Рабиндранат ТагорАударған С. ШаймерденовОманың жазу-сызуды үйренуі-ақ мұң екен, тіпті қолды-аяққа тұ...
Ниязымбет Гауһар. Ақ лалагүлдің ақыры (Пьеса)
Фотосурет автордың жеке мұрағаты
Қатысушылар: қара көйлекті әйел (жан алғыш) – 50 жас, Ақ лалагүлдің кемпір шағы – 75–80 жас, Ақ лалагүлдің жас кезі – 25 жас, Ақ лалагүлдің анасы – 30 жас, Ақ лалагүлдің әкесі – 30–31 жас, Ақ лалагүлдің кішкентай қыз кезі – 6 жас, Любаның кішкентай кезі – 7 жас, Любаның анасы – 35 жас, Любаның бойжеткен кезі – 28 жас, Ақ лалагүлдің жігіті – 25 жас, бастығы – 40 жас, Любаның клиенті – 38 жас, клубтағы құрбылар – 25 жас, Ажалдың кішкентай қыз кезі – 5–6 жас.
Сахна. Сахна қара перделермен жабылған. Төсекте кәрі кемпір күрт-күрт жөтеліп жатыр. Оның қасындағы тумбочкада бір стақан су тұр. Сахнаға оның жанына қара көйлекті әйел келеді.
Кемпір: Сен кімсің?
Қара көйлекті әйел: Мен Ажалмын.
Кемпір: Мұнда неге келдің?
Қара көйлекті әйел: Сенің бұл дүниедегі уақытың бітті. Сені өзіммен бірге арғы өмірге әкетуге келдім.
Кемпір күрк-күрк жөтеліп, бір қырына қарай аунап жатады.
Ажал: Тез, орныңнан тұр. Уақыт жоқ.
Кемпір: Сенен бір нәрсе сұрасам бола ма?
Қара көйлекті әйел: Сұра.
Кемпір: Неге менің өмірім мұнша азапқа толы әрі қатігез болды? Жұмыстан бас алмадым. Алайда еш жетістікке жетпедім. Ана болу бақыты мен әйел болу бақыты бұйырмады.
Ажал: Бұл өмірде ешкімнің тағдыры алдын ала жазылмаған. Бәрі адамның өзіне байланысты.
Кемпір: Мен сонда соншалықты не істедім?
Қара көйлекті әйел: Оны білу үшін өміріңе көз жүгірту керек. Саяхаттауға дайынсың ба?
Кемпір: Иә.
Қара көйлекті әйел: Ендеше, кеттік!
Сахна қараңғыланады.
Кемпір мен қара көйлекті әйел сахнаға шығады. Сахнада кемпірдің бала кезі – 7 жасар кішкентай қыз ойыншықтармен, аюмен ойнап отырады.
Қара көйлекті әйел: Бұл қызды таныдың ба?
Кемпір: Иә, бұл қыз – мен. Шамамен алты-жеті жас кезім болса керек.
Осы кезде есік қоңырауы шырылдайды. Кішкентай қыз орнынан тұрып, есікті ашады.
Сахнаға сары шашын бір өрім етіп өрген 10–11 жастағы қыз шығады.
Қара көйлекті әйел: Сен бұл қызды танисың ба?
Кемпір: Әрине, бұл – Люба. Бала күнгі құрбым. Өзі сондай жақсы қыз. Ол болашақта жақсы жар, жақсы ана болады деп сенемін.
Кішкентай қыз: О, Люба!
Кішкентай қыз жүгіріп барып, сахнада құрбысын құшақтап алады.
Екеуі отырып, ойыншықпен ойнауға кіріседі.
Осы кезде сахнаға қызғылт майка киген 30 жас шамасындағы Ақ лалагүлдің анасы шығады.
Кемпір: Бұл әйел – менің анам. (Көзінен жас ыршып түседі.) Мен оны ең соңғы рет оқуға кетіп бара жатып көрдім. Ол өлгенде қасында бола алмадым.
Анасы: Тез дайындал. Сабаққа баратын уақыт болды.
