* Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе? Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде... Жария оқырмансың жұрт ал...
Мұхамет Тілеубай. Бала күннің бағыты (Әңгіме)
Фотосурет автордан
Жаз жайлау. Екі босағасын жағалай тау көмкерген, төрін – Алтайдың асқар шыңдары құрсаған тұйық сай. Осы бір таулы, қыратты, қуыс-қойнаулы, ойдым-ойпатты, дөңді, жыра-жықпытты сайдың қақ ортасын жарып арнасы тары, ағыны қатты асау өзен ағады. Өзен бойы жағалай тіршіліктің мезгілді көріністері. Көшпелі тұрмыстың сырын білетін жанға бәрі етене таныс. Күнгей бет боғасағының бөктерінде Алтайға бағытталған ескі сартапты соқпақ пен қос бедері көлбейіп жататын ирелеңдеген машина жолы. Міне, осы жолдар сізді де, мені де жайлау төріндегі біздің ауылға адастырмай апарады. Жол бойы сіз екеуміз: әуелі, есік-терезесі теріскейге қарсы, ақталған тоқал тамдар мен үйшік, қоралы, төбел қашалы аумақты қыстауларды көрсек, сәл жүріп; қоржын тамдар мен тошалы үйлі шағын күзеулік мекендерден өтеміз. Сапар соңы төр жайлаудағы малшы ауылдарға тіреледі. Ары қарай жүруге асқар Алтай асу бермейді. Ендеше, осы төр – менің тақырыбыма арқау болмақ. Сарыны басылмас бұл да бір сағыныш еді...
Жаздың тамылжыған таңы. Шаңырақтан түскен күн сәулесі киіз үй төріндегі гүл дестеленген түскиіздің тұсына түсіп тұр. Бұл уақытта, жазғы тіршілік саябырсып, ірі мал атаулы өріске аттанып, қозы-лақ пен бұзау өзен бойын жағалай жайылымға шығып үлгереді. Қаншалықты ұйықтағаным түсінікті болды. Тұрып, беті-қолды жуа, дастарқанға отырдым. Миымды тесіп бара жатқан таңғы қаймақ. Миымды тесетін себебі, біз көп ағайынды едік. Ол кезде бәріміз бір үйде тұратынбыз. Бал қаймақ та ортақ, Мен сияқты ұйқыбастарға қаймақ жетпей қалуы немесе әпкем «іркіттің майы көп түссін» деп, сабаға салып жіберуі ықтимал еді. Ондай кездер менің қаймаққа өкпелеп әлек салуыммен, соңында «май шелпек» жеуіммен аяқталатын-ды. Иә, ерке, әрі қыңғы едім.
Бағыма орай, бұл таңның қаймағы бұйырыпты. Сүт пісіріп, шай құйып жүрген әпкем, алдыма кішкене тостақ шыныдағы сары қаймақты қоя қойды. Менің жұмысым басталды да кетті. Киіз үйдің ашық есігінен ағаш қазыққа байлаулы екі жылқы көрінеді. Бірі, әкем жасаған темір қасты орыс ер ерттелген ала аяқ, күрең ат. Басын салбыратып, жалқау кейіппен ұйқылы күйде тұр. Жанында, еркек кіндікті құлын ермейтін сұлу бітімді қарагер бие. Жазығы ма, жазғы міністің жылқысы еді жануар. Оның ер-тұрманы жалпақ келген, қасы аласы, қапталы ағаш, қалбыры орыс қырымнан салынған, үзеңгі бауы өгіздің терісінен екі қабаттап, бетіне жалтырауық ақ темір қапталған, он екі өрім айылды әсем ер. Қарагер бие сергек, алыс жолды аңсағандай, ердің қасына қаңтарылған тізгінін созғылап, ауыздығын шайнай, басын шұлғытады. Ауызым қаймақтан босамаған мен, көзімді екі тұлпардан алмай, «осы екеуін кім мінеді, қайда барады, мен қалып қоям ба», – деген сықылды неше түрлі ойдың арасында отырмын. Үй маңында оны-мұны шаруаларын реттеп жүрген әкемнің дауысы шықты (анығында менен басқасының бәрі бір-бір іспен айналысуда).
