Ымырт жамылып, жер бетін қою қараңғылық басты. Түнді пайдаланып көшеде жүрген көп шайтан қызбен жігі...
Тіл біздің шыбын жанымыз
Фотосурет news.mn
74
Тіл төңірегіндегі мәселе күн тәртібінде қызу талқылауда. Конституция (constitutio) реформасына да ұтымды ұсыныстар тіптен көп түсуде... Осы кеше ғана моңғолиялық тарихшы, сарапшы Баабар мырза бір қызықты мақаласын жариялады. Осы жазбаның өн бойынан қазақтар біздің де тарихи тағдырымыз бадырайып көрініп тұр. Расында біздің ана тіліміз өте көнеден хабар беретіндігін байқау қиын емес. Мақаланы тереңдеп оқу үшін көп қиналудың қажеті жоқ!? Ес-ақылы ақаусыз, қара танитын жандар болса осы жазбаның ішінен өзін жазбай тани алады.
«...Бұны айтуымыздың себебі: жас қыз жігіттер сіздердің ойлаған ойларыңыздан да нәзік мүмкіндік бар дегенді меңзеу болмақ...» Кезінде жөйттің көсемі Шимон Перес (Shimon Peres) осылай деген...
Құрметпен, Сұраған Рахметұлы
БААБАР
Моңғол және түркі тілдерінің сабақтастығы
Қытайдағы Фудо университетінің ғалымдары Шығыс Азия халықтарының қоныс аударуы мен шығу тегін митохондриялық ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы) зерттеулері арқылы нақтылап, өте қызықты деректерді анықтаған. Қырық мың жыл бұрын Африкадан қоныс аударған адамдардың бір бөлігі шамамен отыз мың жыл бұрын қазіргі Үнді–Қытай түбегіне келіп қоныстанған.
Олардың бір бөлігі құрлық арқылы солтүстікке қарай көшіп, қазіргі Сарыөзен (Хуанхэ) алабында тұрақтап, кейінгі қытай-тибет тектес халықтардың арғы тегімен тектескен. Ал, екінші бір бөлігі теңіз сағасын бойлай солтүстікке қарай жылжып, қазіргі Маньчжурия аумағына ауып келіп қоныстану арқылы кейінгі алтай тектес халықтардың бастапқы қайнар көзіне айналған екен.
Моңғол және түркі тілдерінің ара байланысы
Басқа тілдерден моңғол тіліне ең алғаш енген сөздер – түркі тектес тайпалардың сөздері болған. Моңғол ұлты көне ежелгі дәуірде Қытайдың солтүстік-шығысында қоныстанған көшпелі тайпалар бірлестігі Дунху тайпасынан тараған тәрізді. Дунхулар ғұндардан жеңілгеннен кейін сяньби (Сәнби б.э.д ІІІ ғ.) және ухань деп аталатын тайпаларға бөлінген жұрт.
Сяньбилер кейін солтүстік көшпелілердің ішіндегі ең қуаттысы еді. Өз тұсында Солтүстік Қытайды да билеген. Олар Ғұн империясының ыдырауына себеп болған негізгі факторлардың бірі саналады. Сол кезеңнің тарихшылары Сяньби, Шивэй және Кидан тайпаларының бәрі бір тілде сөйлегенін жазады. Қидандар мен моңғолдардың бір тілде болғаны кейіннен дәлелденген.
Әрине, сяньбиден бастап моңғолдарға дейінгі халықтардың тілі мүлде бірдей болды деу қисынсыз, өйткені тіл – әр ұрпақ сайын өзгеріп, дамып отыратын, тіпті эволюцияға ұшырайтын тірі ағза іспеттес құбылысы бар қағидат.
Алайда ежелгі қытай тарихшысы Сыма Цянь (шамамен б.з.б. 140-86 ж.) дунхулар мен ғұндардың бір-бірін түсінбейтін, мүлде бөлек тілдерде сөйлегенін атап өткен. Сондықтан тарихшылар Моңғол үстіртінде кезек-кезек күшейген халықтарды дунху текті және ғұн текті деп екіге бөліп қарастыруға бейім. Дегенмен, бұл екі топтың да белгілі бір тарихи кезеңде ортақ бастауы болуы мүмкін.
