Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысы «Ақ...
Ауыл тынысы – қариялардың жүрегімен соғады
Фотосурет ЖИ
(көркем-публицисикалық очерк)
Ауылға демалысқа келгеніме он күннен асты. Артта екі мың шақырымдық жол: Қазақстаным мен Ресейдің көркем табиғатты неше сан қала, елді мекені қалды. Одан бері қарай да көзге бұлдыр сағым ойнатып, көкірекке шер жинаған Өлгей мен Дэлүүнімнің ыстық құшағы, табаныма төселген алақаны жатыр. Қазір өзім көп суреттейтін Хүйтэн салаа-да (Суықсай) әлдилі әнімді естіп, балалығыммен қайта табысудамын.
«Мен сенің ұлыңмын, сен өсірдің, сенде ер жеттім», – деп еркін айта алатын әлемдегі жалғыз жер – осы аядай ғана жөргегім. Тәлейіме жазылған айнымас белгі. Сондықтан да әр қоштасу – қимастығымды арттырып, әр кездесу – сағынышымды үдетеді. Мұнда да сарыла жетіп, мауқымды басқаным кеше ғана еді. Жақындарымның аман-саулығын біліп, жүз көріскеннен кейінгі уақытым – тау-тас кезу, ескі жолдың торабын қайталау, ел тірлігін бақылаумен өтуде.
Біздің қыстау – осы тұйық сайдың табалдырығында орналасқан. Күңгей бет босағаның соңғы сілемі Көктұмсық деп аталады; сайдың кіреберіс қақпасы әрі жолаушыларға жөн сілтейтін бағыт-бағдары. Көктұмсықтың күңгейге қараған қос жыралы, шағын қойнауында біздің жалғыз үйлі қыстауымыз отырады. Бейне Тыныштықбек көкемнің «Тау ішінде жалғыз үй есінегені» іспетті.
Қыстаудың қарсы беті – айналасы тай шаптырым межелі жазық, шаппалық алаңдар. Сай өзенінің кей тұстарының өзегі қарауытып көрінеді. Бұрынғыдай арнасын кере, сіресіп қататын шыңылтыр мұзы жоқ. Соңғы жылдары қара су ерте үзіліп, қызыл су жайылып, жылым да жүрмейтін болған. Бала күнімізде өзен бойының әр жерлерінде жылым жүріп, қызылсу жайылып, кішігірім мұзайдын орнап жатушы еді. Біз сияқты ойын тентектерінің қысқа күндегі ермегі… Табанымызды тоздыра, балақ-жеңімізге мұз қатып, кешке үйге қайтатынбыз. Қазір сол мұзайдын да, шана тепкен тентектер де жоқ. Өзен бойы тым сүреңсіз, жүдеу…
Есімді білгелі осы жалқы тамды қыстауда алтайлық қысты өткеріп, жайлауға шығатынбыз. Бәрі қаз-қалпында: көзімді аша көрген көк аспаны, ішіне жер-әлемнің сырын бүгіп, үнсіз көшер бұйра бұлттары; Алтайға қарай сілемдене биіктей беретін доғал-доңғал таулары, жон, жота, қырат, бел, белегір, қуыс, қойнау, төскей, бөктер, мойнақ, жартас, қорым, жыра-жықпыт, өзек, суағар, жылға, ескі сүрлеулі жолдар – бәрі дерлік өткен өмірімді елестетіп, кескін жасап, тізбектеледі. Алғаш көргенімдегідей ап-айқын. Көз салсам-ақ, сыр тиегі ағытыла жөнеледі. Менің сағынатынымды білетіндей, олар да әр қарасымды қалт жібермейді. «Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің!»
Талай жылғы қоздаған сағынышым маған даламен сырласуды үйретті. Әсіресе осы сапарымда анығырақ байқалғандай. Бұрын ызың құрап толастамайтын бораны мен желі – табиғат құбылысы ғана емес, құлақ түріп тыңдайтын үніме айналғандай; ал екі бетіме ине шаншып, бой мұздата, уытын тарататын ызғары мен аязы да – жансусар, ішкі өрттің қайырымындай аңғарылады.