– Жүр балам, қыстауға екеміз баратын болдық. Шаппаны (шабындық) көріп қайтайық. Шайыңды ішіп болсаң, киін енді, – деді. Мен бұйырған қаймақ пен бауырсаққа тоймай отырсам да, қуанышым еріксіз орнымнан тұрғызды. Тау бөктері болса да, шілденің ми қайнатар аптаптары көп болатын еді. Ыстықтамай, жайлы жүріп қайтайын дегендей жеңіл киіндім. Аяғымда әкем ұлтарған қонышты сары етік. Үстімде, қозы жаярымда алып берген қызыл өңді қос жейде, шалбар (ех, осы қоспен қаншама жыл қозы жайдым). Баста қытайдың шүперек қалпағы. Әкем киінісіме қарап езу тартып, жымиды да:
– Киімің жұқа. Күн шыжып тұр, ыстық соғып ауырасың ғой, балам. Басыңа қалың тымақ, курткаңды кимедің бе, – деп ескертіп жатыр. Мен киініп дайын болғанымды айтып, тез жүріп кетсек деген оймен:
– Иә, әке. Күндегі киімім ғой, бола береді. Кетейік енді, – деп атымның шылбырын шешіп, мінуге дайындала бастадым. Әкем өз биесінің айылын тартып болып, менің атымның да айылын тартуға келді. Менің ат мінсем де, айыл тартуға күшім онша-мұнша жете бермейтін кезім. Жалғыз жүрген кезде тасқа жанасып айылын тартып, мінетін едім. Қазір әкем өзі көтеріп мінгізіп, шылбырымды қолыма беріп жатыр. Кейін өзі атына мініп «бисмилла» деп жолға қарай бастай жөнелді.
Қыстау мен жайлау арасы он шақырымдай жол. Көзіме көрінген таулардан ары асып көрмеген мен үшін біршама қашықтық. Әуелде, бірде балалықпен әкемнен: «анау таулардың ар жағында орыстар бар ма? Көрінген екінші тауды нұсқап, ол таудан асса Қытайға бара ма? Қазақстан қай жақта» – деп тәптіштегенім есімде қалыпты. Әкем менің ессіз сұрағыма, күле қарап: «иә, ол таулардың ар жағында Қытайлар бар, бірақ, Орыстар жоқ, олар алыста. Анау таудан ассаң, Моңғолдар бар. Қазақстан да бұл жерден көрінбейді. Шалғайда» – деп жауап берген-ді. Бүгін де ойлап қарасам, шалағай сұрақтарыма шынайы жауап беріпті. Қазіргі Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының біршама жері Қытай мемлекетімен шекаралас жатыр. Біздің жайлау төріндегі ақ басты, асқар шыңдар да шекара сызығы саналады. Бірақ, арғы бетінде қаптаған қазақ мекендейді. Ал, орыстармен шекарамыз біз отырған жерден алыс екен. Қазақстанға сол алыс деген Ресейдің 1000 шақырым жерін басып өту арқылы жетесің. Менің бала күнгі бағытым осы болған еді...
Бала кезімнен әңгімеге үйірсек едім. Ауылдағы той-жыйындар да әкемнің кенжесі болып қасында отырамын. Сондай басқосулардың кейбірінде Қытай мен Орыс жайлы әңгімелер айтылады. Бабалармыздың олармен соғысқан неше түрлі ерліктері жайлы бірінің сөзін бірі жалғап, Жәнібек, Оспан, Сұлубай, Зуха, Бүркітбай деген есімдерді көп қайталайтынды. Банағы әкемнен балалықпен сұраған орыс, қытай жайлы сұрағымның мәнісі де осы еді.
