2025 жылы қазақ елі кімдерден айырылды?
Фото: El.kz
2025 жыл қазақ қоғамы үшін ұлы тұлғалармен қоштасу жылы болды. Жазушы Мұхтар Мағауин мен абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, классик қаламгерлер Дулат Исабеков пен Әкім Тарази, актер Асанәлі Әшімов, ақын Темірхан Медетбек пен Күләш Ахметова, фольклортанушы академик Сейіт Қасқабасов, этнограф Болат Бопай, ғарышкер Талғат Мұсабаев сынды тұлғалардың қазасы ұлттық жадыда тұтас бір дәуірдің үзіліп түскен тұсы ретінде қалмақ. Бүгін MadeniPortal.kz сайты қазақ руханияты мен қоғамдық өміріне өшпес із қалдырған осы есімдерге тағзым етіп, олардың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін тағы бір мәрте сараламақ.
Дулат Исабеков
21 ақпанда Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков 82 жасында дүниеден озды.
Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Мәдениеттану ғылыми институтының директоры, «Мәдениет» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.
Оның шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылып, пьесалары әлемнің түрлі сахналарында қойылды. Жазушы қазақ әдебиеті мен драматургиясында өшпес із қалдырды.
Әкім Тарази
22 сәуірде белгілі жазушы, драматург, сценарист Әкім Тарази 92 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Оның романдары, пьесалары мен сценарийлері қазақ әдебиеті мен кино өнерінің алтын қорына енді.
Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ 2023 жылы мамыр айында қаламгердің 12 томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өткен болатын. Әкім Таразидің сценарийлері бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енді.
Асанәлі Әшімов
21 желтоқсанда қазақтың аңыз актері Асанәлі Әшімов 89 жасына қараған шағында өмірден озды. Бүгін, 23 желтоқсанда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті актер, режиссер, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр. Жерлеу рәсімі бүгін кейінірек «Кеңсай-1» зиратында өтеді.
Сахна саңлағы 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол театр институтында кәсіби білім алып, шығармашылық еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында бастаған. Дарынды тұлға тек актер ғана емес, режиссер және сценарист әрі ұлағатты ұстаз ретінде өнімді еңбек етті.
Өнегелі ғұмырында ол биік белестерді бағындырып, 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағына ие болды. Ал 2017 жылы мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін Қазақстанның Еңбек Ері жоғары наградасымен марапатталды.
Асанәлі Әшімовтің есімі «Атаманның ақыры» мен «Транссібір экспресі» сынды тарихи кинотуындылар арқылы халық жадында мәңгі сақталды. Оның жарқын бейнесі мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет пен руханият тарихында өшпес із болып қалары сөзсіз.
Мұхтар Мағауин
2025 жылдың 9 қаңтарында бейсенбі күні Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин өмірден өтті. Ол өмірінің соңғы 18 жылдан астам уақытында шетелде тұрды.
11 қаңтарда Мұхтар Мағауинның АҚШ-тағы түріктің Diyanet Center of America мешітінде жаназа намазы оқылып, артынан Парк Лаун мемориалдық зиратында жерлеу рәсімі өтті. Жаназаға жазушының ет жақын туыстарымен қатар Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев және дипломаттар қатысты. Елші Ашықбаев қонағасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан көңіл айту хатын оқыды.
Мекемтас Мырзахметұлы
11 қаңтарда филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Ол 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Жуалы (қазіргі Түлкібас ауданы), Майтөбе ауылында дүниеге келген.
Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, ясауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері мен шығыспен байланысы 1965 жылдан бастап ден қойылған.
Мекемтас Мырзахметұлы – отбасының кенжесі. Отбасында 12 бала болған. Бірі ашаршылық жылдары өмірден өтсе, енді бірі соғыстан оралмаған, арасында қызылшамен ауырып, дүниеден өткені бар. 12 баладан бір ұл, бір қыз қалған. Ата-анасы баласы жастай шешектен өле бергендіктен, «тастай қатты, бекем болсын» деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты.
Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.
Жабайхан Әбділдин
Ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, мемлекет қайраткері Жабайхан Әбділдин 93 жасында дүниеден өтті. Ол 1933 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.
Жабайхан Әбділдин – философия ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салған ғалым.
Ғалымның ғылыми басшылығымен 10 ғылым докторы, 40-қа тарта ғылым кандидаты дайындалды. Жабайхан Әбділдин «Барыс» ІІ дәрежесімен, ТМД парламентаралық ассамблеясының «Достық» медальдарымен, 2022 жылы «Барыс» III дәрежесімен марапатталған.
Нұрғиса Тілендиевтің жары, актриса Дариға Тілендиева
11 наурызда Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, актриса, композитор Дариға Тілендиева 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол «Қазақфильм» студиясында көптеген көркем фильмдерде рөл сомдап, Н.Тілендиев атындағы оркестрде ұзақ жылдар қызмет етті. Сонымен қатар көптеген ән-күйлердің авторы болды.
