Түркияда «Tek kol» кітабы таныстырылды

Фотосурет автор ұсынды

ӘДЕБИЕТ
325

Стамбулда,  Абай атындағы лицейде  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,  филология ғылымдарының кандидаты  Маржан Ершудың Түркияның «Kam-US баспасынан шыққан «Tek kol» («Жалғыз қол») атты түрік тілінде шыққан кітабының тұсаукесері өтті. Кітапты түрік тіліне аударған- түрік ақыны Ахмет Хасен. «Tek kol» («Жалғыз қол»)  атты кітапта  еңбекте  ерліктің үлгісін көрсеткен, соғыс  және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер, орденді директор Тұрдығали Мәмбетовтың көркем бейнесі поэма тілінде сөйлейді.  Поэма  ҚР Президенті  Қ.К. Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандықтары  жылы -2025»  аясында елі үшін аянбай еңбек еткен  қайраткер тұлға Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына орай жазылған. Қазақ ССР-нің  еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, екінші дүниежүзілік соғыс және Еңбек ардагері, танымал тарихи тұлға Тұрдығали Мәмбетовтың өнегелі өмір жолы, еңбектегі ерен үлгісі, кісілік парасаты мен қарапайым адамгершілік қасиеттері, жастарға  өсиеті жырға арқау болған. Түркияда өткен кітаптың таныстырылым жайлы Маржан Ершу былай деп хабарлайды: 

Маржан ЕРШУ:  Халықаралық Түрксой  ұйымының  ұйымдастыруымен өткен қазақтың кемеңгер ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Олжас Сүлейменовтың  90 жас мерейтойына арналған  шараға шақырылған едім. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» атты халықаралық конференцияға қатысып, сөз сөйледім. Осы сапар барысында өзімнің түрік тілінде шыққан кітабымды насихаттап, таныстырылымын өткізген едім. Анкарадағы Еуразия Жазушылар одағында кейін Стамбулдағы Абай атындағы қыздар лицейінде кітабымның таныстырылымы болды. Жалғыз қазақ лицейі деген аты бар және Абай Құнанбаев атындағы оқу орны болғасын шараның осы жерде өткенін қаладым. Абай атындағы лицей 2003 жылы ашылған екен. Сол кездегі президентіміз Н. Назарбаев өзі барып ашқан Түркиядағы тұңғыш қазақ оқу орны болып саналады. Лицейде әр ұлттың өкілдерінен  жеті жүзден астам оқушы оқиды екен. Олардың ішінде: қазақ, түркімен, өзбек, түрік , ноғай  да бар. Алғашқы сөзімді Абай өлеңімен бастадым.

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап».  Абай жырынан соң әңгіме әдемі өрбіді. Лицейде «Абайдың қарасөздерінен» тест байқау өтіп, одан жеңімпаз атанған сегіз оқушыға Қазақстанға, Семейге  бір апталық саяхатқа баруға  жолдама берілген екен. «Қазақстанға барар алдында  қазақ ақыны кездесуге келетін болды деп оқушыларымыз қатты қуанды»,- деді лицей директоры Айдын Баки. Лицей ауласында Абай ескерткіші, Абайдың өмірбаяндық тақтасы бар екен. Лицей қабырғаларына түріктің атақты ақын-жазушыларының  суреттері ілініпті. Ашық Вейсел Шатыроғлы, Ришат Нуры Гүнтекин, Жаһыт Сытхы Таранжы т.б. Бұл кісілердің біраз шығармасын қазақшаға аударған едім деп, Абайдың жырынан соң, Жаһыт Сытхы Таранжыдан аударған «Отыз бес жас» өлеңімді оқып бердім.

Отыз бес жас

Отыз бес жастамын,

Өмір қас-қағым.

Үлкендік ауылына

Жол бастадым.

 

Айнада  шимай жүз,

Бұл адам мен емес, иланғыз!

Ақ шашым көбейген,

Достарым азайған

Мен - жалғыз!

 

Тастың сырын да кеш білдім,

Күн сайын ескірдім.

Дауыл есіріп, нөсер құйғандай

Жүрегім - алапат, көшкінмін.

 

Өртті күндерім! Айқайлы!

Енді адамдар мені  байқайды.

Орда бұзар отыз бес жасым

Жүзімнен әр тайды,

Сол - қайғы.