Анасы сахнада телефонмен сөйлесіп жүреді.
Ажал: Сол күні анаң сенің мектепке барғаныңды емес, бар болғаны құрбысымен үйде бос отырып әңгіме айтқанды қалады.
Сахнада Ақ лалагүлдің кішкентай қыз кезі партада отырады.
Ажал: Қап, әттеген-ай! Балалық шақта партаға телміріп отыруға мәжбүрсің.
Ажал: Сенің бойжеткен шағыңа оралайық.
Сахнаға чемодан сүйреткен, шашын төбеге буып, жасыл майка мен қысқа шорты киген Ақ лалагүлдің бойжеткен кезі шығады.
Ажал: Міне, бұл – сенің жас кезің. Оқуды бітіріп, үлкен қалаға келген кезің.
Осы кезде сахнаға Любаның бойжеткен кезі шығады.
Кемпір: Мен жолай Любаны көрдім. Оның үйіне барып, қонақ болуды ойладым.
Сахнада Ақ лалагүл құрбысының үйіне келеді. Жарықты жағады. Сахнада диван мен үстел тұрады.
Люба: Мен осы үйде тұрып жатырмын.
Ақ лалагүл: Керемет екен. Жақсы дизайнмен салыныпты.
Люба: Мен шай қойып келейін.
Люба сахнадан шығып кетеді. Ақ лалагүл диванға жайғасып, үстел үстіндегі альбомды парақтай бастайды.
Осы кезде сахнаға қара көзілдірік таққан, костюм киген, ауқатты көрінетін ер адам келеді.
Ер адам: Люба бар ма?
Ақ лалагүл: Иә. Сіз оның күйеуісіз бе?
Ер адам: Жоқ.
Ақ лалагүл: Бәлкім, жігіті немесе көршісі шығарсыз?
Ер адам: Сіз де осы жерде жұмыс жасайсыз ба?
Ақ лалагүл: Жоқ, мен қонақ болып келдім.
Ер адам: Ендеше, біліп қойыңыз. Бұл жер отыз жылдан бері жезөкшелер тұрағына айналған.
Ақ лалагүл диваннан шошып тұрып, аузын алақанымен басады.
Ер адам: Ал мен оның клиентімін!
Ақ лалагүл: Не?
Ажал: Мәссаған, Любадай қыз жеңіл жүріске түсіпті.
Кемпір: Сол күні мен оның жаман жолға түскенін білдім. Сол күні, шынымды айтсам, одан қатты жиіркеніп кеттім. Одан кейін одан мәңгіге теріс айналдым.
Осы кезде қолына шәйнек ұстаған Люба келеді.
Ақ лалагүлдің бойжеткен кезі сахнада Любаға умаждалған қағаз лақтырады. Сөйтіп, сахнадан шығып кетеді.
Сахнада бір сәт үнсіздік орнайды.
Кемпір: Ажал, менің сенен өтінішім бар.
Ажал: Қандай?
Кемпір: Маған не себепті құрбым Любаның жеңіл жүрісті әйелге айналғанын түсіндіріп берші. Мен оны өмірбақи түсіне алмай келемін.
Ажал: Оны білу үшін, кәне, Любаның балалық шағына оралайық.
Сахнада Любаның балалық шақтағы кезі ойыншық ойнап отырады. Сахнаға ыдыс жуып болған анасы келеді. Анасы қолындағы ыдыс жууға арналған сары түсті қолғаптарын шешіп, жерге лақтырып, диванға қисаяды.
Люба анасының қасына жақындайды.
Люба: Анашым, менде неге әке, бауыр жоқ? Бүгін құрбым Ақ лалагүлдің туған күніне бардым. Әкесі үлкен қуыршақ әперді.
Кемпір: Сол күні менің туған күнімде әкем маған арнап үлкен қуыршақ әкелген. Дастарқанда қарама-қарсы отырған Любаның жүзінен мұң байқағанмын.
Анасы: Өсе келе бәрі болады.
Люба: Алайда мен әкем мен бауырым болғанын қатты қалаймын.