Нағыз «Тақиялы періште»
1 ақпанда «Тақиялы періште» фильміне негіз болған Сакко Қаратаев өмірден озды. Бұл туралы журналист Дархан Өмірбек әлеуметтік желіге жазды.
Қазақстандықтардың сүйікті фильміне айналған «Тақиялы періште» киносы шынайы оқиғаға негізделген. Фильмнің бас кейіпкері Тана емес – Айнагүл, ал Тайлақтың прототипі – Сакко есімді азамат болған.
Қаратаев Сакко Бейсекұлы 1937 жылы дүниеге келген. Оның әкесі халық жауы деп қуғындалып, сәби Сакко әкесін көрмей жетім қалған. Анасы Айнагүл жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, бәрін ел қатарына қосқан. Бірақ ең жуас, момын әрі үйленуге батылы жетпеген кенже ұлы – Сакко болды.
Жуас ұлы үйленбей қала ма деп алаңдаған анасы трамвайға отырып, болашақ келінін іздеуге кіріседі. Ол жол-жөнекей өзіне ұнаған қыздарды әңгімеге тартып, тұрмысқа шықпағандарын анықтаса, үйіне шайға шақырып отырған. Бірақ мұндай тәсіл нәтиже бермеген соң, медицина училищесінің қыздар жатақханасына барып, сондағы қыздармен таныса бастайды. Осылайша, Саккоға қалыңдық табу операциясы басталған.
Бұл оқиғаны Кәукен Кенжетаев өзінің ағасы Шәкен Аймановқа айтып бергенде, әйгілі режиссер бірден оны кино сюжетіне айналдыруды ойлайды. Нәтижесінде, 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмі экранға шығады.
1 ақпан күні Қаратаев Сакко Бейсекұлы 88 жасында өмірден өтті. Оның қызы Әлия Балапанова әкесінің тарихын көпшілікпен бөлісіп, оның әйгілі фильмнің басты кейіпкерінің прототипі екенін растаған болатын.
Күләш Ахметова
14 қарашада қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Оның лирикалық жырлары қазақ поэзиясында мәңгілік орын алды.
Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде, 1973–1977 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер және бөлім меңгерушісі болып, 1977–1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болып қызмет атқарды.
Қазақ поэзиясына терең мазмұнды, лирикалық әрі азаматтық бағыттағы көптеген жырлар қалдырды. «Сен менің бақытымсың» үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын, «Құт» жинағы үшін Мемлекеттік сыйлықты, «Болашақ» поэмасы үшін халықаралық К. Симонов сыйлығын алды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.
«Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған аяулы ақын Күләш Ахметованың шығармашылығы қазақ әдебиетінде мәңгі сақталады.
Болат Бопайұлы
Танымал этнограф Болат Бопай 65 жасында өмірден өтті. Ол соңғы отыз жылда қазақ этнографиясын терең зерттеп, 30-дан астам кітап жазып қалдырды.
Қазақтың этнографиялық тақырбын терең қаузап, «Қазақ кəдесі», «Қазақ мінезі», «Қазақ таныған гүлдер», «Қазақ аспан есебі», «Қазақ түс жоруы», «Қазақ наурызнамасы», «Салт-дəстүр сөйлейді», «Бастаудан бахиға дейін», «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Ақыт ақиқаты», «Жазу шеберлігі» ,» Шетелдегі қазақ тұлғалары», » Сөз саралау өнері», » Əлдиден эфосқа дейін», «Қазақтың өлшем-мөлшер сөздері», «Қазақ жоқтау жырлары» сияқты 30-дан астам кітап жазған қаламгер.
Диас Ахметшәріп
22 мамырда белгілі спорт журналисі, комментатор Диас Ахметшәріп дүниеден өтті. Ол 25 жылдан астам уақытын спорт журналистикасына арнап, еліміздің спорт ақпарат саласына зор үлес қосты.
Талғат Мұсабаев
4 тамызда аты аңызға айналған ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті. Үш мәрте ғарышқа ұшқан Халық қаһарманы еліміздің аэроғарыш саласының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Қарғалы ауылында дүниеге келген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын, — деп жазылған жеделхатта.
Ол Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын «Авиациялық радио жабдықтарын техникалық пайдалану» мамандығы бойынша, Алматыдағы армияға, авиация мен флотқа жәрдемдесу ерікті қоғамының аэроклубын, сондай-ақ Ақтөбе азаматтық авиациясының жоғары ұшқыштар училищесін тәмамдаған.
Нұрлан Сегізбаев
«Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев 59 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның бала Қожа бейнесі бірнеше буын көрерменнің жадында сақталып қалды. Ол «Аллажар», «Оралман», «Өліара» секілді көркем фильмдердің сценарийін жазып, өмірін ғылым мен сөз өнеріне арнаған.