Дүкен Мәсімханұлының «Алтын қалам» сыйлығын алғандағы сөзі

Фотосурет Дүкен Мәсімханұлының әлеуметтік

ӘДЕБИЕТ
141
Қазақ ақыны Дүкен Мәсімханұлының Аустралияның Сидней опера театрында Халықаралық ақындар Пен клубының «Алтын қалам» сыйлығын алғандағы сөзі. madeniportal.kz бұған дейін ақынның бұл сыйлықты алғаны туралы хабарлаған болатын.
Ардақты ақындар!
Құрметті қонақтар!
Ханымдар мен мырзалар!
Қайырлы күн!
Ең алдымен Халықаралық ақындар Пен клубының бағалаушыларына, және бүгінгі салтанатты кешке қатысып отырған барлық қонақтарға, Қазақ елінен жалынды сәлем!
Мен Орта Азияда орналасқан Қазақстан Республикасы дейтін елдің азаматымын!
 
 
Залда отырған көпшілік, біреуіңіз білерсіз, біреуіңіз білмессіз... Менің туған халқым Қазақ ұлтының өзіне ғана тән дара, өте бай ұлттық мәдениеті бар. Тіпті қазақ халқының Өнер, Мәдениет, Әдебиет туралы ой-пікірлері де өзгеше! Мәселен, «Өнер алды қызыл тіл» дейді қазақ мақалы. Яғни қазақ халқы сөз өнерін барлық өнер-мәдениет салаларынан жоғары қояды. Сол үшін де тарихта қазақ қоғамында ақын-жазушының орны мен рөлі айырықша болып келді. Соған байланысты болса керек, ертеректе қазақ жастары арасында ақын-жазушы болуды армандайтындар өте болатын. Алайда ақын-жазушы болу - армандағанның бәрінің басына қона беретін бақыт құсы емес еді. Өйткені қазақ халқының ұғымында сөз өнерінің киесі де, иесі де бар құбылыс болып есептеледі. Демек, қазақ халқының қаламгері болуға «еңбек» пен «таланттың» үлес салмағы 50/50 болуға тиіс. Атап айтқанда, біздің халықта басын тауға да, тасқа да ұрып, өлермендікпен «ақын-жазушы» болғысы келетін «талапкерге» жол жоқ. Алайда соңғы ширек ғасырда интернеттің адамзат өміріне дендеп кіруі, одан қала берді ЖИ-дің өз күшіне енуі - таза адами парасатпен жасалатын шығармашылыққа белгілі деңгейде нұқсан келтіріп отырғаны жасырын емес. Соның кесірінен аққу мен ақ қазды, мыс пен алтынды айыру қиынға түсіп барады. Дегенмен Мен, адамзат бұл мәселені шешудің де бір жолын табады деп сенемін!
 
 
Қазір де, тіпті бұрын да қасиетті «поэзия атызын» арамшөптер басып кеткеніне қарамастан, талантты ақындар еш қашан сол қасиетті «поэзия атызынан» баз кешіп кеткен емес. Тіпті таза таланттар өзінің әлеуметтік жағдайы тым мүшкіл халде болса да, немесе байлық пен мансапқа мелдектеп отырса да, қаламын бір сәт те қолынан тастаған емес! Бұның сыры неде?!
Бұл сұраққа қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы: «Сөз өнері дертпен тең» деген анықтама берген болса, қазақтың тағы бір талантты ақын-композиторы Біржан Қожағұлұлы: «өнерді бойға біткен іркіп болмас» деп жауап берген болатын. Демек, сөз өнері шығармашыл тұлғаға атаның қанымен, ананың ақ сүтімен келетін, қазіргі тілмен айтқанда ген арқылы берілетін ұлы қасиет!
Ал ген арқылы сөз өнері дарыған шығармашыл тұлға ғана қаламды қолға алады делік... Ендеше ол өлеңді (немесе проза) зады неге, не үшін жазады?! Бұл да әлемдік әдебиетші ғалымдар мен шығармашылық психологиясын зерттейтін ғалымдар арасында әлі күнге дейін нүктесі қойылмай келе жатқан мәселе!
 