Мәселен, ғұн текті түркілер мен дунху текті моңғолдардың бұғыға табынуы, қой өсіруі сияқты ортақ кезеңдеріне қатысты сөздердің қабаттасуы осыны көрсетеді. Екі халық бір-бірінен ажырағанымен, ұзақ тарихи уақыт ішінде тілдері әртүрлі бағытта дамыды деуге болады.
Тіл – халықтардың шығу тегі мен өзара байланысын, туыстығын көрсететін ең қысқа әрі сенімді жол сүрлеу. Адамзат пайда болғаннан бері ұзақ уақыт бойы көзге көрінетін нақты заттарды жеке сөздермен ғана атай алатын деңгейдегі тілдік қабілетке ие болған.
«Бала тілді ата-анасын қайталау арқылы үйренеді» деген түсінікті америкалық лингвист Массачусетс профессоры Ноам Хомский (Avram Noam Chomsky) жоққа шығарып, homo sapiens табиғатынан тіл үйренуге және сөйлеуге бейім болып жаралған деп түсіндіреді. Ғалымдар соңғы уақытта homo sapiens түрінде тілдік қабілетке жауапты туа біткен геннің бар екенін анықтаған. Бұл ген алғашында тек жекелеген заттарды атауға ғана мүмкіндік бергенімен, кейін тілдің қарқынды дамуына жол ашқан деп болжанады.
Жеке-жеке атау сөздерді өзара байланыстырып, мағына білдіретін сөйлем құрау арқылы адамдар бір-бірімен түсінісе бастады. Алайда бұл құбылыс homo sapiens пайда болғанына жүз мың жылдан асқан уақытпен салыстырғанда бар болғаны кейінгі кезеңге ғана жатады дейік. Ғалымдар мұны осыдан 15-20 мың жыл бұрын болған оқиға деп есептейді.
Алғашқы өркениет шамамен 6 мың жыл бұрын пайда болды десек, «алғашқы ұлт» деген ұғым да бұдан кейін қалыптасқан болуы тиіс. Ұлт дегеніміз – тілі мен аумағы ортақ, мәдениеті мен тұрмыс салты жақын, тарихи дамуы бір арнада өрбіген, кей жағдайларда бір мемлекетке ортақтасатын белгілері бар адамдардың тарихи-әлеуметтік бірлестігі.
Қытайдың Фудань университетінің ғалымдары Шығыс Азия халықтарының қоныс аударуы мен шығу тегін митохондриялық ДНҚ (мт ДНҚ) зерттеулері арқылы зерттеп, қызықты деректерге қол жеткізген. Қырық мың жыл бұрын Африкадан көшкен адамдардың бір бөлігі шамамен 30 мың жыл бұрын қазіргі Үнді-Қытай түбегіне келіп қоныстанған.
Олардың бір бөлігі құрлық арқылы солтүстікке көшіп, қазіргі Сарыөзен (Хуанхэ) алабында тұрақтап, кейінгі қытай-тибет тектес халықтардың арғы атасына айналған. Ал екінші бөлігі теңіз жағалауын бойлай солтүстікке жылжып, қазіргі Маньчжурия аумағына қоныстану арқылы кейінгі алтай тектес халықтардың бастауы болған деп есептеледі.
Бұл оқиғалар толыққанды, сөйлеммен сөйлейтін дамыған тіл қалыптасқан кезеңнен әлдеқайда бұрын болған. Ол уақытта алтайлықтар тек атау сөздерді қолданғандықтан, кейбір сөздердің ортақ болуы мүмкін.
