Меркіде 3 бала газдан уланып көз жұмды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Үш баланың үлкені 2-сыныпта...
2024 жылғы Жолдау нәтижелері: Сөзден іске көштік пе?
Сурет: Ақорда
2024 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялап, экономика, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп бойынша нақты міндеттер қойды. Мadeniportal.kz сайтының тілшісі былтырғы Жолдауда айтылған айрықша бастамаларды «айтылды — орындалды» тәсілімен жүйелеп, сараптап көрді.
Президенттің Жолдауында елді ертеңі үшін аса маңызды мәселелер мен көлеңкеде қалып келген келеңсіз жайттар қаузалған болатын. Сол олқылықтардың орнын толтырып, түрлі бағыттағы саяси және заңдық тұрғыда өзгерістер жасау ұсынылған болатын. Солардың ең айтулы деген тұстарын талдап көрелік.
1) Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясаты мен жаңа Салық кодексін қабылдау жайына тоқталған еді. Ол салық жүйесін түбегейлі жаңарту, жаңа Салық кодексін әзірлеу, жеке табыс салығын прогрессивтендіру жөнінде бастама көтерді. Өз кезегінде бұл тапсырмалар орындалды. Атап айтқанда, 2025 жылы жаңа Салық кодексіне Президент қол қойды. Кодексте жеке табыс салығын прогрессивті ету мен әкімшілендіруді жаңарту көзделді. Жаңа ереже 2025 жылдан бастап іске қосылды.
Сондықтан мұны негізгі саяси міндет заңнамалық деңгейде орындалды деуге болады. Практикалық бейімделу жалғасын табуда.
2) Жолдауда «қаржы» сөзі 33 мәрте қолданылған. Бұл ретте ол қаржы жүйесі және банктік заңнаманы жаңарту туралы сөз қозғады. Яғни, қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейту үшін жаңа заң әзірлеуді ұсынған. Көп ұзамай 2025 жылғы көктемде Сенатта жаңа «Банктер туралы» заң жобасы талқыланды, бірақ толық қабылданғаны туралы ресми хабар болған жоқ. Соған қарағанда жұмыс әлі дайындық кезеңінде қалып отырған сыңайлы.
3)Президент өз сөзінде еліміздегі кадрлық әлеуетті арттыру бойынша да тың бастама көтерді. Оның бастамашы болуы нәтижесінде 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтары жылы болып бекітілді. Осылайша биыл жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру қолға алынды. Бұл ең жылдам жүзеге асқан тапсырмалардың бірі болды. 2024 жылғы желтоқсанда тиісті Жарлыққа қол қойылып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп бекітілді. Аймақтарда іс-шаралар жоспары іске қосылды. Нәтижесінде институционалдық бастама нақты форматқа көшті.
4) Қасым-Жомарт Тоқаев акцент қойған тағы бір мәселесі – білім ордаларының инфрақұрылымы. Президент 2025 жылдың соңына дейін 217 жаңа мектеп ашу және 1300 мектепті жөндеу туралы тапсырма берді.
Мұны да жүзеге асқан жұмыстардың қатарына жатқыза аламыз. Олай дейтін себебіміз: 2025 жылы 112 жаңа мектеп пайдалануға берілді, жалпы жоспар бойынша 217 мектеп ашылады. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Жұмыс жоспарға сәйкес іске асуда. Нәтижелі жұмыстың көрсеткіші ретінде Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы және Қостанай облысы Арқалық қаласындағы жайлы мектептердің қолданысқа берілуін мысал етсек болады.

5) 2025 жылдың басынан әлеуметтік көмекті адрестік жеткізу үшін «Әлеуметтік әмиян» енгізу де ұсынылған болатын. Жоба іске қосылды, пилоттық режимде мектептегі ыстық тамақ, дәрілер және коммуналдық төлемдер бойынша қызмет көрсетіліп жатыр. Тек қазіргі сәтте осы шаруалардың көлемін арттырып, масштабын кеңейту міндеті тұр.