Кемпір: Енді түсіндім. Любаның балалық шақтағы жарақаты оны осы өмірге мәжбүрлеген екен.
Ажал: Ересектер көп нәрсеге кінәлі.
Кемпір: Мен не себепті әйел бақыты мен ана болу бақытына қол жеткізбегенімді білгім келеді.
Сахнаға кемпірдің жас кезі шығады. Ол келіп, компьютерге отырып, кофе ұрттайды. Осы кезде есік қоңырауы шырылдайды. Ол орнынан тұрып, есікті ашады. Есікті ашқанда қолына бір шоқ қызыл раушан гүлін ұстаған жігіті көрінеді.
Жігіт: Сен мені кешіре аласың ба?
Кемпір: Сол күні оның келгеніне қатты қуандым.
Қыз: Жоқ, мен сені кешіре алмаймын. Құрбыммен жасаған опасыздығыңнан кейін ол туралы мүлде ойлама.
Кемпір: Сол күні оған кешірім бергім келді. Алайда ішімнен бір нәрсе олай істеуге мүмкіндік бермеді.
Ажал: Оны кешірмеуіңе не себеп? Кәне, көрейік.
Ақ лалагүлдің бала кезі сахнаға шығады. Есік қоңырауы шырылдап, әкесі келеді. Ақ лалагүл әкесінің мойнына асылады. Ол қызын алдына алып, құшақтайды.
Әкесі: Есіңде болсын, саған опасыздық жасаған адамды еш уақытта кешірме.
Ажал: Не себепті кешірім бермегенің енді түсінікті. Әкеңнің сол сөзі екен ғой. Сол күні әкең жұмыстан әріптесімен ренжісіп келген. Әйтпесе, болашақта сені онымен бақытты өмір күтіп тұр еді.
Сахнада Ақ лалагүлдің бойжеткен кезі есікті тарс жабады. Сөйтіп, қайтадан компьютерге отырады.
Кемпір: Ал бірнеше минуттан кейін дәлізден аяқ дыбысы естілді.
Кемпір: Мен бала күнімде үлкен адам болуды қатты қаладым. Бойжету арманым еді.
Ажал: Сенің бойжетуді қатты қалауыңа не себеп болғанын, кәне, көрейік.
Сахнаға Ақ лалагүлдің кішкентай қыз кезі мен анасы шығады. Анасы телефонмен сөйлесіп келе жатады. Сахнада дүкен тұрады.
Ақ лалагүлдің кішкентай қыз кезі:
Анашым, мына тортты сатып әперші.
Анасы телефонмен сөйлесіп, оған назар аудармайды.
Ақ лалагүлдің кішкентай қыз кезі анасын жеңінен түртеді.
Анасы: Болмайды, кейін бойжеткенде өзің сатып аласың.
Кейін сахнаға қысқа шашты әйел келіп, тортты сатып алып кетеді.
Ақ лалагүлдің кішкентай қыз кезі мен анасы екеуі сахнадан шығып кетеді.
Ажал: Қап, әттеген-ай! Анаң сенің балалық шағыңды дұрыс өткізуіңе кедергі болған екен.
Кемпір: Мен сонда осы торт үшін есейгім келді ме? Ал кейіннен бұл торттың дәмі маған мүлдем ұнамайтынын білдім.
Кемпір: Мен өмір бойы жұмыстан бас алмадым. Сауық кештерінде де өзімді басқалардай еркін, бақытты сезінбедім. Оған не себеп болғанын білгім келеді.
Сахнаға Ақ лалагүлдің бойжеткен кезі, жасы 25-тегі қыз шығады. Ол компьютерге отырады. Осы кезде телефон шырылдайды. Телефонды көтереді.
Ақ лалагүлдің бойжеткен кезі: Мен бүгін отырысқа бара алмаймын. Айттым ғой, бастық жазуға тапсырма берді деп.
Кемпір: Осылайша, менің өмірім қызықсыз өтті. Әр күн сайын монитор алдында жұмыс істеумен болдым. Алайда жұмыста жетістікке жете алмадым.
Ақ лалагүл: Түу, жақсы.