Алайда жануарларды қолға үйрету бұдан да кейінгі құбылыс. Алғаш қолға үйретілген жануар һәм хайуан – ит, ол шамамен он мың жылдан астам уақыт бұрын адамның үй жануарына айналған. Сондықтан дунху мен ғұндардың (нақтырақ айтқанда, түркілер мен моңғолдардың) бұғы мен қойға қатысты ортақ сөздерінің болуы бұдан да кейінгі кезеңге жатады деп айтуға болады.
Маньчжуриядан шыққан алғашқы түркі тайпаларының батысқа қарай көшіп, Алтай тауларына қашан жеткенін дәл айту қиын. Дегенмен, Сыма Цяньнің б.з.б. III ғасырда Чжао мемлекетінің қолбасшысы шаньюй әскерін талқандағаны туралы жазбасына қарағанда, біз білетін ғұндар Мөде шаньюйден кемінде жүз жыл бұрын-ақ Моңғол үстіртінде өмір сүрген сияқты.
Ол солтүстік көшпелілерді этникалық тұрғыдан ғұндар, дунхулар және сүшэньдер деп үшке бөлген. Бұл сол кезеңнің өзінде-ақ көшпелі халықтардың ұлт ретінде қалыптасып, этникалық тұрғыдан бір-бірінен ажырай бастағанын көрсетеді.
Тарихи деректерге қарағанда, Мөде шаньюйден кейінгі екі мың жыл бойы ғұн және дунху текті халықтар Қытайдың солтүстігіндегі Моңғол үстіртінде кезек-кезек күшейіп, өз мемлекеттерін құрып отырған. Сондықтан бұл халықтардың өзара араласуы, бір-бірінен сөз алмасуы – табиғи құбылыс болғаны анық. Алайда қай халықтың, қай кезеңде, кімнен сөз алғанын дәл анықтау өте қиын.
Солтүстік көшпелілердің ішінде ең алғаш жазу-сызу мәдениетін қалыптастырған – түріктер. Осы тұрғыдан олар айтарлықтай басымдыққа ие. Өйткені жазба дерек ауызша әңгіме мен аңыздарға қарағанда әлдеқайда сенімді дереккөз болып табылады.
Көне Түрік қағанаты тарихта екі рет ыдыраған. Оның халқының басым бөлігі Алтайдан батысқа қарай көшіп, өз алдына тәуелсіз мемлекеттер құрды. Осы көштер нәтижесінде оғыз, селжүк, түркмен, Анадолы түріктері қалыптасты. Ал Алтын Орда ыдырағаннан кейін түркі тектес көптеген мемлекеттер пайда болды. Соның соңында оғыз түріктерінің тікелей ұрпақтары ретінде Осман түріктері, түркмендер, әзербайжандар және басқа халықтар қалыптасты.
Ал қазіргі Моңғолия аумағында ұзақ уақыт бойы сақталып қалған түркі тайпалары – Көк Түріктер болды. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Орхон түркі руникалық жазбалары дәл осы Көк Түріктерге ғана тән, басқа түркі халықтарына тікелей қатысы жоқ. Сонымен қатар Енисей түркі руникалық жазбалары да бар.
Осы себепті Көк Түріктерден қалған жазба ескерткіштердегі көптеген сөздер бірден «таза түркі сөзі» ретінде түсіндіріліп жүр. Бұл – жазба деректің сақталып қалуымен байланысты. Алайда түріктер ғұндармен бір тілде сөйлеген бе, әлде? Әлде ғұн тілі уақыт өте келе эволюцияланып, түркі тілі деп аталатын дербес тілге айналды ма? Немесе түркі тілі тарихи даму барысында дунху текті тілдермен қаншалықты деңгейде араласты?
Мысалы, «хан» (қаған) деген атау түркі тілі арқылы кең тараған. Алайда бұл атауды түріктерден бұрын жужан (жуан-жуан) тайпалары қолдана бастаған. Ал жужандар – дунху ұрпағы, яғни көне моңғол текті халықтар.