6) Президент пәрменімен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жаңа тетіктер қабылдана бастады. «Заң және тәртіп» идеологиясы қолданысқа еніп, қоғамдық санада орныға бастады. 2025 жылы «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы» бекітілді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы аясында полицияның жұмысы күшейді. Ел ішіндегі құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген ҚР ІІМ Ұлттық ұланына көңіл бөліне бастады.
7) Қасым-Жомарт Тоқаев синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимылды күшейту керегін де баса айтқан еді. Нәтижесінде, 2024 жылы есірткіге қатысты заң қатайтылды, 2025 жылы ІІМ мыңдаған интернет-ресурстарды бұғаттады. Бүгінгі күннің өзінде жаза күшейтіліп, нақты шаралар іске асуда. Қоғамның көзқарасы да осы бағытта оңалып келеді.
8) Лудомания, ойын бизнесі және вейпке тыйым салу да Мемлекет басшысының бұйрығы болатын. Лудоманияға қарсы жоспар құру, заңсыз ойын бизнесін қысқарту, вейпке тыйымды орындау секілді шаралар қабылдау тапсырылған-тұғын. 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар іске қосылды, заңсыз ойын бизнесі төмендеді, вейпке тыйым орындалуда.
9) Сонымен қатар қазақстандықтар арасында экологиялық мәдениетті дамыту жайы да тілге тиек етілді. Соған орай 2024 жылдың соңына дейін 6,2 млн адам қатысқан акцияда 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, 1,6 млн ағаш отырғызылды. 2025 жылы да біршама шаруа атқарылды. Бастама әлі де жалғасуда. Осы акцияның арқасында қоғамдық экологиялық мәдениеттің қалыптасуы сезіліп келеді.
10) Инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым бағыттарындағы мәселелер де кезек күттірмейтін жұмыстар қатарына жатқызылған болатын. Соның ішінде энергетика және коммуналдық желілерді жаңарту керегі айтылған. Бұл жөнінде 2025–2029 жылдарға арналған ұлттық жоба іске қосылды. Алайда бұл жұмыстар көпжылдық жоспар аясында ғана жүзеге аспақ.
11)Аграрлық-өнеркәсіп кешенін және көктемгі егіс науқанын қаржыландыру тетіктерін күшейту де назардан тыс қалмады. Президенттің ескертуінен кейін 2025 жылы көктемгі егіс қаржыландыруы алғаш рет жыл соңынан басталды. Нақты айтқанда 5% жеңілдетілген несие берілді. Осылайша, фермерлерге тиімді жағдай жасалды.
Біз кейінге қалдырып отырған тағы бір бастама бар. Ол – АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығару. Бұл да орындалған тапсырмалар қатарында тұр. 2024 жылғы 3 қыркүйекте Жарлық жарияланып, референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтті; бюллетеньде бір сұрақ болды. Референдум өткізілді. Нәтиже жария түрде талқыланып, Үлкен кенті — ықтимал орын ретінде аталды.
Түйіндей келе, 2024 жылғы Жолдау ел дамуы үшін нақты бағдар болды деуге негіз бар. Бір жыл ішінде негізгі бағыттарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: жаңа Салық кодексі қабылданды, әлеуметтік салада цифрлық жобалар іске асты, мектептер салу мен жөндеу жалғасып жатыр, есірткіге қарсы заң күшейтілді, заңсыз ойын бизнесі қысқарды, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысқа айналды. Кейбір бастамалар, мысалы банктік заңнаманы жаңарту, дайындық сатысында қалды.
Жолдаудағы тапсырмалардың басым бөлігі орындалды, ал кей бөлігі жүйелі түрде іске асуда. Келесі кезең — қабылданған шешімдердің толық әрі сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету және олардың қоғам мен экономикаға нақты әсерін өлшеу. Ал Жолдауда айтылған әр бастаманың лайықты түрде жүзеге асырылуы сіз бен біздің бақылауымызда. Сондықтан елдегі кез келген өзгеріске жанашырлықпен қарап, сана биігінде зерттеп, зерделеуге тиіспіз. Себебі, мемлекеттік деңгейдегі кез келген істің бағасын халық береді.