Қыркүйектің 26 мен 29 аралығында Парижде өткен Қазақ киносының фестивалі аясында Ш.Айманов атындағы...
Олардың атын ұмытуға хақымыз жоқ
Актерлік өнерге көз жүгірте бастасам болды, бірден талантты актер Кененбай Қожабеков еске оралады. Мүмкін тән азабына қарамастан елінің зор жеңістеріне қауана білген оның оқшау тұрар адамшылығы, таптырмас төзімділігі, рухани күш-қуаты шығар менің есіме себепсіз түсе беретіні.
Актер Кененбайды көре алмасам да, түскен фильмдері арқылы жақсы таныдым. "Аласталған Алитеттегі" Аэ, «Біз Жетісуданбыздағы» Нартай, «Шабандоз қыздағы» Айдар, «Менің атым Қожадағы» Рахманов ағай, «Қасқырлар апанындағы» Бабахан, одан басқа да біраз фильмдерге түсіп, ондағы дара кейіпкерлерімен тарих беттеріне таңбаланып қалды.
Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрынан М.Әуезов атындағы драма театрына ауысқалы жатқанда қатал тағдыр оны темір арбаға аяусыз таңып қойды. Небәрі отыз бір жаста. Құдай-ау, адамның ілгерілеу кезеңі осы жастан басталмай ма? Осындай талантты адамның қара терге түсіп жұмыс істейтін тұста темір тұғырының ебедейсіз дөңгелектеріне тәуелді болып қалғаны қандай өкінішті. Басқа түскен тауықметтен Шоқанды, Хлестаковты, Гамлетті сахнаға шығарамын деп жүрген жоспарының күлталқаны шықты. Құнанбайдың бейнесінде көрінемін деп күн санап жүрген түпкі ойы да өксік отына оранды. Осылайша бар асыл арманы темір арбаның үстінде арман күйінде қала берді. Отыздан енді асқан Қожабеков бұл ауыр сынақты отыз жылдан аса көтерді. Сол аралықта кісенделген нәпсінің қалай шырылдағаны өзіне ғана аян болғаны мəлім. Яғни, «өнерім» деп безек қаққан елгезек жан үшін отыз жыл аза уақыт емес. Азапты уақыт. Театр сахнасынан тыс қалу, өнер иелеріне ауыр соққы болып тиеріне ешкімнің күмәні болмасын. Жаратушының жазғанына көніккен Кененбай артық-ауыс айтылған сөздерден, ту сыртынан қадалған оқтардан, опасыздықтардан қорықпады, оған мойымады. Ол, одан да асып түсетін, адамның сағын сындыратын – елемеушілік деп ұқты. Расында да, адамзат қоғамындағы барлық аярлық, сатқындық, ұсақтық осы бір елемеушілікке кірерін ескермеппіз. Бірақ, ардақты тұлғаның жанында жанашыр достары Ш.Айманов, С.Қожықов, А.Қарсақбаевтар болды. Жұрттың көз алдына жүрген Қожабековты халықтың қошеметінен қол үздірген жоқ. Сүйсіндіртті, қол соқтырды. Əр фильмге түсу оның жағдайында арпалысқа толы болса да, көрерменді күйіндірген жері болмады. Достарының ықыласы мен қамқорлығы оны қанаттандырып отырды. Қамықтыруға жол бермеді.
Біз беймақ, көбінде денсаулықтың, уақыттың қадірін түсіне бермейміз. Тасқа ұрынған аяқтың барына тәубе етпей, сүрініп кеткеніміз үшін шала бүлініп, шүкіршілігімізді ұмытып кетіп жатамыз. Кейде жеке басының болмашы сәтсіздіктеріне налып, шаладай бықсып жүретіндер жетерлік. Ондайларың мына өмірден түңіліп, баз кешіп кеткісі бар. Осыған байланысты Кененбай «Егер де менде солардың денсаулығы, мына кең дүниені алшаңдап басып жүретін мүмкіндігі болса не істер едім? Мен жәй жүрмес едім, мен оқша зымырар едім, ешкім тоқтата алмас еді. Мүмкін Москваға қарай құстай ұшқан поездың тұтқасынан ұстап, жүгірген болар ма едім. Москваға тіке кочегаркаға кірер едім де пештің көмейіне тойғанынша көмірден асатар едім. Мен әбден құмарым қанғанша жұмыстан кетпес едім, мазасыз адамға айналар едім...» деп шерін жеткізген болатын. Шығармашылық қабілетін сарқа жұмсауға шексіз мүмкіндігі бола тұра енжарлық таныту қылмыспен тең екенін, марқұмның осы тобықтай сөзінен ой түюге болады.
Батыр Баян бейнесінен кейін үлкен жол апатына түсіп, Кененбайдың күйіне еніп, Қожабековтың халінде отырған талантты актер Жұмахан Әбдіқадыров ағамызға да Алла жар болсын. Егер, Тәңір тән саулығын нәсіп еткенде, олар сомдаған талай кесек-кесек қаһармандарымен қуана қауышар едік. Әттең... Қиындықты жеңгеннен артық қуаныштың жоқ екенін, осы адамдардың күн сайын өткен, өтіп жүрген жолынан анық аңғарамыз. Олар өзін ізсіз жоғалтуға мүмкіндік бермеді, ендігі жерде олардың атын ұмытуға хақымыз жоқ
Айзат Қадыралиева