Қазіргі зерттеулерге сүйенсек, қазіргі моңғол тілінде түркі тілдерінен енген шамамен 500-ге жуық кірме сөз бар екені анықталған. Чойжи-Одсэр моңғол жазуының емлесін жасаған кезде кірме сөздерді олардың шыққан тіліндегі жазылу үлгісімен беруді ұсынған. Сондықтан ұйғыр жазуы негізіндегі моңғол жазуында қай сөздің моңғол текті емес екені айқын көрінеді.
Сол кезеңде кірме сөздердің басым бөлігі түркі, ұйғыр және соғды текті болған. Түркі сөзі деп есептелетін көптеген атаулардың өзі түріктерге ұйғырлар арқылы, ал ұйғырларға соғдылар арқылы жеткен болуы мүмкін. Ұйғырлар соғдылардан алған жазуды моңғолдар өзіне бейімдеп қана қоймай, кейін оны маньчжурларға да таратқан.
Сондай-ақ манихей діні көшпелі халықтарға ұйғырлар арқылы енген. Онымен бірге көптеген сөздер мен ұғымдар да келгені сөзсіз. Көптеген санскрит сөздері де моңғол тіліне тибет тілі арқылы емес, одан бұрын соғды тілі арқылы енген болуы ықтимал. Себебі тибет буддизмі Моңғолияға тек XVII ғасырда ғана енсе, буддизмнің өзі бұл аймаққа әлдеқайда ертерек, қазіргі Ауғанстан аумағынан таралған еді.
Бір тілден екінші тілге сөздердің ауысу үдерісі көп жағдайда өзара алмасу емес, керісінше дамығаны, күштірегі, үстем болған ұлттың тілі әлсіздеу тарапқа қарай ағуымен жүзеге асады. Түріктер өз аймағында шамамен 200 жыл бойы үстемдік еткен. Сол кезеңде көшпелі тайпалардың көпшілігі олардың билігінде болған, соның бірі – қидандар.
Моңғолдар да қазіргі Моңғол үстіртіне көшіп келгеннен кейін түріктерге тәуелді болған. Америкалық моңғолтанушы «Моңғолдың құпия шежіресіне» сүйене отырып, Шыңғыс хан түркі тілін білген деген қорытындыға келген. Найман, керейіт, оңғұт сияқты тайпалар да түркі текті болған деген пікірлер бар.
Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі күні «түркі текті сөздер» деп саналатын лексика шын мәнінде тікелей көне түріктерден емес, түркі текті басқа тайпалар арқылы енген болуы ықтимал. Мұны тексеру үшін қазіргі түркі халықтарының – қырғыз, қарақалпақ, қазақ, ұйғыр, өзбек, түркімен, әзербайжан тілдеріндегі баламаларымен сәйкес келу-келмеуін салыстыруға болады.
Моңғол тіліндегі қара, қоңыр, сары, қызыл, көк, күрең сияқты түс атаулары түркі тілдерінің басым көпшілігімен сәйкес келеді. Тіпті угор-фин (Фин-угор тілдері мен самодий тілдері (энец, ненец, нганасан, селькуп) орал тілдерінің отбасын құрайды) тобына жататын венгр (мажар) тілінде де бұл түстердің атаулары ұқсас, бұл олардың түркі тілдерінен енген болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бұл атаулар тек түсті ғана емес, бағыт-бағдарды да білдіргендіктен, көшпелі халықтар арасында ортақ қолданыста болғаны түсінікті: қара – солтүстік, ақ – оңтүстік, көк – орталық және т.б.
«Қара Қытайдың ар жағында ақ қытай бар, олар аса қауіпті халық» деген сөз тіркесі вьетнамдықтарды меңзейді. Құбылай ханның әскері ол жақта үш рет қатарынан жеңіліс тапқан еді.
Моңғол текті халықтар өздерінің түпкі шығу тегіне қарай шөл мен қуаң дала тұрғындары емес, керісінше таулы, орманды, сулы өлкелерді мекендеген жұрт болған. Сондықтан олар түйені жақсы білмей, тек Шыңғыс ханның жаулап алу жорықтары кезінде ғана түйемен «танысқан» деген пікір бар.
