«Жұмысқа қайта аламын деп уәде берді»: Жаңаөзенде мұғалім директордың үстінен шағымданды

коллаж MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
102

Жаңаөзен қаласындағы №15 мектептің бұрынғы бастауыш сынып мұғалімі Зағипа Ерсайынқызы директордың қысымынан жұмыстан кеткенін мәлімдеді. Ал мектеп басшысы Байбол Есбосинов бұл ақпаратты жоққа шығарып, педагогтің өз еркімен қызметтен кеткенін айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Мұғалімнің айтуынша, жұмыстан кеткеніне бір жыл болғанда ол бұрынғы директорын мектепке жаңадан қабылданған әйелмен бірге көлікте отырған жерінен видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желіге тарағаннан кейін тараптар арасындағы дау ушыға түскен. Зағипа Ерсайынқызының сөзінше, директор бейнежазбаны өшірген жағдайда оны бұрынғы қызметіне қайта қабылдауға уәде берген. Алайда кейін полицияға бопсалау туралы арыз түсірген.

«Қазір үстімнен шағым жазған, бопсалады деген. Кеше арыздарымен таныстым, көбісі өтірік мәліметтерді жазып берген. Оған қоса өзінің келіншегін де арызға қосқан. “Сен әлеуметтік желіде видеоның жалған екенін айт, менің қазір отбасым күйреп тұр, менің өмірім сенің қолыңда тұр” деген соң, солай келістік. Еркекше келісті», – дейді Зағипа Ерсайынқызы.

Ал мектеп директоры өзіне қатысты айтылған айыптауларды жоққа шығарып, мұғалімнің жұмыстан өз еркімен кеткенін алға тартты. Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Өсербай Табынчаевтың айтуынша, №15 мектепте бос орын болмағандықтан, педагогке басқа білім беру мекемелерінен жұмыс ұсынылған. Алайда мұғалім бұрынғы қызметіне оралғысы келетінін жеткізген.

Сондай-ақ білім бөлімінің басшысы бейнежазбадағы әйелдің мектепке қосалқы қызметкер ретінде қабылданғанын және кейін жұмыстан кеткенін хабарлады. Қазіргі уақытта мектеп директоры еңбек демалысында. Оның мәселесі Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте қаралмақ.