 

Өткен жыл парағын ашсам,

Қуаныш, сосын, мұңым бар,

Таңдайда қалса шырын-бал

Ащы-тәттімді ұғыңдар.

 

Құлаққа дауыс келгендей, сірә,

Жаназа үні. Өлген кім?

Арманы менен қайғысы жоқ деп

Айта алмас едім өлгеннің.

 

Өлім де әжімдей бетке қонған,

Қашарсың қайда қаңғырып.

Шағынып едім тауға барып,

Дауысым жатты жаңғырып...

Жаһыт Сытхы Таранжының бұл өлеңі Түркияда өте танымал. Менің қазақша аудармамнан соң әдебиетші әрі тарихшы ғалым Айдын Гүлтекин  «Отыз бес жасты» түрікше оқыды.

«Кездесуде оқырмандарды қызықтырғаны: «Кітаптың аты неге «Жалғыз қол»? Кітаптың мұқабасындағы кісі кім?». Жақсы сұрақ.

Менің кейіпкерім Тұрдығали Мәмбетовтың тағдыры — соғыс даласында бір қолынан айырылып, елге соғыс мүгедегі боп оралып, бар қажырын ауылдың дамуына арнаған ерлік жолы. Тұрдығали аға 1943 жылғы әйгілі Курск доғасы шайқасында оң қолынан ауыр жараланып, госпитальда оң қолын иығынан кесіп тастайды. Соғыс мүгедегі боп елге оралған жиырма екі жасар жігіт ел шаруашылығына белсенді араласып, өзінің білімі мен білігі, күш-қайратын көрсетіп, Атырау облысындағы Жылыой өңірінің экономикасы мен мәдениетін, халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартып, жан жақты дамытуға  сүбелі үлес қосады. Тұрдығали Мәмбетовтың тағы бір ерекшелігі: есепке өте жүйрік, ауызша кез келген күрделі есептерді тез шеше беретін және ұмытпай есінде сақтайтын қасиеті елге аңыз болған.  Оның аты өз заманында аңыздай боп алысқа жеткен. Бұл өзі шындық па, әлде аңыз ба деген сұраумен әрі тексеріспен Қазақстанның алыстағы бір ауылына 1973 Мәскеуден «Правда» газетінің  тілшісі В. Фомин келіп, бірнеше күн шаруашылықты аралайды. Сонда корреспондент В.Фомин кейбір деректерге күмән келтіріп, бухгалтерлік есептермен салыстырғанда дәл келгеніне риза болып, «Тұрдығали Мәмбетов көреген басшы екен, шаруашылықты біліп, жалғыз қолымен совхозды шырқ үйіріп басқарып отыр» деп баға берген екен. Тұрдығали Оңдасұлы жұмысқа жан-тәнімен берілген адал адам еді. Өкінішке орай елу үш жасында өмірден ерте кетті. Жақсының ізі қалды, іскерлік-қайраткерлік қолтаңбасы қалды артында. Жүрген жолы - шындық, аты-аңыз. Бұл күнде екі қолымен қызмет етуге ерініп, аузымен орақ орып жүргендер көп-ақ. Сол тұрғыдан ойласақ, жалғыз қолмен көпке пайдасын тигізіп, адал еңбек етіп, шаруашылықты алға сүйреген Тұрдығалидай батыр ағаның атын жаңғыртып, ел есіне салғым келді. Кітабымды «Жалғыз қол» деп атағаным сондықтан. Түрік оқырмандарын екінші бір қызықтырғаны. Ол кісінің жұбайы қандай адам болған? Балалары бар ма сұрақ. «Соғысқа кетер алдында сүйген қызы Үмітжан Тұрдығалимен қоштасып тұрып, оны мәңгі бақи күтетінін айтады. Сүйген жанның махаббатқа адалдығы уақытпен сыналады. Тұрдығали жалғыз қолмен соғыстан оралғанда, Үмітжан сұлу уәдесінде тұрып, оған тұрмысқа шығады. Үлгілі , бақытты отбасы болған жандардың шаңырағында он бала дүниеге келеді. Тұрдығали ағай елу үш жасында өмірден ерте озып кеткенде, Үмітжан апай шаңырақты шайқалтпай ұстап, балаларын өсіреді. Балаларының бәрі жоғарғы және техникалық оқу орындарында оқып, әр салада қызмет етіп, елге сыйлы азамат болып ержетеді.

