Адамның өз игілігі үшін істеген ерліктерінің негізінде – құмарлық, нәпсі, парасаттың тәкаппарл...
Сауд Арабиясы бір қазақ үшін КСРО-мен қарым-қатынасын қалай үзді?
Фото: ашық дереккөзден
MADENIPORTAL.KZ ұжымы қысқа ғұмырында үлкен істер тындырған, атын мәңгіге қалдыра білген, тұңғыш кәсіби дипломат, қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың еңбек жолындағы елеулі істерін ұсынады.
Ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған алаш қайраткерлерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады. Болашақ кеңес дипломаты, мемлекет қайраткері, ғалым 1892 жылы қазан айында Сыр бойының Түркістан өңірінде мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келген.
Өз ғұмырын халық азаттығы жолындағы күреске арнаған Нәзір, 1917–1920 жылдары үгітшілік, сауат ашу т.б. идеологиялық жұмыстармен айналысып, «Қазақ мұңы», «Халық газетасы», «Янги шарқ», газеттеріне редакторлық жасады. Минск маңында Қазақстаннан барған жастардан «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрады. Ұйымның мақсаты шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу еді.
Нәзір Төреқұлов қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат. Ол сегіз жыл бойы (1928-1936) өз елінің Сауд Арабиясындағы лайықты өкілі бола білді. Ал, бұл сол уақыттағы рекордтық мерзім.
Төреқұлов екі ел арасындағы қарым-қатынаста орасан зор прогреске қол жеткізе алды. Мысалы, Нәзір «бензин мәмілесін» ұйымдастырды, сол кезде Сауд Арабиясы КСРО-дан 100 қорап бензин мен керосин сатып алып, European Shell және American Standard Oil of California компанияларынан бас тартты.
Ол кезде Арабияның өзінде орасан зор мұнай қоры әлі белгісіз еді, ал сатып алу елдің батыстық отын жеткізулеріне тәуелділігін азайтуға көмектесті.
Оның арқасында КСРО-ның арабтармен сауда жасауы әлдеқайда жеңіл болды және 1932 жылы ол бір уақытта Сауд Арабиясының премьер-министрі, ішкі және сыртқы істер министрі, сонымен қатар болашақ корол болған Фейсал ибн Абдул Азиз әл-Саудпен Кеңес Одағына бірге барды.
Н.Төреқұловтың еңбекқорлығы, батыл ойы, жергілікті шейхтермен қатар, «антогонистердің» – Англиядан, басқа да Батыс елдерінен келген дипломаттардың тілін тапқан шеберлігі көпшілікті қайран қайран қалдырған. Ең ауыр тапсырманың өзін орындауға дайын тұру, туындайтын мәселелерді шын мәнінде мемлекеттік тұрғыда шешуге ұмтылу Н.Төреқұловты кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттары арасындағы жарқын тұлғаның бірі деуге негіз болған. Нәзір Төреқұлов өзінің тынымсыз іскерлігі, ізденімпаздығы, жасампаздығы мен өмірде жиған мол тәжірибесінің арқасында, ол жасындай қысқа ғұмырында туған халқы мен Отанына пайдалы көп іс тындырды.
Қазақ қайраткерінің Түркістан халықтарының басын біріктірудегі тарихи еңбегі орасан зор. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Түркістан Республикасын басқарып тұрғанда Н.Төреқұлов ірі қалаларда Ташкентте, Түркістанда, қазіргі Бішкекте, Алматыда, Шымкентте, Қызылордада, Әулиеатада (қазіргі Тараз), Ашхабадта, Самарқанда, Душанбеде, Қоқанда, Хорезмде, Бұқарада көптеген оқу орындарын, мектептер, коледждер мен институттар ашуға атсалысты, тер төкті, білім шырағын жақты. Жоғарыда аталған шаһарларда газет-журналдар редакциялары құрылып, жаңа баспаханалар ашылды. Шаруаларға, дихандарға жер үлестері бөлініп, ауыл шаруашылығы қолға алынды. Фабрикалар мен зауыттар салына бастады. Жұмысшылар тобы пайда болды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Нәзір Төреқұловтың Кеңестік өкілетті өкілдің Сауд Арабиясындағы аса бедерлі қызметі дипломаттардың келешек ұрпағына өлмес үлгі-өнеге болып қала береді. Нәзір Төреқұловтың қысқа болғанымен нұсқа ғұмырын ой елегінен өткізе отырып, оның бойында саяси көшбасшының, көрнекті оқымыстының және публицистің, дарынды дипломаттың нышандары жас кезінен-ақ байқалғанын айту керек.
Нәзір Төреқұлов анасының ықпалымен жастайынан ислам дініне құмар болып, есейген шағында оның нағыз білгірі бола білген. Сонымен қатар ол - полиглот та болған. Қазақ тілінен басқа өзбек, татар, түрік, парсы, орыс, неміс, француз, араб тілдерін жақсы білген. Оның үстіне ол елшілік міндетін лайықты атқару үшін өте қысқа мерзімде араб тілін кемеліне дейін меңгерген.
Аз ғана ғұмырында бойындағы білімі мен жігерін жан-жақты қолдана білген қоғам қайраткері, филология саласындағы оқу-ағарту және ғылыми жұмыстарға да белсене араласты. Шығыс халықтары орталық баспасының басқарма төрағасы қызметін атқарған кезінде бұл мекеме 50-ден астам тілде әдебиеттер шығарды және 12 жылы мерзімді басылымдар шығарды. Төреқұлов тіпті түркі тілдеріне арналған латын әліпбиінің жеке нұсқасын әзірледі.
Нәзір Төреқұловтың кеңестік шенеунік үшін тамаша қызметі де болды. Оның атеизмге тез бет бұрған көптеген әріптестерінен айырмашылығы, ол өз сенімін сақтап, басқа мұсылмандарды қолдады. Сөйтіп, Түркістан Республикасында Құрбан айттың үш күнін демалыс деп жариялап, дәстүрлі демалыс күнін де исламда қасиетті саналатын жексенбіден жұмаға ауыстырған.
Басты айта кететін бір жәйт, Нәзір Төреқұлов 1936 жылдың басында Мәскеуге шақыртылды. Келесі жылы қайғылы оқиғамен 1937 жылы атылды. «1931 жылдан бастап ол Кеңес өкіметін құлатуды мақсат еткен антисоветтік пантүркілік диверсия мен террористік ұйымның белсенді қатысушысы болды», - делінген Төреқұловтың үкімінде.
Бұрынғы екі өкіл де 1950 жылдары ақталды, бірақ бұл ақтау жағдайды жақсарта алмады. Сауд королі досының қайтыс болғанын естігенде қатты таңғалғаны сонша, ол Кеңес Одағының басқа өкілетті өкілдерін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты.
Монархқа Төреқұловтың не болғанын білуге Абдулла есімді кеңесші, британдық дипломат және болашақ барлаушы Ким Филбидің әкесі Гарри Филби көмектесті. Нәтижесінде 1938 жылы елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 52 жылға үзіліп, тек 1990 жылы ғана қалпына келтірілді.