Қой, сонымен жолсапарға оралайын. Жайлаудан шыға, аяңмен арасында бүлкекке салып, жер ортасы саналатын Сынтас өзегінен өтіп келеміз. Оң жағымыз созылмалы бөктер, ары қарай жалғасқан Сынтастың сайы. Сол жағымызда тау өзені. Судан ары өтсең, «бірде жоғарғы, бірде төменгі ауыл» есептелетін көршілердің күзеу қорасы. Одан ары қарай да салмалаған бөктерлі, адырлы, қабақты, күнгейлі, теріскейлі Жол сайдың кең саласы. Артымызда мұнартып жайлау қалып барады. Машина жолдың жиегіндегі өшкіндеген ат жолымен жүріп келеміз. Әкем сәл алда, арасында маған қарап қояды. Мен мимырт жүріспен қатарласпай келемін. Астымдағы атым да өзім сияқты жайбасар, елпектей бергісі келмейді. Менің ойым далада, бәріне қызығумен қараймын. Әкем білсе де, білмесе де көп нәрсені ойлап келемін.
Осылай көп қайыру әңгімесіз, желе-жортып қыстауға да жеттік. Уақыт бесінге таянған. Көшкенімізге бір ай болмаса да, қыстаудың көгі жетілген. Бәйшешек, гүлдері көз тұндырардай көркем: қызылды, жасылды, гүлгінді, сарылы. Ауасы қандай? Бір кездегі қи иісі мен қошқыл иісі ада болған. Жұпар. Мұрныңды жарады. Көк майсаға аунай кетіп, иісін құшырлана иіскеймін. Айналамда «біздің гүлдерді таптама» дегендей неше түрлі, әсем көбелектер дамыл таппай ұшып жүр. Жабайы ара, бәйшешектерін қорығандай, қатты ызыңмен ол да тыным таппайды. Әр жерден «біз бақыттымызға» әуендес суырлардың аңқиыттағаны мен тараққұйрықтардың шікшікдеген дауыстары естіледі. Жол үстіндегі ауыр ой менен де қалған. Мен де қазір бақыт құшағында жүргендей тым еркемін. Аттан түсе, тоқтаған жерге аунай кетіп ауасын жұтып, жұпарын иіскеп, көбелегін үркітіп жүрмін.
Әкем анадай жерде биесін жетектеп, арықтың бөгеттерінде шұқыланып, бірдеңелер істеп жүр. Маған міндетті жұмыс жоқтай, еркінмін. Бар ойым, мына көріністің қызығын құр жібермей ойнау, қалағанымды жасау. Ал, кешке үйге барғасын «бүйттім-сүйттімге» салып, мақтану. Барлық шаппа алаңының жайын білуге кемінде 2-3 сағат уақыт кетеді. Ол мен үшін алтындай. Шыдамадым. Атымды жетелеп, әкеме таяп барып:
– Әке, мен ойнай берейінші. Әкем басын көтеріп маған қарады да:
– Қандай ойын?, – деді, жадыраңқы жүзіне күлкі үйіріліп.
– Суға ойнаймын, – деп басымды бір қасып, – Жоқ, Еска екеміз шығарған арықты жөндеймін, – деймін. Әкем бөгеттің шымын алып, тасын аршып жатыр.
– Аяқ киіміңді су қыласың, күте тұр. Қазір кетеміз, – деді де, менің көңілімді қыймады-ау, – Жарайды, алдымен атыңды шідерлейік. Сосын, кете бер, – деп түрулі білегінің суын сілкіп, арықтан өтіп келеді. Ердің қанжығасындағы шідерді алып, аттың аяғына тағып жатқанда, «мен кеттім» дедім де, жүре бердім.
Әр жылы көктемде, төл оттыққаннан кейінгі ермегіміз су жағасында. Арасында шаппаның қиыршық тасын теру, боқ-қоқысын арылту, шымы өскен арық арналарын кеңейту, бөгеттерді бекемдеу секілді. Суға шомылып, шабақ қууға да уақыт табамыз. Жоғарыда атаған Еска, менен 3 жас үлкен ағам. Бала күнгі ойынымыз, жұмысымыз бірге өтті. Қысқасы, бірге есейдік. Сол екеміздің көшер алдында күрекпен жыртып, су шығарған кішкентай арығымыз бар-тын. Әкемнің қасынан қозғала, тырпыңдап соған да жеттім. Іштегі ойым, бұзылса, жөндеп кету. Ескі жолдың су жырған терең қабағын жағалаған шаппа алаңы. Алаңның ортасында кішкентай қағыр алаңқыға орналасқан дөңгелек ши. Шидан төмен жиырма қадамдай жерде біздің арнасы екі қарысқа толар-толмас кішкентай арығымыз жырылған. Көшкеннен кейінгі су тасқындарының әсерінен немесе көшкен елдің малының тұяғынан болар, бірнеше жері бұзылып, суы теріс ағып кетіпті.