Сексен жасқа таяп, өмірден өтер алдында Үмітжан апамыз жан жақта қызметте жүрген балаларын жинап алып, жиын өткізеді. «Тоғызыңды өсірдім, бақтым-қақтым, оқыттым. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдым. Әке орнына әке болдым, шеше орнына шеше болдым. Менің Тұрдығалидың алдындағы соңғы борыш-парызым  қалды. Сендерге берер соңғы тапсырмам, әкелеріңнің 80 жылдығына орай  көзкөргендердің естелік –сөзін жинап, кітап шығарыңдар» деп ақ тілегін айтады. Осылайша  «Жұлдызды  ғұмыр» естеліктер кітабы жарық көреді. Кітап баспадан шыққанда, Үмітжан апамыз қатты қуаныпты. Кітапты маңдайына  басып, кітап парақтарын алақанымен аялап-сипап оқып, үш күн басына жастанып жатады да, бақиға ризалықпен аттанып кеткен екен. Осылайша ол өзінің сүйікті жұбайы алдындағы асыл парызын орындағандай. Осы естелік кітапты оқығаннан кейін мен осындай ғажап адамдар туралы поэма жазғым келді. Менің кейіпкерлерім -Тұрдығали мен Үмітжан махаббатқа адал, қиындыққа сынбаған нағыз күрескер жандар» деген сөзім тыңдаушыларға қатты әсер етті. Қандай әсерлі әңгіме, қандай жақсы адамдар десті. Менің кейіпкерлерім оқырмандарды шынайы болмысымен, адамгершілік қасиетімен өзіне баурап алды осылайша.

АТҚОРАДАН - КІТАПХАНАҒА!

Түркияның Мәдениет және Туризм министрлігіне қарасты Стамбулдағы  «Рами» ұлттық кітапханасының басшысының орынбасары Рамазан Ақтемір мырзаның қабылдауында болып, «Tek kol» кітабымды кітапханаға тапсырдым. Ол кісі маған: «Сізді қабылдар алдында өмірбаяныңызды сұратып алып, оқып шықтым. Өзіңіз жас болсаңыз да, көп еңбегіңіз бар екен әдебиеттің түрлі жанрында. Сіздің кітабыңызды өзімізге қарасты Стамбулдағы кітапханаларға да таратамыз»,- деді. Ол кісіні қызықтырғаны, менің «АЙЕК» деген пседонимім болды. Бейбарыстың анасының аты - Айек емес пе? Бұл псевдонимді қалай таңдадыңыз?» деп сұрады. «Иә, бұл псевдонимді маған бұрынғы ҚР Премьер министріміз Иманғали Тасмағамбетов қойып берген. Бейбарыс сұлтан сияқты мықты, рухты жырлар жаз деп» деген едім, ол кісі таңдасын білдірді. «Рами» кітапханасының ашылғанына 3 жыл болған. Біз барғанда 3 жылда кітапханаға келген оқырмандар саны 8 миллионнан асты деп қуанып тойлап жатыр екен. 18 ғасырда салынған бұл биік ғимарат әуелі түрік патшаларының ат қорасы бар кең сарайы, кейінгі ғасырларда соғыс кезінде түріктердің әскери штабы болған. 3 жыл бұрын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бұл ғимаратты реконструкциялатып, жөндетіп, кітапхана қылған. Бір қабатты биіктігі 15 метр болатын бұл ғимараттың аумағы 1,5 км-ге жуық. Кітапхана 24/7 жұмыс істейді. 3 мезгіл оқырмандарға тегін тамақ береді. Бау- бақшасы, балаларға арналған демалыс бөлмелері бар. Түркияда «Ертегітерапия» жобасы оқу - тәрбие процесіне кірген. Кітапханаларда «Ертегі кейіпкерлері» әлеміне лайықталған оқу әрі демалу бөлімдері бар екен. Өзім де «Ертегітерапия» жобасын қолға алып жүргендіктен бұл тақырыпқа бегжай қарамаймын.

