Голливудты бағындырған 13 жастағы қазақ қызы

Фото: әлеуметтік желіден

КИНО
275

Әлемдік киноиндустрияға жол табу – кез келген актер үшін үлкен сынақ. Ал 13 жастағы отандасымыз Аяжан Далабаева бұл жолды ерте бастап, Голливудтағы беделді студиялармен жұмыс істейді. АҚШ-та өз жолын тапқан жас актриса қазірдің өзінде Netflix, Warner Bros., Universal Pictures және Blumhouse секілді ірі жобаларға қатысып, Қазақстанның атын халықаралық деңгейде танытып жүр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz el.kz-ке сілтеме жасап. 

Аяжан тіпті NBA-ның 75 жылдығына арналған арнайы промороликке де түскен. Астанада дүниеге келіп, кішкентай кезінен Америкада тұратын оның алғашқы кастингтерден бастап Голливуд жұлдыздарымен бір кадрда өнер көрсетуі мыңдаған ата-ананың баласына армандаған жолының нақты үлгісін көрсетіп отыр.

Аяжанның мансабы жылдам қарқынмен басталды. Актрисаның алғашқы көзге түскен рөлі The G Word with Adam Conover атты шағын сериал. Бұл жоба оған жаңа мүмкіндіктердің жолын ашты. Кейін ол Miracle Workers сериалында Дэниэл Рэдклифф және Стив Бушеми сияқты жұлдыздармен бір алаңда жұмыс істеді.

instagram.com/officialayazhan

Әлемге танымал Netflix жобасы Sweet Tooth телехикаясында Нуки есімді кейіпкерді сомдауы оның танымалдылығын одан әрі арттырды. 2024 жыл Аяжан үшін шынайы серпіліс жылы болды. Blumhouse және Universal Pictures студияларының «Night Swim» («Проклятые воды») қорқынышты фильмінде үлкен экранға алғаш шықты. Фильм жақсы кассалық нәтиже көрсетіп, сыншылардың назарын аударды, ал жас қазақстандық актрисаның ойыны ерекше бағаланды.

Аяжан өзінің әлеуметтік желісінде түсірілім алаңынан әсерлі сәттерді жиі бөлісіп отырады. Сондай сәттердің бірі – Дэниел Рэдклиффпен бір кадрда түсуі. Халықаралық Гарри Поттер күні актриса әлеуметтік желіде мынадай жылы жазба қалдырды:

Бұл сиқырлы халықаралық Гарри Поттер күні сіздермен түсірілім алаңындағы Дэниел Рэдклиффпен болған ерекше сәтімді бөліскім келеді. Әлемге қаншама керемет сыйлаған адаммен жұмыс істеу – мен үшін үлкен құрмет. Дэниел, сіздің қарапайымдылығыңызға, әзіл-қалжыңыңызға және өз болмысыңызды жоғалтпай, шынайы болғаныңыз үшін алғыс айтамын. Бұл сәт менің есімде мәңгі қалады, – деп жазды.

Жас актрисаның өрлеу жолы шетелдік аудиторияны ғана емес, оның Голливудтағы жетістіктерін жіті бақылап жүрген қазақстандық көрермендерді де қызықтыруда.

Аяжан Далабаева Астанада дүниеге келген. Бір жас сегіз айында отбасы АҚШ-қа қоныс аударғанымен, ол Қазақстан азаматтығын сақтап қалды. Анасы Айнұр Аманчиева оның шығармашылыққа жақын екенін ерте байқаған. Айнұрдың өзі он жыл бойы халық билерімен айналысып, түрлі концерттер мен мәдени іс-шараларға қатысқан. Ол да бір кездері киноға түсуге армандағанымен, бұл арманын толық жүзеге асыра алмаған.