«Қап! Неге осыған тимей өте салуға болмайды?» – деп, күбірлеп тұрып, аяқ киімімді шешіп, қос білекті сыбана, іске кірістім. Арнайы күректе алмаппын. Айналама қарап күрекке келетіндей жұқа, жалпақ тас іздей жөнелдім. Таудан тас табылмасын ба? Лезде, ойлағанымдай тас табыла кетті. Су жайылған жерлердің көбі – ми батпақ. Тіземе дейін батып кетемін. Әйтіп-бүйтіп бұзылған арық бойын қайта ретке келтіріп, жөндеген болдым. Су бармай құрғап қалған жерлерге су шыға бастады. Өзіме дән разымын, масаттанған түрім де бар-ақ. Есесіне, киген киімімнің балақ-жеңі су, шыбарала батпақ жабысқан. Аз уақыт әлектеніп кетірген болам, бәрі бір сарала өңінен айнымады (ех, осы бояу ашық, әрі таза екен ғой).
Әкемнің келгелі айналысып бөгетін ашып, су шығарып жүрген жері бірнеше жүз гектар жер. Менікі ұзаса екі киіз үйдің орнындай аумақ. Әкемдікі тірліктің қамы, менікі баланың ойыны. Айтпағым, бала күнгі біздің бір ойынымыз осындай болатын еді. Қазіргі баланың ойыны...
Солай, ойынымды аяқтап масаттанып тұрғанымда, әкем де ала аяқ, күреңді жетектеп келіп қалыпты. Келді де, батпақ-батпақ болған үстімді көріп, күлді. Мүлде ұрысқысы келмейді. Керісінше сынай қарап, ойынына жауап берсін дегендей:
– Ал, не бітірдің, балам? – деді, аттан түсе. Менің жауабым дайын, ойлағаным іске асқан. Іркілместен жауап беріп:
– Еска екеміз шығарған арықты бір немелер бұзып кетіпті, – деп сауағыммен нұсқап, – соны жөндедім, су шықпаған жерге су шықты. Енді шөбі ұзын болып көктейді, шаппа болады, – деймін. Әкем күлімдеген күйі жаныма келіп:
– Жақсы болған екен. Келесі жылы төлге беретін шөптен қысылмайтын болдық, – деп күле сөйлеп тоқтады да, жерде жатқан аяқ киімімді қолына алды. – Киін, балам. Сен де шаршадың, жұмыс та бітті. Қайтайық үйге. Өзінің шаршадым дегенін әлі естіп көрмеппін. Бұл қайсарлықты қайдан алды екен? Әкелердің барлығы солай ғой...
Мен киініп болғанша әкем де аттардың айылын тартып, мінуге дайындаған екен. Әдеттегідей алдымен мені мінгізіп, өзі соңынан отырды. Таңдағыдай емес көңілім жадырағаңқы, атым да елпек. Әкеммен қатарласып жүріп келемін. Қайтар жолымыз – күңбей бет. Таңертең теріскеймен құлдағанбыз. Тағы сонарлы әңгімесіз «жайлау қайдасың» деп зар желіп келеміз. Межемен екінті асқан уақытта жайлауға да табан тіредік. Кешкі ауыл азан қазан... Бұл көрініс, көркем сурет – өзге ойдың, өзге тілдің жүгі іспетті. Оны жазудың да реті келер.
Міне, бұл менің 10 жасқа толмаған кезімдегі бір күнгі қызығым, жолсапар, бағытым. Жаз жайлаудың таймінер, тайынша қуар, қозы жаяр ұлы болған бозбалалықтың бір жылы бір романға пара-пар. Тек жақсы ойды, кіршіксіз көңілді, көркем оқиғаны жазғым келсе, осы ауылдың айналасынан ғана таба аламын. Қалған дүниенің барлығы кірлеп кеткендей...
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
Әдебиет және өнер музейінің
ғылыми қызметкері.
Көкшетау қаласы.