Ақын Жанна Ерекинаның поэзиясындағы күз тақырыбы

Фотосурет автордан

ӘДЕБИЕТ
96

СҮМБІЛЕДЕ САҒЫНЫШ

Қазіргі қазақ лирикасында адам жанының ішкі иірімдерін табиғатпен астастыра жырлайтын ақындар аз емес. Солардың бірі –  Жанна Ерекина. Оның поэзиясы ең алдымен өзіндік үнімен, табиғи болмысымен ерекшеленеді. Жаннаның өлеңдерінде қазақы сөз саптау, ұлттық бояу, табиғат пен адам жанын сабақтастыра суреттейтін дәстүрлі поэтикалық өрнек бар.

Ақын тілінің шұрайлылығы, образ жасаудағы дәлдігі, сезімді жеткізудегі сыршылдығы мен қарапайым сөзге терең философиялық мағына сыйғыза білу шеберлігі оның өлеңдерінің мазмұнын тереңдете түседі.

Жанна Ерекина поэзиясына күз тақырыбы етене жақын. Ақын өлеңдеріндегі күздің реңі бөлек. Оның әр бояуында адам ғұмыры бар.

Жаннаның «Қоңырауын қағып келді қара күз...», «Күз оралды» және «Қарашы. Тағы күз келді» атты өлеңдері ақынның мұң, сағыныш және уақыт туралы толғанысын әр қырынан танытатын өзара үндес туындылар. Үш өлеңде де күздің образы ішкі сезім мен жан толғанысын ашатын негізгі көркемдік арқауға айналған.

Алдымен алғашқы өлеңді оқиық.

Қоңырауын қағып келді қара күз.

Бір құпия екеуміздің арамыз...

Байқайсың ба, өмір өзі бір бөлек,

Ал біз?

Біз өлеңде ғанамыз.

 

Құс қатары тізбектелген – жоралғы,

Аспанымның сәні бар-тын... жоғалды.

Жыламсырап Ай батысқа жылжыды,

Сұр төбеде – Сүмбіле. Күз оралды.

 

Өмірімнің осы шағы – екінді.

Жүрегімде сырлар жатыр не түрлі,

Қараторғай салған әнде мұң ғана,

Ал өлең ше?

Көшіп кеткен секілді.

 

Сезім мен ой тапқан қашан үйлесім?

Күнбатысқа беттеп көңіл күймесі...

Сағым жыры мөлдіреген сағыныш

Ал сен?

...өлең үшін сүймеші...

 

Қоңыр өлең.

Сұр Сүмбіле.

Қара күз.

Бір құпия екеуміздің арамыз...

Күннен-күнге жақын болып барамыз.

Күннен-күнге алыс болып барамыз.

Өлең дейсің...

Өмір сүргім келеді...

Ал біз?

Біз өлеңде ғанамыз.

Біз бұл өлеңнен ақынның уақыт пен өмір туралы философиялық ойларын тереңірек тануға мүмкіндік аламыз.

«Қоңырауын қағып келді қара күз...» деген атаудың өзінен өлеңнің эмоционалдық өзегі аңғарылады. Бұл жерде ақын табиғат құбылысына кейіптеу тәсілі арқылы жан бітіріп жіберген.

Оқырман өлеңнің алғашқы шумағынан құпия психологиялық кеңістікке еніп кеткендей әсер алады.

Шығарманың негізгі философиялық арқауы сол бірінші шумақта жатыр. Өмір – бір бөлек, өлең – бір бөлек. Бірақ екеуінің арасында ажырамас байланыс бар. Ақынның поэтикалық қуаты да осында. Ол күрделі философиялық ойды ауыр теориялық тұжырыммен емес, қарапайым, табиғи сөздермен жеткізе білген. «Ал біз?» деген қысқа сұрақтың өзі өлеңдегі ішкі драматизмді күшейтіп тұр.

Жалпы, Жанна Ерекинаның тілінің шұрайлылығы осындай тұстардан көрінеді. Ол сөзді көп қолданбайды, бірақ әр сөзге салмақ салады. Көп нүкте, қысқа тармақ, тосын сұрақ – бәр-бәрі лирикалық кейіпкердің толқынысын ырғақ арқылы жеткізіп тұр.