КАДРИЯ ЖӘНЕ АУДАРМА

2019 желтоқсан айында Түрксой Халықаралық ұйымы өмірден ерте кеткен ноғай халқының ақын қызы Кадрия Темірболатованың туғанына 70 жыл толуына орай Түркияда көптеген шаралар ұйымдастырып, оны түркі әлеміне танытты. Кадрияның өлеңдерін он екі тілге аудартып, «Жігіттердің жырымын» атты кітабын шығарды.Түркияның Ялова қаласында  Кадрияға ескерткіш қойылды. Мен Түрксой жобасына қатысып, Кадрияның ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» атты кітабынан аударма жасадым. Ноғай тілі қазақ тіліне жақын тіл, дегенмен едәуір айырмашылықтар бар. Кадрия 20 жасында алдына үлкен мақсат қояды. Өз халқының асыл арманын жырлау және ноғайдың атын шығару оның өмірлік кредосына айналады. Ол бір өлеңінде «Үлкен халықты кіші етер замандар, кіші халықты үлкен етер адамдар» деп жырлайды. Кадрия жырларында ноғай халқының тарихы мен тағдырына, бүгіні мен ертеңіне мазаланған жүректің сыры көп. Жас болса да қарапайым түсінікпен, өте бір нәзіктікпен жүректердің қылын шертеді. Кадрия жырлары шынайылығымен жүректерге жетіп, поэзияның сұлулығына оқығанды таңырқатып отыр. Кадрияны мен жаныма жақын тұттым. Ең алғаш оның поэзиясымен танысқанда жан әлемімдегі бір толқуды сезінгендей болдым. Ол маған бұрыннан таныс әрі өте жақын адамым сияқтанды. Бұл жақындықтың тамырын тарихтан табамын. Ноғайлы заманында басы біріккен елденбіз. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет сияқты ортақ ақын - жырауларымыз бар. Сондықтан маған Кадрияны қазақ тіліне аудару оңай әрі жақсы көріп жасаған ісім болған еді. Анкарада өткен Олжас Сүлейменовтың мерейтойына арналған шарада бір үзіліс кезінде Түрксой қызметкері Жавит Варыш Кадрия Темирболатоваға арналған сол шараны еске алып, мәдениет қайраткері Үмітхан Мұңалбаеваға: «Білесіз бе, Үмітхан Дәуренбекқызы! Кадрия өлеңдерін онға жуық түркі тілдеріне ( қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, татар, башқұрт, құмық, түркімен, гагауз) аударып, кітап шығардық. Түрксойдың бұл жобасына қатысқанның бәрі әйел аудармашы ақындар болды. Соңында тексеріп қарағанымызда, ең үздік аударма Маржанның аудармасы болып шықты» дегенде, абырой деген осы ғой, өзімнің кәдімгідей көңілім көтеріліп қалды. Сөзімнің соңын Кадрия Темирболатовдан аударма жырмен аяқтайын.

МЕНІҢ ДАУСЫМ ТАСТАРДАН ДА ШЫҒАДЫ

«Мен сыймаспын, дүниеге, сыймаспын...» Насими

 Кейде осы ойларыма сыймаймын,

Ми - санамды біреу мүжіп жатқандай.

Кейде өзімді азапқа сап қинаймын

Түпсіз терең тұңғиыққа батқандай.

 

 Адамдардан өзім безген шақтар бар,

 Менен үркіп қашты қанша пенделер.

 Мені алда шақырады ақ таңдар,

Ал өсектер ескен желмен тербелер.

 

Мен танимын табиғаттың дауысын,

Аталарым мінген аттың тұяғын.

Менің жаным қылдай нәзік қауырсын

 Дала үнін жырларыма құямын.

 

Дала даусы, Ғасырлармен үндескен,

Сол бір дауыс құлағымда тұрады,

Даламенен дала болып тілдескем.

Менің даусым тастардан да шығады,

 

Жүрегімнің жомарттығы қазына.

Небір ұсақ пендеге де ырзамын,

Өкпе мен мұң өткен күнге базына.

Тағдыр маған ұсынса егер тұз-дәмін,

 

Сөздер де бар суықтығы ақ қардай.

Мұз демімен мені үсітіп жатқандай,

Достар да бар тасадағы тас атар,

Көріскенде – тілектері мақпалдай.

 

Биік қойдым өлең деген өлшемді,

Өмірім тек адалдықпен өлшенді.

Сыймай жатсам, кінәлама, достарым

Пақыр ақын... атанайын ең соңғы!..

ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік маңызы бар құжаттарға өзгертулер енгізгенін жариялады, деп...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақмола облысында үш жасар баланы ат таптап кетті, деп хабарлады MadeniPortal.kz.  Қайғылы оқиғ...