Ақ лалагүл орнынан тұрып, сахнадан шығып кетеді.
Сахна қараңғыланады. Жарық қосылады. Ақ лалагүлдің бойжеткен кезі сахнада қыздармен отырыста отырады. Қыздар билеп жатады. Ақ лалагүл коктейль ішіп отырады.
Ақ лалагүлдің қасына құрбысы келеді.
Құрбысы: Жүр, билесейші.
Ақ лалагүл: Зауқым жоқ.
Ажал: Сол күні неге зауқың болмағанын көрейік.
Анасы: Сен бүгін сабақтан екі алыпсың.
Ақ лалагүлдің кішкентай қыз кезін шекесінен түртеді.
Анасы: Кәне, ойыншықтарыңды жинап, дереу жазу жаз.
Кішкентай қыз үстелге отырып, жазу жаза бастайды.
Ажал: Оған себеп – анаңның әр екі алған сайын ойынға жібермей, сабақ оқуға мәжбүрлегені.
Ажал: Адамдар-ай! Сендер бала тәрбиелеп жатырмыз деп, керісінше, ынжық адамды дайындайсыңдар.
Кемпір: Неге менің жұмыста мансабым өспеді?
Ажал: Оны білу үшін сол кезге оралайық.
Сахнаға Ақ лалагүлдің жас кезі мен жұмыс орны көрсетіледі. Сахнаға Ақ лалагүлдің бастығы шығады.
Ақ лалагүл: Менің сізге айтар маңызды жаңалығым бар.
Кемпір: Сол күні оған ойымдағы жобамды ұсынғым келді.
Ақ лалагүл сәл кібіртіктеп, үндемейді.
Ажал: Сен өзің оған жобаңызды ұсынбадың ғой.
Ақ лалагүл: Жобамды ұсынғым келген. Алайда ішімнен бір нәрсе ұсынуға кедергі болды.
Ажал: Ол не нәрсе екенін, кәне, көрейік.
Кішкентай қыз кезі үйде қалады. Үстелде тұрған журналды ашып, пластилин алып, тура сондай гүл жасауға кіріседі.
Кемпір: Мен сол күні оған қымбат сыйлық жасағым келді.
Осы кезде екі пакет көтерген анасы кіреді. Ол телефонмен сөйлесіп, пакеттерді жерге қояды. Өзі диванға жайғасады.
Кішкентай кезі оған сары гүлді ұсынады.
Анасы: Мен саған әкең әперген қымбат пластилинді бүлдірме дедім ғой, – деп гүлді жерге лақтырады.
Ажал бетін басады.
Ажал: Тасжүрек ана. Оған бала көңілінен гөрі ақша маңызды болды. Жас баланың көңілін мәңгіге құртты.
Кемпір: Сол күні ол маған өмірімдегі ең ауыр істі істеді. Мен одан ондайды күтпедім.
Біршама уақыттан соң құрбысы келеді. Анасы екеуі үстелге отырып, әңгіме айта бастайды.
Анасы: Сен білесің бе, менің қызым маған сыйлық ұсынды. Ол ұсқынсыз сары гүл жасады.
Құрбысы екеуі сахнада аузын басып күледі.
Ажал: Осы нәрсе саған себеп болған екен. Әйтпесе, сені зор жетістік күтіп тұр еді. Ол жоба сенің өміріңді мәңгіге өзгертетін еді.
Осы кезде сахнада ақ көйлек киген кішкентай қыз бұрышта жылап отырады.
Кемпір: Бұл қыз кім? Неге жылап отыр? Мен бұл қызды танымаймын!
Ажал: Ол мұнда қайдан жүр?
Кемпір: Бұл қыздың түрі саған ұқсайды екен. Бұл қыз періште ғой.
Кемпір Ажалға қарап:
Кемпір: Сен не, періштесің бе?
Ажалдың үстіндегі қара көйлек шешіліп, ақ көйлек қалады.
Кемпір: Сен не, жылап тұрсың ба? Сені бұған мәжбүрлеген балалық шағың ба?
Осымен сахна жабылады.