Өлеңнің келесі шумағы табиғат көрінісі біртіндеп мұңға боялғандай әсер қалдырады.

Құс қатары тізбектелген – жоралғы,

Аспанымның сәні бар-тын... жоғалды.

Жыламсырап Ай батысқа жылжыды,

Сұр төбеде – Сүмбіле. Күз оралды.

Мұндағы «жыламсырап» сөзі табиғатқа адам бойындағы сезімді дарытып, лирикалық кейіпкердің ішкі көңіл-күйін аспан кеңістігіне көшіріп жіберген. Бұл – кейіптеу мен психологиялық параллелизмнің шебер ұштасуы.

Ақынның табиғатты суреттеуі көбіне ұлттық поэтикалық таныммен сабақтас. Анау зеңгір көк, құс жолы, Сүмбіле, күзгі салқын – мұның бәрі өлеңде сыртқы пейзаж ғана емес, адамның ішкі әлемін ашады. Жалпы, Жанна Ерекина поэзиясындағы ұлттық танымға негізделген маңызды бейнелердің бірі – осы Сүмбіле.

Қазақтың дәстүрлі күнтізбелік танымында Сүмбіле жұлдыз атауы ретінде белгілі. «Сүмбіле туса, су суыр» деген сөз бар.

Сондықтан:

«Сұр төбеде – Сүмбіле...» деген жолды табиғат суреті ретінде қабылдау жеткіліксіз. Сүмбіле – күздің келгенін, уақыттың басқа арнаға ауысқанын білдіретін астарлы образ.

Ал ақынның поэтикалық әлемінде оның мағынасы тереңдей түседі. Сұр аспан, күзгі салқын, алыстағы жұлдыз – бәрі бірігіп, лирикалық кейіпкердің көңіліндегі мұңды, жалғыздықты, сезімнің суынуын, үміттің көмескіленуін аңғартып тұр.

Өмірімнің осы шағы – екінді.

Жүрегімде сырлар жатыр не түрлі...

«Екінді» – күннің еңкейген мезгілі. Бірақ ақшам туа қойған жоқ. Жарық бар, жылу бар. Тек күн батуға таяу. Сол себепті ақынның «екіндісі» – өмірдің аяқталуы емес, өмірдің белгілі бір белесіне жетудің көркемдік нышаны.

Осы арқылы жастықтың албырт шағынан өтіп, адамның өткенге есеп беретін, уақыттың қадірін тереңірек түсіне бастаған рухани кезеңін меңзейді.

Екіндіде жарық бар. Демек, мұнда мұңмен қатар үміт те бар. Өмірдің өткіншілігін сезіну – өмірден түңілу емес, керісінше, оның әр сәтін бағалай түсу. Осы тұрғыдан алғанда ақын «екінді» арқылы уақыт философиясын ықшам, әрі дәл танытатын білген.

Жанна Ерекина өмірді өлеңге айналдыра отырып, өлеңнің өзінен өмірді іздейді. Сол арқылы оның ақындық қуаты танылады.

Өлеңнің ең әсерлі тұстарының бірі – жақын мен алыстың қатар берілуі дер едік.

Күннен-күнге жақын болып барамыз.

Күннен-күнге алыс болып барамыз.

Бұл – антитезаға құрылған психологиялық параллелизмнің өте ұтымды үлгісі. «Жақын» мен «алыс» – бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар. Бірақ ақын оларды қатар қойып, адам қарым-қатынасының күрделі қайшылығын ашады.

Адамдар рухани жағынан жақындай түскен сайын, тағдыр оларды өмірде бір-бірінен алыстатуы мүмкін. Ал кейде адамдар физикалық тұрғыдан жақын болғанымен, рухани жағынан бір-бірінен тым алшақтап жатады. Сондықтан бұл жолдардан жеке сезім сырын ғана емес, адам болмысына тән парадоксты көреміз.

Жалпы, Жанна Ерекинаның ерекшелігі – сезімді дайын қалыпқа салмай, оның ішкі қайшылығын сақтап беруінде. Сондықтан оның өлеңдеріндегі сезім біржақты емес. Мұңның ішінде үміт, сағыныштың ішінде жылу, жалғыздықтың ішінде жан тыныштығы бар.

Ақынның «Күз оралды» деген өлеңі бірінші туындыдағы көңіл-күйді уақыт философиясы тұрғысынан тереңдете түседі. Онда оқиық.

