Ең талапшыл көрермендер – балалар, және ең шыншыл актерлер, тағы да балалар деп тегін айтылмай...
Тұрар Рысқұлов жайлы тарихи сериал жарық көреді
Жақын күндері «Almaty» телеарнасында Тұрар Рысқұлов жайлы «Қызыл жебе» сериалы экранға шығады. Режиссері – Жасұлан Пошанов.
Қазақ халқының ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловқа тарихи сериалы түсіріліп бітті.
Фильмде 20-шы ғасырдың басындағы Патшалық ресейден кеткеннен кейінгі қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңі баяндаламақ. Түсірілім тобы сол кездегі қазақ зиялыларының ел ертеңі үшін атқарған еңбектерін көрсетті.
Сериалдың продюсері Ілияс Ысқақов: «Сол кезде Түркістан республикасын және Алашорда мемлекетін құру деген мәселелер көтерілді. Тұрар мен алашордалықтар арасындағы келіспеушіліктер де осы фильмде айтылады. Дегенмен негізгі идея Рысқұловты сол уақыттағы ұлт жанашырларынан бөліп-жару емес, барлығының ойы қазақ елін қалай жеке мемлекет етеміз дегендерін көрсету болды. Алашорда, Түркістан республикасы боламыз дегендердің барлығы қазақтың болашағын, ертеңін ойлады. Жер тұтастығын сақтап қалу болды, міне сол жолдағы қиян-кескі күресін көрсеткіміз келді. Фильмді түсіру барысында Тұрардың әкесі Рысқұлды қамтыдық. Өйткені Рысқұлсыз Тұрар жоқ. Әкесінің атылуы және Тұрардың бірге түрмеге түсуі бар. Одан кейін Тұрарға әкесі «арың мен көйлегіңнің жағасын кірлетпе» деп айтқан сөзі бар, оны да қамтыдық. Сондықтан Тұрар өзін жоғары ұстауы, ардың және жан тазалығына үлкен мән бергені сол әкесінен деп көрсеттік».
Аталмыш сериалда Тұрар Рысқұлов жайлы бұған дейін айтылмай келген біраз тың дүниелер көрсетілмек. Әсіресе, Түркістан мемлекетін құру жолында Тұрардың Мұхамеджан Тынышбав, Мұстафа Шоқаймен кездескен сәтеттері фильмде көрініс алады.
Туынды он бөлімнен тұрады. Фильмде Тұрардың балалық шағы, орта жас және Түрксіб темір жолын салуда атқарған еңбектері қамтылған.
Сценарий Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармасы желісімен жазылғандықтан, Шерағаның образы да фильмге енген.
«Шерхан Мұртаза ағамыздың рөлі де фильмде қамтылды. 1970 жылдың аяғы 1980 жылдардың басында Шерағаңа «Рысқуловчина» деп тиіскен. Яғни, оның жазушы, сыншылармен арадағы шиеленісті сәттері де осы фильмде айтылады. «Қызыл жебе» совет үкіметінің идеологиясы еді ғой дегендер де болды. Біздің ойымызша бұл жерде «Қызыл жебе» деп отырғанымыз Тұрардың өзі. Шерағаң жылқы арқылы Тұрардың образын берген, яғни ол қызыл жебедей ағып өтті. Тұрар түрмеде жатқанда оған ылғи Қызыл жебе келеді. Ал, атар алдында қызыл жебе одан кетеді. Елес болып, тастап кеткенде Тұрар өзінің өлетінін түсінеді. Сонда «Қызыл жебе» оның рухы, ұстанымы» – дейді І.Ысқақов.
Фильмде Тұрар Рысқұловтың рөлін – Сырым Қашқабаев, әкесі Рысқұлды – Еркебұлан Дайыров, Шерхан Мұртазаны – Алдабек Шалбаев ойнайды. Жобаның жетекшісі, идея авторы – Нұржан Жалауқызы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен түсірілген аталған фильм қазан айының 11-нен бастап «Almaty» телеарнасынан көрсетіледі.
Аталған телеарнаның басшысы Нұржан Жалауқызы жаңа маусымда ел Тәуелсіздігіне арналған бірнеше жаңа жобалар көрсетілетінін жеткізді. Оның бірі Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихының сырын ашатын «Алматы: Тәуелсіздік белестері» деректі фильмі. Онда белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, педагогтар мен қоғам белсенділері мемлекеттің қалыптасуындағы қызықты деректерді бөліседі.