Ал бұған дейін өмір сүрген жужан, түрік, тоба, ғұн, ұйғыр, сяньби тайпалары екі өркешті түйенің отаны саналатын Тарым ойпатын жақсы білген. Осы себепті моңғол тіліндегі түйеге қатысты көптеген сөздер, қалай болғанда да, түркі тілдері арқылы енген кірме сөздер деп есептеледі.
Қазіргі Түркия Республикасында халық сөйлейтін осман түрік тілі көне түріктердің тілінен едәуір өзгерген. Сөздік қорының негізгі қабаты сақталғанымен, тарихи ұзақ кезең ішінде араб, парсы, латын, француз, неміс тілдерінен өте көп сөз енгендіктен, қазіргі түріктерге көне Көк Түріктердің тілін түсіну қиын.
Моңғол тіліне де орыс тілі арқылы осман түрік сөздері едәуір енген: мазут, нефть, халат, артел, чардак, атлас, кузов, стакан және т.б.
Тіл мамандары Лейпциг–Джакарта 100 сөздік тізімін 2009 жылдан бастап жалпы ғылыми стандарт ретінде қолдана бастады. Бір тіл әулетіне жататын тілдердегі кейбір сөздер бір-бірінен алынғаннан гөрі, ежелгі ата тілден бері өзгеріссіз сақталған болып келеді және бұл 100 сөз аса тұрақты лексика қатарына жатады.
Алғаш рет 1950 жылдары американдық лингвист Моррис Сводеш (Swadesh Morris 1909-1967) 200 тұрақты сөздің тізімін жасаған еді. Ол бұл тізімді мәдени тұрғыдан кез келген тіл әулетіне дербес қолдануға болады деп санады. Алайда бұл тізімнің көп бөлігі түйсікке, инстинктке қатысты сөздерден тұрады деген сын айтылып, кейін Сводеш тізімді 100 сөзге дейін қысқартты.
Осы Лейпциг–Джакарта үлгісімен ресейлік алтайтанушы, профессор Анна Владимировна Дыбо көне түркі, көне моңғол және көне тунгус тілдеріне сүйене отырып, тұрақты 100 сөздің арнайы тізімін жасаған. Бұл тізімге жер, ат (есім), мен, сен, кім, су, беру, жүру, жұмыртқа, келу, жұлдыз, жаңа, тіл, білу, түн, ұзын, ит, тамыр, күл, бит, от, ішу, тістеу, жеу, есту, тұру, көз, ауыз, тіс, тіл, қан, мойын, сүйек, аяқ, тері, ет, шаш, тізе, мүйіз, көк, қол сияқты сөздер енгізілген.
Филология ғылымдарының докторы `(рhd in рhilology) профессор Дыбоның бұл тізімін қазіргі моңғол, түркі және тунгус тілдерімен салыстырғанда, моңғол тілімен ең көп сәйкес келетін тіл – тунгус тілі екені анықталған. Мұнда күл, ішек, ноқта, секіру, шалқаю, үш, төрт, бес, мен, сен, ауыз, дос, менің сияқты сөздер ортақ болып келеді.
Жалпы алғанда, қазіргі моңғол тілі алтай тілдері ішіндегі ең жақын туысы – тунгус тілі деп айтуға болады. Тунгустарды моңғол тілінде хамниган деп атайды. Қазіргі кезде тунгус тілі эвенкі тілі деп аталады. Эвенкілер Ресейдің Қиыр Шығысы және Қытайдың солтүстігінде өмір сүретін қауым.
Ресейде тұратын эвенктер кирилл әліпбиін қолданады. Ал Қытайдағы эвенктер ұйғыр негізіндегі моңғол жазуын пайдаланады. Ресейде шамамен 30 мың эвенк бар, алайда олардың жартысынан азы ғана өз ана тілін біледі. Қытайда да шамамен 30 мыңдай эвенк тіркелген. Ал Моңғолияда мыңға жуық хамниган бар деген дерек кездеседі, бірақ олардың басым көпшілігі толықтай моңғолданған.