Күз оралды.

Солды соңғы гүл еппен,

Құс жолынан мұң үзіліп,

Дір еткен.

Сағыныш бер

Сақта, Құдай, біздерді

Сүйе алмайтын жүректен!

Көрмесін деп ойлады ма жасымды,

Ақ сұр бұлттар

Айды тағы жасырды.

Тоқтататын, айтыңдаршы, кім барсың

Өтіп жатқан ғасырды?!

 

Дүниені қараңғылық тербетіп,

Айтшы, неден жасырындың

Жер беті?

Тынып қалған

Осы түнге ұқсайды

Жалғыздықтың келбеті.

 

Түн ішінде

Бөлек күздің ырғағы.

Көктегі әуен жалғайтындай мұңға мұң.

Қайран, өмір, қалқып кетіп барасың

Қанатында тырнаның.

 

Талмай ұшып

Жетсе екен деп елге аман,

Тілек тілеп жатқан шығар кең далам.

О, Тәңірім, сыңсуындай құстардың

Бір сағыныш бер маған!

 

Әуен ұзап

Сендіреді келем деп

Солай,

Солай

Мен сезімге сенем көп.

Сағыныш бер!

Мен кеткенде келмеске

Қалсын Өмір Өлең боп!

Бұл өлеңде де күздің суығы мен адам жанының мұңы астасып жатыр. «Соңғы гүлдің солуы», «құс жолынан мұңның үзілуі» арқылы ақын сағыныш пен уақыттың өткіншілігін қатар суреттейді.

Өлеңдегі «Сағыныш бер» деген тілек ерекше мәнге ие. Ақын сағынышты азап ретінде қабылдамайды. Керісінше, сағынышты адамның жүрегін тірі ұстайтын рухани қуат па дерсің!

Өлеңнің келесі шумағында уақыт мәселесі тіпті айқындала түседі.

Көрмесін деп ойлады ма жасымды,

Ақ сұр бұлттар

Айды тағы жасырды.

Тоқтататын, айтыңдаршы, кім барсың

Өтіп жатқан ғасырды?!

«Өтіп жатқан ғасырды» тоқтатқысы келетін сауал – уақыт алдындағы адамның шарасыздығын көрсетеді. Ақын бір сәтті, бір сезімді, бір адамды сақтап қалғысы келеді. Осы тұста «Қайран, өмір, қалқып кетіп барасың» деген негізгі жолдың мәні ашылады. Өмір шіркін тоқтаусыз қозғалыстағы құбылыс.

Тырна – қазақ поэзиясында алыстау, қоныс аудару, туған жерге деген сағыныш секілді ұғымдармен сабақтасатын дәстүрлі образ.

Ақын үшін тырнаның қанаты – уақыттың да, сағыныштың да қанаты. Өмір сол қанатқа ілесіп, алыстап бара жатқандай.

Сол тырнаның елге аман жетуін тілеген ақын:

«Талмай ұшып

Жетсе екен деп елге аман,

Тілек тілеп жатқан шығар кең далам», – дейді.

Мұнда жеке адамның сағынышы кең дала, ел, туған жер ұғымымен астасып кетеді.

Өлеңдегі тағы бір әсерлі образдардың бірі:

«...Тынып қалған

Осы түнге ұқсайды

Жалғыздықтың келбеті», – деген жолдар.

Бұл жерде жалғыздық дерексіз ұғым болудан қалып, нақты бейнеге айналып кеткен. Тыныш түн – адамның ішкі жалғыздығының көркем баламасы іспетті. Жанна Ерекинаның өлеңіндегі жалғыздық – өз жүрегінің үнін тыңдауға мәжбүр болған адамның рухани күйі дейтініміз содан.

Екінші өлеңнің соңындағы:

«Сағыныш бер!

Мен кеткенде келмеске

Қалсын Өмір Өлең боп!», – деген жолдар екі туындының да идеялық түйінін жинақтап тұр.

Ақын үшін сағыныш – өмірді өлеңге айналдыратын рухани қуат. Адам кетеді. Уақыт өтеді. Күз қайталанады. Бірақ сезім өлеңде сақталады.

Бұл ойымызды Жанна Ерекинаның мына бір мұңға толы өлеңі бекіте түседі.