Шығармашылық қабілет қыздың кішкентай кезінен-ақ байқалған. Ән айтып, айна алдында билеп, өзі видео түсіріп жүретін көрінеді. Бірақ анасы ешқашан қысым жасамағанын айтады.

instagram.com/officialayazhan    

Мен оған ән айту немесе актерлік өнерді күштеп таңа алмаймын. Ол бәрін өз еркімен жасайды. Күнде ән айтады, айна алдында билейді, видеолар түсіреді, шығармашылыққа тұрақты қызығушылық танытады. Ал кастингке баруды ұсынған – мен. Оның бойынан қабілетті көрдім. Алғашқы кастингтердің өзінде қаншалықты сенімді тұрғанына таңғалдым, – дейді анасы.

Анасының айтуынша, қызының айқын азиялық келбеті кейбір кастингтерде шешуші рөл атқарған. АҚШ-та кастингтерде жас, келбет және кейіпкердің этникалық сипаты жиі көрсетіледі.

«Night Swim» фильміне азиялық қыз іздесе, «Sweet Tooth» жобасына гибридтік халық өкіліне ұқсайтын бала керек болған.

Мысалы, «Night Swim» фильмінің командасы арнайы азиялық тектен шыққан қыз іздеді. Ал «Sweet Tooth» жобасында кейіпкер белгілі бір байырғы халықтың келбетіне сай болуы керек болды. Әрине, сыртқы бейне басты фактор емес. Камера алдында жұмыс істей білу, актерлік шеберлік бәрінен маңызды. Аяжан осы талаптардың барлығына сай келді. Оның «экзотикалық» келбеті тек қосымша артықшылық, негізгі басымдығы – таланты, – дейді анасы.

Голливудта жас актриса қанша табады?

АҚШ-та жас актерлердің еңбекақысы жақсы төленеді әрі қатаң реттеледі. Айнурдың айтуынша, бір түсірілім күніне 700-1000 доллар және одан жоғары алуға болады. Ал сериалдың бір эпизодына 5-10 мың доллар көлемінде ақы белгіленеді. Одан бөлек актриса кинотеатр немесе прокаттан, кинотеатрлардан да, Netflix сияқты стриминг платформаларынан да пайыз алады.

Ең маңыздысы – балалар табысын қорғау. Калифорниядағы Coogan заңы бойынша табыстың 15-25%-ы 18 жасқа дейін қол жетпейтін арнайы шотқа аударылады. Қалған ақша отбасының қолында болғанымен, көбінесе білімге, курстарға және баланың дамуына жұмсалады.

Қазіргі уақытта Аяжан нақты жобаға бекітілмегенімен, кастингтерге қатысуды, актерлік курстарға баруды жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерге дайындалып жүр. Соңғы жаңалықтар бойынша жас актриса 2025  жылы Portland Festival of Cinema, Animation & Technology фестивальінде панельдік талқылауларға қатысады деп жоспарланған. Бұл оның анимация және технология саласындағы мүмкіндіктерін көрсетуге арналған, бірақ нақты рөлдер әлі жарияланбаған.

instagram.com/officialayazhan

Мен әлемдік деңгейдегі нағыз жұлдыз болғым келеді әрі ешқашан тоқтамақ емеспін, – дейді жас актриса.

Ал анасы өзінің арнайы жобасымен айналысуда. Америкада баласын модель немесе кино саласына бағыттағысы келетін ата-аналарға арналған толық нұсқаулық дайындап жатыр.

Бірнеше жыл бойы ақпаратты үзіп-жұлып жинадым, кастинг талаптары, индустрияның нюанстары, америкалық жүйенің ерекшеліктері. Енді осы тәжірибемді жүйелеп, басқа отбасыларға мен тап болған қиындықтарды айналып өтуге көмектескім келеді, – дейді ол.

Голливуд сияқты орасан бәсекелі ортада өз орнын табу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі жол. Алайда 13 жасар Аяжан Далабаева бұл жолды үлкен талпыныспен, табиғи талантпен және жан-жақты қолдаумен бағындырып келеді. Оның өнерге деген шынайы қызығушылығы, еңбекке деген адалдығы және отбасының сенімі жас актрисаның болашағына берік негіз қалап отыр. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...

ЖАҢАЛЫҚТАР

IBHOF жыл сайын әлемдік боксқа елеулі үлес қосқан спортшыларды марапаттайды, деп хабарлайды MadeniPo...