 
Бұл мәселеде Мен орыстың әйгілі ақыны Н.Некрасовтың «Ақын болу-болмау – өз еркің, азамат болу – борышың» деген ұстанымын толықтай құптаймын! Өйткені ақын осыны түсінгенде ғана өзінің АДАМ ретіндегі, АЗАМАТ ретіндегі міндетін толық сезініп, адамдық ар-ожданын асқақ ұстап, АҚЫН деген атқа лайық болуға ұмтылады. Демек АҚЫН болу - ойыншық емес! Ол туралы Қазақ халқының аса талантты тағы бір ұлы ақыны Төлеген Айбергенов ақын болудың қиындығын:
 
Ақын боп өмір кешу оңай дейсің бе, қарағым,
Аузында болу, бұл өзі сыздаған барлық жараның, - деп сипаттаған болатын.
Бұл ретте, ақынға жеке басын ғана күйттеуді былай қойып, өз ұлтын ғана сүю, туған халқының ғана мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудың өзі - аз!
 
 
Өйткені Жер шары – адамзаттың ортақ үйі! Тағдыр әртүрлі нәсілдерді, этностарды және тілдерді жаратқанымен, адам баласы көптеген ортақ құндылықтарға және ортақ тілге ие. Мысалы, барлық адамдар қуанғанда күледі, қайғырғанда жылайды, ашуланғанда қабағын түйеді... және барлығы жас ұрпақты аялайды және ата-аналарын құрметтейді. Барлық адам бейбіт өмірді және өз Отанын жақсы көреді. Қолына қалам ұстап жүрген әр қаламгер, өзін саналы азаматпын деп есептейтін әр бір тұлға бұл қағиданы білуі керек, және жер бетіндегі әр бір адам, әр бір ұлт бір-бірін түсінуі керек десек, бұл тұрғысынан келгенде, мәдени алмасу мен әдеби шығармашылықтың рөлі мен қозғаушы күші өте маңызды.
 
Себебі әдебиет – ақынның ішкі сезімі ғана емес, ұлттың үні! Адамның жандауысы. Осы себепті түрлі елдерде өмір сүріп жатқан адамдар көбінде бір-бірін әдебиет арқылы түсінеді. Әдебиеттің өз ішінде өткір және кемел стилімен жазылатын поэзия әдебиетте ерекше рөл атқарады. Сондықтан қазақтың ұлы ақыны Абай айтқандай, қай елдің ақыны болмасын, ол талантты ғана емес, сонымен қатар адам баласының бәрін «өз бауырым» деп сүйе білуі керек!
 
Ендеше Біз бұған қалай қол жеткізе аламыз?!
 
Бұл мәселеде де Поэзия бізге көмектесе алады, өйткені поэзияның шынайы мәні - қарапайымдылық пен талғампаздық. Поэзия – жауынгер жанр ғана емес, идеялар мен эмоцияларды білдірудің тиімді тәсілі.
 
Сондықтан әлемнің ақындары, біздің бәрімізді ӨЛЕҢ байланыстыра алады. Әсіресе, бүгінгі адамзат бұрын-соңды болмаған күрделі жағдайда өмір кешіп отыр. Біз ортақ үйіміз — Жер шарына қауіп төндіріп отырған кикілжіңдерге, экологиялық апаттарға, мазасыз және дүрбелең дәуірге қалай ықпал етеміз? Қазақ ақыны һәм сіздердің достарыңыз ретінде айтарым, біздің миссиямыз – Өзіміздің поэзиялық шығармаларымыз арқылы бүкіл әлемге, күллі адамзатқа өзінің алаңсыз өмірін, бір-біне деген ізгілігі мен махаббатын қайтару!
Мен өз поэзиямның бұған дейін де осы бағытқа көбірек арналғанына қарамастан, алдағы күндерде осы бағытқа арнап, тұтас бір жыр кітабын жазу жоспарым бар. Оны да ерте ме, кеш пе, күллі адам баласының назарына ұсынғым келеді.
 
Қорытындылай келе, Қазақ ақынына әлемдегі ең беделді поэзия сыйлығы – «Алтын қалам» сыйлығын берген Халықаралық ақындар Пен клубына, оның басшылығына және клубтың сыйлық тағайындау жөніндегі комитетіне шын жүректен алғысымды білдіремін!!!
 
Залдағы баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!!!
 
Құрметпен,
Дүкен Мәсімханұлы
Австралия. Сидней опера театры
2025 жылғы 7 желтоқсан.
author

Дүкен Мәсімханұлы

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал журналист Жанат Жақсыбайқызы шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлады MadeniPortal.kz. Ол Атыр...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Көші-қон заңнамасын сақтау аясында болу тәртібін бұзған 40 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, деп...