Қарашы.

Тағы күз келді.

Күлімдеп күн.

өте шықты

Жаз-ғұмыр

жүгірмек бір...

Қауырсынын қатпаған жылыта алмай

Су бетінде бала қаз дірілдеп тұр.

 

Білесің бе?

Бұл күзде басқа бәрі

Күз оралса көңілім жасқанады.

Кездеспейтін жандармен ендігәрі

Күз ішінде

қоштасу басталады.

 

Күз бейнесі

көркем деп айтпа маған,

Күзде тылсым тұнады жайтқа ғалам.

Құс жолымен ілесіп кеткен әкем,

Қарашада қаздармен қайтқан анам.

Күз келгенде

дүние мүлде бөлек.

Айту оңай тағдыр деп, бірдеңе деп.

Тырналарға бет бұрған жылы жаққа

Оралсын деп кигіздім жыр-кебенек.

 

Күзде алыстап кетеді күлкі менен

Жел жанымды жауратып 

Сілкілеген

Оттан, судан, бәрінен:

Тіпті өлімнен

Сен сақтайтын болсаң ғой, шіркін, өлең.

 

Күз осындай

Күйігі мүлде бөлек

Жұбанамын тағдыр деп, бірдеңе деп.

Ұясындай иесіз қалған құстың,

Шұрық-тесік жүрегім

Кімге керек?!

 

 «Күзде алыстап кетеді күлкі менен» деген жолдар оның ішкі күйзелісін, жан жарасын аңғартады. Әсіресе «Құс жолымен ілесіп кеткен әкем, Қарашада қаздармен қайтқан анам» деген тармақтардан ата-анадан айырылудың ауыр қасіреті сезіледі. Ақын бұл қайғыны тікелей баяндаудан гөрі, күзгі табиғаттың құбылыстары арқылы астарлап жеткізеді.

Тағы бір ұтымды образ:

«Тырналарға бет бұрған жылы жаққа

Оралсын деп кигіздім жыр-кебенек».

«Жыр-кебенек» – өлеңнің ең тосын әрі есте қалатын метафораларының бірі. Бұл жерде поэзияның әлсіздікке емес, ажалға қарсы тұратын рухани күш екені байқалады.

 «Сен сақтайтын болсаң ғой, шіркін, өлең» деген жолдарда ақын өлеңді жанын сақтайтын, мұңын жеткізетін рухани медет ретінде қабылдайды.

Ал соңғы шумақтағы:

«Ұясындай иесіз қалған құстың,

Шұрық-тесік жүрегім

Кімге керек?!», – деген жолдар өлеңді бірден жеке мұңнан экзистенциялық сұраққа көтереді. Бүкіл өлең бойы күзді сырттай бақылаған лирикалық кейіпкер соңында өз жүрегіне үңіледі. Әуелде табиғаттағы дірілді байқасаңыз, соңында сол дірілдің адамның өз жүрегінде екенін түсінесіз.

Ең бастысы, өлеңнің соңындағы «Кімге керек?!» деген сұрақ жауап күтпейді. Оның күші де сонда. Өлеңнің тілі бейнелі, мұңды интонация басым.

Жанна Ерекинаның бұл үш өлеңі де – күз табиғатын суреттеу арқылы адам жанының ең нәзік иірімдерін ашатын сыршыл туындылар.

Ақынның басты ерекшелігі – сыртқы табиғат пен ішкі сезімді бір-бірінен бөлмей суреттеуі. Күз суыса, сезім суыйды. Табиғат мұңайса, адам да бірге мұңаяды. Бірақ осы мұңның түбінде өмірге деген үлкен құштарлық жатыр. Сол үшін «Өмір сүргім келеді» деген ішкі үн – Жанна поэзиясының ең басты идеялық түйін.

Күзгі жапырақ жерге түскенімен, оның сыбдыры көңілде қалады. Өлең де сондай. Қағаз бетіндегі соңғы жолы аяқталғанымен, ақын жүрегінде өмірін жалғастыра береді.

 

Мұхарбек Жәкейұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұстаздар күніне орай білім беру саласының бірқатар қызметкерін мемлеке...

PESTEL

Өзбекстанның Жызақ облысында 10 жастағы балаға екі ай бойы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық...