біздің әскер жағдайының айтарлықтай еместігін және көп нәрсенің бұрыстығын аңғардым», дейді Ки Дук. Әскер деген не? Ақылға қонбайтын бұйрықтар, жоқ жауды жою, жаппай естен адасу, осының барлығы қорыта келгенде – жаны жайсаң адамдардың азап шегуіне әкеп соғады. «Казармалық триллер», сан сапалақ феминистердің қарғысына ұшырады, ал «The Coast Guard» туындысы біздің тізімдегі соғысқа қарсы фильмдер аталымында лайықты орын алып тұр.
3.Көктем, жаз, күз, қыс... тағы қайта көктем (Spring, Summer, Fall, Winter... And Spring, 2003)
Осы «Көктем, жаз... » фильмінен бастап, режиссер зорлық-зомбылықты тікелей дәріптеуден алшақтай бастайды. Көрермен басты қаһарманның тағдырына ортақ болып, оның балалық, жасөспірім, бозбала, ержету мен есейу шақтарына куә болады. Жыл мезгілдері бір-бірін ретімен алмастыра береді... Аталмыш фильм өз кезеңінде Rotten Tomatoes сайтында сыни пікір бойынша рейтинг 95 дәрежесіне ие болып, көңілдің өткір зерін буддизм мен жалғаннан мән-мағына іздеген адам жаққа бұрғаны режиссердің соны қадамы деп саналаған-ды.
Жыл маусымының алмасуы циклдік түрде: табиғаттың қайта түлеп, түрленгенін көреміз, оның өсіп-жетілуі, ескіріп, жоққа айналуы. Көл жағасындағы үйшікте отырған мұғалім мен оқушы да осыны көреді. Соңғысының көрер көресі алдында – құмарлық, көзжұмбайлық және бұйырған азапты өткеріп барып айығу арқылы, көзі ашылу тосып тұр.
Будда тас мүсіншесінің алдында тапжылмай, сағаттап отыру, түнді түнге соғып «ағаш ою», үнсіздік, қос ауыз ғана сөз, үнсіздік және қайта ой тұңғиығына шому сияқты біркелкі салттық рәсімді - батыстық өркениет адамының қабылдай қоюы екіталай. Қарап отырып, осының бәрі қазіргі кезде ме, әлде өткен бір ғасырда болып жатыр ма деген ойға қаласың. Ал негізінде осы екеуді сырт дүниеден - су бетінде қалқыған сиволикалық есік қана айырып тұр.
Сонымен қатар қарапайым және күрделі фильмнің бар болмысы: таза энергия, тылсым тыныштық пен гармонияға толы - режиссер жұмысындағы сирек кездесетін інжу-маржан. Ал Ки Дуктің финалда көрінуі – көрермендерге арналған сый-тарту іспетті болды.
4.Бос үй (Empty House, 2004)
Бұл да тағы бір астарлы кино әңгіме, «Бос үй» картинасы, көрерменді - үй иесі қыдырыстап кетіп, бос қалған жайды баспана еткен, мылқау секілді мінезі оғаштау бір кейіпкермен таныстырады. Ол бөтен үйде: тек біреудің төсегіне жатып, тамақ ішіп қана жүрген жоқ, сол үйдің бұрындары бүлінген бұйымдарын жөндеумен де шұғылданады. Қабырғадағы фотографияларды тамашалап, соның тұсына тұрып, өзі де суретке тартылады. Тағы бір «бос үйлердің» бірінде қаһарман соры қайнаған бір әйелді жолықтырады. Біртүрлі кісілердің арасында екеуара ортақ түсінік туып, түн ішінде мотоциклмен әлдеқайда сапар шегеді.
Әрине, Ки Дуктен әдемі романтикалық оқиғаның нюанссыз аяқталуын күту қисынсыз болар еді. Расымен де өте керемет оқиға – бұл жерде бір адамның екінші адамға деген іштен тұнған қызығушылығы, көл болған көздің жасы мен ыстық құшақтың үлбіреген нәзіктігі, - солай болғанымен де бұған махаббаттың еш қатысы жоқ-тын. Десекте, махаббат - бұл картинаны толықтырып тұрған бір қанат екені даусыз.
«Ғашықтың тілі тілсіз тіл» демекші, бұл екеуінің арасындағы қыл сезім - ешқандай сөз бен ымсыз-ақ өз бетінше оянып еді. Бір-біріне бауыр басқан жақын адамдардың өзі жеме-жеме келгенде зұлымдықтың иесі болып шығады; әп-әдемі көрініп жылтыраған бет-жүздің ар жағында аяусыздық пен қорлау және өкініштің жасырылуы әбден мүмкін. «Әр бақытсыз отбасы өздерінше бақытсыз», ал қарапайым пенде үшін махаббат дегеніңіз – әншейін қиял ғана. Кей сәттерде ол соншалықты реалды көрінуі мүмкін... ал қолыңды созсаң – уысың сағымға ғана толады.
5.Ширатылған садақ (The Bow, 2005)
Теңіз бетіндегі жалғыз баржа. Анда-санда келіп кететін балықшыларды есептемегенде, онда екі адам отыр – шал мен бойжеткен. «Бұл сенің атаң ба?» деп сұрайды балықшылардың бірі қыздың бөксесіне қол жүгіртіп қойып. Шын мәнінде ол оның жолдан тапқан олжасы, шал - қыздың болашақ күйеуі. Араларындағы орасан жас айырмашылығына және күннен күнге шөктіріп бара жатқан кәрілікке қарамастан, шал үйлену тойларына қанша күн қалғанын күнтізбеден қадағалап, санаумен келеді... Қалай дегенмен он жыл бойы асырап-жеткізіп келе жатқан жоқ па...
Алайда, бұл картинаны тең емес неке туралы оқиға ретінде бірбеткей қабылдауға болмайды. Бұл жерде өмірдің сусыған құм тәрізді тұрлаусыз екенін және өзіңе тиісті емес нәрсеге ие болып, оған әсер ете алмайтындығыңды білдіретін астарлы әңгіме айтылады; сондай-ақ, дәстүрлі керенау салттың бірте-бірте кеберсіп, әлсіреп, бара жатқанын ашық көрсетеді. Бұдан шығар жалғыз ғана жол бар. Ол – қылқынып өлу. Алғашқы сәтінен контрасты, «дәмді-өте дәмді» суреттерімен адамды елітіп әкететін бұл фильм, көрермендер көкейінде: жарқын бейнелерімен, символдарымен, сарқылмас сағынышымен және медиативтік көңіл күйімен есте қалады. Әрине, сонымен қатар шығармаға поэтикалық әр беретін музыкасы мен көркемдік толыстығын да атап өткен жөн.
Такеши Китано сияқты Ким Ки Дукті де өз елінде аса жақтырмайды. Оларды экспортқа «матрешка сатып жүрген» әлдкімдер деп есептейтін сыңайлы. Бұл, режиссердің шығармашылығына деген тым үстірт көзқарас. Шын мәнінде көрерменді сыңаржақты түрде кім пайдаланды – трагедия қоюшы ма, әлде қарабайыр мелодрамашы ма?
Ежелгі Грекияда бірінші вариантты жоғары бағалады. Бүгінгі таңда Ки Дуктің фильмографиясында 23 шақты фильм жинақталған; осы таяу арада ғана «Адам, орын, уақыт және тағы да адам» атты жаңа туындысы жарық көрді; біздің жұрт назарына ұсынған бестік – «зорлық жыршысы» шығармашылығының азғантай ғана бір бөлігі. Егер осы режиссердің өзіңізге ұнайтын еңбегі жайында айтқыңыз келсе, мархабат.
Дайындаған З. Самалбекұлы