Маған өзгергендей көрінген – ауыл тірлігі. Жұпыны, жүдеген. Малы да, жаны да. Сол күні қыстау іргесінде отырған қариялардың бірімен тілдесудің сәті түсті. Жасы жетпістен асқан Қали ақсақал қолындағы таяғына сүйеніп, сай жаққа ұзақ қарап тұрды.
– Бұрын бұл маң бос болмайтын, – деді ол күрсініп. – Әр сайдың ішінде бірнеше ауыл, әр ауыл кемі 5-6 түтіннен құралатын еді… Қазір соның орны ғана қалды…
Жаппай ел ішінің келбеті десем де, артық емес. Жүдемей қайтсын: ауыл маңынан ағараңдап көрінетін – шал-кемпірдің төбесі. Баба тіршілігін жіптей жалғап отырған да осы қариялар. «Білім, ғылымның заманы», – деп қала кезген (қатарында мен де бармын) қай баласын ауылға әкеліп, малға салсын. Жоқ, өйтпейді! «Солар оқысын, жетсін, көрсін» – көптен көңілдеріне бекіткен түйіні. Бар үмітін қалаға аттандырып, қуыс кеудесіне уайымы мен сағынышын толтырған ақеділ жандар. Самай шаштары бурыл тартып, күн мен желге тотыққан жүздерінде бейнет пен кәріліктің әжімі қатпарланса да, қайраттары қайтып, күштері кемімеген. Кең көсілген даласындай дархандығын жоғалтпаған.
– Біз кетсек, бұл ауылды кім ұстайды?.. – деп Қали ақсақалдың таусыла, мұңайғаны есімде қатты сақталыпты. Ал, өздері ше? Тәңір тілеулерінен айырмаса, ата кәсіптің ғұмырын келте етпек емес. Анығында, Алаштың өзге ұлыстарында өткен ғасырда үзілген көшпенділіктің ғұрпын, мәдениетін жиырма бірінші ғасырдың сахнасына «тірідей» алып келген осы азғантай қазақ еді. Мен кейіптеп отырған қарттар сол тарихтың куәлары, басты кейіпкерлері, өкініштісі – соңғы майталмандары. Күйінесің де, сүйінесің…
Бұл желтоқсан айының аяқ шені еді. Таулықтар үшін қыстың қаһарын әлдеқашан көрген, несіне болса да дайын қалыпқа енген мезгіл. Соңғы бораннан кейінгі жыра, қабақ, теріскей мен бөктерлердегі үйме-үрме қарлар болмаса, көзге көрнеу айналада жолға бөгесін болар омбы жоқ. Бұрнағы бір жылдары мұндай жұқа қарда жонның сарысы бұрқырап, етік басын сипап жатар еді. Қазір керісінше… Осы жылы ғана емес, соңғы екі-үш жылдың қатары – көк жетілмей, жаздың да сұрқы қашулы. Бұл жағдай бар жантағын даладан табатын мал үшін, ал тамағы мен несібесін малдан айыратын қыр қазағы үшін – уайымның үлкені. Осыдан келіп халық көңілінде күйзеліс те орнаған. Әйтеуір, бір Алласына сенген адалдығымен, бабадан қалған қайсарлығымен берілмей, бір үмітін бір үмітке жалғап, айды жылға толтыруда.
«Көше беру еншіме тиіп пе еді?..» – дей ғасырларға базына айтып, ел айырылған сонау жылдан бері көші де тоқтаған емес. Көшіп те жатыр. Көшуді бір ойлап, кіндік қаны тамған, ата-бабасының басы қалған киелі мекенді қимай, «аһ» ұрып отырғандар да бар. Алыс кетпей, ел ішінде күнелтуді көздеген көп қауым бұл күнде сұмын (аудан) орталығынан бастап, Өлгейге дейін (аймақ орталығы), тіпті ел астанасына да қоныстана бастаған.
Аталған ел ішінің қозғалысы мен толқуы мені жүдеген ауыл кейпіне тағы оралтады. Бұрынғы топты, шоғырлы ауылдар таусылған. Көп дегені екі-үш үймен толықса, әйтпесе бір таудың қуысында бір үйі ғана қалған ауылдар да молынан көзге ұшырайды. Көзге анық көрінетіні – ауылдың малы өскенмен, жаны кеміген, ортайған.
Менің ауылым да аталған хәлді бастан кешуде. Ойлап отырсам, менен кейінгі екі буынның қалаға кетуімен ауылдың да базары тарқаған екен. Қысқасы, бір кездердегідей көң қораны шаңдата ойын қуатын, беткейдің сүрі қарын жалтырата сырғанақ тебетін балалар тобы тарқаған… Ауылға қарасты бес үйдің арты енді хат танып, алды бозбалалыққа қадам басқан бес-алты баласы үй іргесінен онша аулаққа ұзамайды. Бұрынғыдай ауыл итін шәуілдетіп жалғызды, топты ары-бері сабылып жататын атты жолаушыны күн ұзақ отырсаң да кездестіре алмайсың. Олардың орнын жол жаңартқыш темір тұлпарлар басқан. Дүрілдетіп, гүрілдетіп ауыл арасына солар із салмаса, мына елдің бір-біріне қатынасы үзілген дерсің. Иә, қора маңында байлаулы тұратын қылқұйрықтардың орнын машина, мотоцикль басқан. Әр ауыл, тіпті үй басында осы екі көлік қатар тұратын болған. Енді қалай ат әкеліп, оны ерттеп, мініп, тебініп, қамшылап жатсын?... Дайын көлік – мінді де, кетті, барды да, келді. Бұзылып-жарылып, сынбаса – одан жеделі жоқ. Мұндағы түйін, қазір аттар – қой кезек үшін ғана мініледі, әредік, жылқы-сиырдың жай-күйін білуге жон тауға шығады. Өнге уақытта теріскейде тебіндейді де тұрады.
Сондай-ақ, дамыған заман келбетінің айқын көрінісі – сымсыз байланыс екені белгілі. Қазіргі уақытта, оның толқыны жетпеген тау қойнауы аз қалды. Осы қолжетімділік, ауыл қарбаласын біршама жеңілдеткені айтпаса да түсінікті. Жоқ қарап, ауыл кезудің де қажеті жоқ. Немесе, соны сылтауратып қызды ауылды торуылдаудың да реті кеткен. Ұлы ағартушы Ыбырай бабамыз, «Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызды», – дегендей, бәрін үйде отырып естисің, жеткізесің. Содан келіп, жоғары да айтқанымдай, адамдардың көрісуі азайған. Қарым-қатынасы сиреген. Ағайынның басын той-томалақ, өлім-жытым қоспаса, «бір туғаным», «жамағайыным» деп шалғайдан жолаушылайтын күндер келмеске кеткен. Кімді кінәлап, кімді сөгерсің?! Өзі қариялардың күшімен жібі жалғанып жатқан тіршілік болса...
Иә, ауыл өмірінің тынысы – қариялармен жалғасуда. Бейне жүректерімен бірге соғатындай, тағдырлас секілді сезіледі. Жолсапарымның түйіні соған саяды. Өйткені жаһандық урбанизация ауылдағы буынаралық байланысты үзді. Жас буынның бәрін қаладан табасың. Түтінін жалғар, мұрагер ұрпақ қалаға кеткен сайын, бұл кең даланың үні бәсеңдей түскендей. Бір кезде тіршілігі қайнаған мекен енді баяу тыныстайды. Көзге көп көрінбейтін, бірақ іштей үзілмей жалғасып жатқан бір өмір бар. Ол – осында қалған адамдардың тірлігі, олардың күнделікті еңбегі, үнсіз ғана арқалап жүрген жауапкершілгі...
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
Әдебиет және өнер музейінің
ғылыми қызметкері.
Көкшетау қаласы.